• Әдебиет әлемі
  • 22 Қаңтар, 2020

СЕЗІМНЕН БАҚЫТ ТАПТЫМ МЕН

Қымбат Жампейісова 

Анашым

Мейірімді, жаны алтын анашым Жамандыққа қимайтұғын баласын. Тоңып келген шақтарымда қиналып Арқа сүйеп жылынатын панамсың.

Жан анашым, ақылшымсың, данасың, Бұл әлемде теңдесі жоқ дарасың. Мен мұңайсам, жаның бірге күйзеліп, Жүрегіңді уайымға саласың.

Мен сүрінсем, жүрегіңнен қан аққан, Кездерің бар ұйқы көрмей таң атқан. Кешір ана, тентегіңнің қатесін, Сен кешірсең мейірленер Жаратқан.

Ақ шашыңа, әжіміңе қарызбын, Түн ұйқыңды мені ойлап сан үздің. Уайымыңды жуып енді шаттықпен, Ақ сүтіңді ақтау мәңгі парызым.

Арман

Алдан күтіп асқақ, аппақ арманым, Келешекке қанат қағып, самғадым. Бейнеттеніп, биіктерге талпынып, Тар соқпақты белестерді таңдадым.

Арман, мақсат – бұл өмірдің бар мәні, Қос қанатым талпынудан талмады. Кедергілер тап кеп жатса, өзің жең, Басқаларға түспесін тек салмағы.

Армандарың орындалсын бәріңнің, Жетістікке бастар жол боп әр үлгің. Табандылық таныт, күрес әрқашан, Арман сенің айнасындай жаныңның!

Әкеме

Өмір-ай неткен қатыгез едің білмеймін, Амалым басқа болмағасын да тілдеймін. Айрылып қалдым, бетіңнен тіпті сүйе алмай, Жанымды күнде жаншиды қайғы, зілдей мұң.

Сағынам сені, әкешім менің, алтыным, Қамқор дауысың құлағымда әлі, жарқыным. Өксиді жүрек өкініш кернеп, өртеніп, Дем жетпей кейде қысылып қалар алқымым.

Құдай-ау қайтем, не жаздым мына өмірге, Жүрекке жара, түсірген қаяу көңілге?! О, жалған тірлік, төктің ғой топан-қайғыны, Теңселді миым, түсім бе осы, өңім бе?!

Әкемді алдың, не керек енді тағы да? Қинама мені, кедергі болма бағыма. Жалынам, тағдыр, анам мен жалғыз бауырым Жүрсінші мәңгі жылуын сыйлап жаныма...

Ғашықпын

Шынымен де сол адамға ғашықпын, Сүйдім, күйдім, бір көруге асықтым. Алыс кетсең жабырқаттың, жүдеттің, Жақындасаң теңіздейін тасыттың.

Толқытасың, жүрегімді тербетіп, Жанарыңнан шашқан нұрмен емдетіп... Қиялымда ханзадамдай аңсадым, Кеп қалардай сарайыма төрлетіп. Бір минут та сенсіз тағат таппадым, Тіпті, басқан ізің болды баққаным. Әттең-әттең, ұқпай мендік сезімді Үр-үмітті езіп, жаншып, таптадың. Әлі есімде... қолтықтасып өзгемен, Көз алдымда көлбеп бара жатқаның...

Сонда-дағы мен өзіңе ғашықпын, Жүрегімді алса-дағы басып мұң... Үміт-отын өшіре алмай, амалсыз, Ойлай-ойлай жүрегімді жасыттым.

... Басқаменен қол ұстасып кетсең де, Менің арман, ықыласым тек сенде. Сүйгеніңсіз мынау өмір сұрықсыз, Алыс самғап, айға барып жетсең де.

Кешір мені

Кешір, мені, асылжаным, Қызғанамын, жасырмадым. Қаһарыңды төккін мейлі, Қаша алмаймын, қасыңдамын.

Түсінемін, өкпелісің Өтінемін, сөкпе, түсін... Сүйген жанның сөзбен тілдеп, Жара салып кеткені үшін.

Жүректің көп сан сауалы, Жауабы жоқ. Қанша амалым?! Жанарыңнан оқып тұрдым, Жан-дүниең шаршағанын.

Қажыдың-ау, өмір қиын, Жабырқаулы көңіл-күйің. Қажыттым ғой мен де сені, Кіналауға, сөзім бейім.

Шаршағаның көрініп тұр, Жан-дүниең сөгіліп бір. Жүруші едің еркелетіп, Жанарыңнан төгіліп нұр.

Бәрі қалды артта жырақ, Өмір қиын, алда сынақ. Қол ұстасып өтсек деп ем, Адастырмай арман-шырақ.

Қиын түйін шешілмеді, Тілегім тұр кесілгелі. Жақсы көрген жазығым ба, Кешір мені, кешір мені!

Қия алмадым

Қоштасуға қия алмадым өзіңді, Қия алмадым, сырлы, тәтті, сезімді. Жүрегімнен өшіре алмай қиналдым, Ұмыта алмай бірге жүрген кезімді.

Сағаттарым сағыныш боп сырғиды, Жүрегімді ой тырнайды мың қилы. «Қош» деп айтар қайрат-күшім қалмаған, Дұшпаныма тілемес ем бұл күйді.

Қаным шапшып, теңіздейін толқыған, Жаным құса. Айналам тек сор, күмән. Сезім-лаулап жүрегімді қақтаса, Сені шексіз сүйген екем, сол кінәм. Бәрі бекер... сүйіп ем ғой ес қалмай, Өткен күнде мән қалмады ешқандай, Су себемін өрт боп жанған сезімге, Сенсіз-ақ та ғұмыр сүрем еске алмай.

Мүмкін

Мүмкін деп үміт, Жоқ дейді күдік, Екіұдай сезім арбасқан. Жүректі кернеп, Толқытып, тербеп, Тәтті арманменен жалғасқан.

Лүпілдеп соғып, Уайым, мұң толып, Жүректің дерті асқынды. Кейде еріп, балқып, Шаттанып, шалқып, Толқыған сезім тасқын-ды.

Көзіңді нұрлы, Сөзіңді сырлы, Сағынды жүрек сағынды. От болып лаулап, Бойымды жаулап, Сезімге сөзсіз бағынды.

Жүрегім тулап, Санамды улап, Таппадым тағат алқынып. Тек сені ойлап, Тереңге бойлап, Бақытты күнге талпынып.

Арманға сендім, Күдікті жеңдім, Алдымнан өмір шат күлген. Дәмі бар балдай, Жұтамын қанбай, Сезімнен бақыт таптым мен.

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы