• Білім-ғылым
  • 27 Наурыз, 2020

АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Мемлекетіміздің міндеті – халықтың дене және рухани күшінің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызу, жалпыға бірдей қолжетімді әрі жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық қызмет көрсету. Бұл міндеттер мемлекеттік бағдарламалардан бастау алып, жемісті нәтижелермен жалғасын тауып жатыр. Олай болса, денсаулық сақтау саласында міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру жүйесін (МӘМС) енгізу бүгінгі күннің басты талабы.

Қарапайым халық өз денсаулығына көп жағдайда салғырт қарайтыны белгілі. Жұмыс бабымен, отбасы және өмірдегі көптеген күйбең тіршілікке бой алдырған қарапайым тұрғындар денсаулыққа келгенде босаңдық танытады.

Біздің еліміз медициналық сақтан-дырудың ерікті түрін пайдаланады. Бірақ халықтың көпшілігі әлі күнге шейін медициналық сақтандырудың не екенін біле бермейді. Халықтың санасында кеңес кезіндегі «медицина тегін» деген ой қалыптасып қалған. КСРО кезінде медициналық сақтандыру деген түсінік мүлдем болмаған. Қазақстанда ерікті түрдегі медициналық сақтандыруға халық көңіл аудара бермейді немесе медициналық сақтандыру туралы мүлдем хабары жоқ. Медициналық сақтандыру полисін тек өзіне аса қажет болғанда ғана алатындар бар.

Медициналық сақтандырудың жұмыс істеуі медициналық қызмет көрсету саласында нарықтық қатынас тудырады. Бұл өз кезегінде, медициналық қызмет көрсететін – медициналық мекемелердің, олардың қызметкерлерінің, жеке машықтанушы дәрігерлердің еңбегінің саны мен сапасына нақты баға беруге мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ науқастарда емдеу-профилактикалық мекеме мен нақтылы дәрігерді таңдау құқығы пайда болады. Міндетті медициналық сақтандыру қоры емделушілердің мүддесін қорғайды, медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға беру мүмкіндігі бар емдеу нәтижелеріне кінәрат-талап таға алады, ал, қажеттік кезінде емдеуші мекемеге немесе жеке машықтанушы дәрігерге экономикалық санкциялар қолдана алады. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, біршама істерді жүйелеуге жол ашады. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген.

Медициналық  сақтандыруы  бар адам-дарға медициналық көмектің барлық түрі, оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, диагностикалық-консультациялық көмек, медбике күтімі мен паллиативтік көмек көрсетіледі. Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан азаматы өзі таңдаған емханада емделеді, ал шығынды Қор өтейді. Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында азаматтар қосымша төлемдердің барлығынан босатылады. Үшіншіден, медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға болады. Төртіншіден, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушылардың құқығы бұзылған жағдайда Қор олардың мүдделерін қорғайды. Бесіншіден, медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Еліміз 1990 жылдары медициналық сақтандыру жүйесіне көшіп, соңы жауапсыз қалып еді. Былтырғы жылдың жаз мезгілінен бастап енгізілген  міндетті медициналық сақтандыру жүйесін қолданысқа енгізу қандай қажеттіліктен туындап отыр деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат.

Халықтың басым көпшілігі мен жұмыс берушілердің денсаулыққа мән бермей, жауапсыз қарауы, жүйенің қаржылық тұрақсыздығы мен көрсетілетін медициналық көмектің жеткіліксіздігі осы Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге әкелген басты себептердің бірі деп айтуымызға толық негіз бар.

Біріншіден, емделушілерді тартуға медицина ұйымдарының арасында бәсекелестіктің жоқ-тығы, екіншіден, дәрігердің тәжірибесіне, білімі мен біліктілігіне қарамай, еңбек өтілі тең болған жағдайда бірдей жалақы алуы, үшіншіден, әлеуметтік қамқоршылдықты сақтау және т.б. көптеген жағдайлар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде қаржыландыру тәсілдерін және медициналық көмекті ұйымдастыруды түбе-гейлі өзгертуді талап етеді.

Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру үлгісін таңдау кезінде 50-ден аса елдің тәжірибесі қаралып, ескерілді. Қазіргі таңда әлемде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың үш үлгісі бар – бюджеттік, сақтандыру және аралас. Бюджеттік үлгі Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция секілді елдерде бар.

Әлеуметтік қоғамдық сақтандыру Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде, барлығы 30 елде ал, жекеменшік сақтандыру АҚШ-та қолданыста. Дегенмен, көп елдерде «бюджеттік» және «сақтандыру» үлгісі өз тиімділігін көрсеткендіктен аралас қолданылады.

Қазақстанда ең үздік әлемдік тәжірибелерді есепке ала отырып, медициналық сақтандырудың аралас үлгісі енгізіледі. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы қаржылық тұрақтылықты, жоғары деңгейдегі сапалы және қол жетімді медицина қызметтерін, медициналық көмектің кең пакетін қамтамасыз етеді. Қазақстанда медициналық сақтандыру қорына алынатын жарна мөлшерлемесі басқа елдермен салыстырғанда тым төмен, яғни халыққа қолайлы жағдай жасалады.

Биылғы жылдан бастап МӘМС жүйесі іске қосылды. Енді қымбат медициналық қызметтерді тегін алуға болады. Мұның арқасында қазақстандықтардың МРТ, компьютерлік томография, стоматология сынды қымбат қызметтерге тегін қол жеткізу мүмкіндігі бар. Ол үшін өз статусын анықтап, ортақ қорға жүйелі түрде ақша аударулары қажет. МӘМС жүйесінің тарапынан стоматологиялық қызмет те көрсетіледі. Қызмет көрсетілетіндер санатына балалар мен жүкті әйелдер жатады. Бұл топтың кез келген уақытта аталмыш қызметті алуға мүмкіндігі бар. Ал 15 санатқа жататын: студенттер, балалар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар бюджет есебінен сақтандырылады. Бұл санатқа қазақстандықтардың 10 миллионға жуығы еніп отыр. Ал тағы 2 миллионнан астам азаматтың статусы анықталмаған.

Медициналық сақтандыру төлемдерін аудару – азаматтарға медициналық қызметтің сақтандыру пакетін пайдалануға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру пакеті тегін көмекке қарағанда көптүрлі әрі сапалы қызмет алуға мүмкіндік береді. Сақтандырылған адамдар дәрігерге қаралу мен ем қабылдауға кететін шығындарға алаңдамаса да болады. Сондықтан, медициналық сақтандыру төлемдерін аударған тиімді. Әлбетте, бұл медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтарға медициналық қызмет көрсетілмейді деген сөз емес. Олар учаскелік терапевт қабылдауына жазылып қана қоймай, тексерістен өтіп, бірқатар қауіпті дерт бойынша тегін ем алады. Жедел медициналық жәрдемнің қызметі де ақысыз болып қала береді. Медициналық сақтандыруды халық неғұрлым көбірек жасаса, жүйе соғұрлым тұрақталады.

Заң бойынша барлық жұмыс істейтін азаматтарың табыстарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналар алынуға тиіс. Биыл жарна мөлшері –  еңбекақының 1,5 пайызы. Әзірше жарнаны мемлекеттік құрылымдар мен жекеменшік ұйымдарда жұмыс берушілер төлейтіндіктен, бұл қызметкердің жалақысына әсер етпейді. Мысал ретінде 2019 жылға МӘМС-ті есептеп көрелік: жалақыңыз 100 000 теңге делік. МӘМС-ке жарна ұсталмайды. Ал жұмыс беруші 1500 теңге аударады. Жалдамалы қызметкерлер  үшін жұмыс беруші 2020-2021 жылдары – 2 пайыз, 2022 жылдан бастап 3 пайыз төлем жасайды. Мысалы, 2020-2021 жылдары 100 000 теңге еңбекақы түссе, МӘМС-ке сізден 1000 теңге жарна ұстап қалып, жұмыс беруші  қосымша 2000 теңге аударады. Ал 2022 жылы жалақыңыздан МӘМС-ке 2000 теңге аударасыз, ал жұмыс беруші 3000 теңге төлейді.

Нұрлан ҚҰМАР

2766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы