• Әдебиет әлемі
  • 02 Наурыз, 2020

ШҰҒАНЫҢ ШАПАҒАТЫ

Іші сырты мұнтаздай таза аурухана-лардың тірлігі жайбарақат, тыныштық мекені секілді көрінетіні рас. Бірақ сол бөлмелердің түкпір-түкпірінде жан қиналысы, өмірге деген талпыныс, жақын жандарына деген сағыныштың ұмтылысын көз көргенде ғана сенесің. Адамның жанына, тәніне сөз дауасын, ем шарасын себелеп жүретін дәрігер дейтін ардақты қауымның еңбектері ерекше. Әр мамандықтың өз жауапкершілігі бар. Мамандығың өз жаныңның бөлшегі. Егер оны сүйе білмесең ісіңнен ізеттілік білінбейді. Әу бастан әйел адамға тән қызметті тігіншілік, аспаздық, ұстаздық, дәрігерлікпен байланыстыратынымыз шындық. Қазір де бұл кәсібінен нәсібін тауып, жұмысынан жан ләзатын алып жүрген қыз-келіншектеріміз аз емес. Қолыңның ебімен, бейіміңмен үйренетін жұмыстан бөлек, білім мен іліміңді, сабырыңды қай кезде де қолдануды қажет ететін, қателесуге болмайтын, мамандықтың бірі – дәрігерлік. Осындай жауапкершілікпен бетпе-бет келуге жүрексінбей, талай жанның дертіне дауа тауып жүрген жанның бірі 2177 әскери ұшақ базасының медбикесі Шұға Сейілова. Жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеуге келген азаматтардың денсаулығын қадағалап, жарақатын таңып, жанында болатын Шұғаның бұл қызметте жүргеніне он жылдан аса болды. Еліміздің әр өңірінен келген сарбаздардың кейбірі суыққа, ауа-райына бейімделе қоймауы мүмкін. Олардың әр бірі шаңырақтың иесі екенін сезінсек, ертеңгі күні ел қорғайтынын ескерсек денсаулықтары басты маңызды. Іс-сапармен әуе кемесіне отыратын әскери ұшқыштардың қалыпты жағдайын, қан-қысымын, ұшуға жарамдылығын тексеру бұл кісілердің міндеті. Өзбекстан елінің, Шоманай ауданынан орта мектепті бітірген соң, Шұғаның отбасы Алматы облысы, Қаскелең ауданына көшіп келеді. – Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Ақ халат киген өзімді елестетіп ұйықтайтын едім. Әкем кісіге көмектесу, жамандық жасамау, өтірік айтпау, адалдық туралы үнемі айтып отырады. Қазір ата-анам жасы сексенге келсе де бұл тақырып үстел үстінен алыстаған емес. Қиялымның түйіні медбике болу болды. Науқас адамдарға көмектесіп, жүздерінен жылылық көріп, алғыс алғым келді. Алғаш тапсырған жылы жолым болмады. Бірақ арманың орындалу үшін оған еңбекпен де жету керек ғой... Келесі жылы тағы бағымды сынадым. Бұл жолы жолым болды. Оқуды тәмамдаған соң қалалық №9 емханада медбике болып жұмысымды бастадым. 2007 жылы 2177 әскери бөліміне шақыртылып, сол жерде қызметімді жалғастырып келемін. Білесіз бе, алғашында қиын болғаны рас. Әскери кісілердің тәртібі, жұмыс барысы басқашалау. Бөлімнің барлық жеке құрамымен тығыз байланыста болуың керек. Бұл жауапкершілік мені жан-жақты болуға үйретті. Ұшу кезіндегі тексеру, дала жаттығу сабақтарында медициналық көмекпен қамтамасыз ету, тәуліктік кезекшілікті атқару, оның ішінде әскерилердің де жанұя мүшелерінің денсаулығына да жауапты боласың. Қазір бәрімен тығыз байланыстамын. Бізде белгілі бір жұмыс уақыты болғанымен науқасқа алғашқы көмек үшін уақыт таңдамаймыз. Бірде мынадай жағдай болды. Басшымыз шақырып, соғыс ардагерінің үйіне барып емшара жасау керектігін айтты. Аты-жөнін сұрасам, батыр атамыз, ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов! Бір жағынан қобалжып, бір жағынан қуанып үйіне барып, ағамызға дәрісін егіп, көмек көрсеттім. Жүзі жылы, мейірімді кісі екен. Батасын беріп, алғысын айтты. Елімізде санаулы ғана соғыс ардагерлері қалды ғой. Біз ұшқыш ардагерлердің үйіне көбірек бас сұғамыз. Олардың денсаулығын біліп тұру біздің күн тәртібіндегі басты жұмысымыз, – дейді Шұға Жиенғалиқызы. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» – депті Гипократ. Мамандығыңды мәпелеу, өзіңе салғырт қарамау. Шұға дәрігердің басты ұстанымы да осы. Жолдасы екеуі ұл-қыз өсіріп отырған жарасымды жанұя. «Денсаулыққа көңіл бөлу, болашағыңның кепілі. Жастарымызда аурушаңдық, әлсіздік басым. Дәрігердің міндеті індетті асқындырмау. Қолдан келген шараны жасау. Емді дәрімен жазуға талпынғанмен, емделушіге көңіл бөліп, әңгімесін де тыңдауға уақыт бөлеміз. Қандай да бір дерт адамның әлсіз жерінен бас-тау алады. Ол ішкі күйзеліс болсын, өткен салқын болсын сіздің бір жеріңізді емес, ақырындап басқа да мүшелеріңізді мүжи береді. Ең бастысы уақыт жоғалтпау керек. Уақыт қымбат, денсаулық одан да қымбат» – дейді дәрігер. Бұл өз мамандығының мәнін сезінетін жанның әңгіме барысындағы сөзі. ...Жолаушылар көлігінде келе жатып, жұпынылау киінген, қатпарланған әжімдері әлдебір нәрсеге қиналған сайын тереңдей түсетін жігіт ағасына көзім түсті. Ұсынған орныма отырмаған соң, аяғының ауыратынын айтты. Суықтан шиқан шығып жүргізбей жүр екен. «Ауырсам да жұмысқа баруым керек. Бала-шаға аш қалады ғой... Бір реті болар...» – деп аяғын сүйретіп әрең түсті. Көз-алдымнан көлбеңдеп көлеңке түсірген көрініс болды... Осылай дертімен алысып, тірліктің жалына жабысып жүрген қаншама жан бар десеңші... Денсаулықтың қадірін, ауырғанда білсек те, байыбына бара бермейміз. Мейірімді дәрігерлердің шапағатын көріп, келешекке күлімдеп қадам басқанға не жетсін!..

Динара Мәлік

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы