• Бас мақала
  • 28 Наурыз, 2020

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРХАН ТҰЛҒАСЫ

Әшімхан Оспанов, ҚР Мәдениет қайраткері және

Халықаралық «Ұлт мақтанышы» төсбелгісінің иегері

Әйеке Бекежанұлының 180 жылдығына орай бірер сөз

Сонау Арқадан келіп Сыр өңіріне қоныстанған түп бабамыз – Отарбайдан Сүйіндік, Сүйіндіктен Әнди, Дәнди, Нышан, Бекежан деген ұлдарынан тараған ұрпақтардың барлығы дерлік Қызылорда облысының Шиелі атырабына қоныстанып Әйекені Бекежан әулеті дейді. Бекежанның Қожамбет, Бәйімбет, Әйтікей, Әйеке, Асан, Үсен, Қонақбай, Алыпқаш атты ұлдар мен Ботагөз деген қызы болған. Мен Әйеке бабамен үшінші атадан қосыламын.

Алпыс жылдан асқан өмірдің қызық-ты, шырғалаң, жолдарындағы қилы-қилы уақиғаларды, адамдардың аттарын, атауларды есте сақтау қиын екендігі кімге де болса аян. Бұл жағынан маған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өнер зерттеушісі марқұм М.Рүстемовтің күнделіктері мен тарихи деректері үлкен көмек.

Ендеше  бабам  Әйеке туралы ел аузын-дағы және тарихи деректерге тоқталайын.

Патшалық Ресей жаулап  алған қазақ жеріндегі ірі елді мекендерде орыс-бұратана мектептерін аша бастады. Сондай мектеп Сырдария өзенінің бойындағы Жөлек қамалында да ашылып, Бекежан өзінің баласы Әйекені сол мектепте оқытады. Жөлек болысы (Қазіргі Қызылорда обылысының Шиелі ауданы сол болыстыққа қараған) найман Бектастың үстінен оязға көп арыздар түсіп, ол орнынан алынады да, оның орнына Әйеке Бекежанұлы болыс болады. Мансапқұмарлықпен және «Мен Тұрсынбай датқаның баласымын, сондықтан елді билеп-төстеуші мен болуым керек» деген оймен Тұрсынбайдың баласы Әлмәмбет Әйекеге қарсы көп әрекеттер жасайды.

Оған Перовскінің уез басшылары көнбеген.Уез басшылары Әйекенің әділетті басшылығын мақұлдап, жиырма жылға жуық болыс сайлап отырған. Әлмәмбет Тұрсынбайұлы Әйекені Перовск қаласына бір барған сапарында, түнде киіз үйде ұйықтап жатқан жерінде мылтықпен атып жарақаттаған. Әйекенің үйін күзетіп тұрған күзетшінің қалғып кеткенін атуға келгендер сәтті пайдаланған. Қолына тиген мылтық оғының жарақатынан Әйекенің өлмейтініне көзі жеткен Әлмәмбет дәрігерлерді паралап улы зат жақтырған. Әйеке енді келеге келмейтінін білген соң, жақындары уез басшыларынан болыс орталығы Жөлекке тездетіп жеткізу үшін отқайық (катер) беруді өтінеді. Олар өтінішті орындап отқайық береді. Сырдария өзенімен Әйеке Жөлекке жетеді. Алайда Жөлекке жеткен жерде Әйеке дүние салады. Бұл оқиғаның аяғы ел арасында бүліншілік туғызып кетпеуіне Бұдабай ақынның «Әйекені жоқтау жыры» себеп болған. Бұл жоқтау 1883 жылы «Қазақ хрестоматиясында», 1897-1904 жылдары Түркістан генерал губернаторының тілмашы, зерттеуші-этногроф Әбубәкір Диваевтің «Қазақ халық творчествосының үлгілері», Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтардың 1925 жылы Мәскеуде шығарған «Қазақ халқының 23 жоқтау жырлары»,1984 жылғы  «Бес ғасыр жырлайды»,1990 жылы шыққан «Боздағым», Қазақтың жоқтау жырлары, 1994 жылы жарық көрген Нұрмахан Қасымовтың Бұдабай Қабылұлының «Шығармалары» кітаптарына да енген.

Әйеке бабамыздың оққа ұшуына Әлмәмбеттің мансапқорлығы ғана емес, ел арасындағы  екі уақиғада басты себеп болған сияқты.

Бірінші уақиға

Бекежан қартайып, науқастанып, өмірінің ақырғы сәттерінің таянғанын сезді ме,әлде есі барда көңілге түйгендерін айтамын деді ме, балаларын шақырып, ақыл-кеңесінің соңында:

– Балаларым, біздің ата-қонысымыз Арқада. Атақты Ағыбай батыр бастаған шұбыртпалылар, Балқаш көлінің маңындағы Ақтау, Қызылтау, Тайатқаншұнақ аймағында.Соларға сендерді апарып, таныстырамын ғой деп жүр едім. Оған жете алмадым. Менің күнім бітуге таяу. Әйеке өзің бас болып, Ағыбай ағаңа сәлем беріп қайт. Тату болыңдар, ағайын тату болса – құт, алауыздығы – жұт. Осы естеріңде болсын, – дейді.

– Әке, айтқан ақылыңызға рахмет. Амандық болса айтқаныңызды орындаймын, – дейді  Әйеке. Бекежанның бұл өмірдегі нәпақасы таусылып, қара жер қойнауынан мәңгілік орын алып, жылын көңілдегідей өткізген соң, Әйеке Арқаға баруға дайындалып, қасына ағалары – Қожамбет, Бәйімбет, Асан мен Үсенді, бауырлары Бисүгір, Қыпшақбай, Қарқынбай, інісі Алыпқашты, елдегі беделді-беделді билерді, ру басыларын ертіп жолға сәрсенбінің сәтінде шығады. Ағыбай оларды құшақ жая қарсы алып, інісінің ажар-көркіне, ақсұңқар сипатына, ізеттілігіне, инабаттылығына көңілі толып, шаттанады.

Әйекелер бұрын көрмеген қандас-туыстарының  біріне қонып, біріне түстеніп, біраз күн сейіл-серуен құрып, сағыныштарын басқан соң елге қайтуға рұқсат сұрап, ағасын, жақсы мен жайсаңдарын келесі жазға қонаққа шақырады. Ағыбай:

– Әйекежан, ертең жолға шыққалы отырсыңдар. Арзан – өтірік, қымбат – шындық.Өтірік көлгірсіп, сөзімді арзандатқым келмейді.Сондықтан шын пейілімді айтайын. Сен Қыпшақтың бағланысың ғой, кез келген күні сойып жеп қоя ма деп қорқамын. Ол елде де «сен тұр, мен атайын» дейтін небір апайтөстер табылар. Оған  кім кепіл! Елге оралып, ата қонысыңның құты болып қосылсаң қайтеді? – дегенде, Әйеке:

– Аға, берген бағаңызға,тілегіңізге рахмет.Ілгеріде Қазыбек би ағамыз Бертіс биге: «Бір бала атаға жете туады, бір бала атадан өте туады, бір бала атадан кейін кете туады» деген екен.Мені соның қайсысына жатқызатыныңызды өзіңіз білерсіз. Өз ойым атаға жете тудым-ау деп ойлаймын (себебі әкесі Бекежан Түркістан жерінде кезінде 15 жыл болыс болып, ұлғайған шағында сыр бойына қоныс аударып, Жөлек бекінісін мекен еткен). Қазір екі аяғымды нық басып тұрмын. Аз да болса таразының бір басында салмағымыз жеңіл емес. Алтынның аз да болса салмағы ауыр. «Мың қарғаға бір кесек» деген емес пе! Сол елге сіңісіп кеттік, екі үйінің бірі маған арнап малын сойып, қазан көтереді. Жатта да бір үйің болсын деген сөз бар ғой. Жылы орнымды суытпай-ақ қояйын, аға,– дейді.

Осы  кезде  сол  топтағы  бірге  барған  Қыпшақ Бөрібай тоқпақтың қабағы түнеріп, Әйекеге жалт қарап, көзі шатынап, барлық қаны бетіне шыққандай болып отырады...

– Қалқам, сені солай сөйлетіп тұрған астыңдағы тағың, басыңдағы бағың. Мың асқанға бір тосқан, байқа бауырым. Қазыбек ағаның былай толғағанын есіңнен шығарма. «Өркенің өссін десең кекшіл болма, кесапаты тиер еліне, елім өссін десең өршіл болма, өскеніңді өшіресің онда. Бастарына іс түскенде пақырларға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа. Жанашары жоқ жарлыға жәрдемші бол асыға, қиын-қыстау кездерде өзі келеді қасыңа, бүгін сағы сынды деп жақыныңды басынба» деген екен.

Адамды екі нәрсе қартайтпайды: бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз. Мінезіңе –  айтар сөзім болмас, тек аузыңнан жақсы сөздер шықсын. Қолыңды жай бата берейін,  –деп Ағыбай былай бата берген екен Әйеке інісіне:

– Басыңа қонған бақыт тұғырлы болсын, жанарыңды мансаптың, байлықтың буы тұмшаламасын. Адам байлыққа тоймайды. Ол да ащы судай кермек, қанша ішсең де сусының қанбайды.

Ынсап сайын-береке. Ағайынға жағамын десең – қазанды, халыққа жағамын десең-әділ бол. Құдайдың ең сүйіктісі де, ең жақсы адамы да әділ әкім. Жұрттан ізгілік тілесең – ізгілі болғайсың. Жақсылармен достассаң олардың жақсылық тілегі таусылмайды. Өмірің ұзақ, аймағың суат, сөзің халқыңа қуат.

Ағыбай Әйекеге еріп келгендерге бір-бір жорға жетектетіп, шапандар жауып, Әйекеге қосымша қасқыр ішік кигізіп, елдегі Сүйіндік батыр ұрпақтарына түйе бастаған төрт тоғыз айдатып, оларды бір көш жерге шығарып салады.

Жолай Бөрібай тоқпақтың салы суға кеткендей болып, жүрісі өнбей топтан қала береді.

– Ау, Бөке, сізге не болды? Науқастанып қалған жоқсыз ба? – дейді Әйеке таяныңқырап.

– Саумын деуге аузым бармайды, Әйеке шырағым. Сен кеше «Мың    қарғаға  бір кесек»  дедің ғой, сол кесек менің атымды кібіртіктетіп жүргізбей келе жатқаны.

– Ой, Бөке-ай, сол сөздерді көңіліңізге ауыр алып қалыпсыз-ау. Көңілімде ешқандай арамдық болған жоқ, – деп жуып-шайғанмен ол жібімей:

– Ағынды су аққан сайын өрлейді, ақпайтын су жатқан сайын сасиды деп жүрген шығарсың. Ағысы қатты жойқын өзеннің алдынан да оқпан шығар кезі болар. Сен біздерді елдің байғұсы, қу тамақтан басқа қайғысы жоқ десең, көп-күшті. Көк иірім су қатты демекпін.Құдай кешегі көлді бүгін тақыр етемін десе қолында. Қыпшақ ен далада шалқып жатқан ел. Көп қарғаға қоса қырқып түсер қыраны, бүріп кетер бүркіті, қырғи мен лашындары, байтақ даласында алып түсер арыстаны, бөлтірігін еріткен бөрілері де мол. Солардың біріне кезігіп қалмасыңа кім кепіл, Әйекежан.

– Бөке,осыншалықты намысқа тиер сөз айттым деп ойламаппын. Іні қателігін бір жолға кешіріңіз, – дегеннен ары бармады Әйеке.

Айтылған сөз-атылған оқ, оны қайтып ұңғысына сала алмайсың. Осы әңгіме ушығып, Тұрсынбай датқаның әулетіне жетіп, бықсыған шоқты үрлей түседі...

Екінші уақиға

Тұрсынбай датқаның сұлу тоқалы өзбек құлымен көңілдес деген өсек ел арасында тарап, жақын туыстары сыпайылап оған айтқанмен датқа жүре тыңдайды. Ақыры намысқой жігіттер аңдып жүріп құлды әшкерелеп, мойындамай танып кетпесін деп тоқалдың үйінен шығып бара жатқан кезде құлдың құлағын кесіп, датқаға жеткізсе, ол:

– Әттеген-ай, бекер жасапсыңдар. Құлдың көзін құрту керек еді. Енді кейінге таба, сөзге тиек, бетке салық болатын бопты-ау, – деген екен, күйініп. Бірақ болар іс болды. Бұл әңгіме елге ащы түтіндей жайылды.

...Тартоғайдың күн батыс жағындағы Хан құмында жер дауы болып, Әйеке Қыпшақтың Тұяқты атасынан тараған Әлке, Досан, Қозы, Бәйбіше, Соқпан руларының игі жақсыларымен, Әлмәмбетпен мәмілелесіп, дауды наурыз айының басындағы сәрсенбіде Хан құмында жиналып шешпек болып келіседі. Әйеке уәделі күнге адамдарымен келсе, Әлмәмбет белден басып дауды шешіпті. Әйеке ызғарлы үнмен:

– Әлеке, мұның қалай? Байласқан уәде қайда? Мына жиналғандар сенің көркіңді көргелі келді деймісің? – дегенде Әлмәмбет:

– Сенсіз де таңымыз атып, тауығымыз шақырған ел болатынбыз! Өзім-ақ шештім, басымды аласың ба сол үшін? – дейді өктемсіп.

– Әлеке, сап-сап. Жұлқынып арындама, желді күнгі жалындай лапылдама, отты басатын дүлей күш табылар да күлге айналарсың. Сен елге қайдан қамқоршы бола қалдың? Сонау жылдары Қоқан хандығының заманында-ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс болып, елді зар илетіп, ақыры аға сұлтандықтан түсіп, орныңды, ізіңді басатын елге еге таппай бір-біріңмен дүрдараз  болып жүргендерің қайда? Ұмытсаң есіңе ал. Енді елге билік айтатын болып қалыпсың. Егер осымен әкеңнің құлағының құны бітсе, онда дауым жоқ, – дегенде Әлмәмбеттің аузына табанда сөз түспей, нарттай болып қызарып есін жиған соң:

– Құлдан тусам осылайша боз өкпе болып кетермін, ал Тұрсынбайдан тусам түбіңе жетермін, – деп есікті тарс жауып, үйден шыға жөнеледі.

... Оқ тигеннен кейін екі-үш күн өтіп, Әйеке есін жинап, бұл оқтан ажал қармағына ілінбейтініне көзі жетті. Далада жігіттірге басшылық жасап жүрген үлкен ағасы Қожамбет үйге кіріп:

– Әйекежан, Тұрман, Әлмәмбет бастаған бір топ қыпшақтың жігіттері келе жатыр, сенің көңіліңді сұрағалы – дейді.

– Онда менің артыма, қолтығымның  астына жастықтар қойып отырғызыңдар. Қадірлі қонақтар ғой, ізетпен қарсы алайық, – дейді кекесіңді. Әйеке оларға сыр білдірмеуге, бар күш-жігерін жинап, шыдап бақты. Бойдағы ыза да қайраттандырды.

Қонақтар үйге кіріп жайғасқан соң Тұрман:

– Ойпарым-ай, Әйекежан-ай, аман қалғаныңды естіп, Аллаға ризалығымызды білдіріп жатырмыз. Адам баласы бір-біріне мейірімсіз, қаныпезер болады екен-ау. Заман не болып барады? Қандай иттің қолы көтерілді екен саған? – деп, көзіне іркілген жасты қол орамалымен сүртіп отырғанда Әйеке:

– Тұреке, жыламаңыз мен әзір тірімін. Заманда тұрған не бар дейсіз. Қорқақ иттің әдеті емес пе, үндемей келіп қабатын. Мені аттырған адам ермін деп жүрген шығар. Жапалақ құс мақтанса, жардан тышқан алдым дер, жаман адам мақтанса, жақсының аяғынан шалдым дер. Ол бәрібір елдің қарғысына ұшырар. Маған қай қазақтың баласының қолы көтерілуші еді. Аттырған сарт па, сауан ба біреу шығар, – дегенде Әлмәмбет жер шұқылап, төмен қарап отыра берген екен. Сонда Тұрман:

– Ойпырым-ай, Әйекежан-ай адам атуды білмеуші едік, адам атуды білмеуші едік... –  деп қайталай беріпті.

Әйеке тірі қалса соңына шырақ алып түсетінін білген Әлмәмбет, оның көзін жоюдың амалына кірісіп, дәрігерлерді паралап, оқ тиген жарасына у дәрі жақтырады.

Ағыбай Әйекенің оққа ұшып, опат болғанын естіп, қол жинап:

– Қыпшақтың елін шауып, інімнің құнын төлеттіремін, – деп келгенде жоқтауды естіп, оны жазған қыпшақтың ақыны Бұдабай екенін біліп:

– Інімді бір қыпшақ  өлтірсе, екінші қыпшақ тірілтіпті. Қыпшақ еліне дауым жоқ. Екі ел арасында қан төгіс болмасын, – деп кері қайтыпты. Не деген ақылдылық, не деген мәрттік!

Жоқтауды Әйекенің қарындасы Ботагөз және атақты халық ақыны, Қазақстан Респуб-ликасына еңбегі сіңген өнер қайраткері Нартай Бекежановтың анасы Бақтыгүл айтқан. Сол жоқтаудың үзіндісімен біз де сөзімізді аяқтайық.

Көлеңкелеп отырған,

Құлады халқым тірегің,

Бұл күндегі адамнан

Артық туған ер едің.

Ай батқандай қылдың да,

Адастырып жөнедің.

Артыңда қалған көп жұртың,

Иесіз қалар демедің.

Ақылың көп болса да,

Аз ғана болды көмегің.

Ішіңе сыймай қабынды

Қайратың мен өнерің.

Өрге жүзген наһандай

Өнеріңнен не көрдің?

Ақырында ажалға,

Қайратың болды себебің,

Айналайын, көкежан,

Қараның болдың қанындай,

Қарайғанды ықтаттың,

Қамысқа түскен жалындай.

Орта жүздің көркі едің

Қоңыраулы бұйра нарындай.

Ағайынды жинадың

Алпыс үйлі арғындай.

Орынды болдың орасан,

Мың жылқының тауындай.

Көпке пайдаң көп тиді,

Көктемдегі жауындай.

Айрықша тудың атадан,

Ай мүйізді қошқардай,

Қаһарланып келгенде,

Қоршаған бұлт аспандай.

Қайратың болды, көкежан,

Рүстем менен Дастандай.

Сақылығың бар еді,

Баязит пенен Бостандай.

Әділдігің бар еді,

Әзіреті Омар, Оспандай.

Үлгіменен сөз айттың,

Тәпсірден шыққан дастандай.

Құрама жиып ел еттің,

Еспенің көзін ашқандай.

Артықша құдай бақ берді,

Қарадан шығып тасқандай.

Елде тентек қоймадың,

Жайыннан қашқан шабақтай.

Қарадан хан, қарғадан

Сұңқар туған, көкежан.

Қарадан туып хан болып,

Тұлпардан туған дүлдүлім.

Орта жүзден орасан,

Ойқастап озған жүйрігім.

Айналайын, көкежан,

Суырылып топтан сөйлеген,

Жүйесін тауып айтқан соң,

Бетіне ешкім келмеген.

Басып озған жүйріктей,

Сөйлеген сайын өрлеген.

Өз дегені болмаса,

Дұшпанға теңдік бермеген.

Азғана күн орта жүз,

Адасқанын жөндеген.

Көкежан, сіздей ешбір адам

Қарадан шығып хан болмас,

Енді сіздей бір адам

Айырдан туып нар болмас.

Алды-артыңда болмады,

Қанат-құйрық, жалың-ай,

Жалғыз жүріп жұрт алдың,

Күш атасын танымай.

Әйтілеу болса қартайды,

Тұғырдан түскен жабыдай.

Аға деп арқа сүйейтін,

Арқада жатыр Ағыбай.

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы