• Бас мақала
  • 27 Наурыз, 2020

КАНАДАДА - ҚАЗАҚ АКРОБАТЫ

Дю Солей циркі Алаш азаматының көмегіне жүгінді

Ол – аты әлемге әйгілі Дю Солей циркінде өнер көрсететін алғашқы қазақ азаматы. Бастапқыда Олимпиада чемпионы болуды армандағанымен, кейіннен цирк өнерінің жанына жақын екенін түсініп, бертін келе осы салаға түбегейлі бет бұрды. 28 жасар акробат Ернұр Сыздықов канадалық циркке қалай келгенін, қазақ циркінің кем-кетігін, бүгінгі біздің қоғамда ақсап тұрған көңілі толмайтын мәселелер жайында сыр шертті.

– Ернұр, әрине, біздің оқырмандарды қызықтыратын ең басты мәселе – сенің Дю Солейге қалай келгенің. Әңгімені осыдан бастасақ.

– Мен негізі алғашқыда олимпиада ойындарының чемпионы болғым келген. 2009 жылдан бастап жарыстарға шықтым. 2010 жылы Францияда өткен әлем чемпионатына қатысқанымда Дю Солей циркінің қызметкерлері мені байқап қалған екен. Өздерінің командасына шақырды. Бірақ ол кезде менің циркке аса қызығушылығым жоқ еді. Бас тарттым. Кейін лицензиялық олимпиа-да ойындарынан денсаулығыма байланысты қатыса алмағандықтан, спортты аяқтадым. Содан кейін Алматы циркіне жұмысқа тұрдым. Циркте жұмыс істеп жүріп, бір кезде Дю Солей ұсыныс жасағаны есіме түсті. Неге бағымды сынап көрмеске деп ойлап сайтына кіріп кас-тинг деген бөлімін қарасам,  видео жіберуге болады екен. Қызықты деген бар видеомды жинап, жібердім. Бір күні шетелдік номер арқылы хабарласты. Басында алаяқтар шығар деп ойладым. Бірақ Дю Солей есіме түсті де тұтқаны көтердім. Шынымен де цирктен хабарласып тұр екен. Шақыртуларын қабыл алдым.

– Дю Солейдің былтырғы жылғы әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартқан шоу атақты футболист Месси жайлы болды. Сен осы қойылымда өнер көрсеттің. Сені қалай таңдап алды?

– Дю Солейге келгенде бірден жұмысты бастаған жоқпын. Шоуларда орын болмады. Бірақ мен олардың базасында болдым. Кейін скайппен хабарласып, Мессидің атынан шоу ашылады, соған қатысуға қалай қарайсыз? - деді. Мен келісімімді бердім. Келісім шарт бойынша 2020 жылдың аяғына дейін жұмысым жалғасады. Бірінші тур Барселонада – Испанияда өтті, екінші тур Дохада – Катарда және үшінші тур Аргентинада – Мессидің туған жерінде болады деп жоспарланған. Месси жайлы шоудың әдеттегі циркте көрсетілетін сайқымазақтар сахнада жүгіріп, балаларды күлдіретіні сияқты қалыпты шоулардан айырмашылығы – біз футболистің өмірін түрлі трюктер арқылы баяндаймыз.  Оның өмірі, әке-шешесі, жанкүйерлері, комментаторлар, гол салуы, пенальти, жарақат алған кезі бәрін келген қонақтарға акробатикалық қойылымдармен жеткіземіз.

– Цирктың қиындығы неде?

– Ең қиыны дайындық уақыты. Шоуға кішкентай ақша кетпейді. Костюм, свет, музыка, әртістерді дайындау деген қыруар жұмыс. Таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін дайындық жалғасады. Хореографтармен 2-3 сағаттан жұмыс істейміз, арасында костюм ауыстырып үлгеруің керек. Кейде бір номерді шығара алмай жетекшілердің күндіз-түні ойланып, басы қатып жатады. Бір істеген дүниемізді бірнеше мәрте қайталап шаршаймыз. Ал, кейіннен шоу басталғанда жеңіл, өйткені бәрі өз орнын, қызметін, міндетін біледі. Мен экстримді жақсы көремін. Маған русские качели дейді ғой, әткеншектен секіру ұнайды. Ол жерде 10 метрден асып секіруге болады. Әріптестерім маған кейде басқа келмейтін қиын трюк жасап жатырсың деп таң қалады. Әлемдегі нөмірі бірінші цирк болғандықтан, атақты жұлдыздар көп келеді. Мәселен, Мессидің өзі, Шакира келді. Оларды таң қалдыру үшін нөмеріңді  барынша күшті етіп көрсеткің келеді.

– Ернұр, өзің айтпақшы, әлемнің нөмірі бірінші циркінде өнер көрсетіп келесің. Жалпы, қазақ циркінен айырмашылығы неде?

– Қазақ циркінің бүгінгі күні өзінің тарихы, өткен жолы бар үлкен мәдени ошақ екені белгілі. Бірақ біздің циркте де өзгертетін дүниелер бар. Мәселен, манежде жүргенде шоу кезінде халыққа көңіл-күйді жеткізу жағы жетіспейді. Әртіс пен көрерменнің арасында байланыс болуы керек. Адам өмірге келіп, бақытты болып, өсіп жетілу кезінде түрлі эмоцияларды бастан кешеді ғой. Осындай түрлі эмоцияларды халыққа дәл және шынайы жеткізу жағы әлі де ақсап тұр деп ойлаймын.

– Спортқа қалай келдің? Әлде отбасыңда спортқа жақын біреудің ықпалы болды ма?

– Біз үйде 3 ұлмыз, әкем жас кезінде волейболмен және сурет салумен айналысқан екен. Өзі Қарағанды облысының тумасы, есімі - Ермек. Сондай-ақ, ол сурет салғанды жақсы көріпті. Мен жастайымнан спортты жақсы көрдім. Менен кейінгі інім суретті жақсы салады. Әкеміздің екі қасиеті екеуімізге дарыпты. Мен акробатикаға 5 жасымда келдім. Ата-анамның айтуынша, байыз тауып бір жерде отырмайтын, өте тынымсыз бала болған екенмін. Үйдегі шкафтың үстіне шығып алып, бір нәрсені қиратып, тыныш жүрмеген соң әкем спортқа беруді ұйғарыпты.

– Жаттықтырушың кім?

– Менің алғашқы жаттықтырушым Александр Лаврентьев деген кісі болды. Ол мені әлем чемпионаттарына, олимпиада ойындарына дайындаған. Циркке келген кезде әрбір номердің жетекшісі болады. Менің цирктегі жетекшім – Алшынбаев Нұрлан деген кісі.

– Спортта жүргенде басқа мамандыққа ауысқың келген кездер болды ма?

– Спорттан мүлдем кетемін деген ой болған жоқ. Бірақ бірде кедергілер болды. Спортта оны клин дейді, яғни мидың ішіндегі психологиялық кедергі. Артқа сальто жасау кезінде мен секіре алмай қалатынмын. Өз-өзімнен тоқтап қалам, болды. Бұл бір қорқыныш та емес. Бірақ бір орында тұрып қаламын, жасағым келген дүнием шықпай қалады. Сол кезде не істесем болады деп қиналдым. Кейін жарты жылдай жаттықтырушыммен жұмыс істеп сол кедергіні жеңдім.

– Спорттағы қызықты оқиғаларыңмен бөліссең?

– Санк-Петербург қаласында 18 жасымда халықаралық жарысқа ең бірінші рет қатыстым. Сол жарыста әлем чемпионы қытайлар болды. Өнер көрсеткенде спортшыларды бөліп, секіретін уақытын белгілеп берді. Мені екі қытай спортшысының ортасына қойып қойған еді. Шетелдіктер мені солармен шатастыратын. Менде техника жағынан қателіктер болды, бірақ қиындықты игеру жағынан олардан алда болдым. Мені  бәрі қытайдың баласы дейді. «Мен қытай емес, қазақпын, формама қараңдар», – деп намыстанатынмын. Қазір есіме алсам, күлкім келеді.

– Алда қандай жоспарларың бар?

– Арманым, біріншіден, кем дегенде бір 10 жыл осы циркте жұмыс істегім келеді. Екіншіден, өз елімде спорт мектебімді ашсам деймін. Оның ауқымы кең болады, бізде әдетте спорт залдары, спорт мектептері бір саланы ғана қамтиды. Ал мен цирк әртістері де, спортшылар да келіп жаттығу жасай алуына мүмкіндік беретін үлкен кешенді мектеп ашсам деймін.

– Қанша тілді білесің?

– Қазір үш тіл білемін. Қазақ, орыс, ағылшын тілдері және  испан тілін үйреніп жатырмын. Алдағы уақытта келісім шартымызды созып жатса, латын Америкасына баруымыз мүмкін. Сондықтан, тіл білгеннің артықтығы жоқ.

– Отбасы құруды ойламайсың ба?

– Ойда бар, бірақ құдай сәтін салған күні отбасылы болармыз. Әке-шешем қазақ қызын ал дейді. Туыстарым жан-жақта турларда жүрген соң қалжыңдайды, «ертең Африканың қызын әкеліп, крокодилдың етінен тамақ жеп отырмайық», – дейді. Алланың бұйыртқаны болар.

– Ернұр, шетелге жиі шығасың. Өзге елдердің тұрмыс-салт, мәдениетін көріп жүрсің. Біздің қоғамға не жетпейді? Жақында әлеуметтік желіден экология жайлы өте маңызды бір жазбаңды оқыдым. Сені не толғандырады?

– Экология туралы пост жаздым. Алматыға келгенде анамның арманы болған таудағы әткеншекке барсақ деген. Соған  анамды апардық, бір байқағаным төбеден қарағанда Алматы көрінбейді. Экология лас, біздің қоғамдағы адамдардың жаман қасиеті –  көрінген жерге қоқыс лақтыра береді. Шетелде көп болғаннан кейін, салыстырып жүремін. Біздің адамдардың ішкі мәдениеті төмен, содан көңілім қалды. Ішкен-жеген тамақтары, пластик, шыны бәрі тауда шашылып жатыр. Тауда жүріп 50-ге тарта адамды кезіктірдік, солардың біреуі ғана айналасын жинастырып жүрді. Артымыздағы ұрпаққа қоқыстан басқа не қалдырамыз? Інім екеуіміз қайтар жолда кездескен қоқыстарды екі үлкен пакетке  жинап келдік. Оны мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Бірақ, бұл бүгінгі еліміздегі қиын мәселе екені рас.

– Өміріңдегі ерекше естен кетпес сәттерің жайлы сөз етейікші.

– Мен үшін басты бақыт  отбасымды қуанту. Әкем жайлы айтып өттім. Анам Гүлшат, колледжде қазақ тілінен сабақ береді. Одан кейін екі інім бар. Дю Солеймен Барселонаға барғанда отбасымды бірге алып бардым. Сол кезде оларға сол елдің ең қызық орындарын көрсеткім келді. «Стадионға барайық, футболдың елі ғой», – деген сияқты көрнекі жерлерді отбасыма көрсеттім. Олардың көзіндегі қуаныш пен таңданысты сөзбен жеткізе алмаймын. Жақындарыма сондай мүмкіндік жасай алғаныма қатты риза болдым.

– Өзің секілді циркте өнер көрсеткісі келетін жастарға қандай кеңес бересің?

– Демалыс кездерінде Алматыға келемін. Сол кезде жас балаларға мастер-класс өткіземін,  үйретемін. Алматыда түрлі жаттығу алаңдары бар. Соның бірі Мега сауда орталығында орналасқан. Мен сонда барып жаттығамын. Жас балалар сол кезде  шет жағынан келіп көріп қалып, үйренсем бола ма деп жатады. Болмаса спортта жүрген таныстарым өздерінің жақындарын жаттықтыруға әкеліп жатады. Мен оларға қолымнан келген өнерімді үйретуге дайынмын. Артымнан өсіп келе жатқан балаларға үміттерін үзбесін дегім келеді. Алдына қойған мақсатқа жету үшін ең керегі еңбек пен сенімділік.

– Әңгімеңе рахмет. Сәттілік серігің болсын!

 Әңгімелескен

Гауһар Түстікбаева.

 

610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы