• Бас мақала
  • 22 Қаңтар, 2020

КИЕЛІ ЕГЕМЕНДІКТІ КИНО – ӨНЕРІМІЗ КӨРСЕТЕ АЛДЫ МА?

Батырбек ҮРІСТЕМБЕКОВ 

Қашан біз бүгінгі кейбір жастардың санасынан «1990-шы жылдары тек рэкетирлер ғана болды!» деген тым біржақты және зиянды пікірді алып тастаймыз?! Расында да, неге бүгінгі қазақ киносында Еліміздің Тәуелсіздік алу Ұлы Тарихи Оқиғаcының және Азаттықтың алғашқы жылдарының әрі үлкен, әрі жоғары көркем БЕЙНЕЛЕРІ әлі де жоқ?! Әрине, «Жұлдыздар тоғысқанда» атты Елбасы өмір жолы мен Қазақстан елінің дамуына қосқан зор үлесі жайлы, әсіресе 1980-шы жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басындағы Қазақстан тарихындағы Елеулі әрі өте қиын Кезең туралы көпсериялы ауқымды көркем фильм бар. Алайда, жалпы сол Тәуелсіздік алу жылдары немесе жеке тақырып ретінде 1990-шы жылдар туралы фильмдер өте аз, бұл бүгінгі қазақ мәдениеттануындағы, өнертануындағы өте таңқаларлық және түсініксіз, парадоксалді факт. Былай қараса, Егемен Қазақстан Республикасы үшін ең күрделі, ең жауапты және ең маңызды кезең 1990-шы жылдар болды. Дегенмен, бұл алып тарихи әлеуметтік, тіпті ұлттық тақырыптағы фильмдер жоқтың қасы. Бұл дұрыс емес. Біз еліміздің Тәуелсіз статусын дәріптеу керекпіз, біз еліміздің Егемендігін, Мемлекеттігін, Ата Заңын және дамушы елдердің қатарында келе жатқанымызды қастерлеу керекпіз!!! Оның орнына бүгінгі қазақ киносы не ұсынып отыр?! Жиырма жыл бұрын жағдай (сол кездегі қиындықтар мен қауіптерді ұмытпасақ та) әлдеқайда ЖАҢА әрі ЖАРҚЫН еді. Ол кезде біздің ел үшін барлық Әлемдік процестер мен құбылыстар өте жаңа еді. Енді ғана жаһандық нарықтық экономика басталды, енді ғана демократиялық зайырлы қоғамға өту басталды, енді ғана технологиялық және ақпараттық даму басталды, керек десеңіз Елордамыз ол кезде енді Әлемге таныла бастаған еді. Егер сол кезде шын орын алған үлкен қиындықтар, күрделіліктер мен мәселелерді ескермесек, Қазақстанның Әлем картасында өз бейнесі, өз мәдениеті және өз ұлттық құндылықтары мен өз бағыты бар заманауи РЕСПУБЛИКА ретінде ЖАҢАЛЫҚ болып, ЖАҢА ҮЛГІ болып, енді пайда болу, қалыптасу кезі деп айтуға болады. Бұл ұлттық тарих ғылымы үшін ғана емес, бүгінгі ӨНЕР үшін де өте маңызды, өте позитивті (саяси егемендікке және халықаралық абыройға қол жеткізу) ДӘУІР емес пе?! Былай қараса, сол кез туралы өте үлкен көркем фильмдер пайда болу керек еді. Өте жақсы әндер, терең сараптамалық және әдеби кітаптар, өте мықты деректі фильм-дер мен телебағдарламалар бар, алайда биік шоқтық боларлық көркем фильмдер (пьесалар) әлі де аз. Бір мысал келтірейін. Кез-келген әлеуметтің ішінде өте көп ұжымдар (бұл сөзді саяси емес, макросоциологиялық(!) ғылыми термин ретінде алып отырмын) бар, сол ұжымдардың барлығы үйлесімде өмір кешуге тырысып бір мемлекетте, бір қоғамда орын алады, дамиды, қалыптасады. Әр қоғамда экономиканың және әлеуметтік өмірдің барлық салалары, барлық тармақтары бірлікте және бір-бірімен тығыз байланыста дамиды. Дәл сондай ЖАҒДАЙ уақытша едәуір қиын экономикалық жағдайда, 1990-шы жылдарда да болды, әрине. Алайда, «Рекетир» көркем фильмі біздің назарға тек бір ғана жеке әлеуметтік топты негізгі тақырып ретінде көрсетіп берді. Кешіріңіз, ал қалған көптеген әлеуметтік топтар, ұжымдар сол фильмде қайда?! Иә, заңды сақтау ол кезде қиындау болғаны рас. Оны ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ. Бұл ащы болса да, даусыз тарихи факт. Дегенмен, кәдімгі мұғалімдер, дәрігерлер, экологтар, тілшілер, жазушылар, ақындар, әншілер және қатардағы кеңсе қызметкерлері БАР болмақ түгілі, өз күнделікті тірлігін көріп, өз жеке бас мәселелерімен айналысып, кәдімгідей өмір сүріп жатты, көбісі жаңа заманға шамасы жеткенше заңды(!) түрде бейімделуге үнемі тырысты. Керек десеңіз, зия-лы қауымның біраз бөлігі өз тарапынан жаңа ұлттық мәдениетті, өнерді, ғылымды, жаңа ұлттық қоғамдық этиканы дамытуға, жақсартуға, дағдарыстан алып шығуға, сақтап қалуға барша үлесін де қосуға тырысты. Енді сол қарапайым (бандит емес), керісінше еңбекқор, қайраткер ЖАҢА РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫҢ бүгінгі жаңа көтерілуіне атсалысқан қатардағы адамдар, көпшілік, халық бейнесі қайда, неге жоқ?! Фильмнің басты кейіпкері – рэкетир. Алайда 1990-шы жылдары рэкетирлер бар болса да, ықпалды болса да, олардың «ең ірілері» бүкіл халықтың тек 5% ғана құрады. Егер 1990-шы жылдары криминалды фильм түссе, бұл адам ретінде белгілі бір деңгейде түсінікті жағдай болар еді. Алайда «Рэкетир» фильмі көрсетілген жыл – 2007 жылы, ал екінші бөлімі тіпті 2010-шы жылдары шықты. Білетініміздей, тіпті 2000 жылдың өзіне қарай құқықтық жағдай әлдеқайда түзелді, ЗАҢ әлдеқайда күшейді! Бұның кинодағы көрсеткіштері «Саранча» сериалы (басты кейіпкері – киллер емес, полиция қызметкері!), «Кто вы, господин Ка?» көркем фильмі және т.б. осы бағыттағы отаншыл фильмдер. Бұл біріншіден. Екіншіден, заң аясынан шықпауға тырысқан, заң аясынан әлі де шықпаған 95% халық бүгін көрермен ретінде ӨЗІН экраннан көргісі келеді, оның үстіне өзінің жастық шағындағы дәуірді (бірақ тым көп артық атыс-шабыссыз, тым көп детективті сюжеттерсіз!!!) бір еске алуға қарсы болмас еді. Оның үстіне, ол кезде адамдар ешқандай электронды құралдарсыз (айфон, планшет, ноутбук және т.б.) және Ғаламторсыз, спутниктік теледидарсыз және әлеуметтік желілерсіз бір-бірімен тікелей қарым-қатынасқа түскен, достасқан, сырласқан, сөйлескен, күнделікті өмір сүрген, жоғары білім, заманауи ғылым, ақпарат пен мәдениетті тұтынған. Ғаламтор мүлде жоқ болғандықтан, ол кезде Ғаламторға тікелей немесе жанама қатысы бар соншама көбейіп кеткен сан жетпес өткір әлеуметтік және психологиялық күрделі мәселелер мен жағдаяттар да ЖОҚ болды емес пе!? Шектен тыс ақпараттық әлем ол кезде әлі жоқ еді! Тым болмаса дәл осы тұрғыдан, біз 1990-шы жылдар мен 2000-шы жылдардың бірінші бөлігін әлдеқайда САЛАУАТТЫ, әлдеқайда ТЫНЫШ және әлдеқайда АДАМИ ПСИХИКАҒА ЫҢҒАЙЛЫ деп айта аламыз. Иә, тұрмыс қиын болды, алайда адам мен адам арасында миллиондаған экрандардан, мониторлардан, ватсаптардан және вклардан өрілген «ЖЕЛІ» болмаған еді!!! Ол қиын, алайда әлі асығыс емес заманда барлық қарым-қатынас тікелей, әңгімелесу тікелей, ақпарат алмасу тікелей (ары кетсе, үй телефоны немесе қағаз хат арқылы), білім алу қағаз кітаптар, қағаз газет-журналдар, арналары тым көп емес теледидар арқылы жүзеге асты. Және бұл жағдай катастрофа болмаған еді, адамзат ғасырлар бойы өмір сүрген қалыпты, кәдімгі ЖАҒДАЯТ, өте ТҮСІНІКТІ адами өмір сүру салты еді!!! Айтпақшы, жиырма жыл бұрынғы өмірмен салыстырғанда қазіргі тым күрделі ақпараттық цифрлік ЗАМАНДЫ да кинода, өнерде толыққанды және кеңінен бейнелеу керек. 1990-шы жылдары ұлы тарихи жетістіктер КӨП болды. Егемендікті алу, Елтаңба мен Тудың пайда болуы, Алғашқы Қазақ Парламентінің сайлануы, Құрбан Айт пен Наурыз іспеттес мерекелердің оралуы, ТЕҢГЕ атты төл валютамыздың пайда болуы, Ата Заңның қабылдануы, қандастарымыздың оралуы, Астананың құрылуы, бір сөзбен айтқанда бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің заманауи мемлекеттігі сол кезде басталды. Неге осы жарқын оқиғалар туралы жоғары деңгейлі КӨРКЕМ ФИЛЬМДЕР әлі жоқ?! Ал сол кезде танымал болған гуманитарлы саладағы жетістіктер мен өте жарқын бейнелер, есімдер қаншама?! Талғат Мұсабаев пен Тоқтар Әубәкіровтің Ғарышқа ұшуы! Қазақстан Ұлттық Банкі пайда болды, Қарулы Күштер құрылды, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» негізгі басылымдары шыға бастады, ең негізгі саяси тірегіміз «Нұр Отан» партиясы сол кезде құрылды (1999 жылы), Семипалатинск – Семей, Джамбул – Тараз, Гурьев – Ақтау, Кокчетав – Көкшетау және Целиноград облысы – Ақмола облысы тарихи ТӨЛ атауларын қайтарды. Мәдени сала – тұнған жаңалық еді! Мұхтар Шаханов пен Бекболат Тілеухан, ал Әдебиетте Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі», Әбіш Кекілбаевтың «Абылайханы», Ғафу Қайырбеков пен Дулат Исабеков, Кеңес Дүйсекеев пен Сәкен Қалымов. Нұрқанат Жақыпбай мен Тюлькин, Тимур Бекмамбетов пен Серік Апрымов іспеттес театр және кино режиссерлері, МузАРТ тобы мен Батырхан Шүкенов, «Үркер» рок группасы және «Адай» тобы. Алматыда «Бауыржан Шоу» театры, Шымкентте «Шаншар» театры, «Хабар» телеарнасында жарық көрген «Перекресток» атты алғашқы қазақ телесериалы көп жыл бойы экраннан кетпеді. Ал КИНО әлемінде тіпті «Жаңа толқын» пайда болды, режиссерлер өте көп келді Талғат Теменовтен бастап, Сатыбалды Нарымбетовке дейін! Қазақ Ұлттық өнер университеті және Айман Мұсақожаева, Нұрлан Өнербаевтің «Қарағым-ай!» әні, Марат Омаровтің «Биле, жас-тар, биле» әні, Роза Рымбаеваның «Түркістан» мен «Наурыз» әндері қазіргі тілмен айтқанда «МЕЙНСТРИМ ХИТІ» болған еді. Және осы тізімді өте ұзақ жалғастыра беруге болар еді... Неге бүгінгі таңда біз Тәуелсіздігіміздің алғаш тәй-тәй басқан әрі балғын, әрі өте рухани ұлттық ояна бастаған заманды КӨРКЕМ фильмдерден әлі көрмейміз?! Иә, 1990-шы жылдары қуаныш та болды, мұң да болды, жақсылық та болды, жамандық та болды. Сол кезде түскен кейбір фильмдер өте ауыр «Кардиограмма», «Отырар», «Ақсуат» және т.б. Дегенмен, қайталап айтамын, ҚУАНЫШ та болды, ЖАҚСЫЛЫҚ та болды деп тұрмын!!! Бұл да тарихи факт!!! Жаңа режиссерлерге, жаңа сценаристерге, жаңа авторларға және жаңа жазушыларға осы шындыққа да мән беруге уақыт келді деп ойлаймын. Қуаныштардың да, жақсылықтардың да ЖАҢА тарихи және деректі фильмдерден кеңінен көрініс табуға уақыты келді!!! 1990-шы жылдары халық арасында көшедегі қылмыскерлерден гөрі, ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫ, жаңа қайраткерлері көбірек болды!!!

518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы