• Мәдениет
  • 22 Қаңтар, 2020

ОЛИМПИАДА ҚЫР АСТЫНДА

Нұрлан ҚҰМАР

Мемлекетіміз Тәуелсіздігін 1991 жылдан алғалы бері әлем халқы жер бетінде Қазақстан мемлекеті бар екендігін толық білді. Бұған спортшыларымыздың қосқан үлесі шексіз. Кезінде Тұңғыш Президентіміздің өзі мемлекетімізді дүниежүзі екі жағдайда, біріншісі, Мемлекет басшысы ресми сапармен барған кезде және спортшыларымыз жүлделі болған кезде таниды деп тегіннен-тегін айтпаған еді. Ең басты дүбірлі доданың алғашқы алтынды бұдан 26 жыл бұрын, яғни 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиадада атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов салып берді. Бірақ өкінішке орай, содан бері қысқы ойындардан алтын алып, Туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды әуелеткен спортшыларды көрмедік. Елімізде бұдан тоғыз жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында VII Қысқы Азия ойындары өткені белгілі. Дүбірлі бәсекеде 32 алтын, 21 күміс және 17 қола, яғни барлығы 70 жүлдені еншілеген қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алғаш рет бірінші орын алған еді. Құдайға шүкір, жазғы Олимпиададан қазақ спортшылары жүлдесіз қайтқан емес. Себебі бокс, күрес, ауыр атлетика сынды оң жамбасымызға келетін спорт түрінен жерлестеріміз үнемі жүлде алып келеді. Биылғы тышқан жылғы олимпиада еліміз үшін Тәуелсіз ел ретінде қатысқалы отырған жетінші жазғы Олимпиада ойыны болмақ. 1992 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп «Біріккен команда» құрамында өнер көрсетті. Ал, жеке ел ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы олимпиадаға қатыстық. Шаңғышы Владимир Смирнов бұл дүбірлі доданың соңғы күнінде 50 шақырымдық алыс қашықтықта алтыннан алқа таққан болатын. Осылайша В.Смирнов Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы олимпиада чемпионы атанды. 1996 жылы АҚШ-тың ХХVI Атланта олимпиадасында өткен додада спортшыларымыз алғаш рет жазғы олимпиадада бақтарын сынады. Атлантада еліміздің намысын 96 спортшы қорғады. 14 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде (жалпыкомандалық есепте 24-ші орын) еншілеп қайтты. Араға 4 жыл сала Сиднейде өткен ХХVIІ Олимпиадада ұлттық құраманың саны арта түсті. 130 спортшы 17 спорт түрінен бақ сынады. Онда жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс (жалпыкомандалық есепте 22-ші орын) еншіледі. 2004 жылы Афинада өткен ХХVIІІ Олимпиадада Қазақстан құрамасы 17 спорт түрінен сынға түсіп, барған 119 спортшы 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль (жалпыкомандалық есепте 40-шы орын) иеленді. 2008 жылы Бейжіңде байрағы көтерілген ХХІХ додада еліміздің намысын 132 спортшы 22 спорт түрі бойынша бақ сынап, 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 29-орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшылар ірі жетістікке Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиадасында қол жеткізді. Олимпиаданың алғашқы күндерінде жалпыкомандалық есепте тіпті Ресейден де озып, ТМД бойынша бірінші тұрған күндеріміз болды. Азуын айға білеген спорттық держава, әр Олимпиадаға бірінші орынды ғана мақсат етіп баратын көршімізді солай бір қапы қалдырдық. Жеті алтын, бір күміс, жеті қоламен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орынды иемденді. Бұл – үлкен жетістік. 115 спортшымен аттанып, 20 спорт түрінен жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. 2016 жылғы Жазғы бәсекеде Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен олимпиадада 17 медаль олжалап, өз тарихында жүлделердің саны бойынша рекорд орнатты. Алғаш болып алтын жүлдені ауыр атлет Ниджат Рахимов олжаласа, жүзуден Дмитрий Баландин, бокстан ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов топжарып, олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдеге Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов (екеуі де бокстан) Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), қола жүлдені Отгонцэцэг Галбадрах (дзюдо), Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (екеуі де еркін күрестен), Иван Дычко мен Дариға Шакимова (екеуі де бокстан) олжалады. Осылайша Қазақстан құрамасы жүлде алған 86 мемлекеттің ішінде 22-ші орынға көтерілді. 17 миллион халқы бар Қазақстан 170 миллион адамын көз қуаныш етіп отырған мемлекеттер (Нигерия, Пәкістан, Бангладеш) бағындыра алмаған шыңға шықты. Биылғы 2020 жылдың жазында Жапонияның Токио қаласында XXXII Жазғы олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылдық дүбірлі додаға қатысуға арналған лицензиялық жарыстар биылғы жылдың басында көптеп сарапқа салынады. Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қанша жолдама алу көзделгенін атап өткен болатын. «Жолдама бойынша Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың межесінен кем түспеуді көздеп отырмыз. Шатаспасам, Риода 104 жолдама болды-ау деймін. Токиоға да кемінде 100 жолдама алуымыз керек деп ойлаймын», – деді ол баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, дәл қазір олимпиада лицензиясына жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен жүзуші Дмитрий Баландин ғана қол жеткізген. «Медальдің көбін бокс пен жекпе-жек түрлерінен күтеміз. Күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының нәтижелерін талдап, қорытындыладық. Нұр-Сұлтанда жүлдеге ілінгендер Токиода да медальға таласады», – деді ол. Қазір Қазақстан құрамасының 25 спортшысы олимпиадаға қатысу құқығына ие болды. Бұдан бұрын ату спорты бойынша Юрий Юрков пен Сәрсенкүл Рысбекова, Ришат Хайбуллин (спорттық өрмелеу) және Дмитрий Баландин (100 және 200 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзу) иеленген болатын. Сонымен қатар спорт падишасы болып саналатын жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова мен Георгий Шейко, велоспорттан Евгений Гидич, классикалық садақ атудан ерлер командасы, садақ атудан Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мусаев та лицензияға қол жеткізген еді. Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина мен Александра Немич (мәнерлеп жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика) да төртжылдық бәсекеге қатысатын болады. Балуандарымыздың ішінде Валентина Исламова мен Эльмира Сыздыкова, классикалық күрестен Асхат Дилмұхамедов (грек-рим күресі) пен Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен Әлішер Ерғали, Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Кайсанов боз кілемде бағын сынайтын болады. Байқағанымыздай әзірге былғары қолғап шеберлеріміз Олимпиада лицензиясын иеленген жоқ. Дегенмен биылғы жылы көптеген жарыстарда барлық боксшыларымыз дүбірлі бәсекенің жолдамасын олжалайтынына сенімдіміз. Жалпы, жерлестеріміз бокстан Олимпиададан құр алақан қайтқан емес. Үнемі алтынды жарқырап тағып, еліміздің көк Туын жиі желбіретіп жүргеніне көзіміз үйренді. Тоқсаныншы жылдары Кеңес үкіметі құлдыраған болатын. 1992 жылы Қазақстан Республикасының әуесқой бокс Федерациясы АИБА-ға мүше ретінде еніп, Азия құрлығындағы әуесқой ассоциациясының толыққанды мүшесіне айналды. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасы алғаш рет 1996 жылы АҚШ-тың Атлантада өткен Олимпиада ойындарына қатысқан болатын. Жарыстың қорытындысы бойынша біздің саңлақтар бір алтын, бір күміс, екі қола медаль еншіледі. Бейресми топтық сынақта біздің команда үшінші орынға табан тіреді. Бұл бәсекеде Василий Жиров бұрын-сонды болмаған нәтиже көрсетіп, Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, Вал Баркер Кубогін жеңіп алды. Олимпиада ойындарының тарихында бұл сыйлыққа тек 8 спортшы ғана қол жеткізген болатын. 1996 жылғы Олимпиада ойындарында Болат Жұмаділов күміс, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбырайымов қола медаль еншілеген. Ермахан Ыбырайымов төрт жылдан кейін, яғни 2000 жылы Австралияның Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында бұдан да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазақ жеріне алтын медальді құрамамыздағы ең жас спортшы Бекзат Саттарханов әкелді. Б.Жұмаділов Атлантадағы көрсеткішін қайталаған болатын. Ал ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков Сиднейдегі Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілген. Грекия жерінде өткен Олимпиада ойындарында да біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, еліміздің намысын қорғаған болатын. Тараз қаласында дүниеге келген Бахтияр Артаев Олимпиада ойындарында алтын медальді еншілеп, бокс тарихындағы ең құрметті сый – Вал Баркер Кубогіне қол жеткізген екінші қазақ боксшысы. Қарағандылық Геннадий Головкин күміс алқа тағынса, Серік Елеуов қола медальді қанағат тұтты. 2008 жылы Қытай астанасы Бейжіңде ұйымдастырылған Олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бақыт Сәрсекбаев алтынға қол жеткізсе, 81 келіге дейінгі дәрежеде Шыналиев Еркебұлан қоланы қоржынына салған. 2012 жылы Ұлыбритания астанасы Лондондағы додада 69 келіде бақ сынаған қарағандылық Серік Сәпиев алтыннан алқа тағынып қана қоймай, үздік боксшыға берілетін Вал Баркер кубогін еншіледі. 2016 Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиадада бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов финалдық жекпе-жегін сәтті өткізді. Жартылай финалда алған жарақатына қарамастан, Данияр бар шеберлігін салды. Егер ауыр соққы алса, қабағы кез келген сәтте қайта жарылып кетуі мүмкін еді. Соны ойлаған Данияр қорғанысты ұмытқан жоқ. Үш раунд бойы әдемі де тез қимылдарымен өзбек боксшысы Шахрам Гиясовтың алдын орап, оңтайлы сәтте өзі соққы жұмсап, теңдессіз шебер екендігін айдай әлемге көрсете білді. Лондон олимпиадасында 21 жасар Данияр ширек финалда қарсыласына есе жіберіп, жүлдеге қол созым жерде тоқтады. Енді, міне, тәжірибесі толысқан, нағыз дер шағында Д.Елеусінов олимпиада чемпионы атанып, 25 жасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына теңдессіз тарту жасады. Бұл жерде астын сызып айтатын жайт, 69 келі салмақта Бақтияр Артаев 2004 жылы Афиныда, Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Серік Сәпиев Лондонда топ жарса, 2016 жылы Данияр Елеусінов Рио-де-Жанейрода чемпион атанды. Бұған дейін олимпиада тарихында Куба елінің боксшылары ғана 91 келі салмақта төрт рет қатарынан (оның үшеуі Феликс Савонның, біреуі Одланьер Солистің еншісінде) озық шыққан еді. Дегенмен қазақстандықтардың ерекшелігі, төрт бірдей боксшымыз олимп шыңын бағындырды. Осылайша қазақ боксының дамуы үлкен қарқын алып, былғары қолғап шеберлеріміз барша халқымызды өз жеңістерімен қуантып жүр. Ендігі боксшыларымыздың мақсаты – 2020 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарында бұдан да көп белестерді бағындыру болып табылады. Былғары қолғап шеберлері мен сайыпқырандарымызға тек сәттілік тілейміз.

3027 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы