• Қоғам
  • 24 Желтоқсан, 2019

Рухымды аман алып қалған жырлар

Жетібай Рақымберді Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Мансап» орталығының басшысы, әдебиет сыншысы

Әдеби алаңға біреу сезімнің, біреу ақылдың, біреу қиялдың жетегінде келеді. Енді бірі үшеуін бірге тоғыстырмаққа тырысып бағады. Жаратқан берген дарынды сарқа пайдаланып, ол таусылғанда тастап та кетеді. Біреулердің ізі қалады, ал біреулердің ізі тұрмақ бір ауыз үні де қалмайды. Әдеби алаң – талант пен талғамды, дарын мен еңбекті ұштастыра білген жандардың ғана алаңы. Сөзді «Әдеби алаң» деп бастауымыздың өзіндік себебі бар. Үшбу себепті түсіндірмек үшін, «алаң» сөзін талдап өтелік. «Алаң» омоним сөз. Бірінші мағынасы: бос жер. Екінші мағынасы: әбігер болу, мазасыздану, көңіл-күйді білдіретін сөз. Үшінші мағынасы: қойда болатын топалаң ауру түрі. Ал, біз алаң сөзін бірінші мағынасында қолданып отырмыз. Демек, мұнан шығатын қорытынды былай болмақ: әдеби алаңды толтыру, толықтыру үшін санасы сергек, намысы нарықтан үстем, рухани кемелденген жандардың келмегі ләзім һәм шарт. Десек те, әдеби алаңға кім келіп, кім кетпеді?! Саналысы бар, санасызы бар. Өрелісі бар, өресізі бар. Осы орайда бізді толғантатын бір жәйт: әдеби алаңға келер-келместен бір-бірін сынау-мінеу, мойындамау, астамшылдықпен сөз айту жиілеп барады. Соның ішіндегі ең көп сөз болатыны: діни поэзияға деген ұнамсыз көзқарастар мен пікірлер. Мақаламызда атын атап, түсін түстеуді жөн санамадық. Сөз иесін таба жатар. Дегенмен, осы мақаламызды діни поэзияның сойылын соғу немесе оны жерден алып жерге салу мақсатында емес, түп-төркіннен тартып, жетістігін жеткізіп, кемістігі болса көрсетуге арнап отырмыз. Қазақтың маңдайына біткен шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиет – асыл сөз», – деп атау беріп, мәнін ашып, мағынасын мығымдап берген екен. Олай болса, жазушы мен ақын асыл сөзге ақ үлес қосып жүр десек артық емес. Ғасырлардың қазыналы қойнауын ақтарсаңыз сөзіме дәйек таба аласыз. Қанша уақыт көші жылжымасын, сөз өнері алдыңғы орыннан түспеген. Сол асыл сөздің ішіндегі поэзия – сезіммен серпіліп, қиялмен қанаттанып, ақылмен ажарланған асыл сөздің бір тегі. Адамның ішкі жан тебіреністерін терең бейнелейтін, сезім мен сырға толы толғаныс. Дәуірлер шеңберінде поэзияға баға беріп, анықтама айтқандар жетерлік. Оларды қайталау мансұқ болар. Сол себепті нақты нысанға көшкенді ғибрат санадық. Сонымен, дін және поэзия. Бұл екеуі неге қабысты? Неге құран, хадис сығындысы поэ-зияда көрініс берді? Екеуінде бар насихатты қайталап не керек? Осы секілді сансыз сұрақ бар, оның сыртында сансыз сауал бар. Ендеше, шама-шарқымыздың келген тұсына шейін сауалдардың жауабын беруге тырысып бағамыз. Ең алдымен мына бір мәселенің мазмұнын айқындап алайық. Ескі қазақ поэзиясында дін болды ма? Біз әлмисақтан бері мұсылман жамағат-пыз. Көне ескерткіш жазбаларымыздың өзінде «Тәңір, бір Тәңір» деген сөздер бар. Демек, біз, Құдай бар, ол жалғыз деп өскен-өнген жұртпыз. Ал, исі мұсылманның Хақ Тағала жайлы сөз қозғамауы, өлең төкпеуі мүмкін емес. Ары бармай-ақ, тариқатты таратып, мағрифатты мазмұндап, шариғатты ширатып, хақиқатты күллі түрік жұртына, одан қала берді шығыс пен батысқа бастама болған Ахмет Иассауи бабамыздың поэзиясы тұнып тұрған дін емес пе?! Мінәжат қылды міскін Қожа Ахмет, Иә, Алла, бар пендеңе рақым ет. Сорлы Ахмет сөзі әркез көнермес, Жер астына кірсем де мен, ол өлмес, – деп бастау алатын даналық сөздері, Хикметтерім – шәкірттердің ырысы, Кірмес миға, болса кімнің кір іші. Кереметім – келген пәрмен Сұбханнан, Ұлы түбін Құран десін ұққан жан, – деп жалғасын тауып, оқырманның Жаратушыға деген махаббатын оятады. Көңілдегі кірді кетіріп, Аллаға сүйіспеншілікті арттырады. Миғражда Алла адалдық ниетін береді, Расул сүйді міскін, жетімдерді. Қайтып кеп, ғарыптікке бекінген-ді, Ізіне ізгіліктің түстім міне. Өзінің ізгілік жолына түскендігін, Пайғамбардан (с.ғ.с) үлгі алғандығын сөз етеді. «Адалдық» сөзін тілге тиек ету арқылы мұсылманшылықтың ең бірінші шарты – адалдық екендігін ұқтырады. Иә, Алла құдіретіңе сыр ағыттым, Сыйынып, патша құдай, келдім саған. Тәубе қып, күнәм үшін құрағыттым, Сыйынып, патша құдай, келдім саған. Мына өлең тармақтарында пенденің Аллаға деген ықылас, сенім, мінажатын көрсетеді. Жұмыр басты жан үшін жер бетінде сыйынары мен табынары болмаса, күн кешуі әсте мүмкін емес. Рухани кеңістігі бос жатқан жан Иассауидің хикметін оқып, рухани кемелдене түсері анық. Бұл арғы замандағы Ахмет Иассауи бабамыз еді. Бері қарай ойысып, жырау-лар поэзиясына жүгініп көрелік. Даналар айтқан асыл сөз, Елді аузына қаратқан. Сары жай атқан сансыз оқ, Көп халықты жылатқан, Алла Тағала адамды Тату бол деп жаратқан, – дейді Сыпыра жырау. Жыр жолдарында аса бір қатты діни-пәлсапалық сөздер болмаса да, мәні терең тармақ бар. «Алла Тағала адамды Тату бол деп жаратқан» – яғни, дін – бейбітшілік. Сыпыра жырау мұны аузына келе салғаннан емес, түпкі негізін білгеннен соң жырға қосып отыр. Расында, діннің негізгі қызметі – жер бетіндегі тыныштық пен татулық. Мұны біздің бабалармыз о баста білген. Адам әзіз айтар деп, Көңіліңді салмағыл. Нәпсі алдаушы дұспаның, Насихатын алмағыл. Асан Қайғыда да үлкен хадиске негіз-делген тармақ бар: «Нәпсі алдаушы дұспаның, Насихатын алмағыл». Нәпсі – адамның ең үлкен жауы. Онымен өмір бойы күресіп өтесің. Нәпсі жайында аяттар мен хадистерде өте көп айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үмметімнің екі жаман мінезге ұшырауларынан қатты қорқамын. Бұлар – нәпсіге еру және өлімді ұмытып, дүниенің соңынан қуу» дейді. Соған қоса тағы да: «Ақылдылықтың белгісі – нәпсіні жеңіп оған ие болу және өлгеннен кейін қажет болатын нәрселерді дайындау. Жығылғанды тұрғызсаң, Жылағанды уатсаң Қисайғанды түзетсең, Тәңрінің үйі Бәйтолла Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты! (Шалкиіз жырау) Ал, мына тармақтарда қисса, хадис негізделген өте керемет діни ақпараттар бар. Ибраһимнің (ғ.с) қағбаны алғаш тұрғызғаны мына хадиске сүйене отырып баян етілген: Ибраһим (ғ.с.) және оның Кағбаны қалай соққаны жайлы қиссасын Ибн Аббас (р.а.) былайша баяндайды: «... Сол кезде Ибраһим мен ұлы Исмаил үйдің (Кағбаның) іргетасын көтерді. Исмаил тас әкеліп, ал Ибраһим оны құрды. Құрылыс биік болған кезде осы тасты алып келіп, оның үстіне шығып тұрды. Ол құрылысын жасап, Исмаил тас алып беріп тұрды. Екеуі: «Раббымыз, бізден қабыл ет! Ақиқатында, Сен – барлық нәрсені Естуші, бәрін Білушісің, – деді...». Ибраһим мақамы – Ислам рәміздерінің бірі. Құран Кәрімде: «Ақиқатында, адамдарға ең алғаш салынған – Мәккедегі үй. Ол әлемдер үшін құт-береке әрі тура жол. Онда анық белгілер – Ибраһимнің мақамы (орны) бар...». (Әли Имран, 96-97-аяттар). Қасиетті Құранда да бұл оқиға айтылған. Міне осындай негізге сүйене отырып, бабамыз Шалкиіз жырау ақиқатты астарлап, жырмен жеткізген. Әмсұлтанның ел басқаруы, оны қараусыз қалдырмауы халық қамын жеп, әділ патша болуы Қағбаға барғанмен тең екендігін мысал етіп айта білген. Біріншіден, бұл бабаларымыздың исламның қайнар бұлағы болған құран-хадисті өз дәрежесінде білгендігін көрсетсе, екіншіден, халықтың танымына сығымдап жырмен жеткізе білген, үшіншіден, ханның өзіне уәж айтуға бата алған ержүрек, дана болғандығының айқын көрсеткіші. Сонымен қатар, міскіндерді жарылқау, жетімді жебеу Пайғамбар (с.ғ.с) өнегесі екенін жырмен тігісін жатқызып жеткізген. Бірінші тілек тілеңіз: Бір Аллаға жазбасқа... ...Бесінші тілек тілеңіз: Бес уақытта бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа. Адам Аллаға ешнәрсе жаза алмайды, бірақ жазықты болып қалады. Бұқар бабамыз осыны меңзеп айтқан-ды. Ең алдымен, Құдайға жақ деген астар жатыр бірінші тілекте. Ал, «Құдайға жағу үшін: залымның есірінен сақтанып, мезгілсіз өлімнен пана тілеп, он екі мүшеңнің саулығын сұрап, бес уақыт бұйырған құлшылығыңды қыл» – дейді, Бұқар жырау. Міне, діни мазмұны терең һәм ғибратлі жыр деген себебіміз мына хадис-аяттарда жатыр: «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін» деп жараттым» (Зарият сүресі, 56-аят). «Барлық намаздарды және орта намазды сақтаңдар» (Бақара, 2/238). «Расында, намаз белгіленген арнайы уақыттарда парыз етілді» (Ниса, 4/103). «Намазды толық оқыңдар...» (Хаж, 22/78).«(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» (Анкабут, 29/45). Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахаба-ларға: «Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз». Жоғарыда келтірілген аят-хадистер сөзімізді толық дәлелдеуші. Осылай біздің жырларымызға діни ұғымдар, аят-хадистердің астарлы мағынасы бабаларымыздың дана-лығымен еніп отырған. Ал, Майлықожа Сұлтанқожаұлының дәуірінде астарлы насихат күшейе түскен. Дүниеге мейман көңілім Мақтансам, дауа тілерсің. Өлшеніп берген өмір бар, Уақытыңмен жүрерсің. Майлықожа жырының астарына үңілер болсақ, мынадай хадистер шыға келеді: «Дүниеге мейман көңілім» тармағын алсақ, Пайғамбар (с.ғ.с): «Бұл дүниеде бөтен адамдай немесе жолаушыдай бол» – дейді. Осы хадиске сүйене отырып, қазақ «Адам – өмірге қонақ» деген екен. Расында, өмір қысқа, ақырет мол. Бұл өмірде мейман болып жүру, бөтен адамдай жүру, жолаушыдай болу деген сөздердің мәні өте зор. Мәселен, сіз бір үйге қонақ болып барсаңыз, әдептілік танытасыз. Артық әрекет жасамайсыз. Аузыңызға келгенді айтып, сұғанақтап әр нәрсеге қол сұқпайсыз. Үй иесінің рұқсатымен ғана әрекет етесіз. Біздің иеміз Алла. Мына жалған тіршілікте оның ғана рұқсатымен жүріп тұруымыз қажет. Аузымызға келгенді бөсіп жүруге тағы болмайды. Сұғанақтық жасап қол созып, асығыстық танытып өлермендікпен өзгелердің хақын жеуге де тыйым бар. Жер бетінде дандайсып мақтануға да рұқсат жоқ. Мақтауға тек Жаратқан лайық. Міне, Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінің астары, мәні. Біздің өміріміз өлшеулі ғана. Оның өлшемін Құдай ғана біледі. Құранда ол жайында былай деген: «Әрбір жан өлімді татады» (Әли Имран,185-аят). Майлықожаның «Өлшеніп берген өмір бар» тармағында айтпағы осы болса керек-ті. «Уақыт – қадірсіз» – деген сөз бар. Пайғамбар (с.ғ.с): «Бос уақытыңды (бір) іске байланудан бұрын пайдалан» – деген екен. «Уақытыңмен жүрерсің» тармағының мәні жоғарыда келтірген хадисте жатыр. Шынында біз уақытты дұрыс пайдалануды қолға алмағанбыз. Уақыт қайталанбайтын нығмет. Бір секунд, екінші бір секундқа ұқсамайтын Жаппардың жарқыраған туындысы. Майлықожа насихат айта отырып, адам баласы ұмытпауға, қадірлеуге тиісті өлім, өмір, уақыт жайлы тамыры терең, мәні мардымды жыр өрген. Сонымен қатар тек бос негізге емес, хадиске сүйеніп жазған. Ұлт ұстазы, асыл қазынамыз Ыбырай Алтынсарыұлы сөзін: Бір Құдайға сыйынып, Кел, балалар оқылық – деп бастаған. Неге бұлай бастады десеңіз: «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен» (Алақ сүресі, 1-аят). «Мұхаммед! Құранды Раббың атымен бастап оқы! Ол барлық нәрсені Жаратушы. Адам баласына берілген ең бірінші нығмет оның жаратылуы». Бұл пайғамбарға (с.ғ.с.) бағытталған ең алғашқы иләһи үн еді. Уахиде оқу мен жазуға және білімге шақыру бар. Өйткені, білім іздеу – Исламның талабы. «Уа, Мұхаммед! Ұлық Раббыңның атымен бастап һәм жәрдем сұрап оқы. Ол күллі жаратылыстың Иесі, барлық әлемді жоқтан Жаратушы». Жаратушының адамзаттың әзізі Мұхаммедке (с.ғ.с) айтқанын үлгі етіп, балаларды ілімге шақырған. «(Ол) қалам арқылы үйретті» (Алақ сүресі, 4-аят). Ол адам баласына қаламмен жазуды үйретті. Бұл Алла Тағаланың ұлық нығметі. Қалам – білім мен ғылымның құралы. Қаламды айта отырып, адамзатқа білмеген дүниесін үйреткенін жеткізуде. Осы аятты басшылыққа алып, балаға қалам ұстатып білім көкжиегіне жол ашты. Мұнан асқан даналық болмаса керек, сірә! Істің болар қайыры, Бастасаңыз Аллалап. Оқу – ғылымға шақырып, қалам ұстатып алып, әрбір істі Алла атымен бастаңыз деп өсиет етті. Бұған байланысты да мынадай хадис бар: «Бисмилләсіз басталған барлық іс келте». Қасиетті Құрандағы сүрелер де «Бисмилламен» басталады. Тек «тауба» сүресінде ғана кездеспейді. Ыбырай бабамыз келтірген аят-хадистермен толықтай таныс болғаннан кейін жырға қосқандығына шүбәміз жоқ. Қақаған заман тұсында аят-хадис тұрмақ «Алла» деп айту мұң болған деседі. Сол кезеңде жырдың ішіне даналық жасырып, ұлтты дінінен ажыратпай алып қалу бабамыздың басты мақсаты болса керек-ті. Осы тұрғыдан ұлтқа қызмет еткен Ыбырай Алтынсарыұлы даналығымен, ұстаздық парасатымен биік тұрады. «Ыбырай Алтынсарыұлы – ұстаздардың ұстазы» – деп айтпасқа шара жоқ. Енді сәл бері ойысып, Ахмет Байтұрсын-ұлы айтқан қазақтың бас ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының жырларына назар салайық. Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті, Алланы танытуға сөз айырмас. Аманту оқымаған кісі бар ма? Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма? Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға. Күндей жарқырып тұр. «Әдебиет – асыл сөз» – деп Ахмет Байтұрсынұлы Абай сөзіне қарап айтқан болуы керек. Шын мәнінде, Абай 10 аят, 20 хадисті (ықтималдылық) жырға сиғызып, өлеңге өң беріп, шырын етіп, шәрбат қып ішкізді. Түсіндірді, жеткізді, ұқтырды. Оқыған жан тәлім-тәрбие алды. Таухид айтты. Ақида айтты. Кітаптарын айтты. Пайғамбарын айтты. Адамның өзгеріп-құбылатын әлсіз жаратылыс екенін айтты. Алланың өзгермейтін, ешкімге ұқсамайтын сипатын айтты. Мұның бәріне хадис келтірер болсақ, мақаламыздың басым бөлігі Абайға арналып кетеді. Сол себепті Абайдан тағы бір мысал келтіріп, әрмен қарай жылжыйық. Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес. Қадірлі оқырман, мынадан асқан мұсыл-ман сипаты бар?! Шын көңілмен, ынталы ықыласпен құлшылық ету, ислам, иман, ихсан емес пе?! Дана Абай құлшылықта ең керекті ынта мен таза пейілді атап өтті. «Егер бұл болмаса, өтірік көзбояушылық (риа) Құдайға алып бармайды сізді» – деді. Міне, ағайын, біздің келтірген барлық мысалымызда бабаларымыздың барлығы дерлік Құраннан қуат, хадистен шуақ алып жыр өргендігін көруге болады. Осы арқылы ұлттың танымына түрткі болып, даламыздағы бейбітшіліктің ұстыны болған. Алланың бірлігіне шақырып, Пайғамбар (с.ғ.с) салған сара жолмен жүруге себепкер бола білген. Азуы қазаққа қатты батқан тұстарда да жырдың астарына аят, хадис сығымдап, ізгілікке бағыт берген. Бұл бөлім жоғарыдағы сауалымызға толық жауап болды деген ойдамыз. Ұлы Құдай нәсіп еткен ұлы даламызда бүгінгі күні дін жайын сөз етіп, тілге тиек, ойға орам етіп жүрген ақындарымыз бар. Мақаламыздың келесі бөлігін солардың жырларына арнаймыз. Мақалаға негізгі тірек ретінде Құл-Керім Елемес, Серік Қалиев, Дәулетбек Байтұрсынұлының өлеңдерін алдық. Бисмилләһпен көзімді аштым – көр екем!... Бисмилләһсыз «төр» дегенім «көр» екен!... Бисмилләһпен екі әлемімді анықтап, Бисмилләһпен кірді қашқан берекем!... Солай, анық болды адам Құл-Керекең! Шүкір! (Құл-Керім. «Рас») Мына жолдарда күллі мұсылманға керек ақпар бар. Исі мұсылман қандай істі бастар алдында Алланың атымен бастағаны жөн болады. Бұл жайындағы хадисті жоғарыда келтірген едік. Бісмілләмен бастау алған әрбір іс нәтижелі, берекелі болады. Ақынның бірінші айтпағы осы болса, екінші айтар ойына өзін мысал етіп алып отыр. Осы сөзбен мен дүние-ақыретімді таныдым, көзім ашылды, санам серпілді деген мазмұн қаузайды. Сонымен қатар, сенде «бисмилламен» бастасаң, осы сөзді жадыңда ұстасаң сенде де барлығы жақсы болады, көңіл кірің тазаланады деген ойды да қоса кетеді. Дүниенің тартылысы ол – махаббат, Жасындардың жарқылысы ол – махаббат. Рух пен тәннің әр тынысы ол – махаббат, Сезімдердің шарпылысы ол – махаббат!... Ал, онда – Хақ пен өзін ұламаған махаббат, Хақты айтқанда жыламаған махаббат. Хақтың аты аты құрлы арудың, Жан-діліне ұнамаған махаббат, Махаббат па? (Құл-Керім. «Махаббат па?») Жаратқанға деген махаббат, ынтықтық Ахмет Иассауи бабамыздың хикметтерінде жиі сөз болған. Берілген жыр жолдары хикмет үлгісіне жақындасады. Махаббат – Алланы және оның жаратқандарын сүю. Егер кім Хақты емес, оның жаратылғандарын сүйер болса, оның ақыреті құрдымға кетті дей беріңіз. Өте бай Алланы емес – оның байлығын сүю, сұлуды сүйіп – сұлу етіп жаратқанды сүймеу адамзат баласына опа бермес махаббат болып саналады. Ал, керісінше, ең алдымен Хақты сүйіп, хақтың жаратқандарын оған мадақ айта отырып сүю –махаббаттың ұлысы. Ақын жырының мазмұн-мәні осыны жеткізу еді. Дүниенің бар болуы – Лә иләәһә илаллаһ, Тілеулердің нар болуы – Лә иләәһә илаллаһ. Дүниенің жақсы сөзі – Лә иләәһә илаллаһ, Ақиқаттың нақты сөзі – Лә иләәһә илаллаһ. (Құл-Керім. «Ең жақсы сөз») Пайғамбарымыз (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ екендігін біліп өлсе, жәннәтқа кіреді» (Муслим). Адам баласының жалғанда жинағаны жәннатқа жол болуы керек дер болсақ, Алланың бірлігін айтып оған құлшылық ету міндет болады. Ал барлық иманның басы, Құдайды жалғыздаудан бастау алады. Құдайдың жалғыздығын білген жан өзінің міндет-парызын орнымен орындап, Алланың разылығына бөленеді. Хақтың ризалығына бөленген құл: «Лә иләәһә илаллаһ» – деп жәннатқа кіреді. Сол себепті бұл калима ең жақсы сөз. Соған қоса қос өмірдің кілті. Ақынның таным тезінен осыны ұғуға болады. Қадір түні – мың айдан да сауапты! Кірсіз, Мінсіз сексен жылдық құлдықты ойла, сауатты! Екі әлем жарқыраған нұрлы иманмен гүлдеген, Сексен жылға ырысты ету бұл деген. (Құл-Керім. «Күзет») «Аллаһу та’аланың алдында ең қадірлі түн – Қадір түні» (У. Нәжат). «Қадір түнінде бір рет Қадір сүресін оқу Құран Кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету, бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық» (Тәфсири муғни). «Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп, ғибадатпен өткізген адамның Аллаһу та’ала өткен барлық күнәларын кешіреді» (Бұхари, Муслим). Жоғарыда берілген жыр жолдары мына хадистерге сүйеніп жазылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеті адам баласын ізгіліктің есігіне қарай жетелейді. Сондай ұлағатты сөздерінің бірі қасиетті түн «Қадір түні» жайлы. Бұл түнді Алла күллі мұсылман баласы үшін қадірлі, қастерлі етіп қойды. Қасиетінің құпиясы: бұл түн адамның өте көп сауап жинайтын мүмкіндігі. Қанша жыл өмір сүрсе де жинай алмайтын сауапты бір күнде алу мүмкіндігі. Мейірімі шексіз Хақ Тағала адамды ең әзіз етіп жаратуымен ғана шектелмей, оған өте үлкен мүмкіндіктер ашып берді. Кімде-кім сол мүмкіндікті оңтайлы пайдаланса, азаптан құтылары хақ. Ал, ең үлкен мүмкіндік «Қадір түні». Оны жан-тәнімен күтетін, түндерде құлшылықпен, ыждаһатпен құлшылық ететін мұсылман баласы ғана таппақ. Рамазан түндерін, оның соңғы он күнін, оның ішіндегі тақ күндерді ғибадатқа арнап, қадыр түнін күзету есті мұсылманға зор байлық. Егер оның құлшылығы қадыр түніне түсіп қалса, сансыз сауап пен берекеге кенелері анық. Ақын Құл-Керім Қадір түннің қасиетін жырлай келе, оны күзету керек, түн ұйқыны бөліп ғибадатта болу ләзім, сонда ғана сіз игілікке кенелесіз деген ойды алға тартады. Күнде «Аллаһ» деп шығады. Ай да «Аллаһ» деп туады. Жел де «Аллаһ» деп соғады. Жер де «Аллаһ» деп жатады. Көк те «Аллаһ» деп тұрады. Шөп те «Аллаһ» деп өседі. (Құл-Керім. «Зікір») Құл-Керім Елеместің жырларындағы мазмұнды ой, ізгілік ұялаған иірім өте орынды. Десе де, ақынның тілі жалпы оқырман қауымға азды-кем ауырлау. Кейбір жырлары («Миллион жүректен өту немесе жарқыным», «Екі дұға», «Адам, Отан, ұлт») тым ұзақ. Оқырманды жалықтырып алады. Жыр ұзаған сайын шумақтар арасындағы байланыс әлсірейді. Көркемдік тұрғысынан жұтаңдау жырлары да бар. Осы жақтарын ақын ескерсе жақсы болар еді. Келесі нысанымыз – Дәулетбек Байтұр-сынұлы. Миғраж түні көтерілдің сағымдай, Ердің көкке екіұдайға салынбай, Жәбрейілдің бастауына бардың сен, Жаратқанның жандың көкте шамындай. Басын иіп есік ашты әр аспан, Періште тоқтап, ал, Пайғамбар ары асқан. Пәрмен алдың ақ Алланың алдында, Құтқаруға үмбетіңді адасқан. (Дәулетбек. «Нұрға ғашық жүрегім») Дәулетбек ақын Пайғамбарға (с.ғ.с) арнаудан бастайды жыр орамын. Жәй ғана арнау емес, хадиске сүйенген салмақты арнау. Пайғамбардың (с.ғ.с) миғраж түніне көтерілуі жайлы сөз етеді. Бұл ең ғажайып мұғжиза. Ешқандай Пайғамбарға нәсіп болмаған кездесу. Ол кездесуде пайғамбарымыз өте көп оқиғалардың куәсі болумен қатар, бес уақыт намазды үмметінің мойнына парыз етіп алып келеді. Дүниеден өткен пайғамбарлармен жүздесіп, Құдайдың сыйына кенеліп келеді. Осындай үлкен мұғжизаны тиек ете отырып пайғамбар нұрына шексіз ғашықтықты жырға қосу да ғанибет іс. Ал, сол ғанибеттен ғибрат алу – ғұмырдариялық бақыт. Жырдың тағы бір астарында пайғамбарға деген сүйіспеншілік, сүннет сүю бар. Осыны жеткізбек мақсатында үшбу өлең жазылған-ды. Ашкөздікпен қанша жан басын жұтқан, Сірә, аман қалмайды масыл жұттан. Пайғамбардың өмірі өнегесі – Құтқаратын жалғыз жол ғапылдықтан. (Дәулетбек. «Ғапылдықтың өртіне оранды әлем...») Ақын тағы да пайғамбар жолына сүйенеді, сүйсінеді. Әлемді құтқару үшін, әлемге өнеге болу үшін келген адамзат әзізі Мұхаммед дүр. Оның жолын (сүннетін) ұстанған жан ешқашан ғапылдыққа бой алдырмайды. Надандыққа бармайды. Пайғамбардың әділеттілігі, мейірім-ділігі, кешірімділігі бәрі үлгі-насихат. Сөзімен емес ісімен бізге дәлел қалдырған пайғамбар – адамзаттың шамшырағы іспетті. Сөзіміз құр сылдыр болмасы үшін мына мысалды келтіре кетейік: Хз. Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Ұрлық жасаған қайғылы әйелдің жағдайы Құрайштықтарды қатты қайғыртты. – Бұл әйел жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдында кім әсерлі кешірім сұрай алады? – деп адам іздеді. – Бұл іске тек қана Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты жақсы көретін Үсама ибн Зәйд (р.а.) бара алады, – деді. Үсама Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына шығып, кешірім беруін сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): – Алланың қойған жазасына кешірім сұрап тұрсыңдар ма? – деді. Сосын орнынан тұрып, жамағатқа былай деді: – Сендерден бұрынғыларды құрдымға жіберген мына нәрсе – іштеріңдегі әлсіз құрметті біреу ұрлық жасаса, оған жаза берілмейтін еді. Ал, араларындағы ең әлсіз ешкімі жоқ пенде ұрлық жасаса, дереу жазасын беретін еді. Аллаға ант етемін! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса, әлбетте, оның да қолын кесемін». Міне, ағайын, пайғамбардың әділетті шешімі. Әлсіздерге күш көрсететін, әлділерді қорғап қуаттайтын заңнамалар орнатылған қоғамда ешқашан әділет болмасы анық. Ал, әзіз Мұхаммед барлық жағынан барлық адам баласына әділетті еді. Оның өнегесі өзінен кейінгі сахабалар мен табиғиндарға үлгі болып қалды. Осыны басшылыққа алып ел басқарды. Халықтың малын жеп, жанын азапқа салмады. Күні бүгінге шейін мұсылман әхліне әділетті болу – мұра болып қалды. Дәулетбек ақынның айтпағы да, діттегені де осы болатын. Дәл осы мысалдан соң ақынның мына өлеңі дөп болса керек-ті: Намысым, арым, табысым, барым – Нәбиім, Екі дүниеде де жаңылмай сені таниым! Ерте бір туып кеш қалғаныма налиым, Жаратқан Алла шамшырақ еткен Нәбиім! Адам жаратылысы әлі күнге шейін дау-дамаймен келеді. Біреу судан, біреу оттан, біреу маймылдан жаралған деседі. Тіршілік етіп жүргеннен соң, өзіңді зерттеу бір міндет секілді көрінеді. Өзіңе қызығып зерделей бастайсың. Түбінде ақиқатына жетесің. Адам жаралуын өзінше зерттеп ақиқатын аршып алған ақын былай деп жырлапты: От емеспін, топырақпын деп едім, Көрдім оны қатпарынан көненің. Ғұламаның «Баянына» жүгінсем, Тағы таптым топырақтың дерегін. Қасиетті Құранда «Аллаһ тағала сені (Адам атаны) топырақтан, сосын бір тамшы судан (Адам атаның ұрпағын) жаратты» (Фатыр» сүресі, 11). Алла бізді топырақтан жаратты. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Сондай-ақ, топыраққа қайтамыз. Осы бір жыр жолдарында бастан-аяқ адамның жаралғандығы жазылған. Түпкі негізді тануға бағытталған. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деп жырлаған Абай сөзін нақтылап тұр. Барлық адам баласының түп негізі бір болатын болса, бір-бірімізді жек көруге, кемсітуге ешқандай ақымыз жоқ. Топырақтан жаратылудың да себебі жоқ емес. Топырақ бәрінің аяғының астында жатады. Бұл – кішіпейілділік. Кішіреюге үйретеді. Топырақ өнім береді. Пайдалы іс істеуге, адамдарға қызмет қылуға шақырады. Осы секілді тарата берсек түрлі себептер жетерлік. Көкірегі ашық адам мәніне терең үңілсе көп хикмет көреді. Адам кемшіліксіз болмайды. Дәулетбек ақынның «Нұрға ғашық жүрегім» жырында: «Бір Аллаға серік қоспай бағынса, Тәубе десе жылпылдамай сабынша» деген тармақ кездеседі. Осы тармақтағы «сабынша жылпылдау» деген тіркес орынсыз секілді. Менің ойымша, сабын қолда тұрмай сусылдайды, қолдан сырғиды, қолдан таяды. Сөз тіркестірер сәтте құбылысты нақтылау керек деп ойлаймын. Сөз жүйесін білетін ақынға орынсыз қолданыс сын болып қалады. Дәулетбек ақынның жырлары жақсы. Азды-кем кемшілік барлық адамда болады. Адам – кемшіліктердің орнын толықтырумен адам. Жалынды жыр, отты өлең жазып жүрген ақын Серік Қалиевтің дін жайлы толғамдары мен орамдары оқырманын баурап алатын күшке ие. Сеніміне селкеу түсірмей, сайын даладағы сарынды ғұмырын асыл дінінің өркендеуіне атсалысқан азаматтар кем болмаған қазақ жерінде. Солардың жалғасы жоғарыда атап өткен ақындар болса, енді бірі осы – Серік Қалиев. Дін бір болғанымен – қабылдау басқа. Әр адам өзінше қабылдап, түсіндіреді. Ал, әр ақын өзінше жырлайды. Серік ақынның да тобықтай түйіні, жырларының әсем жиыны бар. Болған соң мойнымдағы бас қарызым, Айтайын өтер-өтпес досқа арызым. Жәннатқа жақсы істермен жарысайық, Орындап мұсылманның бес парызын. (Серік. «Бес парыз») Осылайша бастап, иман келтіру, намаз, ораза, зекет қажылыққа бару жайын өте әсерлі баян етеді. Бұл жырдың астарында мына хадис жатса керек. Абдурахманның әкесі Абдулла ибн Омар (р.а) жеткізген хабарда: Аллаһ елшісі (с.ғ.с) айтқан екен: «Ислам бес нәрседе: Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқтығына әрі Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік етуде, намазды толық орындауда, зекет беруде, қажылық жасауда және Рамазанда ораза ұстауда құрылған». Адам баласының кемелденуіне һәм рухани көтерілуіне сеп болатын діннің шарттарын аят-хадиске негіздеп жырға қосады да: Жаратқан «бай, кедей» деп жіктемейді, Жалқаулық, сараңдыққа құп демейді. Қиын жоқ бес парызда, біздерге Алла, Келместі қолымыздан жүктемейді – деп, мына аятпен аяқтайды: «Алла кісіге шамасы келетінін (міндетті) ғана жүктейді» (Бақара сүресі, 286-аят). Шын мәнінде Хақ Тағала мейірімділердің мейірімдісі, рахымдылардың рахымдысы. Ол өзінің құлына аса кең, әрі мейірбан. Оған мүмкіндіктер жаратушы. Оны кешіріп, кемістігін жабушы. Шамасы келмейтін істің бірін де Алла пендесіне жүктеген емес, әрі жүктемейді де. Өйткені, ол – ең әділ Патша Құдай. Ақын жүрегін жарып шыққан жыр жолдарындағы мәтіннен тыс ақпар осы. Көңілімді күздің бұлты басқанда, Көзімнен ерке күлкі қашқанда, Нәурізек сынды нәзік сезімнің Күлтесін ызғар жұлқып ашқанда, Мейірбан Алла өзіңді ойладым. Тұқыртып тұрмыс қыспаққа алғанда, Қабағымда мұң қыстап қалғанда, Керуен тартқан құстармен бірге Жылы жақтарға ұшпақ болғанда, Жарылқаушы Тәңірім, өзіңді ойладым. Адам баласы өте әлсіз жаратылыс. Кейде сезімнің ығына жығылса, кейде дұшпанның сұғына жығылып жүреді. Нәзік жанына демеу таппай шарадай басы шақшадай болады. Арқа сүйер пенде таппай, сан-саққа жүгіреді. Жылы сөз естуге зар болып, демігіп кетеді. Жұмыр бастының қу басынан талай іс өтеді. Сондай сәттерде Жаратқанды еске алып, содан ғана сұрап, соның ығына жығылу сізді құтқарып қалады. «Өзіңді ойладым» атты жыр жолдары адамның түрлі көңіл-күйін суреттей отырып, сондай сәтте не істеу керектігін меңзейді. Жапанда жалғыз қалғанда, үміттер от боп жанғанда, жүрекке демеу, көңілге медеу болатын Алла ғана. Ақынның өлеңіндегі мазмұн осылай дейді. Менің ойымша, Серік ақынның өлең жолдары мына бір аятқа негізделген сияқты: «Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер жай табады» (Рағыд, 28). Расында Хақты еске алғанда: жалған өмір екенін сезесің, оған қайтатыныңды білесің, тіршілігіңнің көк тиындық қадірі жоқ екенін ұғынасың, орынсыз өкпе-реніштеріңді ұмытасың. Жүрегіңде ерекше мейірім оянады. Кенет жалғанды сүйіп, құлшылығың ықылыс-ынтамен астасып кетеді. Өзіңді танисың, өзгені сыйлай түсесің. Ең бастысы бақытты екеніңді сезінесің. Құдайды еске алумен қанаттанасың. Бұл – біздің өреміздің жеткен жері ғана. Біз білмейтін хикмет пен сыр осы бір ғана аяттың астарында толып жатыр. Бұл күні елім Алладан бақ тілесін, Мамасы май, баласы тәтті жесін. Имамдардың артынан иманды жұрт Періштелер секілді сап түзесін! Бұл күні елім Құдайдан құт тілесін, Босағасы әр үйдің мықты болсын. Шалғай жақта шашырап жүрген жұртым, Туған жерге табанын нық тіресін! Қуанышты ел көзінен жас парлатып, Мәз-мейрам болсын бөркін аспанға атып. Араздасқан ағайын араласып, Қайта оралсын бір кезде қашқан бақыт. Бұл күн – нағыз мереке, мүбәрәк күн, Бәрін еске ал, жекжаттың, жұрағаттың. Бұл күні Адам жаралған, Жерге түскен, Жұмаққа кірер күн де Жұма боп тұр! Ал, мына өлеңді талдаудың да қажеті жоқ секілді. Ақын жұмада істелетін қайырлы істердің барлығын айта келіп, мына хадиспен аяқтайды: Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жұма – күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ», – деген. Жұманың қасиеті де қадірі де көп. Ол күні мұсылман әхлі жиналып намаз өтейді. Ал, жұма намаз – мұсылмандардың бірлігі, мейірімі, махаббаты, жүздесуі. Көріспей жүрген ағайын арға-жарға болысады. Салиқалы сұхбат құрысады. Ізгі амал істеуге талпынады. Бір сәт дүние тіршілігін дамылдатып, жамағат болып құбылаға бет түзеседі. Намаз соңында қол алысып, төс қағысады. Демек, жұмада адамдар бір-біріне құрмет көрсетеді. Содан соң ата-ана, туған-туыстың хал-жайын сұрасады. Ол күні тек жақсы істер ғана жүзеге асады. Жұма – Алланың мұсылмандарға белгілеп берген мерекесі. Сол себепті де қасиетті һәм қастерлі. Ақын тілінен тамған бал жұманы осылайша дәріптейді. Серік Қалиевтің тіл орамы, ой көкжиегі кең. Кез-келген жырында кемелділік көрініс береді. Әйткенмен, әттеген-ай демейтін тұстар болмай тұрмайды. Мәселен, «Менің қалам», «Жаңа имамға жаңаша арнау» өлеңдері ұзақ. Шумақтарды оқып келе жатып «мына жерден қайырса жақсы болады екен» деп қалдым. Өлеңнің соңғы нүктесі алдыңғы шумақтармен қабысып жатса құба-құп болар ма еді?! Әрине, бұл,менің пайымымда. Әркім әрқалай түсінеді ғой. Дегенмен, Серік Қалиевтің жырлары жалпы оқырман қауымға жеңіл оқылатын, әрі тез қабылданатындығымен ерекшеленеді. Тарамдалған тағдыр жолында қазақтың көрмегені жоқ шығар, сірә! Тіліне жау тиді, діліне жау тиді, дініне жау тиді. Рухы мығым Жаратқанға жалбарынып таң аттырған текті елдің ұрпағы, басына түскен нәубет пен қиындықты жеңе білді. Егемендік алып ес жиды. Дінін тапты, тілін қолдана бастады, дәстүріне көңіл бөлді. Ұрпағына туған тілінде білім-ілім үйретті. Өр мінезін қуаттандырып, Құдайға шүкірлік десті. Бейбіт заманда біліммен ғана белдесуге болатынын, тілге сақ, дінге жақ болу керектігін ұқты. Ертеректе жазылған астарында хадис жататын жауһар жырлар өздігімізді танытты. Өзегімізге құранның нәрін берді. Бабалар жазған жырлар асыл тегімізден ажырамауымызға сеп болды. Сендердің бабаларың «адасқан» деген сөзді естіртпеді. Керісінше, бір Құдайға табынған, намазда тұрып жалынған, қаны мен ары таза бабалардың текті ұрпағы, жалғасы деген атқа ие болдық. Жырларын оқып рухымыз көтеріліп, бабамыз Құдайға ғана табынған, намаздан алқа тағынған екендігін сезіндік. Мұның өзі үлкен бақыт түсінген жанға. Біз тілге тиек еткен Құл-Керім, Серік, Дәулетбек ақындардың жырлары бір кездері рухы биік жырлардың жалғасы іспетті. Біз өткен ғасырдағы бабалар жырын оқып рухымыз көтерілсе, бізден кейінгі ұрпақ осы дәуірдегі ақындардың жырларын оқып рухы көтеріледі. Кәпірдің кесірі тиіп, ұлтты дінінен ажыратып жатқанда, аталарымыз даналықпен жыр астарына дін мазмұнын қабыстырып өнеге қалдырған. Соның әсері болса керек, бүгін дінді жырға қосып жүрген ақындарда өлеңде өмірді ғана емес, дінді де тақырыпқа айналдырып өсиет ретінде, өнеге ретінде жырлап жүр. Осы тұрғыдан ой көзімен қарап, рухымды аман алып қалған жырлардың жалғасы үзілмесе екен деп тілек білдіремін!!!

1020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы