• Руханият
  • 02 Наурыз, 2020

ЖАСТЫҚ ШАҒЫМНЫҢ КӨМЕСКІ ЖАРЫҒЫ

Айкерім Қиықбай

1.БАЙЛЫҚ

Қара қазанда қайнаған тіршілік кешіп сабылып, сандалып жүргенімізге, дәлірек айтсам бірге өмір сүргенімізге үш жыл толыпты. Үшке толған сәбидің тілі жетіліп, өзіңмен салғыласар сәті секілді біздің ыстық махаббаттың отына күйіп, бір-біріміздің мінезімізді әбден жаттап, қисық қылықтарына көз жұмып, осы өмірге көндім деген сыйқымызды танытар тірлік еді. Алғашқы жылдағыдай ренжісулер мен ұрысулардың саны азайған. Бірақ онсыз тағы өмір сүре алмасымыз белгілі. Сол бір тірліктің шапанын жамылып тағы бір таң атты. Ұйқыдан көз ашпай жатып ол өз әдетіне салып әуелі менің тұрғанымды қадағалап жатыр. Біздегі қалыптасқан бірақ бекітілмеген ережелер қатарына бұл да кіреді. Төсегімнен мысықша керіліп тұрғанда бойымды суық өбіп, денем тауықтың терісіндей тітіркеніп кетті. Ас үй жақтан маған тиесілі міндеттерімді біреу меншіктеп жүргенін сездім. Әрине енем. Оны ерте тұрғызатын менің мазасыз қайын атам. Таңғы шайды ләм-мим деместен үнсіз іштік. Атам әдеттегі төртінші кесе шайдан кейін тойғанын білдіріп жақсылап кекірді де жайланып шалқайып отырды. Ал енемнің әуелгіде шай құйылған кесесі елеусіз қалып, алдында үш төрт ыдыс сайрап тұр. Оның өзінің әдеті сол. Қант салынған ыдыста қант біткен соң түбінде түйір болып қатып қалған қасықтай қантты еріту үшін ақырғы кәсесіндегі шайды соған құйып жақсылап араластырып, шайқап ішіп алады. Ендігі кезекте майдың босаған ыдысы. Оның жан-жағына жағылған майдың қалдығын әуелі сол қолымен ыдысты жақсылап ұстап оң қолының сұқ саусағымен айналдыра сүртіп тілімен жақсылап жалап алады. Қаласа оған да шай құйып ішеді. Қалған ыдыстар босамаған соң ол жақсылап кекіріп, «болдық» деп орнынан тұрып бара жатып «Дәрі іштік пе?» деп атама қарап, жауабын күтпестен тоңазытқыштың есігінде тұратын дәрі салғыш құтыдан өзіне біреу, атама біреу әперіп су ішетін дәстүрлі ыдысқа су құйып қылқ-қылқ етіп жұтып жіберді. Сөйтіп дастарқан басында екеуден екеу қалған кезде ендігі отырыстың мәні кете бастағанын сезіне бастадым. Ал ол болса екі көзі кітапта, әлі үнсіз отыр. Сол қалпы көзі маған түсіп кетсе «болсаңшы енді» деген ишарат білдіріп, басын қиқаң еткізетінін сезіп отырмын. Бүгінгі жоспарда кешегі алған елу мың теңге жалақыны жұмсап келу. Бір күн үйге қондырып, алып ертеңінде таратамыз. Өткен айда Әсеттің дүкеніне бес мың теңге қарыз болдық. Әуелі соны қайтарамыз. Жолай тағы қарыз адамдарға соғып ақшасын берсек, қалғанына керегімізді алып, ақшаны тауысқасын жаңадан қарыз аламыз. Қолымыздағы әлі жартылай қарызы қайтпаған жалақының қалғанын қайда жұмсайтынымды ойша саралап келемін. Жыртығымыз ай сайын көбейіп, бірі жамалса, жылыстап екіншісі саусағын шошайтып тұрар дәстүрі белгілі. Қам-қарекеттің шатырынан алыстап, қиялдап кеттім. Шіркін, қалаған дүниеңді алып, өмірі жүзін көрмеген қымбат дүкендерді шірене аралап шығып, арасынан таңдап тұрып су жаңа киімдер сатып алып, саудагерге бума-бума ақшаны ұстатып, кете барсаң. Және оған еш қынжылмасаң. Себебі қалтаңда әлі ондай буманың бес алтауы бар болса. Сонда не болар еді? Әрине базарға өз көлігімізбен келеміз. Алған нәрселерді көліктің артқы есігін ашып сала сап, қолтықтасып қымбат дәмханаға барамыз. – Жаңа сөмке аласың ба? дейді ол мейірлене. Жоқ өткенде ғана алғам деймін мен. Қане деп тартып көреді. Сол кезде шошып кеттім. Менің дорбадай болған көк сөмкемді ол тартып маған ежірейе қарап тұр екен. – Немене есіңнен танып тұрсың? Болсаңшы, қалтамызға сай келер дүниені алайық та қайтайық. Сөмкемді ашып, ішінен ақша алып, таңдаған емес, арзанға табылған затымыздың хақысын бердім. Суық күнде базар аралап ұзақ жүргендікі ме, аяғымның басы қатып, мүлдем жансызданып қалды. Қолымда үйден алып шыққан салпаң құлақ ала дорба. Ішінде бағана үйден шығарда енем тапсырған кір сабын, тіс пастасы мен киім жуғыш ұнтақ, сусабындарды алдым. Оның ішінде көзге көрініп тұрғанда ала салған ұсақ түйегі тағы бар. Дедектеп үйге жеттік. Келіп аяғымдағы етігімді сыпыра беріп басына көзім түсті. Аш иттің аузындай аңырайып қалыпты. Екеуі де. Іс-қимылымды аңдап қалған ол қасыма жетіп келіп. – Не болды? Жыртылып қалып па? – дейді. Үндемедім. Жүрек жалғап алған соң бізі мен жібін құшақтап, менің етігімді тігуге кірісті. Бір кезде маған жалт қарап: – Көресің! Кейін бізде бәрі болады! Тек шыдашы! Біз бәріне адал жолмен жетеміз. Ал адал адамдар қашанда қиындыққа төзуі керек. Кейін саған қалағаныңды әперем! Айтқаным айтқан – деді. Дәл сол сәтте маған бағанағы байлықтың түкке керегі жоқ екендігі, осы бір сөздің өзі маған жылуды да, бақытты да бере алатындығына кәміл сендім.

2.Дүйсенбек

Оқу бітірген соң бес жыл жұмыссыз отырдым. Оған себеп келесі жағдай. Жұмыс іздеп біраз сабылдым. Әуелі зор үмітпен әдемілеп тұрып түйіндеме жаздым да оны көп дана етіп шығарып алып, мекемелерге тарата бастадым. Қолдағы қызыл дипломның буымен ең әуелі беделді мекемелерді аралай бастадым. Есігінен сығалатқаны болмаса ешқайсысы менің жеткен жетістіктерім мен дипломыма түкірмеді де. Содан енді біраз түңіле бастап, мектептерді араладым. Онда тіптен оқушыдан мұғалім көп секілді. Бәрінде де бір жауап: әзірге орын жоқ, болса хабарласамыз! Жұмыс тауып аламын деген үміт жетегінде үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Содан мен жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Олар мамандық бойынша мекемелерге ұсыныс хат жолдап, алты ай сынақ мерзімінде жұмыс тауып береді екен. Содан жұмысты жақсы істеп, көзге түссең тұрақтап қалуың мүмкін. Бірақ қалалық жұмыспен қамту орталығында мен секілді дипломын арқалап жұмыс іздеп жүрген жандар аз емес екен. Бұл мекемеде де маған құшақ жайып тұрған ешкім болмады. Бәріне уақыт, сансыз кезек, одан кейін бір қора қағаз қажет екен. Аты қиын мекеменің табалдырығына табаным төртінші рет келіп тиген күні басшының кабинетіне жол ашылып, қол қойғызуға жолдама алдым. Оған қуана-қуана үшінші қабатқа демде жетіп барсам кезек жоқ екен. Қуанышым тіптен еселене түскен мен басшы есігін аша бере есіктің аузында ілініп тұрған кісі есімі жазылған тақтайшаға көзім түсті. Жұмағұлов Дүйсенбек Сәрсенбекұлы. Есікті жартылай ашып тұрып, есімді оқып үлгерген менің көздерім енді кабинеттің төрінде отырған басшыны да тани кетті. Иә.Иә. Дәл өзі. Еш өзгермепті. Менің сыныптасым. Санаммен сан жылдар артқа ығыстым. Біздің сыныпта мен ешқашан даусын естіп, сөйлесіп көрмеген бір бала оқыды. Онымен қоймай күнде таңертең сабаққа зорға келетін. Анасы біздің мектепте еден жуушы болып қызмет атқарған. Әкесі жоқ еді. Олар мектептің бір бүйіріне жабысып тұрған кішкене үйшікте тұратын. «Үйі мектепке тиіп тұр екен» деген тіркесті естісем менің көз алдыма бірден сол Дүйсенбек тұрған кішкене үйшік елестейді. Сол Дүйсенбек төртінші сыныпқа дейін анасының сүйреуімен келіп, бірінші сабақ басталғаннан екпеттеп жатып алады да кеткенше міз бақпайды. Костюмінің қыртысы бетіне жабысып, көзі ісіп әбден ұйқысы қанған уақытта басын көтеріп айналасына бір қарайтын. Сабақ аяғына таяған уақытта зып беріп сыныптан елден бұрын шығып жөнелетін. Басқа балаға: Неге сабақ оқымайсың? Неге жауап бермейсің деп ұрсатын мұғалімдер Дүйсенбекке ләм-мим деп жақ ашпайтын. Бір сыныпта осындай бір оқушы болуы шарт секілді біз де оған көп мән бермейтінбіз. Әліппені оқып бітірген соң сыныптағы барлық бала жүргізіп оқуды үйренді. Бір күні мектепке комиссия келді (көктен түскендей). Сыныпқа кіріп келген ұзын бойлы, қара шашты апай бірден бірінші қатардың соңғы партасында ұйықтап жатқан Дүйсенбекті көзі шалып, қасына жетіп барды. Оны түйгіштеп оятты. Көзі ісіп кеткен ол саспайды. Бетіне қарап: – Не? – деді. – Аш кітабыңды! деді әлгі апай. Кітаптағы мына сөзді оқы деді саусағымен кітап бетіндегі бір сөзді нұсқап. Сынып жетекшіміз шыдамай оның қасына жетіп барып көмектесе жөнелді. Қане «А» дейді апай, «а» дейді Дүйсенбек аузын арандай ашып. «Ты» «Тыыы» деп созып қояды. «А» «ааа». Ал енді қосып оқы! Дүйсенбек желкесін қасып кітапқа бір, апайға бір қарады да «Шал» деді. Сынып ду күлді. Мұғалім сас-ты. Ал комиссия қабақ шытып сыртқа шығып кетті. Біз Дүйсенбектің ендігі күні не болар екен деп уайымдап қалдық. Десе де содан кейін Дүйсенбек ары қарай қаз-қалпында оқуын жалғастыра берді. Оқуын деймін-ау, сабақта ұйықтауын... Сөйтіп жүріп бастауышты бітірген Дүйсенбек одан кейін бізбен бірге оқымады. Оның мектепті тастап кеткенін не өзге жерге ауысқанын мен білмеймін. Мектептің жанындағы дүңгіршектің есігінде содан бері қонжиып қара құлып тұратын. Сол есік біз мектеп бітіргенше ашылмады. Енді міне менің қақ алдымда білдей бір жұмыспен қамту орталығының директоры болып сол Дүйсенбек отыр. Сол салпиған ерін, сықсиған көз, сопайған басы. Тек ересек тартқан. Маған қарап ыржиып күледі. Күлкісінде аса бір мысқыл да, мазақ та байқалмады. Риясыз баланың күлкісіндей таза күлкі. Мен де еріксіз жымидым. Ебедейсіз саусақтарымен шимайлап өтінішімнің соңына қол қойған болды. Құжатымды ала бергенімде есіктен самай шашына ақ түскен, әжім бетті қара әйел кірді. Қолында еден жуатын таяғы мен шелегі бар. Жүзін төмен салған беті өз жұмысын жасай берді. Есікке қарай ұмтылған маған жалт қараған кезде бала күнгі мектептің еден жуушысы, Дүйсенбектің анасын тани кеттім. Сыртқа шығып жұмысқа берілген жолдаманы белінен жырта салдым да қоқысқа бір-ақ ұрдым.

P/S: Дәл сол күні бір құйтырқы ой санамда сандалып жүріп алды. Дүйсенбектің бар болмысы, іс-әрекеті түгел кезіндегі біздің мектеп директорына қатты ұқсағандай болды. Қой дедім. Адам адамға ұқсай бермей ме? Әрі екеуі де білдей директор болса?!

51 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Аңшының қызы
Келесі мақала БЕЙКҮНӘ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР

30 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы