• Әдебиет әлемі
  • 24 Желтоқсан, 2019

БАЛА ШАҚТАН - БОЛАШАҚҚА!

Нұрлан ҚҰМАР

АЙДАРЛЫ ҰЛ ЖӘНЕ  ТҰЛЫМДЫ ҚЫЗ

– Гүлжанның туған күніне келдік. – Бірін-бірі жетектеген топ бала төр үйге озды. – Әдеміленіп кетіпсіңдер ғой. – Гүлжан сыңғырлап күледі келіп. – Ой-ой, мынау қандай бала? – Гүлжанның сіңлісі Гүлнәз тақырбас ұлды нұсқады. – Өзі тақырбас, бірақ тас төбесіне шаш қалдырыпты. Оны қыз секілді өріп қойыпты. Онысы несі? – Ей, ей, сен Шыңғысханбысың? – Бәлкім шаман шығарсың? Әрі-бері шапқылап жүгірген бүлдіршіндер Қайсардың өрілген бұрымына қол жүгіртіп, түрткілей бастады. – Алыс ауылдан туыстар келіп жатыр. Әпкемнің қызы – Гүлсім. Танысып қойыңдар. – Жиналған балалар Гүлжан ілестіріп келген қуыршақтай сүйкімді қызға көз тастады. Кенеттен шиқылдаған күлкі әр тұстан естіле бастады. – Екі шекесіне шаш қойған қыз. Ха-ха-ха. Хе-хе-хе. – Тағы бір сәнқой қосылды бізге. – Шыңғысханмен таныспайсың ба? Өжет қыз Гүлсім кірпігін қағып-қағып жіберді. – Шыңғысхан деген кім? – деп сұрады тықылдап. – Ұлдар Қайсарды жетектеп Гүлсімнің қасына әкелді. – Мен ешқандай Шыңғысхан емеспін. Менің атым – Қайсар. – Менің есімім – Гүлсім. Біздер Ақжол ауылынан келдік. Қайсар, сен нағыз қазақ екенсің. Орайыңның тұсынан айдар қойыпсың. Мен де нағыз қазақпын. Тұлымым бар. – Гүлсім екі шекесінде қиылмай қалдырылған екі шоқ шашын қолымен сипалады. Өзі сондай мәз. – Сонда не, біз қазақ емеспіз пе? – Айгүл аузын бұртитты. Әсияның тостағандай көздері жалт-жұлт етеді. Ұлдар үнсіз аңтарылып тұрды. – Кәне, дастарханға жайғасыңдар. Туған күн кешін бастаймыз. – Гүлжанның шат дауысын естіп барлығы үстелге жүгірді. Балғын сәбилер тәтті тағамдарға жаппай ұмтылды. Жеміс-жидектерді таңдап өз алдарына алып үлгерді. Шырынды, газды сусындарды ішуге кірісті. – Біс-сі-міл-л-лә... – Қайсар қол жуып келіп, алдымен нанға ауыз тигізді. – Біс-сі-міл-л-дә... Туған күнің құтты болсын, Гүлжан. – Қолындағы шелпектен үзіп Гүлсім туысына ұсынды. – Нағыз қазақ дәл осындай болатын шығар. – Осы сәт қатты ойланып қалған Гүлжан бір орында қалт тұрып қалды.

АЛАҢСЫЗДЫҚ

Ақбол тамсанып, таңдайын тықылдатып жатып ұйқысынан оянды. Түнде жатар алдында жеген пешенейдің дәмін сезінді. Ұшып түрегеліп, өзі тығып қойған жылтыр қалтаны іздеуге кірісті. Қалта бос болып шықты. Түк жоқ. Сырт-сырт еткен түрлі-түсті және мөлдір қағаздар ыбырсып жерге төгілді. – Қолқанат мені аңдыған. Менің тәттілерімді жеп тауысқан. – Ол жүгіріп келесі бөлмеге өтті. Қолқанат пысылдап ұйықтап жатыр екен. – Ей, Қолқанат, сенен бірдеңе жасыру тіптен мүмкін емес. Түнде осы сенің қолың қанат болып кете ме? Тығып қойған нәрсемді қалай ғана тауып ала қоясың. – Ақбол ағасын жұлқылай бастады. Іштей қырсыққан Қолқанат көзін ашпады. Бұл жағдай Ақболды қатты ашуландырды. – Тұр, Қолқанат, аяққанат, мұрынқанат, көзқанат... – Ақбол ағасының аяғын басты, қолынан тартқылады. Мұрнын қысты, көзін шұқылады. – Кетші-ей, мазамды алмай. – Ақбол, сары бол, қызыл бол, жасыл бол. Көзіме көрінбе. Ұйқы бер маған. – Қолқанат бір бүйіріне аударылып түсіп, бетін төсек жапқышпен бүркеді. – Ақбол, Қолқанат, қайдасыңдар? Мен сендерге дүкеннен дәмді тоқаштар сатып әкелдім. – Атасының дауысын естіп екеуі есікке қарай жарыса жүгірісті. – Дәл кешегідей ме? Өрік, мейіз, жаңғақ қосылған ба? – деді Ақбол. – Ірімшіктен жасалғандары бар ма? Бұрышталған, тұздалғандары керек маған, – дейді Қолқанат. Ішіп-жеуден басқа уайымы жоқ қайран алаңсыз балалық шақ. Атасы оларға сыйлықтарын үлестірді.

АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Сымбат терезе пердесін ашып жатып: – Апа, гүлдерім гүлдеді, – деп саңқ ете қалды. Жүзжылдық деп аталатын өсімдіктен әлдеқандай ұзын сабақ өсіп шыққанын анасы көріп жүрген-ді. Бірақ дәл ұшынан бүртік-бүртік гүл ашылатынын күтпеген сыңайлы. –Бұл – Алла Тағаланың құдіреті. – Апа, мен күнара су құйып жүрмін ғой. Сосын гүлдеді. Сымбаттың аузы бұлтиды. – Әрине, қызым. Өсімдікке ауа, су, құнарлы топырақ, күннің жылуы ғана емес, мейірім, ықылас та керек қой. – Сонда сіз күнде-күнде намаз оқыған сайын құдайдан гүлдерге мейірім сұрап жүресіз бе? – Үнемі ұлы шеберден бір нәрселерді сұрай беруге болмайды. Алдымен Жаратушы Тәңірді мадақтаймын. Сендей қызым болғаны үшін алғысымды жеткіземін. Бүкіл мұсылман қауымына амандық тілеп, жалбарынамын. – Сосын өсіріп жатқан гүлдерім көркем болсын деп ойлайтын шығарсыз? Себебі наурыз мерекесі алдында гүлдеріңіз тіптен жайнап кетіпті. – Бұл да Алла Тағаланың құдіреті, – деді анасы. – Наурыз – жыл басы ғана емес, айтулы мейрам. Наурыз келер тұстағы жер астындағы ғажап гүрілді бәлкім біздің алоэ гүлдеріміз де естіді. Сондықтан да, гүлдерін желектей етіп жайып жіберді. Сымбат аң-таң. Наурызды ол да сағынып күтіп жүрген-ді. Әсіресе, наурыз көжені, томпиған сап-сары бауырсақтарды, түрлі-түрлі тәттілерді. Қонаққа баруды қатты ұнатады. – Сонда қалай, наурыз келгенде жердің асты гүрілдей ме? Неліктен олай? – Ол да Алла Тағаланың құдіреті. Адамзаттың ақылы жетпес оған. Күн мен түнді, бай мен кедейді теңестіретін, бүкіл тіршілікті оятатын сыйқырлы, жұмбақ құбылысты – жер асты гүрілін адам баласы естімейді. Жаратушының әмірін жан-жануарлар, өсімдік-тер алдымен сезеді. Міне, құдірет деген осы. Алғаш рет Сымбаттың кеуде тұсы дүр-сілге толды. Не нәрсенің де мәнісін білуге асыққан титтей қыздың жүрегі қатты-қатты соғады. Бәлкім, бұл да Алла Тағаланың құдіреті шығар?

ҮТ КІРДІ...

Былтыр наурыз мейрамы кезінде Ақбол ән шырқады. Туысқандары қатты қуанысты. – Ой, Ақбол, сенің құс, гүл, көктем туралы әндерің әдемі, – десті бәрі. Әрқайсысы арқасынан қағып, тілектерін айтты. Ата-әжелер, ақ батасын арнады. Кішкентай іні-қарындастары құттықтады. Аға-әпкелері әртүрлі сыйлықтар берді. Соның бәрін бүгін Ақбол ой елегінен өткізді. Енді күнде-күнде наурыз жырларын, білетін тақпақтарын ішінен қайталауға кірісті. Ұлыстың ұлы күні оған қатты ұнайды. Әсіресе, адамдардың күліп жүргендерін жақсы көреді. Сөйтіп барыс жылы да келіп жетті. – Үт кірді жарықтық, – деді әкесі елжіреп. – Үт кірді, демек үйге құт кірді, – деді апасы жайраңдап. Ақбол есікке жалт қарады. – Итті қайдан көріп тұрсыңдар? – Ит емес, үт дедік. Терезеге қарашы, күн күлім қағады. Сол күн сәулесінің ішке енгендегі тозаңданған көрінісі үт деп аталады. Яғни, үйге жылылық, жақсылық барлық саңылаулардан кіруге асығады. Тіршілік иелеріне мейірім сыйлауға ынталы. – Ә-ә. Ақбол терезеден жіп-жіңішке болып бөлмеге тартылған күннің нұрын көрді. Ақырын-ақырын байыптап ұзақ қарады. Қолымен ұстағысы келді. Бірақ үт деген мың бөлініп алақанына тұрмады. Үт туралы дос-тарына айтқысы келді. Далаға шыққанында қорадағы қозы-лақтарының сүп-сүйкімді дауыстарын естіді. – Мә-ә-ә. Көктемнің шуағының ерекшесін-ай! Мә-ә-ә. Ақбол ұлыс мейрамы келді. Жер-ана бусанды. Бізді сыртқа шығарасың ба? Жаңадан өскен көк шөптерді көргіміз, жегіміз келеді. Жып-жылы нұрға шомылғымыз келеді. Маңыраған қошақандарының үнінен Ақбол олардың не айтып жатқанын түсінді. – О, менің наурыз төлдерім. Айдың басында тусаңдар да, бәрің қайдан біліп алғансыңдар? Күн тағы да жылынсын, шыдай тұр. – Жо-жоқ. Біз суықтан енді қорықпаймыз. Тіптен қар жауса да мейлі. Қайта наурызда жауған жұқа, аппақ қар қылаңытса қуанамыз. Өйткені, көктемнің алғашқы айы да аяқталуға жақын емес пе?! Наурыз мерекесінде қыдырмаймыз ба? Кең дала төсінде жайылмаймыз ба? Сен наурыз шешек термейсің бе? Егіз туылған қара лақтар осылай деп маңырады. Ақбол қозы-лақтарын құшақтап, олар-ға наурыз көжеден ауыз тигізетінін айтып мақтанды. Қошақандар алдын ала алғыс айтқандай жып-жылы тұмсықтарымен Ақбол-дың қолын, аяғын түрткіледі. Ақбол қозы-лақтарына наурыз жұмбақтарын жасырды. Көздері мөлдіреп наурыз төлдер ойланып қала берді. – Алақай, мұның бәрі күн сәулесінің кереметтілігі ғой. Тіптен үт кірген соң менің қозы-лақтарым да сөйлей алатын болды. Сен неткен ғажапсың, жарық күн! Сен қандай құдіретсің, ұлы наурыз! Ақбол бүкіл әлемге осылай деп жар салады.

МЕН СОҒЫСТЫ ЖЕК КӨРЕМ

– Әже, кітап оқып отырсыз ба? Ұйқыдан оянған Гүлімнің дауысы тым шат естіледі. Әжесі әлдеқандай сарғыш тартқан фотосуретке тесіліп қарап қалыпты. Басын көтерер емес. – Бұл кім? Ескі суретке сонша неге қарадыңыз? – Менің әкемнің бейнесі. Сендердің бабаларың. Соғысқа кетті де оралмады. – Әже, соғыс деген не? Атамыз бір жерде адасып жүрген болар. Бәлкім келіп қалар. Гүлім әжесінің бетінен сүйіп, көз-жасын сүртіп әлекке түсті. – Туу, соғыс па, айтып жатқандарың. Ол – жаман нәрсе. Кинолардан көргем. Пух-пух, пах-пах. Адамдар бірін-бірі атады. Оқтар зу-зу, зың-зың ұшады. Гүліммен тетелес Ғани сұқ саусағын кезеп, жан-жаққа оқ жаудырды. Өзі атады, өзі құлайды. Біресе еңбектейді, біресе жаудан тығылған болып бұрыш-бұрышқа қашады. Бөлмені шаңдаттың ғой, әрі-бері жүгіріп. Гүлім ұрысса, Ғани сықылықтап күледі. Әжесі қос құлынын бауырына басып, өткен өмір жайлы естелік айтты. Үлкен кісінің бостан-босқа ағыл-тегіл жыламайтынын титтей жүректер лезде сезді. Жеңіс күнін еліміз атап өтуде. Қызылды-жасылды шарларды көтерген балалар қандай шат. Әлемде бейбітшілік болсыншы. Теледидар мерекелік шеруді көрсетіп жатты. – Әже, мен жаңағыдай соғыс ойынын енді көрсетпеймін, – деді Ғани дауысы дірілдеп. – Адамдар неге бірін-бірі өлтіреді? Не жетпейді оларға? Тып-тыныш табиғатты неге отқа орайды? Қалаларды не үшін қиратады? Гүлімнің бұл сұрақтарына әжесі түсінікті етіп жауаптар қайырды. Әжесінің әңгімесін ұйып тыңдағандықтан болар, көзіне жас тығылды. Соғыс кезінде өлген адамдарды аяды. – Мен соғысты жек көрем. Ғанидың жанарынан сол сәт от ұшқындады...

КӨГАЛ

Мамырдың туған күні аталып өткен соң, сыйлықтар төбе болып жиналып қалды. Әсіресе, іңгәләп жылайтын қуыршағына Айман әуес. Таң атпай жетіп келеді де, қуыршақты иеленеді. Шашын тарайды, қос бұрым қылып өреді. Артынша тарқатады. Күніне бірнеше рет жұлмалап жатқаны. – Сен қыз, қуыршағымның шашын түсіресің. Мамыр оның қолынан тарақты жұлып алды. Айманның беті қып-қызыл болып кетті. Бірақ қуыршақты қолынан тастамады. Тізесіне қуыршақты жатқызып еді, бөпе шырқырап жылады. Жалма-жан көтеріп алды. – Мама, папа, – деді қуыршақ. Айманның жүзі жайнап шыға келді. – Ей, Мамырдың қуыршағы, тіліңді қазақшаға қашан бұрасың? Менің қуыршағым болар ма едің? Мен саған апа, әке деп айтуды үйретемін. – Күні-бойы бір қуыршақпен ойнауға жалықпайды екенсің. Мен көшеге барамын. Ішім пысты. – Ендеше, Мамыр біздің үй жаққа барайық-шы. – Сенің үйің тым алыста. Әрі ауылдың шеті. Мамыр мұрнын тыржитты. – Біздің үй керемет жерде орналасқан. Барсаң, қызықтың көкесін көресің. Ешкім бізге ұрыспайды. Көгалда ойнаймыз. – Кө-гал, кө-гал. Көгал деген немене? Айман ауылдың шетіндегі табиғатты әбден мақтады. – Жалпақ жайылған сай, сосын кішкентай көлшіктер бар. Ол жердегі көк шөптер жібек жіп, маталар секілді жұп-жұмсақ. Жып-жылтыр. Көгал дегенім көк құрақ шөптер. Түрлі өсімдіктер қаулап өсіп келеді. Тура кітаптағы суреттер секілді. Қуыршақты қолтығына қысып алып, Айман жол бастады. Олар көше-көшені кесіп өтіп, шеткі үйге келіп жетті. Расында да үйдің ар жағы жасыл әлем екен. – Көгал қайда? Құрақтарың қайсы? Мамыр мазасызданып жасыл табиғатқа көзін тоқтата алмады. – Кәне, көк шөптің үстіне алаша жаялық. Сен мына көрпелерді төсе. Көрдің бе, көгалда отырмыз. Солай. Айманның көзі жылтыңдап, балауса өскіндерді қолымен сипалады. Көл жағасында қамыстар тербеледі. Айманның сипаттаған өлкесі шынында да айтарлықтай еді. Таза ауада емін-еркін шапқылап жүгіріп Марал мәз болды. Денесі сергігенін, көгалдан ерекше күш-қуат алғанын сезді. – Көгал дегенің жыпырлап өскен көк шөптер екен ғой. Ертең тағы да келемін. Достарымызды да ерте келейік, жарай ма? Мен саған сөйлейтін қуыршағымды сыйладым. Біржолата ала ғой. – Рахмет, рахмет. Айманның қолындағы қуыршақ Айманның аузымен үн қатты. Бұған екеуі де рахаттана күліседі.

ЕРКІН ҚАЛАЙ ЖАДЫРАДЫ?

Еркін мен Ерік әлденеге керілдесті. Бірін-бірі итеріп, таласулары тоқтар емес. Бір кезде Ерік ызаланып қолындағы ойыншық темірқалақпен Еркіннің тізесінен салып қалды. Еркін шыңғырып жылады. – Ерік, сен не істедің? Еркіннің тізесінде жара бар еді. Мінекей, сол жарылды. Енді қайттім? – Еркіннен екі жас үлкендігі бар Айша шыр-шыр етеді. Ерік те қатты қорқып кетті. Үңіліп қараса оймақтай жарадан қан аралас ірің ағып жатыр екен. – Мен кез келген жараны жаза аламын. Әке-шешем дәрігер ғой. Ендеше, маған сеніңдер. – Айгүл жүгіріп келіп тапқырлық танытты. Ол алдымен жарақаттанған жерді таза мақтамен сүртті. Әлдеқандай қышқыл иісі бар сұйық қоспамен қотырды жуды. Үйінен әкеліп жараға арналған майды жақты. Сосын ақ дәкемен Еркіннің тізесін орап-орап тастады. – Сен жақсы қызсың. Не істеу керек екенін білесің. – Ерік шалқалап күледі. Айгүлді қалай мақтарын білмей, не болса соны айтып, көңілдене бастады. – Айгүл аса мейірімді. Мен досымды мақтан етемін. – Айша құрбысын құшақтап, бетінен сүйді. – Мен өскенде дәрігер боламын. Бәлкім атам секілді сынықшы болармын. Егер көшеде құлап қалсаңдар немесе жарақат алсаңдар маған келіңдер. Мен сынықты саламын, жараларды емдеймін. Біраздан бері қабағын ашпай түнеріп отырған Еркін Айгүлге қарап езу тартты. – Рахмет саған дәрігер қыз, – деді шынайы көңілмен. Еркін жадырап еді, бөлме іші де жарқырап кеткендей болды.

ЖЫЛҚЫШЫ ҚАНДАЙ ҚҰС?

– Мен бүгін жарықтық жылқышыны көрдім. – Шәй үстіндегі үлкендердің әңгімесіне Елдос елең етті. – Ата, жылқышыны көрсеңіз неге біздің бие туралы сұрамадыңыз? Құлыншағым болса ғой, шіркін! – Құлыншағыңның мойнына мен ақ, көк бантиктерімді гүл-гүл етіп байлап қоямын. – Өйтіп Назым күлкімді келтірмеші. Құлыншағымды өзім-ақ күтіп баптаймын. Қолдан жем жеуге үйретемін. Кәмпит-пешеней беремін. Өскен соң мінемін. Ауыл сыртына саяхаттап жүреміз. – Ойпырма-ай, сендер тым алысқа кеттің-дер ғой. Мен жылқышы құс туралы айтып отырмын. Биылғы көктемде біздің Жайық өзенінің аңғарына жылқышы құс келіпті. – Атасы көп жылдар бойы көрінбей кеткен ғажап құс жайлы мәлімет таратты. – Сонда қалай, жылқышы дегеніңіз құс па? Көктемде келіп күзде жылы жаққа кетіп қала ма? Жылқышыны біз де көргіміз келеді. Табиғат аясына бізді де апарыңызшы. Арада бір апта өткен соң аталары уәдесін орындады. Күнұзаққа дала кезудің нәтижесінде олар жылқышыны жақын қашықтықтан көрді. – Қауырсыны сұр. Арқасының бір бөлігі мен құйрығының ұшы аппақ. Қандай керемет құс едің сен, жылқышы. – Қарай гөр, тұмсығы имек әрі ұзын. Денесі де ірі. Қап, фотоаппаратым болғанда ғой. Суретке түсіріп алушы едім. – Елдос өкініп кеудесін сипалайды. – Жылқышы, сенің жерге салған ұяңды да көрдік. Қоңыр және жасыл түсті жұмыртқаларыңа қатты қызықтым. Бірақ қолымды тигізген жоқпын. Өйткені, балапандар маған өте ұнайды. – Назым өз-өзінен жылқышыға арнап сырын ағытты. – Ата, жұмыртқалардан қашан балапан шығады. Жылқышының балапандарын қашан көреміз? – Үйге жеткенше ауыз жаппаған немерелер атасының әбден мазасын алып бітті. Осыдан кейін әрбір күнді санап жүруге кірісті. Бір ай уақыт тым ұзаққа созылған сияқтанады. Мамыр айының соңғы аптасында Елдос пен Назым ат-арбаға шіреніп отырды. Туған өлкенің таңғажайып көріністерін тамашалады. – Ой, ой. Соншалықты әдемі, жирен қоңыр түсті балапандар-ай. Жылқышының балапандарын бірінші рет көрген ұл мен қыз көздерін ғажап тіршілік иелеріне тойдыра алмады. – Арқаларындағы қара мамықтары қалай-қалай үлпілдейді? Бұндай құстарды неліктен жылқышы деп атаған екен? – Назымның тосын сұрағы тылсым дүниені дір еткізді. Балапандар үркіп биікке көтерілді. – Жылқышы құстар, жылда бізге келің-дерші. Сендерге ешқашан тиіспейміз. – Жаратылыстың ғажап туындысын аялағысы келгендіктерін білдіріп, Елдостың жүрегі елжіреді.

КӨБЕЛЕК

Әлдене жалт-жұлт еткендей. Еркенің назарын аударған нәрсе көз алдынан көлбеңдеп ұшып өтті. – Ей, күміс қанат көбелек, қайдан келдің? Не іздеп жүрсің, а? Әдемісін-ай, өзінің. Көбелек қысылмады. Тым еркін. Бөлменің төрт бұрышын еркін шарлай бастады. – Айгүл, тез келші, үйде көбелек жүр. Түсі қызық. Көк пе, көгілдір ме, үлбіреген бірдеңе. – Ерке қуана дауыстады. Айгүл мен Ерке қолдарына біресе сүлгі, біресе орамал ұстап көбелектің артынан қуды. – Тек өлтіріп алмайық. Қатты соқпа. Маған қарай қу көбелекті, – деді Айгүл. Қабыршақ қанатты көбелек қыздарды әбден жүгіртті. Әрі-бері қалбалақтап самғай жөнеледі. – Неткен айлакер көбелек еді. Біресе бізден тығылып қалады. Біресе басымыздан жоғары асып қалықтайды. – Айгүл әбден шаршап жерге жүрелеп отыра кетті. – Көбелек-ау, көбелек. Егер саған керегі гүл болса, олар – төр үйде. – Ерке қарсы бөлменің есігін айқара ашып тастады. – Сен қандай мейірімді қызсың. Көбелек күлім қаққандай болып Еркенің қасынан айналып өтті. – Түсіндім, енді түсіндім. Көбелек осыны аңғартып төр үйге кіріп кетті. – Ой, сен ақымақтық жасадың. Дәу бөлмеден көбелекті ұстай алмаспыз. Айгүл қатты ренжіді. – Үйге көбелек кірсе, жақсылық келеді. – Сырттан келген Жанар сіңлісі Айгүлге білгенін жеткізді. – Сондай да ырым бар ма? – Ерке қуақылана Жанарға қарады. – Болғанда қандай! Таяуда біздің үйде көп-көп қуаныштар болады. Жақсылықтарға кенелеміз. Қыздар төр үйге кірсе, көбелек терезе алдындағы жайнап тұрған гүлдердің маңайында жүр. Гүлдің сөлін соруға асыққан сыңайлы. Айгүл мен Ерке көбелектен әлдеқандай сый күтетіндіктерін білдіріп, оған жаутаңдап қарағыштай берді.

СУБҰРҚАҚ

– Цирктің алдында тұрған суды көрейік-ші. Ауылдан келген Аяжан туысы Даниярдың қолынан тартқылады. – Сен немене, субұрқақты білмейсің бе? Жай су емес ол. Субұрқақ деп аталады. Байқап қарасаң арнаулы қондырғылары көп. Солардан су атқылап жатыр емес пе?! – Субұрқақ деп сосын қойдыңдар ма? Аспанға қарай су шапшып ағады екен ғой. Данияр күрделі құрылысы көп субұрқақтың жәйін қарындасына түсіндіре алмады. – Су жоғары жаққа қалай-қалай шаптырады? – деді де суды жағалай жүгіре жөнелді. Даниярдың сөзіне сол жердегі өзі қатарлас ұлдар қарқылдап күлді. – Өй, сен қандай мәдениетсіз баласың? Су биікке тынымсыз атқылап жатыр демейсің бе? Өзімен қатарласа жүріп бара жатқан сары бала кетік-кетік тістерін көрсетіп ыржың қағады. – Ой, ой. Бетіме жаңбыр тиді. Аяжан маржан моншақтарға қолын созды. – Күн ыстық. Мына жер салқын, рахат. – Ішіне түсіп шомылып алсақ, қайтеді? Суға алақандарын тосқан балалар мәз-мәйрам. Күн сәулесінен қашып, субұрқақтың маңайына жаппай жақындайды. Су шашыраса қуана айқайласады, әрі қарай қашады. Артынша субұрқаққа қайтадан жүгіріп жетеді. Өйткені, балалар субұрқақ сыйлаған жайлылықты денелерімен сезінеді. Жандарына сая табатын орын екендігін нәзік түрде түсінеді. Сондықтан да ойдан-қырдан жиналған балалар субұрқақтың төңірегін мереке қылады. – Шіркін, біздің ауылда осындай субұрқақ болса ше? Оны орнату қиын ба екен? Аяжан ойлаған арманын ұйықтайтын кезде бір-ақ айтты. – Піш-ту, субұрқақ. Сенің аулыңда тіптен жөні түзу мектеп те жоқ қой. Данияр кеудесін керіп былтырғы көрген ауылдағы жағдайларды баяндап кетті. – Жақсы нәрселердің бәрі неге қалада ғана болуы керек? Аяжан ауыл мен қаланы салыстырып, қайта-қайта қабағын шытты. Түсінде ол ауылдың дәл ортасынан орын тепкен дәу субұрқақты көрді. Достары Әсел, Бану, Ақбөпелер қуанып, шапқылап жүр. Аяжан да қыздардың соңынан далбаңдап жүгірді. Сол-ақ екен аяғын әлденеге соғып алды. Көзін ашса диванның жақтауына тиген аяғы тызылдап ауырып барады. – Қап, қап. Аяжан ернін тістеледі. Ауылдағы субұрқақтың көріністерін толық көре алмағанына өкінген сыңайлы.

562 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы