• Cұхбаттар
  • 26 Наурыз, 2020

ҚОҒАМНАН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС КҮТЕСІЗ

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші:

 – Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы ескі кадрлерден арылып, мемлекетшілдік идеяларымен қаруланған, адамзаттық жəне ұлттық құндылықтарды меңгерген, ең бастысы мемлекеттік тілде сөйлейтін жаңа кадрлерді билікке əкелсе екен. Себебі қазіргі биліктің ең үлкен кемшілігі, ол – жемқорлық. Жемқорлықты ауыздықтамай Қазақстанда ешқандай өзгеріс болмайды. Билік өкілдерін халықтан оқшауландырмай, кабинеттерінен еркін шығып, бұқара халықпен кез келген сəтте диалог жасай алатын дəргейге келтірсе. Əйтпесе қазір билік бір жақта, халық бір жақта. Халықтың билікке деген өшпенділігі күн санап күшейіп келеді. Ол үшін билік халықпен қоян-қолтық бірлесе бір мұрат жолында жұмыс істеуі керек. Бұл үшін жоғарғы билік өркениетті елдердегідей мейлінше қарапайым болуы керек. ХХІ ғасырда əкімдердің оққағарларымен, қаптаған нөкерлерімен жүргені ұят һəм аянышты. Ол қылмыскер болмаса неге оққағарлармен жүреді? Неге халықпен жүздесуге қорқады? Сонан соң, Қазақстанның шетелге бақылаусыз кетіп жатқан жер асты, жер үсті байлықтары мемлекет мүддесі тұрғысынан есепке алынса; мұнай мен газ, басқа да қазба байлықтардан түскен қаржы кландар мен олигархтар арқылы офшорға кетпей, ел бюджетінің қоржынына түссе. Жалпы жемқорлықтан құтылудың оңай жəне ең төте жолы экономика жəне финанс сферасын сандық технологияға көшірудің бірыңғай ортақ жүйесін жасау керек жəне бұл қоғамға ашық болғаны дұрыс. Сонда ғана біз жемқорлықтан құтыла аламыз. Сосын қоғамды ізгілендіру шарасы кезек күттірмейтін іс. Қазір қазақ қоғамы діни түнекке батып барады. Қазақстан зайырлы мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ұлттың ішкі потенциалын оятатын рухани жобаларды қолдау керек. Қоғамды ізгілендіру үшін ел ішінің таза, былғанбаған руханият иелерін, білімдар, парасатты тұлғаларды ағартушылық мақсатқа пайдалану керек. Мемлекеттік құрылымдарды жемқорлықтан сауықтыру еш мүмкін болмай жатса, кейінгі кезде мəселе боп көтеріле бастаған ату жазасын қолданған дұрыс шығар. Сонда жемқорлар бірден есін жияды.

Әсел Назаралы,  оқытушы:

– Саяси ұстанымның  басты міндеті – халықты сабырға шақыру. Ресми ақпаратқа сендіру. Тыныштықтың кепілі халық екендігі белгілі. Ең бастысы елдің еңсесі тіктеліп  келе жатқан ғасырда  ұрпақтың ұлтжандылық сезімін ояту. Қазақ мектептерінің беделін көтеріп, оқулықтағы олқылықтардың орнын толтыру керек. Ұрпақ тәрбиелеу жолында жаңылмасақ бейбітшілігіміздің құны да арта түспек.

 Әлия Шайхова, шаштаразшы:

– Ең бастысы,  ел тілегіне көлеңке түспесе екен. Өзім қосымша курстардан білім алып, сұлулық орталығында шаштаразшы болып жұмыс жасаймын. Қазір еңбек іздеген жастарға мүмкіншілік көп. Жұмыспен қамту орталығының  ұсынылатын түрлі курс-тары  тәжірибе жинау үшін де көмектеседі. Өз кәсібіме, тауып отырған несібеме ризамын.

 Еркінбек Тобжанов, құрылысшы:

– Құрметті кәсіптің бірі – құрылысшы мамандығы.  Қазіргі күні құрылысшыларға деген сұраныс мол. Әлі де болса елімізде құрылыс мамандығының жан-жақтылығы бәсең. Оған себеп, дәрігер, мұғалім, банк ісі секілді мамандықтардың мәртебесі жоғары. Сол үшін құрылысқа көбінесе қарапайым жандар жегіледі. Соның салдарынан әр түрлі келеңсіздіктер орын алып жатады. Ең бастысы нағыз өз ісінің маманын дайындайтын факультеттер көбейсе екен.

Жібек Төлегенова, көп балалы ана:

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамай төлеуді ұсынған болатын. Бұл қуанарлық жағдай. Үйде отырған көпбалалы аналарға бұл айтарлықтай көмек. Аналарға ғана емес, бүтін отбасының жыртығын жамарлықтай дүние. Айтуға оңай болғанымен, жинайтын құжаттардың қиындық тудыратыны рас. Анасы баламен үйден шығуы қиын болатынын ескерсек әр түрлі құжаттардың саны да сандалтады. Осы жағын ескеріп бірізділік орнатып құжат қиындығын жеңілдетер жобалар болса екен.

Мөлдір Жанғозиева, эколог маман:

– Экологияның түрлі зардаптарының алдын-алу үшін эколог мамандар арнайы жұмыс жасайды. Адамдардың қоршаған ортаға деген мейірімі әркімнің сана-сезіміне байланысты. Таулы жерлерде демалған қонақтар қоқыстарын жинамай кетуі жиі кездеседі. Жазда су жағасында бұл жәйт жиі болып тұрады. Жасыл өлкемізге деген құрмет әр адамның жүрегінде болса ауамыз да, суымыз да таза болады. Табиғатты қорғау, аялау жөнінде эколог мамандардың насихаты керек-ақ. Арнайы акциялар, форумдар өткізіліп, еріктілердің белсенділігін арттырсақ сәл де болса бұл мәселе түйткілін табар еді.

Дайындаған Динара Мәлік

 

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы