• Әдебиет әлемі
  • 02 Наурыз, 2020

КҮЙРЕГЕН ӨЗЕННІҢ ЗАРЫ

Шарафат Жылқыбаева Еуразия Жазушылар одағының мүшесі

Күншығыс халқы талай нәубетті бастан өткерген. Әсіресе Тэммэй кезеңіндегі (жапон жылнамасы бойынша 1781-1789 жылдар аралығы) аштық туралы тарихи деректер көп. Аомори префектурасында сақталған жазба деректерде Тоухоку аймағындағы зұлмат жылдар туралы былай делінген: Тэммэйдің ІІ-ші жылы (1782) наурыз туа жауған жаңбыр шілденің ортасына дейін басылмады. Егінді сел шайып, ел ауызға салар түйір дән таппады. Күзге дейін толассыз нөсер төксе, қыста күн жылынып, ағаштар гүлдеп, бамбук өскіндері қылтиып шықты. Көктем келгенде күн суытып, жазғытұры ел қыстық киімдерін киді. Бір жыл өткенде тамыз айында жер сілкініп, Асама жанартауы атқылап, жауған күлі аймақты басып қалды. Аштықпен қоса лавадан мерт болғандардың санында шек болмады. Жанартау атқылағаннан кейін Тонэ өзенінің суы пайдалануға жарамай қалды. Бұл жылғы жойқын жанартау ұзақ жауынды шақырып, отырғызған көкөністер шіріп, егін піспей қалды. Ағаштағы жемістер де піспеген күйі түсіп қалды. Қара жаңбыр жауып, дәу бұршақтар елді нәпақасынан айырды. Аштық бүкіл елді жайлады. Жұрт қорасында қалған сабанды ұнтақтап, папоротниктің тамырын қазып, ботқа жасады. Тауда тамырын қазатын өсімдік қалмаған соң ел сиырын, атын сойып, ең ақырында тауық пен итін сойып жеуге мәжбүр болды. Мақұлық атаулы таусылғанда ел қағазды суға қайнатып жеді. Аштық ғибадатханалардағы қасиетті дұға кітаптардың да түбіне жетті. Бір ауылдың рубасы топырақ жеу жөнінде ұсыныс айтыпты. Топырақ қанша азық болсын, ақырында адамның адамды жейтін күніне де келіпті дейді. Қар борап тұрған кезде бір әйел көршісіне келіп: — Сіздің үйде қария дүниеден озды деп естідім. Бір қолы мен бір аяғын бізге беріңіз. Менің енемнің демі екі-үш күнде бітеді. Сонда біз де сізбен бөлісерміз, – деді. Өліктің етін қарызға алғандар да болған екен. Ал Хачинохэ жерінде мынандай оқиға болыпты. Бір байдың үйіндегі алты кісінің төртеуі аштан өліп, әкесі мен он жасар баласы қалады. Әкесі үйінде қалған затын Хачинохэ қаласына апарып, азық болар бірдеңеге айырбастамақ болады. Үйде қалған бала аштыққа шыдай алмай кілттің бауын шайнап әкесін күтумен болады. Содан бармағын сора бастайды. Сорып отырып өз саусағын қалай шайнап тастағанын білмей қалады. Әкесі келгенде үсті-басын қанға бояп, саусақ сорып бала отыр. Әкесі тапқан азығын баласына береді де, ұйықтап қалғанда шалғымен басын шауып тастап, содан соң өз басын өзі шауып өліпті. Бұл кісінің күйеудегі қызы әкесі мен інісінің халін білмек болып келгенде екеуінің жансыз денесін көреді. Баласын көтеріп артынан күйеуі жеткенде әйел өз әкесі мен туған інісінің сүйегін мүжіп отыр дейді. Осыдан соң бұл әйел күрт өзгеріп кетеді. Аяқ-қолы ісіп, көзі шадырайып, еліріп кетеді. Шашын жайып, тау-даланы кезіп өлік аңдуға көшеді. Жол жиегіндегі өліктер таусылған соң әйел мүрделерді қаза бас-тапты. Бұл әйелді ауыздықтауға ешкімнің шамасы келмепті. Ол тірі бала-шағаны аңдитын құзғынға айналады. Ел әйелден қорқып кетпен-шалғысын қолынан тастамапты. Бірде ол тауда бір еркекке шабуыл жасайды. Кісі жегіш әйелді аңшы мылтығымен атып тастауға мәжбүр болған екен. Аштық жылдарында Мацуно ауылындағы жардың түбі сәбилерді тастайтын орынға айналыпты. Сәбилер анасының емшегін іздеп топырақты тырмалап, әбден әлі кеткенде саусағын сорып жатып жан тәсілім етіпті. Құзғындардың сүйікті орны болған бұл жерге түн ішінде біреулер кемпірді әкеп тастайды. Өлгісі келмеген кемпірдің қолы топырақ арасындағы жұмсақ затқа тиді. Нәрестенің аяғы екен. Кемпір аяқты мүжіп болғанда бір топ қарға шүйлікті. Кимоносының парша-паршасы шыққан кемпір қарға-құзғынға тірідей жем болды. Содан бері жар түбіндегі өзенді Кудзурэгава (Күйреген өзен) деп атайтын болды. Талай заман өтсе де әр түн сайын сәбилердің жылаған даусы мен кемпірдің зарын жел жеткізіп тұрады деседі.

603 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы