• Шежіре
  • 22 Қаңтар, 2020

ЗАЯ-ПАНДИТА және ОНЫҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ САЯХАТТАРЫ

Жамбыл Артықбаев, тарихшы, этнограф.

Қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты деректердің сан-саласы бар. Олардың ішінде ішкі деректер деп біз қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған материалдық мәдениет пен көшпелілер өркениетіне қатысты жәдігерліктерді, дәстүрлі тұрмысты зерттеу барысында жинақталған ұлан-байтақ және салмақты этнографиялық зерттеу дүниелерді және мәліметтерді, сонымен бірге қазақтың өзінің ауызша тарих дәстүрі немесе тарихи фольклорлық қазынасын, т.б. айтамыз. Сонымен бірге қазақ тарихы мен этнографиясын жазған біздің зерттеушілеріміз сыртқы дерек көздерін пайдаланады. Егер біз шындығын мойындасақ, осы күнге дейінгі қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты зерттеулердің басым көпшілігі осы сырт деректерге, яғни сырт айғақтарға негізделген. Ал сырт айғақтың аты сырт айғақ, осы себептен біздің тарихымызда толып жатқан күлді-бадам дүниелер, Бетпақ дала сияқты қазақ тарихының ортасында жатқан алып шөлді ақ таңдақтар бар. Бүгінгі күннің ең басты мәселесі қазақтың өзінің ішкі деректерін зерттеу жұмыстарына пайдалану, бұл жұмыс тек қана тіл мен әдебиетті ғана емес, сонымен бірге ғылыми білімді, интерпретациялау әдістерін талап етеді. Оның үдесінен шығатын жұмыстар әлі де жасалған жоқ. Дегенмен сыртқы айғақтардың ішінде де әр түрлі, әр төркіндес дүниелер бар. «Кесесін көріп – шәйін іш, шешесіне көріп қызын ал» дегендей әр деректің төркінін зерттеуші алдымен тануы керек. Ол қандай ниетпен қазақ туралы жазба қалдырды, оның жоспары мен ниеті қандай, осы сырт айғақты қалдырып отырған шенеунік, не саяхатшы қандай адам, т.б. сұрақтарға жауап беру тарихшының міндеті. Жылтырағанның бәрі алтын емес, сол себепті ғасырлар қойнауынан шықты дегенмен де /мәселен ХVІІІ-ХІХ ғғ./ оның әділ, шыншыл құжат екенін, дерек екенін алдымен анықтап алуымыз керек. Бұл әсіресе бізді екі жақтан қыспаққа салатын екі ұлы көршіміз – Ресей мен Қытай құжаттарына қатысты. Біз Шоқанның Қытай жазбалары туралы айтқанын естен шығармауымыз керек. Осы сияқты Ресейдің құжаттары да қазақты жарқырата сипаттады, адалдықтан аттап кетпеді деп айта алмаймыз. Тіпті жаман ниеті болмаған күнде қазақ сияқты шалғайдағы отар елге шенеунік болып қаншалықты сауатты, адал адам келеді дейсің? Осы себептен кез-келген құжат және архив деректері, нарративті жазбалар, зерттеу еңбектері, т.б тарихи объективтілік тұрғысынан зерттеліп, бағасын алу керек. Осыдан кейін деректі пайдалана бер. Сонымен қатар қазақ туралы біз тек Ресей мен Қытай құжаттарымен шектеліп қалмауымыз керек. Орта Азиялық көршілерімізден басқа біздің қалмақ сияқты ертеден «қойы қоралас, ауылы аралас» көршіміз бар. Кейде жаугершілік, кейде бейбітшілік, дегенмен қалмақ бізге қан жағынан да, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт жағынан да, шыншылдық жағынан да жақын. Осы себептен қалмақтың деректері қазақ тарихын жазуға қолданысқа сұранып-ақ тұр. Тек өкініштісі осы күнге дейін біздің зерттеушілеріміз олардан ерін бауырына алып қашып, осыншама жақындамай жүргені. Мүмкін бұл біздің тарих ғылымының әлі еуропоцентристік көзқарастардың ықпалын-да қалып отырғандығында болар. Қалмақ зерттеушілері өз тарихының қалың қатпарларын нақты көрсететін бір-сыпыра деректерді жариялады, әлі де осы жұмысты жалғастыруда. Оның бір себебі қалмақ ғылымының Ресейдің академиялық орталық-тарының ықпалымен салмақты даму орбитасында қалып отырғандығы. Ал біз болсақ қазақ деректерін бір жүйеге келтіру түгілі, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ауыз әдебиетін жинақтау арқылы қалыптасқан тарихи аңыздарды әлі де жүйелей алмай жатырмыз. Бүгінгі күні орталық ғылыми-зерттеу институттарындағы қалған аз-маз қызметкерлердің жасап жатқан жұмысы бұрынғы уақытта жарияланған еңбектерді сәл-пәл өңдеп қайта жариялау. Мүмкін бұл ғылыми орталықтардың әлсіреуіне, жалпы ғылымға үстірт, жүре қараудың өріс алуына байланысты болар. Осы жағдайда тың тақырыпқа түрен салып жатқан сирек тарихшылардың бірі Зардыхан Қинаятұлы ағамыз. Бұл кісі біздің тарихнамада алғаш рет қалмақ деректерінің ішіндегі ең бір маңыздысы «Зая-пандитаның өмірбаянына» назар аударып, бастама жасап отыр. Зардыхан Қинаятұлының «Қазақ Ордасы» журналында (2003, №1-2) Зая-пандита туралы жарияланған мақаласы маған көп ой салды. Тибет, Қытай, Ресей тарихнамасы бұл тарихшы туралы аз жазған жоқ. Дүрбен (төрт) ойраттың ішінен шыққан ұлы ғұламаның ламаизмде жасаған үлкен серпілісі бүгінгі күні жан-жақты зерттеліп, өз бағасын алды. Зая-пандитаға деген ықылас, әсіресе, Қалмақ республикасында өте жоғары. Зардыхан ағамыз жазып отырғандай, Зая-пандитаның қоғамдық-діни тіршілігінің қазақ тарихына тікелей қатысы бар. Бұл тақырыпты біздің өзіміз жазбасақ, өзге адам жаза алмайды, себебі қазақ-қалмақ қарым-қатынасының сыры, қазақ тарихының XVII ғасырдағы қатпар-қатпар тоңы қазаққа қатысты деректерсіз ашылмақ емес. Мен бұл туралы қалмақта және бізде жарияланған «Некоторые дополнения к комментариям текста «Биография Зая-пандиты» (Письмо к научному редактору В.П. Санчирову) деген мақаламда жаздым. Оған негіз болған – Ш. Норбоның «Зая-пандита» (1999 ж.) кітабында кеткен қателіктер. Зардыхан Қинаятұлының Ш.Норбоның «Зая-пандита» кітабын қазақша аударып басу керек дегеніне толық қосыламыз. Тек аудармаға ғылыми редактор ретінде, осы тақырыпта тәжіребесі бар маман қатысуы керек. «Зая-пандита» кітабы қазақ тарихының ең бір күрделі кезеңі туралы тамаша деректер беретініне кепілміз. Мен бұл мақалада, негізінен, Зая-пандитаның қазақ жері арқылы жүрген екі саяхатына тоқталмақпын. Бұл екеуі де өте қызықты саяхаттар. Бұл туралы қазір үстірт қана шолып шықпасақ, терең тоқталу мүмкін емес. Алдымен, саяхатқа кіріспес бұрын, З.Қинаятұлының мақаласындағы кейбір мәселе-лерге өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Ең бірінші автордың Зая-пандитаның шығу тегі туралы деректеріне қатысты: З. Қинаятұлы Зая-пандитаның шын аты (азан шақырып қойған аты) Шарха буга дейді. Біздегі деректерге қарасақ, Намкайджамцо атанған сияқты. Ш. Норбо Зая-пандитаның бала кезіндегі аты Шара Қабақ екен дейді. Шара Қабақты қазақшаласақ – «Сары қабақ». Зая-пандитаның аталарының аты да қызық. Әкесінің аты – Бабахан, оның әкесі – Күнгей Заяшы. Ол заманда өте білімдар адам болса керек. Руы хошоуыт ішінде геречин, оның ішіндегі шангас бұтағынан. Герегин руы туралы А.Г. Митировтың жақсы мақаласы бар еді. Ол геречин руының тарихын керейлермен байланыстырады. Екіншіден, «түтін жазуы» немесе «төтен жазуы» туралы анықтамалар қажет: «Тода усек» қазақтың «төте жазу» дегені. Моңғолша да, қазақша да – анық, айқын жазу дегенді білдіреді. Әбілмәмбет пен Абылай қол астында Жоңғария хандарының ордаларынан және діни орындардан (кит, сумэ) келген қалмақтар болды. Бұл жазудың кең қолданыла бастағаны 1642 жылдан бері. «Төте жазу» негізгі тілге бейімделген, реформаланған, түсінікті жазу дегенді білдіреді. Үшіншіден, XVII ғасырға дейін әлем тарихында «Қалмақ» деген ұлт, тайпа жоқ деген пікірмен келісуге болар ма екен? Қазақтар қай замандардан бері батыс моңғол тайпаларын қалмақ атап келді: қара қалмақ (шығыстағы бөлігі), құба қалмақ (батыс бөлегі), ақ қалмақ (алтай түркілері). Ал жоңғар деп қалмақтардың өзі тек чорос (цорос) тайпасын және онымен туыс-тас дүрбеттерді атайды. Қалмақтың Тоғон тайшы заманынан бастап үлкен билеушілері чоростан шыққандықтан жоңғар деп өзге қалмақтың баласын да айта берді. Шын мәнінде қалмақтар өз ішінде «дүрбен ойрат» атанады, яғни төрт ойрат, не өздерінің тайпалық аттарын атайды. Ал егер қалмақтар XVI ғасырға дейін болмаса, онда Әбілқайырды (Шайбан тұқымы) 1457 жылы Сығанақ түбінде тас-талқан қылатын Өз Темір тайшы кім? Төртіншіден, Ертіс бойындағы жердің біразы, Алтай мен Тарбағатай, Жетісудың шығыс бөлігі XVII ғасырдың басында қалмақ қолына көшкені белгілі. XVII ғасырдың басында (20-30-шы жж.) Талай тайшы бастаған дүрбеттер де Сарыарқаға еніп, қазіргі Қарқаралы-Қазылық бойын мекендей бастады. Қырқыншы жылдары дүрбеттермен аралас хошоуыт Күнделең тайшы (Байбағас баласы) да мекен етті. Кент тауындағы Қызыл-Кеніш ғибадатханасын сол Күнделең салдырған болуы керек. Зәкеңнің Хөндөлөн Уваш дегені Күнделең убашы. Менің ойымша, Галдан Цэрэн картасы аталатын картаның Ренат картасынан айырмашылығы жоқ. Ренат картасында Сарысуға дейінгі шығыс алқап түгел калмақтың қоныстары. Галдамбаның Салқам Жәңгірді өлтірген уақыты – 1652 жыл. Бұл жерде З. Қинаятұлының пікіріне толық қосыламыз. Галдамбаның әкесі Очирту Цэцэн хан Батыр қонтайшыға дейінгі заманда дүрбен-ойраттың әскери кеңесінің басшысы болды. Галдамда туралы қалмақта аңыздар өте көп, бірақ солардың көпшілігі оның аурудан емес, уланып өлгенін айтады. Уды берген өгей шешесі. Орыстың ескі тарихшыларының бірі Ю.Лыткин қалмақ деректеріне сүйеніп бұл оқиғаны былайша баяндайды: «Ойрат билеушілері ішінде ұрпағына үлкен қызығушылық тудыратын, тамаша естеліктер қалдырған, Цецен ханның зюнғарлық Ерден Батыр хонтайшының қызымен некесінен туған, хошоут нояны Галдама. Галдама нағыз ер жүрек, сері жігіт болды, ойрат тарихшысы Емші Габан-Шарабтың суреттеуінше, ол кейбір болар болмас әрекеттердің өзінде кіршіксіз ер азамат болатын болатын. Галдама 17-ақ жасынан әскери саланы меңгерді. Усун-лу жылы қыста (1652) Цецен хан бұрұттарға қарсы жорықтан өзінің қонысына қайтып келе жатты. Осы жорықта 17 жасар Галдама қырғыз-қайсақтар мен бұрұттарға билік етуші, зюнғарлық Ерден Батыр хонтайшы мен оның одақтасы және күйеу баласы хошоуттық Цецен ханмен ымыраға келе алмайтын өшпенділігі күшті Жәңгір ханды өз қолымен найзамен шаншып өлтірді. Осы жорық туралы ойрат әні бүгінде Волга бойы ойраттары мен қалмақтарда сақталған. Галдама өзінің әкесі Цецен ханнан ұрыстың бел ортасына кіріп, сол кездің атақты батыры Жәңгір ханмен жекпе-жекке шығуына рұқсат етуін сұрайды. Цецен хан әскери іске әлі қабырғасы бекімеген, әрі жас, әрі тәжірибесіз ұлына рұқсат етпейді, Галдама өзінің өтінішін қайталап, былай деп жырлайды: Хара морин ецед угейде, Харга чжида мухад угейде, Абга! Тальби, шургуна би... Боро морин ецед угейде, Буугийин сумун хачжигат угейде, Абга! Тальби, шургуна би... Аудармасы: Астымдағы қара айғыр шабыстан болдырмай тұрғанда Қолымдағы қарағай найзаның ұшы аманда, Әкетай, жібер мені жауға... Астымдағы ақ боз ат шабыстан болдырмай тұрғанда, Қолымдағы қара мылтық аманда Әкетай, жібер мені жауға... Бүкіл түркі халқы ерлік жырларға қосқан, сол заманда белгілі батырлардың бірі – Жәңгірді жеңіп, әскери істе Галдама атақ, даңққа бөленді. Бүгінгі ойрат тарихшылары мен шежірешілері Галдаманың тамаша ерлігін ұрпақтарына өнеге етіп жазып қалдырды, ал әкесі Цецен хан, ұлына, оның әскери дарынына деген сенім мен құрметтің белгісі ретінде ойрат нүтігін бұрұттардың, хасақтар мен бұхарлықтардың шапқыншылығынан қорғауын сеніп тапсырды. Сол уақыттан бастап, яғни 1652 жылдан өзі өмірден озған 1667 жылға дейін Галдама, Талас, Шу және Іле өзендерін бойлап көшіп-қона жүріп, ойрат нүтігін қорғай білді; небір жақсы мен жайсаңдардың балалары оның соңына ерді, әрі жас, әрі ер нояндарының достық пен адалдығын, оның анасы Сулумца-хатун марапаттап, бағалап отырды. Жас нояндар да басшыларын қаруымен және кеуделерімен қорғай білді. Емші Габан-Шарабтың айтуынша, оның анасы Сулумца-хатун, Галдаманың үзеңгілес достарының арасындағы әскери істе ерекше көзге түскендеріне сый ретінде ұлба (бадана торлы кеудеше) және бу (мылтық) таратып отыру арқылы олардың қызығушылығын тудырып, Галдаманың соңынан барлық жерде еріп жүрулерін қамтамасыз етіп отырған. Сауыт-сайманын киген Галдама хандар тыныштығын қорғауда, Холхонзур атты ерттеулі жорғасы тау қуысында Қорамсаққа салынған жебенің оқтары арқасында Асылдардың ұрпағы топталған қасында О, біздің Галдама! «Жанында әрқашан батыр жолдастары жүретін, табиғатынан сақ Галдама оқыстан тиген жау соққысынан еш қорықпаған, жау әскерінің басымдығына қарамастан еш мойымаған. Сонымен, цаган-сара кезінде шоро-нохо жылы (1658 жыл, Галдама 23 жаста), Бұхардың әскер басы Абуду Шукур 38.000 әскерімен Талас өзені бойына келеді. Галдама Ойрат билеушілерінің қоныстарынан бөлек, Ойрат ұлыстарының шекарасында болатын. Таңсәріде небәрі 3.000 әскермен Хулан жилин қонысында күтпеген жерден қарсы шығып, әскерін Көк өзенінің сағасына дейін қуып, Абуду-Шукурді өлтіреді. Кейін қалған Шах – Хозоны Галдам 300 батырымен тұтқынға алады да әр атқа екі жауынгерден отырғызып, Бұхардың шекаралас қаласына жіберді»,-дейді бір деректе. Мақаланың соңында (Зая-пандитиға тікелей қатысы жоқ) Шуно-Дабоның ақтабан шұбырындыны бастап бергені жазылады. Бұл И. Унковскийден алынған дерек. Өкінішке орай, біз Зая-пандита өмірбаяны сияқты И. Унковскийдің де күнделігін өз зерттеулерімізде аз пайдаланамыз. Кім шығарғаны белгісіз лақап әңгіме қалмақтың жеті қолбасшысы жетпіс мың әскерді бастап қазақты 1723 жылы шапты дейді. Деректер бойынша, «Ақтабан шұбырындыға» Шуно-Дабо (мақалада Чоно-Дава) себепкер. Қазақ аныздары осы Шуно-Дабоны Сына батыр деп, ол турасында көптеген әңгіме айтады. Олардың аса бір көп сақталғаны – Қарқаралы маңы. Сына батырдың шешесі Етержек (деректерде Сетержаб) Аюке ханның қызы, әкесі қазақтың Едіге деген батыры-мыс делінеді. Шуно-Дабо мен ағасы Галдан-Цэрэн (Қалдан-Серен) арасындағы жаулық та қазақ арасында толық әңгімеленеді. Бұл тақырып өз зерттеушісін таппай тұрған сияқты. Бұл әңгімелер қалай сақталды, олардың әлі күнге дейін айтылып келе жатуына қазақ арасына сіңген қалмақтардың қандай қызметі бар? Қазақ руларының ішінде қалмақ аталары аз емес, қазақтың қай ауылында болмасын, тегі, нағашысы қалмақ еді немесе қалмақтың қолына түсіп қайтып келіпті-мыс деген әңгімелер көп айтылады. Қалмақ арасында да осылай. Мен Давид Кугульдиновтың қазақтың текті, сұлу, көп халық болғаны қалмақ қыздарының арқасы деген қалжыңын естідім. Бұл қалжыңның түбі – шын әңгіме дерек. Енді Зая-пандитаның саяхаттарына келейік: 1-ші саяхат: - Зая-пандита Тибеттегі оқуын қырық жасында 1638 жылы аяқтап отанына келді. Одан бір жылдан кейін Тибетке қайта оралды. Оның нағыз үлкен саяхаты сол себептен 1641 жылдың (жылан жылы) көктемінен басталады; - Темур-Цоргодан (Темір түтік) шыққан Зая-пандита халха-моңғолды /жеті қосын/ аралап, 1642 жылдың күзінде Очирку-Цэцэн ханның қыстап отырған Бугас (Богас) өзеніне келді. Осы жерде қыстап шықты; - 1643 жылдың басында Зая-пандитаны дербеттер мен хошоуыт тайшысы Күнделең шақырды; - 1643 жылдың (қой жылы) қысын Зая-пандита Кент-Қазылықта өткізеді. Күнделең тайшы Зая-пандитаға 5 мың мал (әр түрінен) сыйлап, қызмет жасасын деп 10 баланы берді; - Цаган Сардан (Ұзын Сары – ақпан-көктем) кейін 1644 жылы (мешін жылы) жаз айында Очирту тайшының жайлауында болды. Сол жерден Зая-пандитаны Дархан-цорджи (діни адам) Ертістегі Бұтханаға (Ерчисын сумэ – қазіргі Семей) шақырды; - Көксала – Бақанас, одан Хайдаг арқылы Лепсі мен Қараталды, Очирту тайшы ауылдарын жайлаған Зая-пандита қыста Дархан-Цорджи пұтханасына (Семей) келіп сонда қыстады; - 1645 жылдың басында Жаңа жыл (Цаган Сар) қарсаңыңда Зая-пандита Улаан-Обкуд деген жерге келді (Улаан-Обкуд казіргі Павлодар облысының Ақтоғай ауданының жері болса керек. Ол жердің бұрынғы аты «Красный кут» қалмақшадан тікелей аударылғанға ұқсайды); - Осы жерден Зая-пандита торғауыттарға (Жайыққа) аттанады. Торғауыт тайшылары Зая-пандита мен оның шәкірттеріне 20 мыңнан артық жылқы сыйлап, 1646 жылдың жаз айының соңында (ит жылы) қайтар жолға салды. Зая-пандитаның екінші саяхаты: - Екінші саяхат Алтайдан Абылай тайшының қысқы қонысынан басталады. Абылай тайшы Цэцэн ханның інісі (шешелері бөлек), әкелері атақты Байбағас /Байбағас батыр Хонгар ноянның баласы, бұлардың түбі/ хошоуыт, қасиетті Бөрджигин руы; - Бұланайын Усун-Худжирда 1645 жылы қыстаған Зая-пандитаны торғауыт тайшысы Дайчинг арнайы шақырады; - 1655 жылы жазда Зая-пандита Бугас (Богас) өзені жанында орналасқан өзінің қазына-иеліктеріне келіп, осы жерден торғауыттарға аттанады; - Осы жолы Қорғалжын көлінің жағасында Райрваг Номин-ханмен (торғауттардан келе жатқан - ?) кездесті. Райрваг Зая-пандитаға Джора-Кээрэ (Жорға кер) және Аргамақ-Кээрэ (Арғымақ кер) деген екі жақсы ат сыйлады; - 1655 жылдың қысын дербет Талай тайшының балалары қыстап отырған Оток Монцог (Моншақты) деген жерде қыстады. Бұл қазақ жерінің солтүстігі, Есіл бойындағы орманды жер – Бұланды-Моншақ болса керек; - 1656 жылдың жазын Зая-пандита Жайық бойында торғауыттардың ортасында өткізді. Ондаған торғауыттың нояндары Зая-пандитаны жақсылап күтті. Тек қана Дайчингтің өзі Зая-пандитаға 3 мың жылқы берді; - Жаз айында Зая-пандита Жайықтан аттанып Ақсақал барбы көлінде отырған торғауыттардың ауылдарына келді. Осы жерде Зая-пандита торғауыт нояндары арасындағы барымтаны тоқтатып, билік айтты. Ақсақал (Ақсақал барбы) көлі қазір жоқ, ол бұрынғы заманда Торғай мен Ырғыздың, Өлкейектің құйылысында орналасқан алып үлкен көл болған. Осы көл туралы соңғы деректер капитан Рычковтың жазбаларында кездеседі (1771 ж.); - Мешін жылы (1656 жылдың қысы) Зая-пандита дербет ауылдарында, дербет Тойн тайшының күтімінде болды. Олардың қыстаған жері Қарақұм (Арал Қарақұмы) қысқа өте жайлы, жұмсақ, мал жайлымына өте қолайлы жер еді; - Хара құмнан Зая-пандита Ертіс бойындағы Абылай тайшының салғызған пұтханасына қарай аттанады. «Абылай өзі салған ғибадатханасына бата алу үшін Зая-пандитаға Мерген-габджу дегенді жіберді. Зая-пандита өзінің қосын Лепсі мен Қараталға бағыттап, өзі Бешке өзені бойындағы Абылайын-сүмеге келді» делінеді деректе (Раднабхадра. Ай жарығы). Бұл ескерткіш қазіргі уақытта Өскеменнен бірнеше шақырым жерде Абылай кит (Абылайин кит) аталады. Бұл монастырь-қала (бекініс). Жолай Зая-пандитаны дүрбет, хошоуыт, арасында торғауыт ел басшылары сыйлап, күтіп, мол сыйлықтар беріп отырады; - 1657 жылдың қысқы бірінші айында Зая-пандита Абылай тайшының салғызған пұтханасын салтанатты түрде ашты. Бұл жыл қалмақ есебі бойынша тауық жылы еді. Зая-пандитаның бізге белгілі саяхаттары – осы. Бәз-біреулер Зая-пандита Жайық бойына үш рет саяхат жасады дейді. Қорытынды біреу – қазақ тарихына қатысты тың деректердің көзі болып табылатын қалмақ халқының тарихи әдебиетін зерттеуге, аударуға кірісу керек. Осы күнге дейін үстем болып келген «переписывание переписанного» машығын тоқтатып тың дүниелерге түрен салайық әріптестер!

1363 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы