• Cұхбаттар
  • 28 Наурыз, 2020

«ОҢ ҚОЛЫҢ КӨРГЕНДІ, СОЛ ҚОЛЫҢ КӨРМЕСІН»

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осы кезге дейін де еріктілердің қоғамдағы орны ерекше болғаны белгілі. Соның ішінде түрлі қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, қарттар мен жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесіп жүрген еріктілер тобы «Жақсылық жасаудан жарысайық» қайырымдылық қорында да шоғырланған. Соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде 8 млн. теңге қаржылай, 95 адамға азық-түлік, 77 адамға киім-кешек, заттай көмек көрсеткен қайырымдылық қорының директоры Катубекова Айнұр Далелханқызымен сұхбаттасқан едік.

– Нұрсила Ахметбек мырза негізін қалаған «Жақсылық жасаудан жарысайық» қайырымдылық қоры ғой бұл. Қателеспесем, құрылғанына бір жылдан астам ғана уақыт болған. Осы уақыт ішінде қаншама мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қаншама жүректерге жылулық ұялата білдіңіздер. Тұрмыстық жағдайы болсын, апаттан зардап шеккендер болсын, оларға азық-түлік жеткізіп, киім-кешекпен қамтамасыз етуде, баспана мәселесін реттеуде үлкен қаржы қажет-ақ. Осы тұрғыда арнайы демеушілер бар ма?

– Біздің ең басты демеушіміз, біздің  қорды құрушы – Ахметбек Нұрсила ағамыз. Әрбір үлкен шара өткізген кезде «Бизнес бастау» компаниясының атынан, яғни, өз компаниясының атынан 1 миллион теңге қаржы бөледі. Кей кездері нақты бір, жеке адамдарға көмек жасаған жағдайда жүз мың теңгеден бөледі. Ең басты демеушіміз осы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебі. Және бұл компания бізге тек қаржылай жағынан ғана емес, сонымен бірге ақпараттық толық демеушілік жасайды. Тағы да айта кетерлік жайт қаржыны салғанда қазір не көп, қайырымдылық қорлары көп. Тіркелгені бар, тіркелмегені бар, жеке блогерлер де халықтан ақша жинап  көмектесіп жатады. Бірақ, жәй ғана әлеуметтік желіден көре салып, адамның қаржы салуы мүмкін емес. Салатындары бар бірақ, пайызы аз деп ойлаймын. Кез келген адам көзі жеткен жерге ғана, сенген адамдар ғана ақша жібереді. Яғни, бізге қаржы салып жатқан халық «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінде оқыған немесе оқып жатқан кісілер. Әр ағым сайын біз бір отбасыны көрсетеміз және де жетімдер мен қарттар үйіне барамыз. Сонда айтамыз «Міне, мынандай кісіге қаржы жинап жатырмыз, жағдайы мынадай», видеомен, құжаттармен толық дәлелдерін көрсетеміз. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы барлығын жариялап, адамдардың көңіліне сенім ұялату арқылы, оларды да қайырымдылыққа тартып жатырмыз.

– Демеушілер, меценаттар деп жатамыз. Олар жайында, олардың көмегі жайында дүйім жұртқа жария-лау қаншалықты дұрыс? Әлде сол тараптың өзінен жариялылық турасында қандай да бір өтініштер бола ма?

– Біздің қордың «Жақсылық жасаудан жарысайық» деп аталуы бекер емес. Қазақта «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген сөз бар ғой. Шын мәніне келгенде, қазір адамдар шет елге барып жарысады, көлік алып жарысады, үлкен бес-он қабатты коттедждерімен жарысады. Ал біздің мақсат халықты жақсылық жасап жарыстыру. Бүкіл Қазақстанның байлығы алпыс алты адамның қолында деген сөз бар ел ішінде. Егер халықтың әрқайсысы жақсылық жасап жарысса, біз көтеріп жатқан баспана алып беру, әлеуметтік қорғалмаған жетім-жесірлер, мүгедектер мен қарттарға, дарынды балаларға инвестиция тартса, спорт жағына да көмектессе елімізде халықтың жағдайы расымен де жақсарар еді. Біздің еліміз өте бай, бай мемлекетпіз. Десе де, сол байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Кеңестік кезеңде халық қиын жағдайда өмір сүрді және сол қорқыныштың бір жұрнағы әлі де адамдардың санасында қалып қойған. Бейсен Құранбек ағамыздың бір айтқаны бар: «Менің атам ашаршылық заманын көрген адам. Сол себептен болар, біздерге үнемі асқабақты қабығымен же деп айтып отыратын» деген.Мұның себебі, олардың ойларында бір күні осындай қиын заман тууы мүмкін, соған жеткізбесек екен деген күмән бар. Егер де бай, ауқатты адамдар осындай ойларынан арылып қаражатының 10%-ын қайырымдылыққа жұмсаса, ел ішінде жылаған балалар, жетімдер болмас еді. Өткен жолы команда мүшелері Мөлдір атты ананың үйіне барып қайттық. Барсақ өзі үйінде жоқ екен. Үйінде төрт баласы бар, бір баласы мүгедек, ең үлкені тоғыз жасар қыз бір жас төрт айлық баланы қарап қалыпты. Сонда кішкентай балаларын тастап өзі қайда жүр? Ол кісі балаларына нан табуға кетті, балаларын асырау үшін жұмыс іздеп кетті. Оған қоса мемлекеттен алатын жәрдемақысын да ала алмай отыр, себебі қолында тұрғылықты жері бойынша тіркелген құжаты жоқ. Ал  басында  баспанасы болмаса, құжаты қайдан болсын. Үйде от жағады екен, біз барып көмір түсіріп бердік. Мемлекеттен жәрдем сұраған екен, олар он қап көмір ғана берген. Бізден көмек сұрап күн сайын қаншама адам хабарласады. Десек те, біздің мақсат халықты масылдыққа тәрбиелеу емес. Сондықтан да, біз тек әкесі, шешесі қайтыс болған, үйінде мүгедек адамы бар немесе көп балалы отбасыларға ғана көмектесеміз. Ал қол-аяғы бүтін адам өз жағдайын өзі жасауға міндетті деп есептеймін. Осы уақытқа дейін жүзге жуық адамдарға қайырымдылық көмек жасадық. Оның сыртында еріктілермен бірігіп, Талғар қаласындағы балалар үйіне барып, жиырма төрт қыстық аяқ киім мен ойыншықтар үлестірдік, шағын кеш бердік. Одан соң Алматы облыстық жетімдер үйіне  бардық, онда тоқсан төрт бала болды. Ол жерге де түрлі сыйлықтарымызды ала бардық, балаларға дас-тархан жайдық.

– Биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылы» деп жариялады. Еріктілердің сіздерде, қорда алатын орны мен рөлі қандай?

– Шыны керек, біздегі еріктілер «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің команда мүшелері. Балалар үйіне барамыз деген уақытта әлеуметтік желілер арқылы, телеграм канал арқылы алдын-ала хабар береміз. Сол уақытта еріктілер өздері жиналып, түрлі адамдарға түрлі көмектер көрсетіледі. Бүгін ғана бір кісі жазып жатыр, менің хабарландыруларымды жан-жаққа таратып отырады екен. Яғни, үлкен, жалғыз басты ана ерікті ретінде бізге көмек береді. Ал кей адамдар үйіндегі артық ауыз заттары болса, киімдері болса, бекер жатқан дүниелері болса ала келеді әрі әр ағым сайын жаңа адамдар қатарымызға қосылып отырады. Мәселен, Арыста апаттық жағдай орын алған уақытта, біздің Шымкент қаласындағы еріктілер тобы жұмылдырылды. Жалпы біз көбіне әлеуметтік желілермен жұмыс жасаймыз. Сол жерде арнайы еріктілерге арналған чат ашылған, онда 230-дан аса адам тіркелген. Ол жерлерде де адамдар ерікті түрде қазақ халқының тұрмыстық деңгейін көтеру үшін, қазақ халқының білім сапасын арттыру мақсатында қызмет жасап жүр.

– Білуімше, қор тек материалдық жағынан ғана емес, сонымен қатар құқықтық, психологиялық жағынан жәрдем көрсетеді. Дәл осы тұрғыда көмек сұрайтын жандар көп пе? Әлде халық тек материалдық көмекке мұқтаж ба?

– Шынын айтар болсам, барлық проблема материалдық жағдайға ғана байланысты деп ойлайды. Адамдар күніге бізден көмек сұрап жазып жатады. Барлығы дерлік ақша мәселесін айтып, қарызға баттым деп айтады. Тіпті кей қол-аяғы балғадай ер азаматтар да қарызға ақша сұрайды. Ал мұның арғы жағында сұраншақтық психология жатыр, яғни, тегін ақша алу деген нәрсе. Мен енді түсініп жатырмын, көп дүние психологияға келіп тіреледі екен. Ауылда да, қалада да өте қиын жағдайда өмір сүріп жатқан көп адамдар стресте жүр. Не үшін? Біздің компанияның осы уақытқа дейін  шығындалған кездері өте көп болды. Себебі, біз адамдарды кәсіпкерлікке баулығымыз келеді. Яғни, бәрі халық игілігі үшін. Барлығы бизнес бастау үшін алдымен ақша керек деп ойлайды. Мәселен, менің өзім баламен үйде отырған уақытта кішігірім кәсібімді бастап кеттім. Және оны кез келген адам жасай алады. Айтқым келгені адамдарда тек кері психологиялық ой қалыптасқан. Кәсіп істеу үшін алдымен жалға жер алады, тауарын алып келеді, ал ол сатылмаса, өтпесе шығынға батады. Бізде Тұрсынай Қайратқызы деген мүгедек қыз бар. Тіпті сол қыздың өзі біздің қорымызға 250 мыңдай қаржы салды. Өзі екі аяғымен ойыншықтар жасайды, ал біз сол жұмыстарын аукцион арқылы сатып беретінбіз. Ал одан түскен қаржыны елу де елу етіп бөлеміз. Неліктен біз түскен қаржыны толық бермейміз? Себебі, оның ойында адамдардың бәрі маған беруі керек, мен тек алуым қажет деген теріс түсінік қалыптасып қалмаса екен деген мақсат қана. Біз адамдардың психологиясын бұзбау қажетпіз. Егер біз барлығына тек қана бере берсек, олар тек қана ала берсе, онда өмір бойы жұртқа алақан жайып өтуі ғажап емес.

– Қазіргі таңда елімізде қайырым-дылық қорларының саны да, сапасы да артып дамып келеді. Қуантарлық жағдай, әрине. Дегенмен де, мемлекет осы арқылы өз міндеттерін қоғамға жүктеп отыр деп ойламайсыз ба?

– Қайырымдылық деген әркімнің жеке ісі. Ол әр адамның ниетіне байланысты туындайтын дүние. Бәлкім расыменде, еріктілер көмегіне жүгініп отырған шығар. Биылғы жылды да бекерге еріктілер жылы деп атап жатқан жоқ. Бірақ, халық одан жаман болады деп ойламаймын. Егер қандасының жағдайына бір қарап, жылу отын жаққан адамдар көбейсе, одан халық жаман болмайды.

– Мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау, көмек бола ма?

– Мемлекет тарапынан көмек болмайды және көмек сұрау біздің ойымызда да жоқ. Мемлекеттен ештеңе жасалмайды, себебі қайырымдылық әркімнің өз ісі. Әрине, салық төлеп отырғаннан кейін мемлекет халыққа әлеуметтік көмек көрсетуі қажет. Дегенмен де, тек мемлекетке қарап, олар неге ананы істемеді, неге мынаны істемеді деп қол қусырып қарап отырған адам жақсы болмайды. Себебі, ол өз проблемасын біреуге артып қойғысы келеді. Ол адам өз бетімен кәсіп істесе өзі нан тауып жейді, жақындарын да асырай алады. Және біздегі ерікті жандар сол нәрсені халыққа жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлдана Ермекқызы

 

604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы