• Әдебиет әлемі
  • 24 Желтоқсан, 2019

ТЫҢДАҢДАРШЫ, АДАМДАР!

Самал ШАЙМЕРДЕНОВА

ҒАШЫҚ ӘЛЕМ ҰҒЫНҒАН ШЫҒАР МҮМКІН!

Қоштаса алмай қимай тұр қыс та бірақ, Себелейді әппақ қар тысқа құлап. Кете алмайтын ғашықтай үздігеді, Қасіретін айтқандай құсқа жылап.

Ақ көйлекті арудай бұраңдаған, Әппақ талдар майыса сылаңдаған. Періштенің жауғандай қауырсыны, Төгіледі қырау қар, қылаңдаған.

Ақ бешпентін киіп ап жер ананың, Жайбарақат жайынан дем аламын. Ақ шашуын аспаннан айналама, Сеуіп қарсы алғандай мені алаңым!

Сондай сұлу күн болды, бүгін шіркін, Қуантқандай атырап түгел жұртын. Ғашық жанның туылған күні еді ғой, Ғашық әлем ұғынған шығар мүмкін?!

ЖЕТІ ҚАБАТ КӨК АСПАН!

Көк жібекпен көмкерілген көк аспан, Ақ моншақты кестелеген бұлтымен. Жылтылдаған жұлдыздардың сөгі ашқан, Сұлу қандай, үйлестірген құнтымен.

Жеті қабат, қатар - қатар қапталған, Шексіздіктен жігін бөліп, қымтайды. Заңдылығы шеберлікпен сақталған, Жауып қойып көп - көгілдір шымқайды.

Зеңгір аспан, зәулім сарай шаңырақ, Күмбезіндей дүниенің сәулетті. Ай сырғасын, күн жүзігін тағып ап, Жердің бетін нұрландырып, әрлі етті.

Ғашық болсам, жымың қағып қулана, Жақұт жұлдыз күй танытты ұнайтын. Қайғы көрсем, қара жауып, мұңдана, Жасын төгіп, шер бөлісіп жылайтын.

Көк аспанға қарап өстім, құнығып, Дұға қылсам,шеңберіне жететін. Үйелесем, тізем қанап, жығылып, Көк жібектен зарым өтіп кететін.

Жеті қабат көмкерілген аспанның, Әр қабаты дәлдікпенен келіскен. Жерге жапқан көк жібегім – бастаңғым, Жеті арасын мекендейді періштем.

Көктен келіп, пенделердің өмірі, Жерде өтеді, көктен тағдыр жетеді. Періште кеп, бұйырғанда өлімі, Жеті қабат көктен алып өтеді.

ЖЕР

АЛЛА ЖЕРДІ ЖАРАТҚАН – мекені етіп пенденің, Жер көтерер мақтаншақ,имансыздың кердеңін. Жердің беті раxатың, сынағың мен дәуренің, Жер ананың қойнында, өтеледі көрдегің.

Есептелер машxарда, жерде жүріп көргенің, Жақсы - жаман амалың, алғаның мен бергенің. Топыраққа айналар, бір күн бәрі, барлығы, Өмір бақи тірнектеп, жинаған мен тергенің.

Жер астында жатады, қимай - қимай көмгенің, Жерден тұрақ табады, күні түгеп, өлгенің. Зәулім сарай тұрғызып, қамал соғып қойсаң да, Екі метр қараңғы, иесісің бөлменің.

Қасиетті қара жер – топырағында өнгенің, Ғасыр жатып байлыққа, айналар, қалдық, көңдерің. Жер – тірінің мекені, өлілердің сандығы, Жер сандықта күтеді, ақиретті сөнгенің!

ЖАНЫМ БОЛА  КӨРІҢДЕР!!!

Әркімнің өз жүгі бар, Сүйреп жүрген, жабығып. Қасыреттің түбі – жар, Құлап кетпе, қамығып.

Ой деңгейі жетілмей, Жүргендер көп, қартайып. Сабырынан кетілмей, Бар ғой жүрген, қалқайып.

«Өмір» деген мектептің, Тәлімінен өтпеген. Кердеңдейтін кетпектің, Жетесіне жетпеген.

Ысылтады, баулиды, Үйретеді төзімді. Тағдыр жолы сан қилы, Іздетеді өзіңді.

Аптап күйіп, аязға Тоңбағандар бар бірақ. Ақыл-есі таязға, Шашар сөзім, жоқ шырақ!

Өтіп келген сүрлеуден, Жанмен ғана дос болам. Аулақпын елді күндеуден, Бір шөкім ми қоспаған...

Тағылымын жалғанның, Танымасты жек көрем. Сынақ шығар алдан мың, Әлсіздерің өтпеген.

Қайғы жұтып, уайымның, Ішкен сорын келіңдер. Дос болуға дайынмын, Жаным бола көріңдер!!!...

КҮНТІЗБЕ

Қатар-қатар түзілген, Отыз шақты күні бар. Бір-бірден күнде үзілген, Он екі ай, бір жылы бар.

Қара түсті сандардың, Жігін бөліп, түр-түрге Қойған барлық жандардың, Бір сыры бар бұл күнде.

Мына күнде туылғам, Ерекшелеп шіркінді, Астын сызып бұрыннан, Белгілеймін бұл күнді.

Тым қаралы мынау шын, Айырылғам әкемнен. Жесір қалған анашым, Мені өмірге әкелген.

Туған күні жақынның, Шашыраңқы тізілген. Белгі қойып жатырмын, Дөңгелектеп қызылмен.

Жүрекшелер тұрғанда, Күн бар бөлек арада. Қатысы бар бір жанға, Мен – жаныма балаған.

Қап-қара боп тізілген, Әрбір күннің сыры бар Бір-бір күннен үзілген, Барлық күннің құны бар.

Өткермеген, өтпеген, Жұмбақ мына күндерім. Армандарды жетпеген, Бұйыра ма, білмедім.

Күнтізбенің қырығын, Жауып қойдым, тауысып. Ертеңіме - бүгінім, Ұласады жарысып.

Не күтері белгісіз, Қатар-қатар күн тізген. Бір-біріне бергісіз, Жылдық тағдыр күнтізбем!...

СҰЛУЛЫҚ

Жел соққанда дірілдей, Жапырағы майысқан. Сыбдыр үні білінбей, Сабағы нәзік қайысқан Гүл, не деген сұлусың!!!

Үңілген айдың айнасы, Төгілген күнмен мөлдірер. Артылып оттан айласы, Сабырына жеңдірер, Су, не деген сұлусың!!!

Маңдайында айы бар, Кербезденген үр қызым. Шашыңнан қара жайылар, Жарқыраған жұлдызың, Түн, не деген сұлусың!!!

Тәжінен шаттық шашырап, Сәулеңнен әлем оянған. Шырайланып атырап, Көкжиек нұрға боялған, Күн, не деген сұлусың!!!

Ақ сәлдең маңғаз жарасқан, Тәкаппарлығың тамаша. Биіксің көкпен таласқан, Аспаннан ғана аласа, Тау, не деген сұлусың!!!

*** Тыңдашы, мені... Тыңдашы, айтар датым бар... Ұқпайды көбі... Ұқпайды кейде жақындар... Бұл күйге бөтен, оп-оңай сүңгіп кеткем жоқ, Әйел боп тудым, Сезімге нәзік хақым бар... Тағдырыма өкпем жоқ, Сүріндім... Ұрындым... Бүгілдім... «Пенде» – деген атым бар... Сынған жоқпын ғой, сонда да, Таң емес маған батырлар... Ұйқысыз атқан таңда да, Деген жоқпын, «Ақым бар!» Сұраған жоқпын... Жылаған жоқпын... Құлаған жоқпын... Аспанға жазған жырларым, Маржан боп тамды, ақ бөрік киіп, шатырлар... Сағынып жүріп... Риясыз күліп... Туарын біліп... Бақытты күнге бет алған, «Самал» – деген затым бар!!! Кім айтты саған, Түңілмейді деп, ақындар?!... Тыңдашы, өмір... Тыңдаңдаршы, адамдар! Мейірімді болсаң, шерімді кертіп, уатыңдар! Мейірімсіз болсаң, зарымның дәмін татыңдар... Мұң толы менің, жүрегімді әлпештеңдерші, Әлек көрсеңдер, жұлып алып, сатыңдар!!! Тек өтінемін... Өшірмеңдерші... Жүрегімде,сағынышқа толы хатым бар...

СЫҚПА ҚҰРТ

Бір қайнатып, баяу оттың табында, Бүлкілдете қалқытып тоң қаймағын, Сүтті алады, сарғыш тартқан уағында, Қаймақ-шайға, сүттен ұйтып айранын.

Дорбасына құйып, өреге іледі, Сары суы ағып тұрар сызылып. Түнді асыра, суы сорғып түгеді, Айран-қатық, бола қалды сүзіліп.

Қатық пен тұз татығанда үндесе, Шіркін қандай дәм береді жұпталып. Алақан мен саусақ қыса, бірлесе, Жасап жатыр, біркелкі май, сықпа құрт.

Шиге тізген қатар-қатар моншақтай, Сықпа құртты жел дегдітіпкептірер. Шыбын-шіркей, құстан қори алсақта - ай, Ұрлап жейтін, ойын қуған ептілер.

Кепкен құртпен әкем күнде шай ішіп, Жұмысына аттанатын әманда. Шылпылдата құртын сора майысып, Журнал оқып отыратын анам да.

Сықпа құртты жақсы көрем соншама. Балалықтың иісі бар, дәмі бар. Мекен-жайым қалалық жер болса да, Базарлардан ауылдық құрт табылар.

Анам бүгін ауылдан құрт әкелді, Таңдайыма салып, сорып түледім. Сағындым-ау, құртты сүйген әкемді, Жылап қалдым, сыздап кетті жүрегім.

483 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы