• Білім-ғылым
  • 02 Наурыз, 2020

ӨЗІҢДІ ОЙЛАП ЖҮРЕМІН ӨТКЕН ШАҚТА

Әділет ШОПЕН

... Бұл немене өмірдің соңы ма еді?!. Тұла бойымнан тылсым – нұр төгіледі.. Қарсы келген қайғының бет-әлпеті Сондай әсем көрінеді!..

Неге ендеше жанымыз налымақшы?! Өкінумен не ұтып, жарымақсың?! Көрген қайғың, шеккен мұң, сатқындық та, – Бәрі де бәрі жақсы!..

Керек емес сондықтан дандайсуың?! Жалындамай, жете алмай, жанбай, суу... «Өмір-ғажап» деп айтшы осы бастан, – Өлімді де қарашы қандай сұлу!

*** Асқазанымнан келе жатып ойланам. Жүрегімді болашаққа байлаған Не құдірет? Қанат бітіп сөзіме Телефонның пернетақтасында көз ілем.

Түнде ойлаған әрбір сөз кісіленіп, Мен өңімнен шығып ол түсіме еніп. Қайғыма ұлттық ұлан сарбаздарын кіргізіп көрдім, Олар оның он үшінші мүшесін тұрғызып берді. Иә, ал мұңым, алдыңгүні өтіп өңге Аптаның жеті күніне жеті ішек жалғап, Кетті айналып жетігенге.

*** Суып қалған кофедей мына жүрек, Жүрегімді өртеші бір-ақ рет.

Күдігіме оранған тілек бір-ақ, Тереземнен ай емес, жүрек құлап,

Кірпігіңе жас тоқып мына қайғы, Бірақ одан ештеңе құламайды.

Менің жазған бар күнәм сол-ақ болды Қолын сермеп тіршілік – шолаққолды...

Суық түнге өлеңмен түртем өмір, Сенің күрсінісіңмен бүркенемін.

Немесе мұң түбінде жатыр жүрек, Бірақ реет сүйдірші – ақырғырет.

Келгенің – бәрін тастап мен дегенің, Ең дұрысы ешқашан келмегенің!

*** Сені сүйдім. Сүйдім де жанды ұмыттым, Өлді бір күн. сездіріп мəңгілікті. Мен түн үшін күрсіндім, жылағам жоқ, Ал, сен кешкі елесі жаңғырықтың.

Ұшар болсаң сөздермен неге ұшпадың, Мен сезімнің тізгінін кері ұстадым? Дөңгеленген төбемде жарықайым, Менің жаным сол айдың теріс жағы.

Кірпігіңде дірілдеп, бөлек тоңса, Бəрін қайта бастауға себеп қанша? ...Өлім менің ойымнан суық емес, Таңқалдырып көрсінші керек болса!

Көңіл қайтып барады терістіктен, Өмірде өлең үшін деп іштік пе? Кетер кезде жалғыздық кідіреді, Көзіңдегі əлде бір кеңістікте...

Көп ішінде өмірім – жалқы өтеді, Алды екені белгісіз арты екені. ...Əлемімізді түнек меңдеп алғаны сонша, Артынша жұлдыздар да жарқ етеді...

*** Уақыттан озып кетіп соңы қай күн? Түс көрдім. Оны ешқашан жорымаймын. Өз-өзімді іздеймін бұл жалғаннан, Көлеңкесі секілді жолы майдың?!

Кірпігінен іңірдің тамбас ғарыш, Қайда кетті күмәнім жол бастағыш? ... Өткен шақпен Болашақ шарпысады, Секілді баяндауыш һәм бастауыш.

Тастап шығып кететін жан-денені, Кеңістікке ол өзгеше мән береді. ... Кәрі қала. Қазандық. Шілде соңы, Бір айдан соң сағыныш сәнге енеді.

*** (Ерболат Қуатбекке)

Етістікпен өлеңде не қылмадың? Жалғыз қанаты бар көбелек сенің жаның,

Жоғын іздеп жүреді сенің барың... Жүрек салдың ойларға дүрсілі көп.

Піл секілді – сендік мұң тұмсығы жоқ. Бағыты жоқ ойларды жұтады ішің.

Есінесең аспанға кітап ұшып, Өкпелесең өлеңге ел қонатын.

Не деп саған жазайын,Ерболатым?! Қанша өлеңің желге ұшты тегі ғазал,

Сен жазбадың, енді олар сені жазар, Бірге жүрген өлеңде досым менің.

Уақыты жоқ уақытқа қосыл келіп, Бұл сенің алқам-салқам жалқы шағың.

Елестетер солтүстік жарты шарын, Бір ару тап, тапсыншы жаның базар,

Оған өлең сен емес, тәнің жазар!

*** Бірге жүріп өзіңді бір қыс көрмей. Күз де бітті, ырқыма тұрмыс көнбей. Өзіңді ойлап жүремін өткен шақта, Қылмыс орнына оралған қылмыскердей.

Қала тұрғызуға жетерлік бір басымда, Күнəлəрім көңілде тұрмасын да... Жыламашы, жылауың – екінші өлім, Мəңгіліктің архитектурасында!

Жалғыздығымның бүгінде беті қарап, Жыртылған сезімімді екі жамап, Кірпіктерің қадалар ауаға да, Содан соң түсіме ендің екі қабат.

Əкелдің жүрек дейтін өңірге леп, Ұшырады хаттарын көңіл-дерек. ... Ұмытармын өзіңді, бірақ, оған, Тағы да бір өлім мен өмір керек!

Соңыра жұлдыздарын санамақ Түн, Жүрегіңе кеп өлуді қаламақпын. ...Ғаламың да шалынып Қаламыма, Уақыт төсінде сырғанап бара жаттың...

699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы