• Әдебиет әлемі
  • 22 Қаңтар, 2020

АРМАНЫМ БАР БІТПЕЙТІН

Бегайдар Елібай

МЕН СҮЙЕТІН БІР ҚЫЗ БАР

Мына әлемде миллион, бәлкім, мың қыз бар. Барлығы да жарқыраған жұлдыздар. Сол миллионның арасынан ерекше, Мен сүйетін сұңғақ бойлы бір қыз бар.

Ақ дидары ақпандағы ақ қардай, Қолаң шашы - кәмшат бөрік мақпалдай. Шоқтай көзі тұла бойды тербетіп, Жүрегімде жұлдыз болып аққандай!

Қызыл ерні - қызыл шие, құлпынай, Дәмін татсам құмарлана шіркін-ай! Тек екеуміз оңашада жолығар, Тәңір маған сыйласа екен бір түн-ай!

Мен аңсаған көптен күткен қыз ба едің!? Сезім қуып сені ғана іздедім. Саған, қалқам, енді қолым жеткенде, Үкілеген үмітімді үзбегін.

ҮШ АСЫЛЫМ

Мақтан тұтар асыл тастар жоқ менде. Одан бақыт таба алмаған көп пенде. Әжем, досым және сүйген жарым бар, Бағалайтын қызғалдақты көктемге.

Айналайын, ақ жаулықты әжемнен. Сусындатқан салт-дәстүрдей өзеннен. Алыс кетсем туып өскен өлкеден, Маңдайдағы алақанын сезем мен.

Бір мен үшін бар ғұмырын арнаған, Қанаттыдан қарлығаш құс боп қорғаған, Жастайымнан жеті атамды жаттатқан, Ұрпағымын баба жолын жалғаған.

Жан досым бар, маған айтар сыры бар, Тек екеуміз түсінісіп ұғынар. Ол бар болса құламайтын қамал жоқ, Жеңіс, достық, адалдықтың туы бар. Бірге көрген қатал тағдыр соққысын, Жоғалса да бойындағы көп күші, Сын-сағатта жанын берер мен үшін, Маған берген адал достың тектісін.

Асыл жарым, айқабағым, ақ құсым, Бал қосылған, шекерімсің, тәттісің! Шаңырағымды шуағыңмен жылытқан, Хақ Тәңірден сый боп келген бақпысың.

Қуанышым, қызғалдағым, қырмызым, Көзді жаулар қол тимеген құндызым. Сенсің менің жүректегі жылуым, Сенсің менің маңдайдағы жұлдызым.

Әжетайым, асыл жарым, досым бар, Бақ-дәулетім кетпейтұғын басымнан. Қуанышта, көңіл-күйім түскенде, Осы үшеуі табылады қасымнан.

Жалғыздықты қоңыр салқын күз деймін, Өмір - теңіз, онда жалғыз жүзбеймін. Қастарыңнан алыс ұзап кеткенде, Өздеріңді сағынамын, іздеймін.

ЖІГІТ БОЛСАҢ  ПАЙДАҢ ТИСІН ЕЛІҢЕ

Жер дүниені сыйғызатын басыма, Бір жақсылық келетінін сеземін. Жігіт болсаң жалғызбын деп жасыма, Өртенсе де өкініштен өзегің.

Күндіз демей, мейлі кейде, түн демей, Бұзып өтем қиындықтың өткелін. Жүре алмаймын адамдарға үндемей, Мен таңдадым «өмір жолы» мектебін.

Домбырадан күмбірлеген көне күй, Шақырасың жақсылықтың жаршысын. Мен боламын болашақта төбе би, Әкел бері, Төле атамның қамшысын!

Қағып алып адамдардың шайтанын, Нұр беремін жаны менен тәніне. Бас кетсе де ақиқатты айтамын, Үлкен, кіші, құрбы-құрдас – бәріңе.

Қинаса егер күйбелеңмен қу тірлік, Аш болсам да бірге болам көппенен. Қолымда егер бола қалса, мүмкіндік, Барлығыңа байлық берем, бақ берем.

Мына өмірге келдім онда не үшін? Туған елге пайдам егер тимесе. Еңбек етпей атамекен, ел үшін, Жан-дүнием елді ойлап күймесе.

Аянбастан елім үшін тер төгіп, Жылы ұяға қондырамын, жеткізем. Дүниенің ыстығына өртеніп, Мен осылай ғажап өмір өткізем.

Жігіт болсаң – жақсылықты жасағын, Жігіт болсаң – пайдаң тисін еліңе. Тәңір қолдап, бақыт жолын ашады, Туған елің шығарады төріне.

Арманым бар көкейімде бітпейтін, Маған ауыр міндеттерді жүктейтін. Бағындырып биік шыңын тағдырдың, Бақытыңды көппен бірге күт дейтін.

АСЫЛ ЖАНДАР

Ойға шомам, ойланам, өмір жайлы, Өз жүрегім - өзіме бағынбайды. Жастық дәурен, өткен күн қайта келмес, Жақын жандар іздесең табылмайды.

Әжетайым, анашым - асылдарым, Сағынышым, мауқым бір басылмады. Перзенттік қызметімді көре алмастан, Ұшып кетті бақ құстар басымдағы.

Салихалы, салмақты сөздеріңді, Мейірім төккен бейкүнә көздеріңді. Өмір сыйлап, өсірген тәрбиелеп, Асыл жандар, сағынам өздеріңді.

Көре алмастан кеттіңдер қызығымды, Айта алмадым ойымды тұжырымды. Әжім түскен сүйе алмай жүздеріңді, Таға алмадым гауһар тас жүзігімді.

Бақұл болғын, қымбатты асыл жандар, Сырын, мұңын көрсетпей жасырғандар. Мендей ұлын шын сүйіп жан-тәнімен, Өткелінен өмірдің асырғандар.

Өздеріңе мәңгіге қарыздармын, Біліп жүрем өтелмес қарыз барын. Көз жетпейтін мекенге сапар шегіп, Түсіндірген өмірдің нағыз мәнін.

Құрсағыңда тоғыз ай көтергенің, Түйе сүтке бал қосып, шекер бердің. Жалғыз Алла, жар болып жандарыңа, Жәннат болсын мәңгілік мекендерің!

АСЫЛ ЖАР

Жұмсақ сөз, жібек мінез - жан-жарымсың, Адал жар, аппақ дидар, ар-намысым. Себепсіз бал сезіммен сүйе берем, Аққуым, ақ қаннатты - арман құсым!

Жаныңа жабыққанда жылу берем, Жұлдызым, жарық сәулем, күнім дер ем. Жүрекпен, жан-тәніммен жақсы көрер, Өзіңді өзгелерден сұлу дер ем!

Алтыннан ақ мойныңа алқа берем, Сыңарым бірге жүзген шалқар көлмен. Мейірім төккен сымбатты дидарыңды, Шырайлы шуақ шашқан шолпан дер ем!

Адал жар, аққу құсым, айқабағым, Сұлуды сенен артық байқамадым. Кіршіксіз мөлдір бұлақ бал сезіммен, Жүрекпен шын сүйем деп айта аламын.

Анасы ақ сүт берген балдарымның, Куәсі баға жетпес арманымның. Мен сені сүйіп өтем өмір бойы, Мен сенің құламайтын қорғаныңмын.

Жүземіз аққу құс боп бір айдында, Өзіңмен өмірімді құраймын да. Баянды бір өзіңмен ғұмыр кешіп, Бір сенің бақытыңды сұраймын да.

Мұңайған кездеріңде жұбатамын, Аулаймын көңіліңді, қуантамын. Себепсіз пәк сезіммен сүйе берем, Мен сені қартайсам да ұнатамын.

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Қазақ қызы – қарындасым, қымбаттым, Азат елдің ар-намысын ұрлаттың. Күн көзінен қызғанушы ед бабалар, Ашып бердік сыр сандығын жұмбақтың.

Өзге ұлтқа, өзге жұртқа қимаймын, Сахарама сұлуларсыз сыймаймын. Қыз баласын қырық үйден тыя алмай, Ұлғаюда күннен-күнге мұң-қайғым.

Қызғанамын қазақ қызын өзгеден, Тағатсызбын, бұл қорлыққа төзбегем. Ар-иманын арулардың қорғайық, Иман нәрін, қазақ жанын сезбеген.

Баққа балап, бетін қақпай көнеден, Қыз баласын ырыс-құтқа теңеген. Қазақ қызы – қызғалдағым, көріктім, Қазақ жұртын қуанышқа бөлеген.

Ата-анасын жастайынан сыйлаған, Өмірдегі ең жанашыр сыйлы адам. Ер-азамат бақыт құсын қондырып, Өзге жанға қазақ қызын қимаған.

Қазақ қызы – қызғыш құсым, қазынам, Сендер жайлы айтылады нәзік ән. Биік қойсаң ел мен ердің намысын, Намыссыздық індетінен жазылам.

Ибалы жан, ұяң мінез, көркемсің, Ерекшесің, өте сұлу еркемсің. Тек өзіңді сүю үшін жаралғам, Ыстық жүрек – от-жалын боп өртенсін!

Ыстық жүрек – лапылдасын, қайнасын, Тек өзіңді, сүйе берсін ойласын. Қазақ қызы қасиетін жоғалтпай, Ұлт намысын, ер қадірін жоймасын!

Көзің қысық, көзің қара, көзің көк, Жүректе иман, бек шынайы сезім жоқ. Қазақ қыздың ар-намысын қорғаймын, Өзге жұртқа бере салар қызым жоқ.

Қазақ қызы – қасиетім, киелім, Туған елін құрметтейді, сүйеді. Өзге жұрттың босағасын аттамай, Өз елінде ғажап ғұмыр сүреді.

Өз елінде табады ғой бақытын, Пайдалы іспен өткізеді уақытын. Ақ маңдайы ай нұрындай әдемі, Жұмсақ мінез, жұмбақ жанды, жақұтым!

ДАЛА ҰЛЫ

Оқу іздеп келіп ем Алматыға, Алатаудың алма бақ, жәннатына. Дала ұлын басты ғой бауырына, Қосылдым ғой қалалық санатына. Париж, Лондон, Дубайға бармасам да, Қонақ үйде бес жұлдыз қонбасам да. Достарымды қасыма ертіп алып, Көктөбеде боламыз анда-санда.

Шаршатады кей-кезде қала өмірі, Жаһандану заманның жаңа өмірі. Жусан исін, құрт-айран, қазы-қарта, Сағынамын, аңсаймын дала өмірін.

Қала халқы тәуелді несиеге, Несиесіз мәселе шешіле ме? Қала өмірі тынымсыз күйбелең ғой, Қайтармаса қарызды кешіре ме?

Жүрегімді қысады тасқамалдар, Айналамда бейтаныс басқа жандар. Жүрегінде мейірім жоқ, жүзде жылу, Азғындықпен, айламен дос болғандар.

Биік-биік белдерден өтпесем де, Мансап қуып, мақсатқа жетпесем де. Қасиетім адамдық бұзылмайды, Жаратушы Тәңірмен серттесем бе?

Қарапайым қалпымнан өзгермеймін, Қызықпаймын жылтырға, көз көрмейді. Жақсылардың жанына үйір болам, Ата сөзге тоқтаймын, сөз бөлмеймін.

Қара қылды қақ жарған Төле бабам, Өздеріңнен өшпейтін өнеге алам. Адамдықты сақтаймын қайда жүрсем, Өнер-ғылым жолында дана болам.

Жүре алмаймын жорғалап жылан болып, Әлсіздерге күш жұмсап, жуан болып. Асқар шыңның шығамын биігіне, Қалқып ұшқан көктегі қыран болып.

Үйренемін қала өмір, жаңа өмірге, Ойым дамып, өседі санам бірге. Қарапайым қазақ боп қала берем, Көркейеді менімен далам бірге.

2168 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы