• Әдебиет әлемі
  • 02 Наурыз, 2020

Жанарға сыйған, дүнием, Жазылмай жатсаң, кеш мені...

Әсел Назаралы

Жамбыл облысы Қордай ауданы Алға ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің «Әдеби шығармашылық және көркем аударма» бөлімінде оқыған. Министрліктер мен әкімдіктерде аудармашы маман болып қызмет атқарған.

Ол Ұлы уақыт!

Сағаттың тілінің, Айналмай тұрған дәл ортасы, Яғни, осі - Ол Ұлы уақыт!

Сол сағат тілі боп, Тірлікке байланған, Пенде боп ойлаған, Тоқтайтын тоқтаса Мәңгіге сол жерде, Жатып ап жайланған, Ол біздер!

Уақытты айналып, Көңілге арбалып, Біреуге жалданып, Жылт еткен нәрсеге, Бақ па деп малданып. Дүниеге алданып, Қалмаққа қарманып... Жүрген сол сандалып, Әй, жалған, өмір-ай! Күн тізген. Тізгіндеп жұмысты, Бітірмей бір істі. Біреу жүр ырысты, Біреуге ол жұғысты. Біз салған сол іздер! Қызық тым!

Қызықтап баланы, Аралап даланы. Біле алмай шаманы, Тырбанып шамалы. Жас өтіп барады, Уақыты бағалы. Ұғады саналы, Сағатқа несіне, Уақытым өтті деп, Қарады!

Жоқ енді амалы... Уақыттың осінен, Адамдар зымырап барады...

*** Екеуміз қалатын сағынып, Күз келді, уақытқа малынып. Бақтарды аралап қайтайық, Ертең күз, көңілде тағы үміт.

Тағы да күз келді, күз келді, Тізіліп құстардың тізбегі. Қайда сол жүректі əн қылған, Сарғайған сағыныш іздері? Оны кім іздеді?

*** Өзімді өмірден өшіріп, Біреудің көңілін көшіріп, Тағдырдың жазуын ұға алмай, Жүрмін бе кешігіп.

Түсірем қағазға барлығын, Жадымда жаңғырып қалды кім? Сананы сарғайтар әлдене, Не деген жарлы мұң?!

Сан-саққа жүгірген ой ғана, Мен жайлы ештеңе ойлама, Бітірген түгім жоқ, әйтеуір, Келемін ...жай ғана...

*** Мені күтеді, жоғалсам, келеді ме деп, Мені күтеді, біреуге сенеді ме деп. Мені күтеді, сияпат береді ме деп, Мені күтеді, ас-тойға ереді ме деп.

Мені күтеді, биіктен құлайды ма деп, Мені күтеді, құлап ап жылайды ма деп. Мені күтеді, қолынан іс келеді деп, Мені күтеді, көрпені құрайды ма деп.

Мені күтеді, мал-жанды бағады ма деп, Мені күтеді, бәсіре алады ма деп. Мені күтеді, ауылда әкеммен бірге, Мені күтеді, шаруа істеп қалады ма деп.

Мені күтеді, бірдеме сындырып алып, Мені күтеді, бірнәрсе бүлдіріп алып. Мені күтеді, бірдеңе шешеді ме деп, Мені күтеді, жайына кетеді ме деп.

Мені күтеді, біреуді сүйеді ме деп, Мені күтеді, сүйіп ап күйеді ме деп. Мені күтеді, мен күйіп жүрген, Мені күтеді, өлеңнің киесі бөлек.

Мені күтеді, хат-хабар жаза ма деп, Мені күтеді, қонақ боп бара ма деп. Мені күтеді, жұлдыз боп көк аспан жақта, Мені күтеді, жарқырап жана ма деп. КҮТ!

*** Менікі кешірімді, Жалғыздың мұңы бөлек. Ұмытсам есіміңді, Сүймегем Сізді демек.

Өкініш, бәрі өтпелі, Ешкімді сүйгенім жоқ. Бұл бастан не өтпеді, Ештеңе білгенім жоқ. (Ешкімге күлгенім жоқ).

Бағытым, және ол емес, Бағыңыз жансын бөлек, Сіз мені ұнатасыз, Білемін елден ерек.

Жазылған - жазылмайды, Өзгермес Құдай ғана. Жүрекке дақ түсірмей, Жүре алсаң, жүр айнала.

Бағыма аянышпен, Соры бар деп білерсің, Сыртымнан таянып кеп, Қарқылдап бір күлерсің, Қызғанып!

*** Ортақ ой іздеп, Көмескі күннен. Мұңымды кімнен жасырдым. Сонау бір жақтан Келетін сен бе ең? Кездесейікші, ғашығым!

Жүрек те тыныш, Сүйе салмайды, Егесе алмайды ол мүлдем. Сөздерге сұлу ере салмайды, Сене салмайды, көрдің бе?

Мүмкіндік беріп сынай ма, Алла. Қайтер екен деп пендесін? Жасай алмасын біліп-ақ тұрып, Мүмкіндік неге берер шын.

Ойларым ойда, жігерім тасып, Арманым асып барады. Шабытым қайда? Алайын ашып, Жүрегіңдегі жараны. Өлеңмен..

*** Біреулер жүр біреулерге байланып, Біреулер жүр қазығында айналып. Біреулер жүр тағдырынан опық жеп, Еш нәрседен шешім таппай ойланып.

Біреулер жүр біреулерге бағынып, Біреулер жүр біреулерін сағынып. Біреулер жүр керек кезде өзіне, Біреулермен амандасып, жағынып.

Біреулер жүр біреулерді қия алмай, Біреулер жүр мына әлемге сыя алмай. Біреулер жүр қылмыс жасап, күнә артып, Құдайдан да ұялмай.

*** Қайтесің еске алып өткенді, Өмір ғой, қыры көп өтпелі... «Осылай болуы тиіс», деп, Маңдайға жазылған жоқ па еді?

Ей, тағдыр сенен не сұрайын? Жүрегім тасыған жыр-айдын. Далада әппақ қар, жып-жылы, Сынығы секілді күн-айдың.

Түндердің беймезгіл жауабы, Бітпейді-ау, көкейдің сауалы. Көңілім сондайда жабырқап, Азырақ сені ойлап қалады.

Жүрегім еріген қарменен, Жылай ма күле ма қайтеді? Кей кезде жүрек мұң арбаса, Қап-қатты мұз болып кетеді.

Сапары шексіз ғой бұл әлем, Бақытты іздер жан білмеген. Мен саған тілеймін бір ғұмыр, Бірақ та оны ешкім сүрмеген.

Бұл өмір кімдерден қалмаған? Кетерміз біз бір күн сол жаққа. Ол жаққа баруға асықпа, Алдамшы өмір бұл далбаса.

Өмірде ішіп-жеп күн кешпей, Артыңа бірнәрсе қалса игі. Көңілің қалайша жалғыз қап, Қалайша, жай тауып тыншиды?

Жауып қой дәптерді кешегі, Қайтесің елдердің өсегін. Жаңадан басташы бір өмір. Онсыз да сор деген бес елі.

Бұл өмір кейде әуен, кейде өлең, Өмір-ау, не деген күрделі ең? Дей берсін, не десе о десін, Бұл өмір онсыз да дүрбелең.

*** Жаныңды түсіндім, Жанарым – сағыныш. Өзім де күрсіндім, Ойларым сабылыс.

Көңілім Сіз жаққа, Алаңдап елтеді. Сүймейміз бірақ та, Сыйластық жетеді.

Сәуле мұң санамда, Сіз жақсы болыңыз. Ессіздеу қоғамда, Болсыншы жолыңыз.

Жүрер ем жаныңда, Өзімді ұмытып. Өмірдің заңы да, Қояды-ау, құбылтып.

Керексіз Сіз және Керексіз емес ем. Керекпін Сізге де, Көңілді демесең.

*** Қауырсын қиял Қиялды жиып, Жанарға сыйған дүнием. Жазылмай жатсаң, кеш мені.

Көңіліме түйіп, Кетеріңді де біліп ем, Жазбап ем өлең, не істедің? «Жазбаймын», деп ем, Жазыла бердің жүрекке, Тынышыма мені қоя ма?

Түсіме ендің, Мұқағали мен Мұқтар боп, Жазуды қоям деген күн. Ештеңе жазбай, Жүргендер неткен бақытты, Жазбай-ақ жүрсе бола ма? Ғаламда мына, Одан да басқа бар ма жыр? Өмірге көңіл тола ма? Толқыған көңіл, Шалқыған шаттық бар елде, Тағдыр еседі ескегін.

Бақытты бола, Салсам ғой деймін ел құсап, Жазусыз ғұмыр - кешпегім. Сонау таулардан, Ғарышқа асып кетеді, Құрсауға ойды шамам жоқ, Бірінен кейін, Білгің-ақ келед барлығын, Жазбасқа енді амал жоқ.

443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы