• Бас мақала
  • 02 Наурыз, 2020

ТАСАДАҒЫ ТАНЫМ НЕМЕСЕ “БАСҚА” ФИЛОСОФИЯСЫ

Дидар АМАНТАЙ

БАСТАУ

Еркін сөйлейтіндер мен жаңа үйреніп жүргендер біледі, ағылшын тілінде – белгілі (определенный) және белгісіз (неопределенный) – артикль деген ұғым-түсінік бар. Ол, әдетте, атау сөздерінің алдында тұрады. Шылау тобына жатады (сөйлем мүшесі емес). Басқа сөз таптарынан айырма-белгісі, лексикалық тұрғыдан – мағынасыз, алайда, мағынасы бүтін сөзге – тәуелді. Қызметі: қосымша мән үстейді. Түрленбейді. Бірақ, жалпы атау мен нақ түсінікті білдіріп отырады. Бірі – a, an, екіншісі – the. Қазақ тілі артикл(ь)ді тілдер тобына жатпайды. Бірақ, менің ойымша, қазақ (түркі) тілдерінде бұрын артикль болған сияқты. Мысалы, біз бөтен адамды – бір адам дейміз. Бір бала келе жатыр деп айтсақ та, оны екінші мәрте көргенде, қайта, бір бала келе жатыр деп айта алмаймыз, жаңағы, әлгі немесе бағана көрген бала әлі келе жатыр деп сөйлейміз, өйткені бейтаныс мәртебесінен өтіп, таныс, біліс адам дәрежесіне жеткен. Демек, бір сөзі – бұрынғы толыққанды артикльдің сарқыншағы. Өзіндік тектестігімізді табу үшін, біз өзімізді басқадан бөлектеуіміз қажет. Оқшаулаймыз. Басқа (другой, other) – біреу (кто-то, somebody) емес, біреу – бөтен (чужой, forieng) емес. Бірақ, өзімізді санадан тыс, дербес әлемге қарсы қою арқылы ғаламнан ажырап, ес қалыптастырамыз, жеке тұлғаланамыз. Бұл ретте бірді-екілі мәселе туындайтыны заңды нәрсе: біз көрген дүние, расы, біз байқағанша дейін өмір сүрді ме? Тіпті, ғылыми таным тұрғысынан, кванттық теория біздің сезім мүшеміз аңғарып, ақыл-ойымыз түсінгенше жаратылыс та жоқ, дәлірек, өмір сүрмейді деген гипотезаның дәлелденгені туралы жария ете бастады. Әлем бақылаған кезде пайда болады. Сөйтіп, басқа проблемасы философияның да өзекті мәселесіне айналды. Біз біреу арқылы өмір сүреміз. Бұл – өте маңызды тұжырым. Көңіл қойып тыңдайтын қорытынды.

БАСҚА

Әлемде бәрі өзгеріп отырады. Себебі, тыныштықта өмір сүретін күй жоқ. Барлық күй арпалыс үстінде. Дүние – қарбалас кеп, алай-түлей қалып, аласапыран жағдай. Ньютон (механикалық) заңдары да, бүкіл әлемдік тартылыс (гравитациялық) заңдары да, дүниежүзілік (жалпы ғарыштық) беймазалықты қуаттайды. Тоқтамаған, тоқтамайтын, жүріп жатқан, өтіп жатқан процесс. Телегей теңіз күштер дүниені үнемі қозғап тұрады. Күштің бәрі – қозғалыста. Бір шақ бір мезетте бірнеше күйге бөлінеді. Өткен шақ, осы шақ, келер шақ – магиялық бірлікте өмір сүреді. Бір құбылыстың бойында. Мән – магиялық өзгермелі бірліктің тұтастығынан көрінеді. Мысалы, металдың құрылымы өзгерсе, ол сапа өзгерісіне алып келеді. Яғни, сапа құрамнан ғана емес, құрылымнан да өзгеріс табады. Экзистенциалистер «существование предшествует сущности» деген пікір айтады, демек, өмір бітпей тұрып, мәнін шығара алмайсыз, кезеңдік мән – түпкілікті қорытынды, түйін, яғни, түп мән емес. Тіршілік кез келген деңгейінде өліп, тіріліп, жаңарып отырады. Космос масштабында да, жасуша (клетка) дәрежесінде де бір заңға бағынады. Жиль Делездің «Difference and Repetition» («Повторение и различие») деген кітабы атауында тұрған идеясы осы. Бірақ, біз дербес философия жазып отырмыз. Тірі не өлі дүние – ең кіші, ұсақ, майда деңгейде шекараларын жоғалтады, бір-біріне кірігіп, ауысып-түйісіп тұрады. Демек, әрі өзі, әрі өзі емес. Біресе байып, біресе ортайып, тұрақты мәннің мазасын алады. Әр сәт сайын басқа, басқа, басқа… бірақ, өзі. Ескі жасуша өліп, жаңа, яғни, тура өзіндей нұсқасы ескінің орнын басады. Квант деңгейінде де өлі табиғат пен тірі жаратылыс арасында айырмашылық жоқ. Жұптасқан кванттар жұбын жазып, қаңғытып жіберсе де, жарық жылдамдығынан асқан жылдамдықпен, ғарыштың қай түкпірінде жүрсе де, бір-бірін тауып алады.

БІРЕУ

Ұсақ бөлшектер объект ретінде субъект назарын аңғарып қоятын көрінеді. Яғни, біреу қарап бақылап тұрғанын сезеді. Ницше айтқан екен: «И если долго смотреть в бездну, то бездна начинает смотреть на тебя». Көлденең көз тасада қала алмайды. Сезгені жай-күйін өзгерте қойғаннан білінеді екен. Біреудің назары объект-бөлшекті тол-қытады. Зат қасиеті құрамнан ғана емес, құрылымынан да туындайды дедік. Қасиеттің артында мән жатыр. Мәні құрылымнан қалыптасады, қасиетінен – көрінеді. Құрылым қозғалмалы әлемде өмір сүргендіктен, қозғалыс жылдамдығы мен қозғалыстағы орны қасиетін анықтайды. Бірақ, оны біз таба алмаймыз, себебі, өлшетпейді. Жылдамдығына қол созсақ, орнын жоғалтамыз, орнына ұмтылсақ, жылдамдығынан айрыламыз. Біреуді кейде белгісіз біреу деп те атаймыз.

БӨТЕН

Басқа – ірі категория. Ол біреу мен бөтеннен тұрады. Екеуінің комбинациясы басқаның әртүрлі нұсқаларын көрсетеді. Бөтен біреу мен басқа біреу бір-біріне тең. Болмаса, біреу мен бөтен де дербес қолданыла береді. Қазақ, біреудің күні біреумен, дейді. Біреуде біртұтастық бар. Санның басы. Бір дегеніміз бірге, бірлік, бірыңғайлылық, бірлескен, бірдейлік, біржолалық, біршамалық. Түйіндей келсек, бір шарттылық деген сөз. Бөтен нәрсеге бір сөзі қосарланады. Ал, біреуде сөз ішіне кіріп тұр. Басқа – түпнұсқаға туыс. Бөтен – жоқ. Ал, біреу – туажат, онда бейтаныстық та, туыстық та бар.

ТҮЙІН

Демек, біз – біреуміз. Әрі өзіміз, әрі басқамыз. Тіпті, өзіндік тектестігімізді басқадан не біреуден аңғарамыз.

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы