• Руханият
  • 28 Наурыз, 2020

БЕЙКҮНӘ

Бұрынбай Болатбек

 Төртеуін тең өлтіреміз бе? онанда біреуін сойып, үшеуін аман алып қалайық, – деп кепкен ағаштың қабығындай шытынай жарылған ернін жалап алып, қынындағы кездігіне қол жүгірітті.

Күн шығысты бетке алып жан сауғалап үрке көшкен елден қалып қалған бір үйлі жан ілбіп басып ілгерілей берді. Ата қонысынан шыққалы міне бір апта. Белі бүгіліп, қабырғасы сөгілген қараша халықтың мұң-зарына егіле үн қосқандай қазан айының да қабағы түсулі. Үйелмелі-сүйелмелі төрт баласын жетектеп жаяу босқан бейбақтардың азығы таусылғалы екі күн. Қап түбіндегі нанның қоқымын санап теріп аштықтан шырылдаған төрт баласының аузына салып, бұлдыр белесті бетке алып келеді. Емшектегісі мен жасы үштен енді асқан екі баласын құшақтарына алып, сегізден енді асқан естиярына тете алты жастағы екі баласын жетектеп келеді. Екі күннен бері нәр сызбаған ата-ананың көзі шүңірейіп, жағы суалған. Иектері төмен тартып қушия созылған. Өлеусіреген әлсіз жанарларын ата-анасына тігіп екі бала ілби аяңдайды. Нәр сызбаған анасының сүті тартылып, шандыр тартқан емшегін еміне сорғанымен түк шықпайды. Қызыл иегімен емшек үрпін созғылай тістелейді. Аштықтан жылай-жылай дауысы да қарлығып өшкен. Көмейінен қырыл ғана шығады.

Қара суды қатық қылғалы тағы екі күн. Балалардан әл кеткен. Адам жаны мұншама сірі болар ма? Қағанағыңды жарып шыққан балаларың көз алдыңда солып, семіп бара жатқаны жан ауыртады. Ақыреттің тозағы да  бұған тең келмес.

Көзі қарауытқан әке: Кепкен ағаштың қабығандай  шытынай жарылған ернін жалап алып: – Төртеуін тең өлтіреміз бе онанда біреуін сойып, үшеуін аман алып қалайық. Емшектегісі ел қатарына қосылмас, соны сояйық, – деп шарасыздан әйелінің құлағына сыбырлады. Бұны естіген шеше байқұс сәулесі сөнейін деген қос жанарын бағжаң еткізіп бір қарады да, құндақтағы баласын құшағына қыса түсіп қыбылаға қарап бүк түсіп отыра кетті. Жүзінің қызылы кетіп, ерні көгеріп сүлдесі ғана қалған сәбиіне қарап аңырап тұрып жылады-ай. Иегі дірілдеп, екі иығы селкілдеп сәбиін құшты. Тарам-тарам аққан жас сұлық жатқан сәби бетіне тамшылады, ерніне тамған жылымық жасты қоңыр өңезделген кішкене тілімен болымсыз қимылдап жалаған болды сәби.

–Тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібітіп, омырытқамды үзіп өмірге алып келген балапандарымды көз алдымда алғанша, менің жанымды неге алмадың құдай?

 Шұнақ құдай! Келте құдай! Еңіреген елім, езілген ерімді көрсеткенің аздай, құлындарымның қырылғанын көрсетейін дедің бе құдай? – деп аңырады ана байқұс.

Көз шанағына іркіле қатқан екі тамшы жаспен ту алыста бұлдыраған тауға қабағын түйе қараған ерінің етегіне оралып. – Аноу тұрған дөңнен асайықшы, ел-жұрт жолықпаса көрерміз сосын, – деп булыға жылап, жалына үн қатты.

Торсықтағы қара судан балаларының ауызына тамызып ілгері қарай аяңдады.

Белестен асты. Иен дала, көзге тағы бір белес бұлдырады. Шарасы таусылған шеше байқұс: – Екіншісінен асайықшы, ел-жұрт жолықпаса көрерсің, – деп ерінің шалғайына оралып еңірей жөнелді.

Сіңіріне сүйеніп , сүрініп-қабынып екінші белестен де асты-ау.

Көз алдында күйреп бара жатқан құлындарына қарайтын қуаты қалмаған әке, қынына қол апарды. Тағы көрінген иен жер, бұлдыр далаға үміттене  қараған шеше байқұс құдайы зарын айтып, қосағына жалына жылады.  – Үшіншісінен асайықшы, осы соңғысы болсын. Ел-жұрт жолықпаса айтқаның болсын.  Қалай ғана қолың барады? Жарық дүниені жаңа сезіп, қос табаны қара жерге толық тимеген құлыныңды қалай бауыздамақшысың? Болмаса,  болмаса мені бауызда. Осылардың жолында  мен-ақ құрбан болайын, мен-ақ азық болайын. Тек,   тек өлтіре көрмеші сәбиімді, – деп зар еңіреді.

Көнін сүйреткен көтерем балаларын кезек-кезек көтеріп, өліп-талып үшінші дөңнен де асты-ау.  Тағы да иен дала. Қара терге түсіп, аштықтан бұратылып, екі тізесі дірілдеген әке, қынындағы кездігін сурып алып, қалтырай басып, көзінен қан жауа ұмтылып барып орып жіберді.

Құдайдың кереметін көрмейсіз бе, үшінші дөңнің үстінде он екі аша мүйізі сүзісіскеннен ілініп қалған екі бұғы ешқайда бұлтара алмай тұр екен.

Не көрмеді бұл Қазақ не көрмеді, Қазақ деген- ұлы ойдың кемеңгері. Бүгінгі тәуелсіздік тіккен туың, Кешегі көз жасыңның төленгені. Не көрмеді бұл Қазақ не көрмеді?!

P.S. Бұл шағын әңгіме, ашаршылық жылдары Қытайға қарай босқан бір үйлі жанның басынан өткен шынайы оқиға. Ең ғажабы, сойып өзінен үлкен үш балаға азық қыламыз деген сәби қазір тірі. ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысы, Құлжа қаласы, Тоғызтарау ауданында тұрады.

Бұл осыдан он бес жыл бұрын естіген әңгімем еді...

360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы