• Бас мақала
  • 25 Қараша, 2019

Арманыммен біргемін

Ержан  ЖҰМАБЕК

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҚҰДАЙДЫҢ  ҚАРА ӨЛЕҢІ

(Ағылшынға қазақты таныстыру)

Қазақ деген бір ел бар білесің бе? Һақтан жеткен қалсын бір жыр есіңде! Сенбейсің бе, білмеймін сенесің бе, Жылайсың ба, білмеймін күлесің бе?..

Күлетінің – сенбейсің ғажабына, Жылайтының – сенесің азабына. Жету үшін жүректің жұмағына, Шыдап берген жүйкенің тозағына!..

Ойланбай-ақ елі үшін отқа кірген, Бабаларым Күн заңын жатқа білген. Қара жаяу жүргенде басқалары, Алтын сауыт киініп атқа мінген!

Барсакелмес оралған сапардан жүз, Екі өмірді тең көрген қатарданбыз… Тәуелсіздік қазақтың алтын тәжі, Мәңгіліктің жолында ат-арбамыз.

Даламызда шалқиды ар әуені, Баламызда арманның Қарагері, Көкірегі үндескен табиғатпен, Қазақ деген Құдайдың қара өлеңі!

АУЫЛЫМ-АУ

Іздеп Асан аңсаған кереметті, Ауылымнан адамдар неге кетті?! Мен де досым екенін байқамаппын, Гүлге өлең оқыған көбелекті...

Арманым ғой алысқа аттандырған, Ата-анамды сағынам шаттандырған. Жиі ойлаймын жазира даламды да, Ит жүгіртіп, құс салған, қақпан құрған.

Тауларымды түсімде көп көремін, Әлі есімде тұлпарды ерттегенім. Эвересттің еркесі болатындай, Ажалсыз бір жыр жазсам деп келемін...

Ауылым-ау, «сен»,-десе, сезім дара, Мөлдірлігің бейне бір көзім қара. Қазір ана-а-а-ау Ай жақын сияқты ғой, Бірақ жүрек ішінде өзің ғана.

Ауырлығын азаптың көтерсе адам, Арманына жан бітер өте аңсаған. Ақсақалы атанып Алты алаштың, Бала болып... Қайтадан жетем саған!

МЕН ӨЗІҢМЕН...

Бұлақ көзін ашқызғысы келеді, Асау толқын тас бұзғысы келеді. Ақтарылып ақ жаңбырмен селдеткен, Аспан мауқын басқызғысы келеді.

Ерке Ертіс сəл тасқысы келеді. (Бəле етекке жармасқысы келеді.) Ақын жаны табиғаттың сиқырлы, Сыр-пернесін дəл басқысы келеді.

Біреу тəтті қиялына ереді, Біреу əн-күй тыңдағысы келеді. Бауырына келіп кеткен əр жанға, Барқытбел қол бұлғағысы келеді...

Жұлдыздарын түн жаққысы келеді, Ғашық жүрек үн қатқысы келеді. Өз əуенін таңырқатып бұлбұлға, Қара торғай тыңдатқысы келеді...

Бақ Беймəлім кімге көңіл бөледі, Көбелекке гүлге қону - керегі. Байрақ биік желбіреуді көздейді, Мен өзіңмен бірге болғым келеді. Бəрін тастап кетейікші бір жаққа!..

ӨМІР ЖАЙЛЫ

Өмір жайлы білгенім, Бірде шаттық, бірде мұң. Туыс-досым қасымда, Аман-есен жүргенім.

Өмір жайлы білгенім, Құстай ұшқан күндерім. Ай мен күндей екен ғой, Жылағаным, күлгенім...

Өмір жайлы білгенім, Арманыммен біргемін. Көңіл нəзік гүл ме едің, Үміт неткен нұрлы едің?!

Өмір жайлы білгенім, Ештеңені білмеуім. Кетеміз-ау бір күні, Келтіре алмай күрмеуін!..

О, ТУҒАН ЖЕР

Өлең жазсам отырып ойды ақтарып, Ауыл қонар параққа жайлап барып. Балалығым Барқытбел бауырында, Мені күтіп жүр ме екен ойнақ салып?!

О, туған жер, өрт еді өңің неткен, Таба алмаспын жаhаннан, сені көктен? Куәгері бал шақтың тағы өзіңсің, Алғаш қызға ғашық қып тебіренткен!

Қазір у-ду қайырымсыз қаладамын, Сені жырақ кеткен соң бағаладым. Таза ауаңа бір жұтым зар боп жүріп, Талабымның тұлпарын тағаладым.

Үржар, сені сағынды жан шынында, Таң шығын да, сүйемін балшығында. Өзегіңді шапқылап бір өтейін, Жүрегімді сарқылмас малшы нұрға!

АШТЫ БАЛ

Ағытсам сырдың тиегін, Ай мен күннен де киелім. Дамылсыз айтам жар салып, Сүйемін сені, сүйемін!

Толқытқан сырлы шердейсің, Келтірмейсің не келмейсің! Ғашықтығымды ғаламат, Көзімнен неге көрмейсің?!

Алтыныңмын-ау қолдағы? Күй кештім құстай тордағы. Тар маңдайына дүниенің, Сыймай кетпесем болғаны...

Мүмкін, Ақ бұлтқа айналам - Көз тігетіндей айналам?! Мөлт етіп көктен тамбай-ақ, Кірпігіңе кеп байланам...

ЖОСЫ

Туғаныммен мамыражай мамырда, Мінезім бар кей кездері борандай. Арғымақтың қаны бар-ау қанымда, Тоқтамаспын шұғылаға оранбай?!.

Не болса да, ұмтыламын ілгері, Гүлденердей алға басқан қадамым. Өзегіме от төксе де күндерім, Болашаққа күліп кетіп барамын...

Уақыт, шыдам керек, білем алдымен, Әлі келем өзімді-өзім жеңе алмай... Қаперімде бұлттан биік қарғып ем, Осы бір жайт шынымен де болардай!..

ТҰМАН (Мұхтар Тұрсынбаевқа)

Тағдырдың мініп алып кемесіне, Әрненің үңілеміз елесіне. Достым-ау, түсінбеймін, не екенін, Түсесің тұман тұнса сен есіме?!

Қиын да, қызық еді ғұмыр неткен? Санап та үлгермейсің күніңді өткен. Кештерің күннен-күнге кемиді екен – Дүрмекке-дүрмек қосып дүбірлеткен.

Жаңалық жеткізсе де айдан адам, Айнаға қарап ойы тайғанаған… Ежелден шешілмеген сол сұрақтар, Мен кіммін?.. Қайдан келдім?.. Қайда барам?..

Не тылсым? Мұны бір жан біле алмайды, Бәлденіп дүние болса, бұлаңдайды. Бір-бірін шын сүйіп жүргендер де, Бірінің-бірі жанын еш ұға алмайды.

Әуелі, жоқты қуып қиналамыз, Соңыра жалғандыққа иланамыз. Тентіреп, туыспен де ортамыздан – біреу қайтқанда ғана жиналамыз…

Сезесің, өзің солай өтеріңді, Қайғы мен жасқа көміп етегіңді… Сұм жалған неше мәрте дәлелдемек, Жалаңаш кеп жалаңаш кетеріңді?!

Білмейміз, «ертең» дейтін, күнің қандай? Мазмұнын мына өмірдің мұң ұрғандай… Баяғы өзгермейтін бір қағида, Қашан да асығамыз жын ұрғандай.

Көңілді шын көтеріп, шын күлмейміз, Сырт көзге мұңымызды білдірмейміз. Еске алып шалыс басқан қадамды іштей, Өзіміз-өзімізді тілгілейміз…

Сөйткенде, бар жұмбақтың бір күні шіркін, Тауып ап той қылса ғой жұртым кілтін?! «Бәрі алда, бұл – тәтті түс…» деп шықпасын, Бір білгіш қан түкіріп… ол да мүмкін!

Мүмкін, серт пен сезімнің моласына, Дұға оқу – жаратқанның жобасы ма?.. Әу баста білсе ешкім түспес еді, Тірліктің азап толы додасына!

Ол рас, ойсыз болсаң терлемейсің, Сәуегей боп кетсең де өрлемейсің. Тамырың терең тартқан текті едің ғой, Мұхтар-ау, сен не дейсің?! Сен не дейсің?!

ӨМІР ЗАҢЫ

Өмір заңын, білмеймін, меңгердім бе? Ғұмыр кешіп келемін елмен бірге. Аяғымды сабырмен әрең алып, Тәубе деймін, әйтеуір, көрген күнге…

Туыс-досым қасымда бүтін, аман, Келер күнді бір күліп күтіп алам… Тырнақшаның ішінде бәрі жақсы, Көңілімді қайтейін шытынаған?

Жан-біткенді дос санап тең көрдім де, Бағытымнан ажырап сенделдім де, Үмітімнің нұрымен емделдім де, Жай-күйлерің солай-ау, сендердің де?!

Мейіріммен мәңгілік таң қарайды, Еңбек, сенім ететін жанды арайлы. «Арман – арман…»,- десек те, «алдамайды,» Пенде өзінің тағдырын таңдамайды…

Болашағым басымда жобаланып, Алтын күндей жайнайды домаланып. Қиялыма түйреуіш тағып қойдым, Бір бақыттың, бұйыртса, болары анық!

ТҰЖЫРЫМ

Қылығым еске түссе өткен егер, Түңілме, көп кешікпей көктем енер. Әр тамшы көз жасыңа кінәлімін, Хақың бар, мейлі, мені жек көре бер!

Кештердің ұмыт бәрін есіңдегі, Жылжисың сонда, сәулем, көш ілгері. Қорықтым, «қалам ба»,- деп, «обалыңа»… Ұнатқам, сүйе алмадым, кешір мені!

Тектісің, тұлымдысың, жоқ таласым, Өмірдің өгейсінбе ақ-қарасын. Сені алдау – опасыздық, өзімді қой, Білемін, басқа жанмен бақ табасың.

Меңгерген махаббаттың ізгі ілімін – Ұлы екен кісінеткен түз күлігін… Ант етші, жыламауға енді ешқашан, Жетердей өз отыма шыжғырылдым…

Ханзадаң ақбозатты қолыңды алсын, Арманың, бейкүнә жан, орындалсын. Мен түбі табамын өз сүйгенімді, Тіпті ол бағым емес, сорым болсын!..

ХАТ

Ренжіттім... Құрып кетсін батылым! Назаландың, батар күндей ақырын... Қос жүректің арасында – кеңістік Қос ауылдың арасы – мың шақырым.

Келешектің көк нұр бояп жолағын, Ми ішінде сарқырайды мол ағын... Махаббаттың өзін ұқпай жүрсем де, Машақатын түсінгендей боламын.

Қатесін кеш, мендей ымырт кісінің, Бақ самғауы – бір-ақ сәттік ұшырым. Күңгірт үміт хатын жаздым өзіңе, Қиялымнан сорғалатып құс үнін...

Әтіріңнен арман иісі аңқи ма? Жақындасам, жүрек-демің шарпиды-ау!... Сен жымисаң – көңілім қобыз тартады. Сен мұңайсаң: тән-садақа, жан – пида!

Күн көзінен естілгенде ақ сұр үн, Біз кездейсоқ кезіккенбіз... Жақсы ырым?... Сені ойласам: жүрегімнен даңғыра, соққылайтын бақсымын...

902 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы