• Әдебиет әлемі
  • 02 Наурыз, 2020

АБАЙ - ТЕМІРҚАЗЫҚ

Абай – ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы. Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. Ол қазақ поэзиясының, халық даналығының барша жақсы тәжірибесін бойына сіңіре отырып, ұлттық поэзияны, өнерді, қоғамдық ойды байытты, жаңа сапалы биікке алып шықты.

Тәуелсіз Қазақстан елі әлемдік өркениет көшіне жол тартқан тарихи кезеңде хакім Абайдың асыл мұралары болашаққа жол бастап, темірқазық болып отыр. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақынның шығармаларын кейінгі толқын көкірегіне тоқып, көңіліне шамшырақ етіп алары сөзсіз. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық өміріміздегі айрықша құбылыс болды. Мақаладағы ең ерекше көңіл аударатын тұс – ұлттық кодты жоғалтпау мәселесі және ұлттық рухымызды жандандыру болып табылады. Елбасы өз сөзінде: «Салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деп атап өткен болатын. Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету туралы қаулыға қол қойды. Қаулыға сай А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. Ақынның мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар бекітіліп, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі кешенді жаңғырады. Сондай-ақ қаулы бойынша биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, ақынның еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде шаралар қабылданады. Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек! Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы, лебі, үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді. Иә, хакім Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Заңғар тұлғаның 175 жылдығына алдымен мән берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жәмиғатқа жағымды Жарлыққа қол қойды. Жарлықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия 2019 жылғы 1 шілдеге дейін құрылсын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген. Ұлы ойшыл ақынның 175 жылдығын мерекелеу Жазушылар одағының, қаламгерлердің күтіп жүрген қаулысы болатын. Мұның жай қаулы емес, Президент Жарлығы болып шыққанында үлкен мән бар. Қ.Тоқаевтың ұлтымыздың ұлы ақынын ұлағаттауда ерекше жанашырлығы, тілге, әдебиетке деген жанашырлығы, Абай Құнанбаевтың шығармашылығына деген ұлы құрметі деп білу керек. Бұл Жарлықта ғылыми-практикалық конференциялар, Абайдың шығармашылығына қатысты әлем жұртшылығының қызығушылығын арттыру, әлемге Абайдың қадір-қасиетін, жұмбағын түсіндіру сияқты үлкен мақсат тұр. Оның ар жағында бұрын кеткен олқылық-кемшіліктерді ескере отырып, Абай шығармаларын әлемнің жетекші тілдеріне аударуға көңіл бөлінуде. Біздің жазушылар Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге бір кісідей ат салысады. Абай оқуларын өткізу, зерттеу мақалаларын жазу, оның жүріп өткен жерлерімен сапарлау, ақынға байланысты шығармаларды сахналау, толыққанды дұрыс фильм түсіру және тағы басқа жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңадан поэтикалық қойылымдарды іске асыру, бүкіл балабақшадан бастап мектептерде Абай өлеңдерін жаттату, оның Қара сөздерінің мәнін ашып беру, басқа да көп іс-шаралар жоспарланып отыр. Абай Құнанбаев 1845 жылы бұрынғы Семей облысы Сырт Қасқабұлақ жерінде дүниеге келген (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы). Ол оқуын Семейдегі молда Ахмет-Ризаның медресесінде жалғастырып, араб, парсы және басқа да шығыс тілдерінен дәріс алды. Сонымен қатар, Абай орыс мектебіне де барып жүрді. Абай Құнанбаев асыл, ақсүйектер мен билердің әулетінен әрі ауқатты отбасынан шыққан. Әжесі Зере мен анасы Ұлжанның арқасында Абайдың шығармашылық пен поэзияға деген қызығушылығы ерте оянды. Екі анасы да ұлдарын халық мүддесі үшін адалдыққа, адамгершілікке тәрбиеледі, қатыгездікке, надандыққа жол бермеуіне ықпал етті. Жас Абайдың негізгі ұстазы қазақ халқы. Абай шешендік өнердің үлгілерін, адамдар өмір сүретін әдет-ғұрыптар мен ережелерді, адамдар мен тайпалар арасындағы күрделі әрі даулы мәселелерді әділ шешудің мысалдарын халық арқылы игеруге ұмтылды. Абайдың алғашқы өлеңдерінің ішінде шығыс классикалық поэзиясының әсерімен жазылған лирикалық өлеңдер, халық поэзиясы стилінде, сол кездегі суырып салма ақындардың шығармашылығы рухында құрылған таңғажайып өлеңдері бар. Ақын 170-ке жуық өлеңдер мен 56 аударма, жазбаша өлеңдер, нақыл сөздер жазған («Қара сөздер»). Ол қазақ өлеңдеріне жаңа өлшемдер, рифмалар мен поэтикалық формаларды енгізді. «Ескендір» поэмасы Аристотельдің бейнесі мен басқыншы Александр Македонскийдің ашкөздігіне қайшы келеді. Ақын үшін саяси құрбандар Е.П. Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросстар мен кездесуі маңызды оқиға болды. Абайдың дүниетанымының қалыптасуына шығыс-тың ақындары мен ғалымдары – Фирдоуси, Әлішер Навои, Низами, Физули, Ибн Сина, сондай-ақ орыс классиктерінің еңбектері әсер етті. Ол И.А.Крылов, М.Ю. Лермонтов, Гете және Байрондардың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Оның қызығушылықтарына әлемдік мәдениет пен философия кірді. Абай Құнанбаев, сонымен қатар талантты және ерекше композитор. Оның «Көзімнің қарасы» өлеңі халыққа кеңінен танымал болды. Ақын ХІХ-ХХ ғасырда жаңа қалыптасқан қазақ ұлттық зиялыларына үлкен әсер етті. Алаш Орда қозғалысының жетекшілері Абайды қазақ ұлтының қайта өркендеуіндегі рухани көшбасшы ретінде қабылдады. Әлихан Бөкейханов Абайдың алғашқы өмірбаяншысы болды. Ұлы Абай шығармашылығына жазушылар, әдебиеттанушылар, лингвистер, философтар, психологтар жүгінеді. Оның еңбектері жас ұрпақты өз халқына қызмет етуге, білім шыңына жетуге үндейді. Абайдың әдеби-эстетикалық мұрасы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Көрнекті ақын және ағартушы Абайдың бейнесі әдебиет, музыка және бейнелеу өнерінде сақталған. Еңбектері әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Абай Құнанбаев 1904 жылы қайтыс болды. Жидебай алқабында, Шыңғыс тауының маңында жерленді. Ұлы Абайдың құрметіне әдебиет саласында Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы тағайындалды. Республикада және шет елдерде қала, әкімшілік орталықтары, көшелер, театрлар, кітапханалар, мектептер мен алаңдар ақынның есімімен аталады. Абайдың туған күніне орай жыл сайын түрлі іс-шаралар: поэзия күндері мен кештері, кітап көрмелері ұйымдастырылып, ғылыми конференциялар өтеді, сонымен қатар ақынның өлеңдері оқылып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Биыл ЮНЕСКО-ның және ТЮРКСОЙ-дың қолдауымен Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай үлкен мерекелер өтеді. Басты мақсаты – Абайдың дүниетанымын және оның рухани мұрасын жастарға кеңінен насихаттау.

Семей еңсесі түсіп кеткен қала еді...

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев-тың кешегі жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жалпы мәдениет, руханият саласындағы бағдарламалық мақала болды деп санаймын. Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлының Абайды ерекше зерттеген адам екені көрініп тұр. Тек зерттеп қана қоймай, Абай мұрасына, өлеңдеріне, философиясына бүгінгі заманауи, егемен Қазақстан тұрғысынан қараған екен. Яғни сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ данагөйінің және одан қалған мұралардың бүгінгі ХХІ ғасырдағы Қазақстан халқына қаншалықты маңызды екенін дөп басып айта білген. Абайдың даналығы сол, оның шығармаларында ескірген ой, ескірген уағыз кездеспейді деуге болады. Бұл ақынның ойшылдығы, кемеңгерлігі сонда, айтқандарының бәрі дәл бүгінгі күні де өзекті екені көрініп тұрады. Міне, мақалада Абайдың сондай шығармаларынан сүбелі ойлар әдемілеп тұрып таңдап алынып, оған үлкен комментарийлер берілген. Және де оның бәрі бүгінгі оқырманға түсінікті тілмен жеткізілген. Бұл мақаланың маңыздылығы да сол деп білемін. Жалпы, өмірдің Абай қозғаған салалары, проблемалары өте көп қой. Еңбекқорлық, отансүйгіштік дейсіз бе, тіл, дін, білім-ғылым, осының бәрін әрине, қамту қиын. Алайда, мақалада бізге ең керектілері, өзектісі таңдап алынған. Мақалада той туралы да жақсы қозғалған. Той тойлауда Абай мұраларына, уағыздарына сүйене отырып, оны ой ойлаудың мерекесі ету керек дегенді айтқан. Содан кейін бізге қатты ұнағаны – Семей қаласының мәселесін жаңалау туралы ұсынысы өте тамаша болды деп білемін. Мүмкін Семей қаласына облыс орталығы деген мәртебе беріліп қалар деген үміт те оянды. Ол өте қажет деп білеміз. Семей еңсесі түсіп кеткен қала ғой. Бір кездері қазақ зиялыларының астанасы болған қала еді. Енді соны қайтадан жаңғыртатын кез келді деп білеміз. Одан кейін мақалада тіл туралы да, Қазақстанда бірінші орында қазақ тілінің мүддесін қорғау керек екендігі жақсы айтылған. Қазақ тілі деген қазір жанып тұрған мәселе. Осы отыз жыл бойына оны қалпына келтіре алмадық, бұл өте өкінішті жағдай. Осы мәселені де Қасым-Жомарт Кемелұлы жақсы қозғап келеді. Және тіл майданында көп ұзамай бір жақсы шешімдер болатынына сенгіміз келеді. Содан кейін біз істеп жүрген салаға, киноға қатысты да жақсы ойлар қозғалыпты. Абай туралы сериал, кинофильм түсіру керек деген екен. Бірақ мынау сегіз айдың ішінде жібі түзу, төрт аяғы тең тұрған ондай сериалды да, кино да түсіру қиын. Тек қана деректі фильм түсіруге болады. Ал көркем фильм дегенде Абай туралы соңғы елу жылда талайы шыққан. Өкінішке орай, солардың ешқайсысы Абай тұлғасына сай болмай шықты. Сондықтан да Абай туралы фильм түсіруге асықпау керек деп ойлаймын. Ақырын жүріп, анық басу керек. Бұл тұлғаны биігінен төмендететін фильмнің шыққанынан шықпағаны дұрыс деп санаймын. Жалпы, Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы барлық ақпарат құралында жарияланып, талқыланып жатыр. Бұл Қазақстан халқына рухани кеңістікте адаспас үшін шамшырақ болуға лайықты мақала деп білемін.

Президент мақаласы –  парасатты пайымдау

Жандос ӘУБӘКІР, Абай музейінің директоры

«Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын Абай музейінің ұжымы ықыласпен қабылдады. Бұл мақала ағымдағы жылы әлемдік деңгейде аталып өтетін Абай тойының маңызы мен ерекшелігін жан-жақты нақтылап, алдымызға келелі жұмыстарды атқаруды жүктеп отыр. Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін тілге тиек ете отырып, елімізге алыс-жақыннан келетін меймандар мен туристерді күтіп алуға жағдай жасау керегін, адамзаттың Абайын тануға асығып келетін Жидебайдағы Абай музей-үйін жаңғырту жұмыстарына басты назар аударуда. Мақалада көрсетілген елдің рухани дамуындағы ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеу, ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңірге айрықша құрмет көрсету, Семей шаһарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытуға күш салу, ұлы тұлғалардың ізі қалған қаладағы тарихи-мәдени нысандарды заманауи көзқараста жаңғырту, Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру мәселелері мен бірегей бастамаларын қолдаймыз. Бұл бастама тұтас еліміздің дамуы мен халық игілігіне асатын жұмыстардың бастау көзі, қайнар бұлағы ретінде тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосары анық. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың ұлылар мекеніндегі қасиетті орын, қара өлеңнің меккесі Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу идеясына үлкен қолдау білдіргіміз келеді. Бұл – музей ісінің дамуына, Абай мұрасын әлемдік деңгейде паш етуге аса қажет дүние. Мемлекет басшысының мақаласындағы мәселелер мен мақсаттарды орындау үшін бар күш-жігерімізді салып еңбектеніп, Абай мұрасын барша адамзат баласына насихаттау жолында жұмыс атқаратын боламыз.

Абайы бар қазақ бақытты

Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, абайтанушы:

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыз үшін бұл – айтулы мереке. 150 жылдық тойы өткеніне, міне, 25 жыл болды, осы екі ортада бір ұрпақ өсті. Осы 25 жылда біздің Абайға деген көзқарасымыз қалай өзгерді? Абайтанушы ретінде осы мәселе мені ойландырады, толғандырады. Ойланып отырып бірде қайғырам, бірде қуанам. Қуанатыным, Абай өлеңдерін жатқа айтатын жастар өсіп келе жатыр. Ал қайғыратыным, Абай туралы жаңаша ештеңе айта алғанымыз жоқ, сол 150 жылдық тойында айтылған нәрселерден әлі аса алмай жүрміз. Міне, дәл осындай тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада Абайды ХХІ ғасырда қалай түсінеміз? ХХІ ғасырға Абайдың қажеті қандай? Абайдың 175 жылдығын тойлаудағы мақсат не? Ол тек той-тамаша ретінде атап өтетін шара ма деген түйіндер төңірегінде ой қозғайды. Мемлекет басшысы «Абайды қалай дәріптесек те жарасымды» дейді. Рас, бірақ біздің дәріптеуіміз ХХІ ғасырдың азаматтарына қалай әсер етіп жатыр? Сол ХХІ ғасырдың азаматтары сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ойшыл, ғұлама, ақын Абайды өздеріне қалай жақын тартады? Қалай сырласады? Одан қалай ой алады? Абай көп нәрсе айтты, ұлтымыздың мінін ашық көрсетті. Ендеше осы ғасырда да қазақ сол мінінен арылды ма? Абай айтқан «Жақсы мен жаманды» айыра алып жүрміз бе? Мәселе – осында. Абайды еске алу ол Абай туралы үлкен жиналыс өткізу немесе ол туралы көлемді-көлемді баяндама жасау емес. Осы арада бір мысал айтайын. Мұхаммед пайғамбарға бір кісі келіп «Сіз қандай ұсқынсыз адамсыз» депті. Пайғамбар оған «рас» деп бас изепті. Осыдан кейін Әбубәкір келіп «пайғамбар, сіз қандай нұрлысыз» депті. Оған да «рас» депті. Сонда бұл жағдайды көріп тұрған сахабалар «ей, Алланың елшісі, сізге екі түрлі сипат айтқан екі адамға да бірдей жауап бергеніңіз қалай?» деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз «мен Алланың айнасымын, маған қараған адам өз бейнесін көреді» деп жауап беріпті. Сол сияқты Абайға қарап біз өз бейнемізді анықтауымыз керек. Абай – айна! Сондықтан Абайдың 175 жылдық тойын халықтың мерекесіне айналдыру қажет болып отыр. Абайға қарап әр қазақ өзін танысын. Бұл той – қазақты ойландыратын, толғандыратын той. Абайы бар қазақ халқы бақытты. Ендеше әр қазақ осы бақытын бағалау керек.

Нұрлан ҚҰМАР

808 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы