• Шежіре
  • 24 Желтоқсан, 2019

Ақтан арқылы айтылған ой

Шарафат Жылқыбаева

Әлемдік аренаға қазақ деген байырғы елдің көмескілене бастаған асқақ рухын қайтадан көтеруге ниет еткен адал қаламгердің айрықша тұлғасын әр шығармасы-ақ танытады. Орасан ой ауқымында толғаған Оралхан Бөкей өмірдің ерен кейіпкерлерін туындыларында бәз бір тірі адамдардай көрсете білді. Жазушының типтендіру тәсілінің өзі өзге ешбір қаламгерге ұқсамайтын, қалыптасқан қағидаларға симайтын ерекше. Хикая, әңгімелерінің кейіпкерлері жүз жылдық ойды қамтыса, повесть, романдарындағы образдар өз бойына мыңдаған жылдық даналықты сыйдырып тұр. Мәселен, «Ауыл хикаялары» циклындағы қарапайым бейнесімен даналыққа жетелейтін Мұрат ағасы «Іздегеніңді таптың ба?» деген сауал тастайды. Әңгіменің соңғы сөйлемі де осы сұрақ. Бұл Оралхан Бөкей деген қазақ жазушысының оқырманына салған сауалы. Жеке кісі ғана емес, күллі адам баласы қайда барады? Нені іздейді? Іздеген нәрсесін тапты ма? Осы тұста қаламгердің өз күнделігіндегі мынандай жолдар еске түседі: «Осы жұрт бір жаққа асығуда. Қайда асығып бара жатқанын өзі де білмейді. Білсе асықпас еді ғой». Индивид көздеген мақсатына жетуге асығады. Оның іздейтін нәрсесі де мақсаттың нәтижесінде. Ал бүтін ел, күллі қоғам, жалпы адамзаттың жүрек қалауы не нәрсе? Ол «мамырыстан тыныштық», бейбіт өмір болар немесе ертегілердей бейнетсіз, берекелі, алтын-күміс шашылып жатқан заман шығар? Философ жазушының бірнеше мың жылды түгел қамтып тұрған бір ерекше кейіпкері бар. Ол «Мұзтау» повесіндегі Асан қария. Оны неге ел өтірікші шал дейді? Өткен дәуірлердің ойшыл өнегесінің символы бұл қария. Өткеннің өрелі тұстарына жалған деп жала жапқан кезеңде өмір кешкен қазақ қаламгері кейіпкер болмысындағы шындықты көріпкелдікпен астарлай білген. «Өтірікші Асан» – жұмбақ есім. Асан – келмеске кеткен ғұлама жан. Ол – байтақ елдің тұнық санасы мен терең ойының, ұшқыр қиялының айнасы. Қарияның сергек логикасынан туған қиял-ғажайып хикаялар, байырғының тотыдай көркем ертегілері, өмір әңгімелері тыңдап отырған балалардың жүрегіне қуат құйып, өмірлік күш сыйлады. Иә, дәл солай. Асан шалдың тауыстың қанатындай сан алуан шексіз әңгімелерін тыңдап өскен балалардың бірі Ақтан болса өмірдің сұрқиялығынан қажып, тіршіліктен түңілген сәттерінде бала кезінде санасына сіңген көне әңгімелердің қуат-күшінен нәр алып, келеңсіздіктермен күреседі. Анасы мылқау, өзі әкесіз өскен аңшы жігіт таудағы жалғыз үйде, адамдардан аулақ тірлік кешсе де пенделермен алысуға тура келеді. Ақтан «аңшы» атанғанмен, табиғат сақшысындай, орман-таудың күзетшісіндей. Оны әр қарағайдың тағдыры ойландырады. Кейде ауылға бара қалса таныстары «сен неге жұрт сияқты отау құрып, қалада тіршілік жасап, дүние жинап байымайсың?» деп кінә тағады. Олардың бұл сөзі бір жағынан қамқорлық та. Бірақ Ақтанның жан-дүниесі мүлде бөлек әлем. Пенделер дүниесінен бөлек тұрған табиғатқа жаны жақын, тек Бөкеевтің қаламы ғана суреттей алған ерекше әлем. Мәжнүн сияқты тау ішіне кеткен Ақтанды ағайындары «аң» атап, кісікиікке теңейді. «Сен осы кісікиік болып кеткен жоқсың ба?» деп қағытқан бір танысы. Сонда Ақтан: «кісі мәшін болғаннан кісікиікке айналған әлдеқайда рахат-ау деймін» деген-ді. Расында ҒТР заманында адам жаны да темірдей қатайып, адамның өзі мәшинеге айналып кетпеді ме екен? Қол еңбекті темір құралдар, темір аппараттар ауыстырғанмен, оларды басқаратын адам деген тірі организмнің клеткалары темір-терсектің әсерінен жансызданғандай ма, қалай? Оның айқын көрінісін қоршаған ортаға қатыгез көзқарас пен мейірімсіз әрекеттерден көруге болады. Бір күндік табыс үшін өзгенің жанын жаралау, табиғатты сөз жүзінде «аялап», іс-әрекет жүзінде аямау көріністері повесть дүниеге келген 1974 жылы қылаң бере бастаса бүгінгі күні қоғам өмірін жаппай жайлаған. Біз ойшыл жазушының ескертуін ескердік пе? Шығармада жанға шаншудай тиер шын-дық айқын. 1974 жылы қаламгер былай деп жазған: «Қазір біз балаларды білімге үйретеміз, бірақ табиғатты сезінуге үйретпейміз. Сондықтан да, ой-өрісі өсіп, сезім-түйсігі бықсып бара жатыр, сондықтан да, қатал, аяушылық сезімінен жұрдай». Ардақты өлкенің тұнық табиғатына аялай қарайтын дарынды ұлы оның тылсым сырына да қанық. Ерекше эпитеттермен ежелгі мекен, ата қоныстың құпия тарихына, бар болмысына үңіледі. «Тәкаппар тас, ойшыл орман» Оралханды ойландырады. Туған өлкенің тау-тас, орман, даласы ғана емес, шуда-шуда бұлттары да тым ыстық. Биік бұлттарға жетпей ауаға сіңіп ғайып болатын үйден шыққан түтіннің өзі қадірлі. «Туған үйдің түтіні-ай шіркін, әтірсің-ау» деді, Ақтан даусын шығара». Автор мен Ақтанның жан-дүниесіндегі сезім бірлігі тау шыңындай асқақ, тау бұлағындай мөлдір, тау қойнауындай құпия. Көгілдір гүлдің күлтесіне тұнып қалған таңғы шықтай саф мөлдірлік оқушы жанын мөлдір сезімге бөлейді. Бөкеев прозасындағы көзге бірден көріне қоймайтын көгілдір бояу шығарманың ішкі иірімінде ақ нұрға шағылысып шуақ шашады. Таудың шипалы ауасымен тыныстап өскен ұланға құзыр шыңның бұжыр-бұжыр алып тастары да өз тарихынан әңгіме шерткендей: «Үрлеп қалсаң құлап кетердей оқыста әрең тұрған тастың ғасырлар бойы табиғаттың небір опатына бел алдырып миземеуі таң қалдырар еді». Тас та тарихтың бір мұрағаты іспетті. Өткен өмір баянын әр заман ұрпақтарына жеткізу үшін мызғымай, күйремей, бекем тұрған жартастардың жазушы қаламынан қалыс қалмауы бекер іс емес. «Мұзтау» повесінің мифтік-фольклорлық таным ауқымы туындының ерекше қасиет-терінің бірі. Ақтанды бала кезінде ертегі-аңызбен жанына рухани азық берген Асан қария таудағы көне үңгір – Тәңірқоймасына түсіп, ондағы аруақтармен тілдескенін түсі ретінде бір әңгімесінде баяндаған-ды. Түс –Бөкеев әдістерінің бір элементі. Егер автор айтар ойын кейіпкердің түсі ретінде жұмбақтап жеткізбегенде шығармаларының баспа бетін көруі ол кезеңде неғайбыл. Асан қарияның ежелгі аруақтармен диалогы жазушы еңбегінің мәйекті бөлігі. «Өз тарихтарыңды өздерің білмей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен бейшара ел... мына Тәңірқоймасында баба түнеген тас, баба жеген еттің сүйегі бар». Баба деп Шыңғысханды айтып отыр. «Ұлы Қаһан! Сендер ол туралы не білесіңдер. Жазу, сызуларың жоқ. Болған. Құртып жібердіңдер. Оны бабамнан көресіңдер. Жоқ, бұл кісі таңғажайып жұмбақты адам. Сондықтан да, ол туралы 700 жыл өтірік айтылды, енді жеті жүз жыл өтірік айтылады». Бағзы дәуірлердегі алып қолбасшылар жайлы шет жұрт, Еуропа оқымыстыларының жазған-сызғандарына имандай сенген бүгінгі біздің халды көре білген қазақ қаламгері туған елдің зиялыларын әр нәрсенің байыбына терең пайыммен үңілуге үндейді. Бұл жерде Бөкеев атақты қолбасшыны жақтап отыр деген ой тумауы тиіс. Бүгінгі жаңа көзқарасты оқырман Оралхан Бөкейді қазіргі өз идеясына иландыруға жанталасқан бәз біреулермен қатар қойса қателеседі. Ойшыл көреген болса ғана ойшыл. Философ жазушы туған халқымыздың тылсым тарихының құпия беттерін бөтеннің арам қолымен емес, өз ұлдарының адал қолымен парақтау қажеттігін ескерткен. Қаламгер ақ жүректен туған идея-ларын ұсынады, ал оны жүзеге асыруды оқырманның арына, ұрпақтарының еркіне қалдырады. «Ей, бейшара қазақ, қателеспеуің керек еді» дейді үңгірдегі аруақтар Асанға. Асан осы тұста бір қауым елдің өкілі есебінде сомдалған. Асанға айтылған сөз бүтін бір жұртқа, оның игі жақсылар тобына айтылған ескерту. Себебі тарихты таразылайтын жеке индивид емес, көпшілік. Туындыдағы оқиғалардың бір мекені Тәңірқоймасы үңгірінде баяғының байлары тығып кеткен қымбат қазына бар екен. Оның заттық көрінісі Ақтан үңгірге түсіп алғысы келген, бірақ ала алмаған асыл тастың сан түрі болса, осы үңгірдің мәні алтын-күмісінде ме, әлде басқа құпиясы бар ма? Арқанмен түсіп, үңгірдің мұзына табаны тиген Ақтан өзі көрмеген бірақ Асан қариядан, анасынан талай естіген әкесінің күміс етігін көргенде оған қызыға қарағанмен, сорайған жансыз мұз денеден ескен белгісіз ызғардан сескене берді. Үңгірдің мұз қабырғасына қатып қалған кісі денесінен әкесінің белгілерін көргенде есі кеткені рас. Пенделік ниет санасын сол сәт билеп алғандықтан өліктің аяғындағы етік пен асыл тастарға деген құмар сезімді сәлден соң өңменінен өткен суық өшірді. Жып-жылтыр айнадай қабырғалардан қарманып шығарға тіреу таба алмай дал болды. Салбыраған арқан жанына медет беріп, әупірімдеп жер бетіне көтерілгенде көрген жарық дүние Ақтанның жанына жылу сыйлады. Өмірдің бәрінен қымбат екендігін автор кейіпкер санасындағы сан бұлқыныс пен кенеттен пайда болған серпіліс арқылы әдемі дәлелдеген. «Адам қаншалықты сұлу, қаншалықты талантты болса, басқаларға тигізер қиянаты да соншалықты перен» деп, ой толғаған Ақтанды жер бетіндегі тіршілік, пенде өмір жалықтырған еді. Үңгірге түсіп шыққан соң ол өзгерді, кісілерге деген кешірімділік сезімі ұлғайды. Осындай күйде жүргенде дидарласқан Қан деген замандасы Ақтанның сеніміне қаяу түсіріп қана қоймай, жанын жаралады. Қан жасаған қиянат үлкен зұлымдықтың анық үлгісі екендігі аян. Егер Асан қария мен аңшы Ақтан көне мен жаңа заманды жалғастырушы жиынтық образдар болса, Қан – оқу-білімді арамзалыққа пайдаланушы, бар сұрқиялықты бойына жиған, сұм пендешіліктің нағыз жаңа типі. Оқығандар білімді ғана емес, парасатты да жеке бас даңқы, дүние-байлық мүддесіне жұмсайды. Ақтанға қызмет мансабы да қажет емес. Ол таза табиғаттың қорғаушысы болып қалғысы келеді. Оның ішкі мені екеу. Бірі аңшы, екіншісі Ақтан. Аңшы: – Ақшаны адал еңбегіңмен таппайсың ба? Егер мұз үңгірде сайтан да жоқ болса, сол қапастан қайтып шыға алмай қалсаң қайтер едің? Ақтан: – Адал еңбек, адал еңбек. Кім табан ет, маңдай терімен байып жүр? Ол байлыққа өкіметті тонау, әлдекімді өлтіру арқылы емес, азаматтық айла-тәсіл, жойқын күшімнің арқасында қолым жетсе ше, адал еңбек емес пе? Аңшы: Ол батпан құйрыққа басқаның да тері мен қаны сіңген ғой Ақтан: – Басқа да басқаларды сору, тонау арқылы жиған шығар сол алтын мен күмісті. Сен маған ылғи адамның күні адаммен деп ақыл айтасың, олай болса, қандай да байлық біреудің қанауымен; нендей де бір жақсылық, біреуді біреудің алдап-арбауымен, қандай да тоқтық басқаның аштығы арқылы жасалмай ма? Жазушы бойына параллель қасиеттерді үйлесімділікпен сыйдыра білген. Жүректегі қос дауыстың айтысы Ақтанның жеңуімен аяқталады. Оны үңгірге жетелеген де Аңшылық емес, Ақтандық рух еді. Ақтан Қаннан қиянат көрсе де санасындағы үлкен сезім – жеңілмеу сезімі оны күреске жетелейді. Ақтан адал адам. Өзіне ғана емес, барша адамзатқа тұнық тіршілікті тілеуші жан. Ол тілегі – орындалмас арман. Тау бұлағындай таза өмір бұл заманда орнамақ емес. Саф сезім, пәк ниет, адал жүректі адамдар бағзы заманда қалып қойған сияқты. Бұл өмір тек Қан сияқты пенделердің қоғамынан тұратын сияқты ма, қалай? Күрес – өмірдің заңы. Жазушы намысқой, тәкаппар, таза жүректің адамы Ақтан деген жас жігітті күрестің ақ жолына салады. Аяғына Асан қариядан қалған шаңғысын іліп, мылқау шешесін арқалап, Қанның ізіне параллель із салып қуған Ақтан мәңгілік жолмен жүріп келеді. Ол –күрес жолы. «Уақыт қанжар, заман оның қылпылдаған жүзі, бүгін бетін берсе, ертең артын береді» дейді жазушы. Оның кейіпкері көнеден тартқан жақсылықтың желісін жалғастырушы. Бұрынғыға оралмай ілгері адымдау мүмкін емес. Ақтанның қайратын қатайтқан да байырғы рух. Асан қарияның әңгімелерін рухани азық еткен жас жігіт кемел келешекті мұрат тұтпаса да ақиқаттың ақ жолымен арманның асуына сапар шеккен. «Ақтанның артында қос із қалды. Бірі – Қандікі, екіншісі – өзінікі. Сол қос із ақдария дүниені кешіп, алысқа мәңгі шексіз, мәңгі жұмбақ, тұңғиық та көк мұнар беймағлұм ертеңге аттанған. Қайсысы озады, кімді кім жеңеді, ол да тұман». Оралхан Бөкейдің туындыларындағы алып кеңістікті қамтитын ой-таным деңгейі әлемдік санамен астасып жатыр. Мифологиялық түйсік жазушылық шеберлікке сүйеу болып, орасан ойлар тудыруға негіз болған. Бір кейіпкері – қоғамдағы бір кісі емес, айрықша адамдардың біріккен бірегей образы. Кейіпкерлерінің санасындағы психологиялық ерекше иірімдерді күй сарынындай әсерлі жеткізе білген қазақ қаламгері оқырманының пайым-түсінігіне оң ықпалын тигізе алуымен дара. Әсемдік –эстетиканың ерекше категориясы болса, оқушы жүрегіне сәуле сыйлап, жан сұлулығына жетелеу, әдеміліктің сырын пайымдату – жазушылық функцияның күрделі саласы. Адам табиғаттан алшақ кетсе, сезімталдығы кеми береді. Бар әсемдік табиғатта. Адамға көркемдікті табиғат сыйлады. Бала бар жақсыны анасынан үйреніп, анасына еліктейтіні тәрізді кісі бойындағы сұлу сезім табиғат анадан дарыған. Адамдар соны қаншалықты дәрежеде түйсінеді? Мысалы, аққу – сұлулықтың символы болса, оның ардақты мекені – көгілдір көл, тамылжыған тірі табиғат. Аққу торда тіршілік ете алмайды, оны төрт қабырғаның ішіне қамау да бекер. Қатқыл қоғам олардың жанына жат. Олардың тау ішінен, табиғат аясынан сая іздейтіні де сондықтан. Жазушы шынайы сұлулықты шырайлы қалпында көз алдыға әкеледі. Табиғаттың әр бөлшегінің адам үшін орасан маңызы барын кейіпкер тұжырымы арқылы түйіндейді. Кейіпкердің эмоциясы бір сәттік әсер емес, дәуірлік маңызы бар, адамдық ұлы қаисетке қажет жағдай: «Тұп-тұнық көк әлемі – тұнығы шайқалмаған көңілдей еді. Аппақ қарын айтсаңшы – аппақ қарын, Ақтан сол ақша қардың үстінде шалқасынан жайрай түсіп ұзақ жатты. Тәңірім-ау, қандай ыстық еді, мынау қар, арқаңнан өткен қызуы-ай; Тәңірім-ау, не деген мөлдір де түпсіз аспан! Тәңірім-ай, қарағай мен самырсынның иісінен артық не бар екен жалғанда! Бисміллә, оразамды тіршіліктің ақша қарымен ашайын. Осындай да тәтті қар барын неге ғана байқамағанмын? Көкірегінің көбігі бар, ей пенделер, сендерді мұзүңгірге, бір-бір рет қаматып алу керек екен. Сонда ғана тәубеге келер едік...». Бұл – мұзүңгірден әупірімдеп шыққан Ақтанның монологы. Терең үңгірде «не істеу керектің» сарсаңына тап болып, аласұрған біраз уақыт жан қиналысының арқасында бәрінің де қадірін түйсінді. Өмір деген мектептің тағы бір пәнін тәмамдап, көжиегі кеңейді. Көк, күн, жер. Ақтан тіршіліктің тірегі осылар екендігін білсе де, осы үшеуінің адам үшін жаратылғандығын, демек адам өмірдің ұлы көшімен ілгері адымдау керектігін тұңғыш ұққандай сезімде болды. Адамның жаратылысқа деген ынтықтығын жазушы бір детальмен-ақ көрсеткен. Ол – қызуы мол ыстық қар. Ұзақ уақыт нәр сызбаған Ақтанға ақ қар да дәмді болып көрінеді. Жаратылыстың сырына терең бойлауға жетелейтін сергек сезімталдық, өрелі ойлар, өмірдің қатпар-қатпар сан мың астарының құпиясына даналық көзбен қарау, міне – Оралхан Бөкейдің жазушылық тұлғасына осындай қасиеттер тән. Оралхан Бөкей әр құбылысқа көреген көзбен қарайды. Оның шығармаларынан жеке бір кезеңнің ғана суретін кездестірмейміз. Жер жаһанға ортақ тіршілік иесі – Адам. Адам қай қоғамда, қай дәуірде өмір кешсе де тағдырының жетегінде болатындықтан табиғаттың бір бөлшегі екендігін есте ұстауы тиіс. Қазақ жазушысының әлемдік сана ауқымындағы асыл ойлары ұлтымыздың игілігі.

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы