• Бас мақала
  • 24 Желтоқсан, 2019

АНАР

 Тұрарбек Төлендиев

...Таяуда үйге бір жас жігіт үйлену тойына шақыру билетін әкеліпті. Жігіттің өзін танымаған соң: «Шырағым, бұл кімнің тойы, сен кімнің баласысың?» – деп сұрадым. Сөйтсем, бір кезде ауруханада емделген Анар есімді келіншектің ұлы екен. – Келіңіздер! Күтеміз! Аға, кешіріңіз, асығыс едім. Әлі де біраз адамдардың шақыру билетін жеткізіп беруім керек. Тойға келгенде арғы-бергіні сұрастыра жатарсыздар, – деді де, жас жігіт қоштасып кетіп қалды. Еске түсіруге тырыстым. Иә, иә, сонау жылдары өлім аузынан қалған келіншек. Ауруынан айығып, жазыла бастаған кезі. Анар бас-тан кешкендерін маған ағынан жарыла айтып бергені бар. Иә, сол Анар, жаңылмасам... ...Екі күн толассыз жауған күзгі жаңбыр сіркіреп барып, өксігін басқан баладай тоқтаған-ды. Күздің аты күз емес пе, сыртта ызғар бар. Анарға таныс ауыл, жақын туыстарының үйі. Ыстықкөлдің жағасынан алыс емес. Айнадай жарқыраған көлді сонадайдан анық көресің. Майда толқын оқтын-оқтын жағаға соққаны болмаса, көлдің жаздағы бар қадір-қасиеті азайып бара жатқан тәрізді. Ыстықкөлдің бұл жұпыны келбетін Анар алғаш рет келгенде көрмеген еді. Көңілі құлази берді. Ал, бұл үй – жыл сайын жазғы демалыста келіп-кетіп, аунап-қунап жүретін анасының бірге туған сіңлісі – Ұлжалғас апасының үйі. Тіпті өз үйі десе де болады. Ұлжалғас – Анардың шешесімен бірге туған ең кіші сіңлісі. Бұл апамыз кезінде осы жақта тұратын қазақ бауырлардың бірімен дәм бұйырып тұрмыс құрып, қалып қойған. Жазғы табиғат бұл жақта керемет. Үйлері де Ыстықкөлге жақын. Апамыздың бес қыздан кейін армандап, етегіне дән салып жүріп, Алладан алақан жайып сұрап алған жалғыз ұлы – Дәулет. Әкесі жалғыз ұлының бал тілін де, күміс күлкісін де естімей, өмірден ерте озып кеткен. Осы үйдегі бар жақсы, тәуір дегеннің барлығы дерлік – осы жалғыз ұл Дәулеттікі. Нарынқолдың тау баурайында еліктің лағындай ерке өскен Анарға жылына бір рет келгенде, Ыстықкөл ерекше әсер беретін-ді. Содан да болар, Анар жыл сайын шілде айын асыға күтетін. Жазғы демалысын осында өткізетін. Ұлжалғас апайы да Анарды қатты жақсы көретін-ді. Апайының өзіне мейірі қатты түскені соншалық, қыз балаға қажетті заттардың жақсыларын сондағы базар-дүкендерден алып келіп, қуантуға тырысатын. Онысы өзіне жақын тартып, бауыр бастырудың әрекеті болатын. Дәулет Анардан екі жас кіші. Өзі тағы да Анардың қасынан бір елі қалмайды.. Соңғы кездері қолына түскен небір жақсы, өзіне ұнаған заттарды ол да Анарға беруге асығатын. Ол да бір өткен дәурен!.. Енді, міне, қаншама жылдан кейін сол ауылға басқаша күйде, келін болып қайта оралды. ...Жас келінге «құтты болсын» айтушы көрші-қолаң, ағайын-туыстардың аяғы әлі басыла қоймаған. Келіп-кетіп жатқандардың барлығы шымылдық ішіне қант-кәмпиттен шашу шашып, бақ-береке тілеп, «үбірлі-шүбірлі болсын» деп баталарын беріп жатыр. Ұлжалғас аудан орталығынан арнайы алып келген той көйлегін Анарға кигізіп қойған. Осының барлығы Анарға бәлендей әсер етіп, көкірегіне жылт етерлік сезім отын жағып тұрған жоқ. Тіпті, ауылға таяуда қайтатын сияқты болып көрінеді. Осының барлығы көңілге қонбайды, тіпті, сенгісі де келмейді. Ұлжалғастың анда-санда кіріп-шыққаны болмаса, Дәулет бұл бөлмеге бас сұғудан қалған... Тек осы үйдегі шашына гүлді бантик байлаған төрт-бес жасар кішкене қыз ғана Анардың көңілін тапқан сияқты. Өзі бір сүйкімді қыз, тілі де тәтті, жүзі де жарқын. Соған ғана есік ашық, әйтеуір. Мана сол бүлдіршін қыз: «Тәте, мынау – біздің бақта ғана өсетін алма. Басқа еш жерде өспейді, еш үйде жоқ. Кезінде атам Алматы жақтан әкеліп өсірген дейді. Жеп көріңізші!» – деп қиылады. Алматының апорты Анардың ойына өткен күндерді еріксіз түсірді... ...Анар Қыздар педагогикалық институты-ның үшінші курсында оқитын. Сабағы да жақсы, қаланың барлық тыныс-тіршілігіне үйреніп, өздеріндей тең құрбыларының бәрімен жақын араласып кеткен. Институттағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Аласа бойлы, дене бітімі тығыршықтай, келбетті де әдемі. Ауылдың нағыз қараторы, жан-дүниесі бай көп қыздарының бірегейі. Бір бөлмеде үш қыз бірге тұрады. Құрбысы – ақтөбелік Сәлима. Ол да қазақы мінезді қыз. Екеуі бірге де, жеке де ән салады. Айтқанда да, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, жүректі тербеп айтады. «Бір бөлмеге екі әншіні Құдайдың қосқанын қараңыз» дейтін достары. Сәлиманың Бек есімді жігіті бар. Жиі-жиі келіп тұрады. Кейде киноға, театрға қос билет алып, Анарды да қалдырмай ерте баратын-ды. Бірде Бек бір жолдасын ерте келіп, институтта өткен кешке қатысқан. Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері 8-наурыз мерекесіне арнайы концерт беріп, онда Анар мен Сәлима бірге де, жеке дауыста да ән салған. Көрермендер дүрілдете қол соғып, екеуін қайта-қайта ортаға шақыртқан. Ертеңіне Бек Сәлиманы «Арман» кафесіне шақырды. Әр ортада ерекше ашық мінезімен отырыстың көркін келтіріп жүретін Бек сөз бас-тап кетті: – Анар, мына қасыңда отырған азамат біз жақтан, есімі – Арман. Ауыл шаруашылық институтының механика факультетінің студенті. Амандық болса, барлығымыз – сіз болып, біз болып, бір жылда бітіреміз. Қысылмай, емін-еркін отырайық. Сіздердің кешегі тамаша жетістіктеріңізді қалайша атап өтпейміз? Оған қоса, бүгін сіздердің мерекелеріңіз емес пе? Мұндай мүмкіндік бізге күнде бола бермес, – деп сөзінің бір ұшын Арман жаққа да бұрып қойды. Сол күнгі кеш біразға созылды. Күнде көрісіп жүрген жандардай-ақ ашық әңгіме, еркін де көңілді отырыс болған-ды. Арман содан кейін Анарға жиі-жиі келіп тұратын болды. Бір-біріне бауыр басып кеткен. Танысқан күні Арман Анарға Алматының бір үлкен апортын сыйлады. Оны бөлмеге алып келген соң, көпке дейін сақтаған. Апорт иісі күні бойы бөлмені жұпарға бөлеп тұрушы еді! Арман мен Анар оқулары біткенше қатты сыйласты, сырласты. Көңілдері жарасты. Бір-бірінен ажырамастай серттесті. Оқуды бітіріп ес жиып алғанша үйлену жағын кідірте тұруға уәделескен. «Қалай қосыламыз, қосылсақ қайда барамыз, қайда тұрамыз?» деген сұрақтардың біріне де жауап таба алмай жүргенде оқу да бітті. Ол кез кеңестік дәуір. Сол жылдары қазақ жерін тілгілеп, тың, тыңайған жерлерді игеру басталды. Арманды Қостанай өңіріне жіберді. Анар да туған ауылға келіп, өз мамандығы бойынша мектепке мұғалім болып орналасқан. Ендігі жерде хат алысып, сөйлесу жағы да қиындай бастады. Арман барған жер орталықтан шалғай. Пошта, телефон байланысы да жоқ. Екеуінің байланысы осылайша бір жылдан кейін мүлде тоқтаған-ды. Анардың да ауылға келгеннен кейінгі жұмысы көңіліне онша жақпаған. Оны да тырп еткізбей, осындағы ауыл мектебіне жолдамамен «байлап» тастаған. Сол бір жылдары институтты бітірген жас мамандарды ауылдарға жолдамамен кемінде екі жылға міндетті түрде жұмыс істеуге жіберетін үкіметтің қаулысы бар болатын. Сол екі жылды өтемейінше, оны ешқайда да босатпайтын. Басқа ешбір жерде жұмысқа қабылдамайтын. Анар Арманнан күдерін үзе бастаған. Айтпақшы, соңғы айларда Арман «хаттарым Анарға жетпей, қолды болып жүрген болар» деген оймен кейінгі хаттарын қаладағы досына жіберіп, одан әрі Анарға табыстауын сұраған. Арманның қаладағы досының өзінен де хабарлар сап тоқтаған. Бәрі де тағдырдың жазуы шығар?.. Бір күні «қырғыз» жақтан Ұлжалғас апайы келген. Көптен ауылға ат ізін салып, аяқ баспай кеткен соң ба, әйтеуір артынып-тартынып, қоржындары тоқ келген. Ержетіп, мамандық алған, Мәскеуден оқуын бітірген жалғыз ұлы Дәулетті де ерте келіпті. «Оқуыңды бітірдің, Құдайға шүкір! Әке-шешеңнің жағдайы белгілі ғой! Қыз баланың құлағының бос жүргені жараспайды. Мына сырғаны саған деп арнайы сатып алдым, құлағыңа тақ. Ұнамаса, кейін өзің жақсысын аларсың» – деп құлағына жарқыратып алтын таққан. Сол күні кешкісін үйдегі үлкендер арасында сыбыр-сыбыр әңгімелер болып жатты. Дәулет пен Анар да көптен көріспегендіктен, сонау балалық шақ, қаладағы, даладағы ұмытылмас кездерді еске алып, аракідік музыка тыңдап, өздерімен-өздері мәре-сәре. Сөйтсе, Ұлжалғас апайының бірге туған әкпесіне алыстан арқалап келген басқа да «бұйымтайы» бар болып шықты. Ойлана, толғана, даусы діріл қағып, тебірене отырып, жаймен, көмейге тығылып тұрған жүрекжарды сөзін әпкесіне бұрып: «Сенің ұлдарың да, қыздарың да бар. Құдайға шүкір, барлығын тең өсіріп, үйлі-баранды болып отырсың. Оған тәубе! Мен оны көп көріп отырғаным жоқ. Тілім тасқа! Ана біздің үйдегі жалғыз «Анарды алмасам өлемін, қаңғып кетемін, өйтемін-бүйтемін» деп бәлені салып отыр. Біреулерден естіп-білген бе, қайдам, «хат алысып, уәделесіп жүрген жігіті бар көрінеді, таяуда алып кетеді екен» дегенді айтып, құлақ етімді жеп қойды. Соның барлығын біліп алып, ойранды салып, «тездет» деп отыр қу жалғыз... Оның айтуына қарағанда, Анардың жігіті сонау Қостанай дей ме, итжеккеннен ары болмаса да, жетісіп тұрмаған жақтан көрінеді. Сол жаққа кетсе не бетім, Құдай-ау! Анар екеумізге де бірдей. Ол қыздың көз алдымызда жайнап жүргенін армандаймын, біле білсең. Қыз баланы алысқа қаңғытпайық! Көзімнің ағы мен қарасындай Дәулетім, кім білсін, осының күйігімен бір бәлеге ұрынып қала ма? Екеуі тел қозыдай бірге өскен, ажыратпай, қайта қуанышын тең көрейік. Өзі де әкесіз ерке өскен неме. Айтқанынан қайтпайтынын сен жақсы білесің. Қазіргі жастарға сенім жоқ. Бір нәрсеге ұшырап кетуі аяқ астынан. Анардың әкесі Албан елінен болса, Дәулеттің әкесі – Шапырашты елінің азаматы. Екеуміздің апалы-сіңлілі болғанымыз болмаса, екеуі екі рулы елдің баласы. Оның ешбір дінге де, қазақтың салт-дәстүріне де қайшылығы жоқ. Қалғанын өзің салмақта, деп бір-ақ тоқтаған. – Әй, сен не деп көкіп барасың өзің?! Тоқтат, болды енді, Мыналардың барлығын үйіп-төгіп қалайша алып келе қалды екен десем? Жинап алда қайқай қырғызыңа, – депті Анардың анасы бұлқан-талқан болып. Бұдан кейінгісіне көзі жеткен Ұлжалғас апамыз не де болса барлығын осы жолы бір-ақ көрейін деген шешімге бел байлаған. Сол кезде өз жоспарын жасап та үлгерді. Болған әңгімені, істің онша жақсы еместігін Дәулетке де құлақдар етіп, жасырын жеткізген. Ол да анасының бұл жоспарын мақұл көрген-ді. Ұлжалғас ертесі әпкесіне шайдан кейін жолға шығатынын, ол жақта да қыруар үй тіршілігінің барлығын, өткен жылы тұрмысқа шыққан қызының төсек-орнын даярлап жатқанын тілге тиек етіп, айтылған сөзге ренжімеуін өтінді. Үйдегілерден кешірім сұрап, ұзатылған қызының тойына шақырды. Әпкесі де сіңлісінің бұл түсінігіне ризашылығын білдіріп, құшақтасып қоштасқан-ды. Үйден аттанар кезде Ұлжалғас: «Төсек-орнын апарар кезде ана қыздың тойда киетін көйлегін осы жақтан ала кетсем бе деп едім. Біз жақта жөндісі табыла бермейді. Жастардың моды-содысын осылар біледі ғой, – деді де, Анар жаққа мойнын бұрып: – Анар менімен бірге аудан орталығындағы дүкендерге бірге барсыншы. Бір дұрысын таңдар. Дәулет осындағы жолдастарымен бірер күнге қаламын дейді. Кім білсін, сәті түсіп, әлгі үйленуге таппай жүрген қызын да осы жақтан кездестіріп қалар, – деп сөзінің соңын әзілге бұрған-ды. Расында, Ұлжалғас апамыз орталықтағы дүкендерден «әлемнің» заттарын сатып алды. Әлсін-әлсін ауызға алып, естен бір шықпайтыны – «тойға киетін қызының көйлегі». Оны да алды-ау, әйтеуір! Бір кезде, қайдан сап ете қалғанын, Дәулет те келе қалды. Олар Анарды ауылға жеткізіп тастамақ болды. Мәшине ұзын жолға түскен. Бір кезде жол екі айырыққа тірелді. Ұлжалғас апа «тарт ауылға!» деді. Аң-таң болған Анар апайына жалтақтап қарап, алаңдай бастаған-ды. Не айтарын білместен тек жаутаңдап әр қайсысына бір қарай бергеннен басқа аузына сөз түспеді.Орта жолдан асып, шекарадан өткеннен кейін, Ұлжалғас апа бар сырын көздің жасын көл етіп Анарға жеткізді. Әңгіменің төркініі – сол баяғы үйде айтылған сөз. Осылайша тағдыр Анарды бөлесі Дәулетпен қосты... ...Анар бірде Бішкек қаласындағы дүкен-дердің бірінен үй шаруасына қажетті заттарды алуға шыққан. Қарсы алдынан баяғы Арманның Алматы қаласындағы досы кездесе кетті. Әңгімені олар буфетте отырып жалғастырды. Сондағы ұққаны төмендегідей... Арман бірнеше рет ауылға – Анарға хат жазған. Бірақ оның біреуінен де жауап алмаған. Сөйтсе, алыста жүріп жазған Арманның хаттарын Дәулеттің ауылдағы досы «қырғызға» асырып отырыпты. Арман Анарға берген уәдесінде тұрып үйленбеген. Тағдырдың бар тәлкегін көрген асыл азамат Алматыға жолы түсіп, Қапшағай көліне достарымен бірге суға түскен. Сол жолы жүрегі тоқтап қалып, қайтыс болыпты... Бұл хабарды естігеннен кейін Анардың жүрегі аузына тығылып, тынысы тарылып, басы айналып кеткен-ді. ...«Қырсық егіз» деп қазекем бекер айтпаса керек. Дәулеттің жұмысынан ши шығып, үстінен іс қозғалатын болған. Осы екі аралықта қатты толғаныстан жүйке-жүйенің жүқарғаны ма, Анардың аяқ асты толғағы келіп, алыстағы перзентханаға әзер жеткізілген. Толғақ тіптен ауыр болып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Бір Алла өзі жар болып, ұл бала дүниеге келген-ді. Босанғаннан кейін де Анардың денсаулығы біразға дейін оңала қоймады. Анар үйдегілердің барлығымен дерлік қоштаса бас-тады. Қасынан бір елі кетпейтін, дәрі-дәрмек, басқа да ем-домына дәрігерлермен бірдей араласып жүрген сіңлісі – Бәтіш. Оның бес-алтыға келіп қалған жалғыз қызы бар болатын. Күйеуі ертеректе қайтыс болып кеткен. Бәтіш – ақкөңіл, жан-дүниеңді бірден түсінетін, артық сөзге жоқ, бір керемет адам. Мамандығы – мейірбике. Науқастың жағдайы қайта нашарлай бастаған соң, дәрігерлер Анарды қайтадан операцияға алуды шешкен. Анар өзіне-өзі аз да болса келгеннен кейін Дәулет пен Бәтішті шақыртқан. – Менің мына операциядан аман шығу-шықпауым екіталай көрінеді, Дәулет! Саған жалғыз тілегім бар. Анау-мынау боп кетсем, сәби аман өссін, жетім қалмасын десең, Бәтішке үйленесің. Бітті. Соған ант ет, – деді. Дәулет үнсіз. Аузына сөз түспей, не айтарын білмей төмен қарай берген. – Бәтіш, «артымдағы ұрпағым аман өссін десең, айтқаныма көн. Соңғы сөзім де, тілегім де осы. Сөз бер. Бәтіш те, Дәулет те осыдан кейін «көңілі қалмасын, разы болсын» деді ме, әйтеуір «мақұл» дегеннен басқа сөз айта алмады. Операция бас аяғы алты сағатқа созылды. Барлығы да сәтті болған сияқты. Әйтеуір жаны қалды. Ұзаққа созылған аурудан үйге келгеннен кейін де оңалуы оңайға түскен жоқ. Бәтіштің арқасында үйге кіріп шығатын халге де жетті. Сол бір операцияға барардағы Дәулет пен Бәтішке айтқан «өлералды» сөзі, олармен қол алысқандары еске түссе, Анар өзінен-өзі қатты қысылатын. Осыдан кейін олар да сол бір қысылтаяң кездегі серттерін Анарға ешқашан қайталап еске алып айтқан да, ауыздарына алған да емес. ....Күндердің күні Нарынқол жақтан Дәулетке ауылдас жігіттер хабарласып, қызметке шақырды. Ақыры буынып-түйініп жолға шықтық. Дәулеттің бағы жанып, бұл жақта да басшылардың көзіне ілігіп, беделі арта түсті. Үй-тіршілігіне көмекші болғысы келетін дос-жаран, ағайын-туыстар да табылып жатты. Әсіресе, Намысбай досы, оның үйіндегі әйелі – Сәуле өз туыстарынан да артық болып кеткен. Сәуле тіпті ертелі-кеш осы үйдің қандай да болмасын жұмысын тындырып тастайтын. Үйленгендеріне бес-алты жыл болса да, бала көтермегендіктен болар, дене бітімі тығыршықтай, толысқан, сымбатты да, келбетті... Анарға кейде: «Сіздерден жұғысты болып бір нәресте көрсем деген ойдамын, тәте», – деп еркелей күліп қоятын. Намысбай болса, мінезі салмақты, жұмыс ретін тастай білетін біртоға азамат. «Барып кел, алып келдің» барлығына Сәуле төселіп алған, сол үйге қолғанат. Өзі аурушаң, жас баламен сыртқы шаруа түгілі, үй тіршілігіне қолы әзер тиетін Анар үшін өз туған сіңлісіндей болып кеткен ол. Кейде бітпей жататын шаруалар болса: «Сіз әуре болмай-ақ қойыңыз, тәте, ағамен бірге барып әкеле салайын» – деп ұшып-қонып, Дәулетпен бірге кететін. Кім білсін, осылай жалғаса берер ме еді?.. Бірде бригадир болып жұмыс істейтін Дәулеттің жақын туыстарының бірі мал қоралардың қысқа даярлығын көріп қайтуға шыққан. Жолай ауыл сыртындағы лагеръге соққан. Кенет қалың ағаш арасында тұрған жеңіл машинаны көріп қалады. Байқаса, Дәулеттің көлігі. Қасындағы Сәулені жазбай тани кетті. Олар бригадирді көрген де, байқаған да жоқ. Өздерімен-өздері мәз. Бригадир сол бойда олардың көздеріне түспей, бұрылып кетіп қалған. Бұл оқиғаны ол ертесі Намысбайға жеткізеді. Сабырлы, бірақ дойыр мінезді Намысбай осыдан кейін Сәулеге қамшы көтерместен, денесіне дақ түсірместен, кінәсін бетіне басады. Үйден бір түнде қуып шығады. Содан кейін Сәуле ауылдан ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Туыс, жолдас-жора, ауыл адамдары, тіпті Дәулет пен Анар да бұл жайдан хабарсыз-тұғын. Көп ұзамай Сәуле ауылға Қарағанды қаласында тұратын бірге туған әкпесін ертіп келген. Ондағы ойы – үйдегі дүние-мүлікті бөлісу. Әпкесі сауатты, көпті көрген, ақылды да сабырлы адам болып шықты. Мән-жайға қаныққаннан кейін дүние-мүлікті бөліспек түгілі, Сәулені келген ізімен кері қайтарып алып кеткен жайы бар. Адамгершілігіне, азаматтығына дән риза болған қарағандылық апай осыдан кейін Намысбайға өзінің жақын туыстарының бір қызына үйленуіне көмегін де жасапты. Кейіннен олардың отбасымен де жақсы араласып кетіпті деседі ауыл адамдары. Осы оқиғалардан кейін отбасына түскен сызат әсіресе Анар үшін өте ауыр болған. Бүйтіп елге масқара болып жүргенше, не өлу керек немесе ажырасып, көз көрмес, кұлақ естімес жаққа кету керек. Бүйткен өмірі құрысын! Ой түбіне жете алмай, шешімін таппай әбден басы қатқан Анар ендігі жерде жас баланы бауырға басып, үйден кетпекші болады. Осы кезде Ұлжалғас ападан бастап, үйдегі үлкені-кіші, туыстар, барлығы дерлік Анардың аяғына оралып, жалынып-жалпайып, кешірім сұрап есіктен шығармаған. Қарағандылық апай да ауылына қайта қоймаған кез. Жағдайдың ушыққанын естіп, отбасына бір ауыз болса да жылы сөзін айтқысы келген. – Шырағым, Анар, ашуға баспа, қызба-лыққа салынба. Сабыр ет. Өзіңді, балаңды, келешегіңді ойла. Ашумен ажыраса салу оп-оңай. Осындай етқызбалықпен ажырасып, өмірден опық жеген жандардың бірі – мына тәтең. Сен енді өзіңді-өзің ұста, шырағым, – деген. Осы бір ашуға, сезімге басу болған, сабырға шақырған үлкендердің ұлағатты сөздері Анарды біраз сабасына түсіргендей болды. Шамалы үнсіздіктен кейін Анар Дәулетпен жеке сөйлескен. Ақиқатын өз аузынан білмек болған. Дәулеттің айтуынша, Намысбай көрші аудандағы туыстарының бірінің қыздарының құдалығына кетіп, сол түні үйде болмаған. Сол күні Сәулеге жұмысты жақсы істегені үшін әкімшіліктен қосымша сыйақы, мақтау қағазы берілген. Бұл қуанышын қызметтес, жолдас-жораларымен жұмыс орнында атап өтіп, үйге кешірек қайтуға тура келген. Дәулетке үйреншікті әдетімен жеткізіп тастауды сұрайды. Ешкімнің көңілін қалдырып көрмеген Дәулет бұл жолы да қарсылық көрсетпеген. Сәуле берілген гүл шоқтарын, басқа сый-сияпаттарын алып, мәшиненің алдынғы орнына жайғасқан. Үйіне жеткен соң мәшинеден кербездене түсе бере, Дәулетке бұрылып: «Аға, Сіздің арқаңызда осы құрметке ие болдым. Көп рахмет! «Темірді қызған кезде соқ» деген бар емес пе?! Жылда-жылда маған осылай сыйлық бере бермес. Өмірімдегі ең бірінші қуанышым осы, ең болмаса ырымын жасап атап өтейік. Сәл де болса дәм ауыз тиіңіз, үйге кіріңіз», – деп қиылады. Дәулет «жарайды» деп көне кеткен. Ішімдікке онша жоқ Дәулет осыдан кейін босаңсып, әрі қарай отырысын жалғастырып қалып қойған. Музыка ойналып, соңы биге ұласып кете барды. Сәуле мастығына сүйеніп, ойындағысын жүзеге асыру үшін бар жанын салып жүрген сыңайлы. Дәулетті қатты сүйетінін, одан ұрпақ сүйгісі келетінін де жасырмайды... Оқиға осылай басталған. Ендігі жерде барлығы басқаша болатынына сендіріп, Дәулет ант-су ішіп кешірім сұрап, Анардың аяғына жығылған. Осы күні Дәулет – ауылдағы ақыл тоқтатқан ағалардың бірі. Қазір де белгілі кәсіпкер. Анар қазақ-қырғыз жеріндегі бүкіл туыс-тума, ауылдағы ел-жұрттың қадірлі де, сыйлы келіндерінің бірі көрінеді. Қазіргі кезде бар уақытын да, білімін де, адамгершілік арын да кембағал, жетім балалар мен нашар отбасылардың жағдай, тіршіліктеріне арнап келеді екен. Той керемет, жақсы өтті! Риза болдым. Адамға өмір сыйлаған қандай бақыт!...

651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы