• Бас мақала
  • 25 Қараша, 2019

Құмар ойынның құлымын, Кешірші мені, құлыным...

Бүгін міне, отырмын тағы да не істерімді білмей, ойым – оңға, санам – санға бөлініп. Мақсат біреу ғана, қалайда ақша табу. Ақша, ақша, ақша... Қарыздарын сұрап келіп жатқан бітпейтін адамдар. Біреуіне 35 000 теңге, екіншісіне 160 000 теңге. Осыдан 2 ай бұрын алған 50000 теңгесін сұрап келген адам да бар. Қалталы телефонға да маза жоқ. Қоңырау түссе ішкі дүнием телефонмен бірге дірілдейтіндей, өйткені, қоңырау шалатындар не қарызын сұрағандар, не жұмыстан іздегендер. Телефонды өшірмеймін, бірақ түскен қоңырауға жауап бермеймін. Телефонды тек қарыз алатын адам іздеу үшін ұстап жүргендеймін, ішіндегі телефон анықтамалығын екі-үш қайтара қарап шығам. Хабарласа алмағандар телефон арқылы немесе уатсап желісі арқылы хат жазады: «Ереке, бауырым, хабарласпадың ғой. Қарызыңды қашан қайтарасың? Жедел хабарлас!», «Ерлан аға, алдында алған ақшаны бере аласыз ба? Сабағымның ақшасын төлеу керек болып жатыр», «Брат, почему не отвечаешь на телефонные звонки? Ты же обещал вернуть деньги через неделю, уже прошло больше месяца. Срочно деньги нужны, вышли срочно», немесе «Уважаемый Ерлан Берикович, вы вышли на просрочку. Погасите долг или продлите займ. В противном случае вынуждены обратиться в суд». Бұл хаттарға да жауап бермеймін. Қазіргі мақсатым жылдамдатып ақша тауып, кешке қарай ойын залдарының біреуіне бару. Қалайда ақша табу және ойыннан сол ақшаны көбейтіп алып шығу. Сылтауым, қарыздарымды қайтаратын ақша шығару. Телефон анықтамасына жазылған адамдардың барлығын бірнеше реттен ақтарып шықтым, ақша сұрайтын және оны бере қоятын адам таппадым. Береді- ау деген адамдардың барлығынан алып қойғам, олардың жартысынан көбіне қарыз болсам, қалғанынан кезінде алып, не кешіктіріп, не уақытын созып жүріп әрең қайтарғам. Банктер несие де бермейді. 2013 жылы үлкен сома алып, уақытынан 2-3 жыл кешіктіріп, сот арқылы әрең төлеп шыққам. Қазіргі уақытта қара тізімдемін. Бірақ қалада әр қадам сайын жалақыға дейін жылдам ақша беретін жеке ұйымдар көбейген. Жеке куәлігімді алып, ақшаны тегін беретіндей кезекпен барлығына кіріп шыққам. Әрқайсысынан 20-60 мың теңге мөлшерінде алып шығасың. Ол ақшаның барлығын сол ойын залдарында қалдырдым. Алған ақшамды төлей алмай қалам, сотқа дейін жетсе не істеймін деген үрей жоқ, тек тезірек ала салып ойын залына бара қою, ары қарай... Енді ақшаны қайдан алса болады, кімнен сұраса болады деген оймен бас қатуда. Өз-өзіме ұрсып, өзімді балағаттап қоям. Темекі қорабы да босауға таяған. Таңертең алған темекі түске жетпей таусылуға айналған. Автоматты түрде телефон анықтамалығын ақтарып отырмын, бірақ ойым туысқандар, таныстар мен достарымды саралап отыр. Береді-ау деген адамды тапсам, оның телефон нөмірін, мекен-жайын басқа таныстар арқылы тауып алам деген қулығым тағы бар. Базар маңын жағалап келемін. Тізіліп тұрған ломбардтар, шағын несие беру орындары. Тағы бір шылымды тұтатып ерніме қыстырдым... Ақша табамын деген сенімділік жоғала бастаған. Жағалап келе жатып «Жалақыға дейін жылдам ақша. Рәсімдеу 15 минутта», - деген жарнамасы бар дүңгіршектің қасына тоқтадым. Атауына қарасам, бұрын алмаған жерім сияқты. Не де болса көрейін деп ішке ендім. Жеке куәлігім мен қалталы телефоным орнында ма дегендей тағы бір қарап қойдым. Білемін, маған керегі осы екі зат. Жайдарлы мінезбен амандаса ішке кірдім. Стол басында компьютерге үңіліп әдемі келген қараторы қазақ қызы отыр екен. Амандықтан соң: «Жалақыға дейін жедел ақша керек болып тұр еді, көмектесе аласыздар ма?», - деп байсалды түрмен стол қасындағы орындыққа жайғастым. Күлімсіреп отырған қаракөз қарындасымның сұрақтарына жауап бере отырып, қажетті мәліметтерді компьютерге толтырдық. Жауап күтіп он-он бес минуттай қыздың қасына жайғастым. Байсалды кейпіме қарамай, басымдағы ойлар сан-саққа жүгіруде. Қазір, бұйыртып ақша алған жағдайда не істеймін? Қарызымды қайтаруға бәрібір жетпейді, егер ойынға барып біраз ұтысқа шығып, ең болмаса бір адамның қарызын бере алатын сома жинасам... Соны қайтара тұрсам деген шешімге келдім. Ия сәт!... Менеджер қарындасым күлімсіреп: «Сізге 35 000 теңгеге несиені мақұлдады. Рәсімдейміз бе?», – деді. «Әрине, рәсімдейміз! Қолыңыз жеңіл екен», – деп қарындасымды мақтап қойдым. Көңілім бірден көтерілді, ойымда қарыздарымнан құтылатын бір мүмкіншілік табылды деген дәме бар. Енді тезірек ақшаны ала қойып, ойын залына тарту. Қай залға барам, ойынды қалай құрам деген ойлар басымда шарқ ұруда. Сыртқа асыға шығып, әзір ақша бар кезде темекі сатып алуды ойладым. Әрине, ары- қарай такси ұстап үйреншікті орныма тартып тұру. Адымым алшақ, істеген істерім тез. Міне, қаламыздың машинаға толы даңғылында такси ұстап тұрмын. Бірінші келген машинаға бағасына да келіспей, баратын орнымның мекен-жайын айтып алдыңғы орынға жайғастым. Машина орнынан қозғала берді. Жол бойындағы бағдаршамдардың жасыл шамдары жана қалса іштей дегбірсізденіп, ішімнен, бағдаршамды немесе көшеден өтіп бара жатқан адамдарды асықтырам. Олардың барлығы маған қарсы іс істеп тұрғандай жынымды келтіруде. Не керегі бар, сонымен ойын залына да жеттім. Таксиден түсе салып, жүгіре басып ішке ендім. Кірмес бұрын өзіме шарт қойдым: «Салған ақшамды 2-3 есе көбейтіп шығып кету!». Кассадаға қыздарға жақындап, кіру ақысы ретінде 20 000 теңгемді төледім. Оларды асықтыра, сол жиырма мың теңгеге тең казино фишкасын алып залға ендім. Зал іші темекі түтінінен бұлыңғырланып, қараңғы тартып тұр. Кіреберіске жақын стол маңайында адамдар көбірек. Барлығы стол ортасындағы шарлардың айналуын тамашалауда. Кейбіреуі айналып жатқан шарлардың ішіне кіріп кетердей столдан асыла, шарларға үңілуде. Екінші стол басы бос. Ол жақта ешкім ойнап жатқан жоқ. Қалтамнан шылым шығарып, кассаға қарай беттедім. Кассир қызға фишкамды беріп, бірінші столдың бос тұрған орнына ақшамды салғыздым. Стол ортасындағы лототронның үстіне орналасқан теледидардан ойын барысын қарап, алдында түскен шарларды қарап, өзімше талдау жасап тұрмын. Лоторонымыз нөмірі «8» санын алып шықты. Бірі қуанған, бірі, өзі білетін балағаттарын айтып жатқан жұрт... «Сонымен 8 түсті. Оның алдындағы сан 23 түсіпті. Сонымен келесі күтетін санымыз....?». Жылдамдатып ішімнен есептеп жатырмын. Басымда бірнеше ондаған нұсқа. 23 дегенім өзімше есептегенде 5-ке тең. Егер 8-ден 5-ті алсам 3-ке тең. Демек, үштерді жабу керек. Үш дегенім, өз есебім бойынша 3, 12, 21 және 30 сандары. Осы төрт санға 500 теңгеден қойдым. Келесі есеп бойынша 7-лер түсуі мүмкін, өйткені, 8-ді екіге көбейтсем 16. 16 дегенім 7-ге тең. 7-лерім, олар 7, 16, 25, 34. Бұл төрт санды да 500 теңгеліктермен жаптым. Енді осы қойған сомамды сақтандыру үшін тағы да біраз санды жабуым қажет. Әдетте сегізден кейін қара сандар ойнайды, сондықтан ортаңғы сызық бойында орналасқан қара сандарды 200 теңгеліктермен жаптым. Жалпы бәске қойған шығын 3600 теңгені құрайды, егер мен қойған сандардың біріне түссе, ұтыс, жоқ дегенде 7200 теңгені құрайды. Ойланып тұрып, тәуекел деп, 3 және12 сандарына тағы да 500 теңгеден қостым. Лототронымыз айналып кетті. Барлығы 37 шар айналып жатыр, столды қоршаған ойыншылардың назары ортада. Бірі орындықтарында отырса, кейбірі столдан бастарын асыра ортадағы шарларға үңілуде. Айналып- айналып лототрон «3» санын алып шықты. Көңілім көтеріле бастады. 4600 теңге шығын шығарып 36 000 теңге көлемінде ұтыс алдым. Ерніме тағы бір шылымды қыстырдым. Сол жерде жүрген даяшы қыздардың біріне сусынға тапсырыс бердім. Енді не түсер екен? Әдетте, 3 сандарына 7 сандарын береді. Сондықтан, 7, 16, 25, 34 сандарын 500 теңгеден қойдым. Сақтандыру үшін аяғы үшпен аяқталатын және 3, 12,21, 30 сандарына 200 теңгеден қойдым. Лототрон айналды. Тағы да сол сурет... Бәрінің назары лототронда. Лототрон қызыл түсті «16» нөмірлі шарды шығарды. Қуанышым қойныма сыймай тұр, аз шығынмен тағы да ұттым. Ұтысым 18 000 теңге. Ия, сәт деп қоямын ішімнен, бірақ қанағатсыздық сезімі де түрткілеп, білдім ғой осы сан болатынын, неге көбірек қоймадым деп қоям. Сонымен не керек, қанша уақыт өткенін білмеймін. Есім ауып, ойынға беріліп кеткем, ойын алдында қойған шарттарымды ұмытқанмын. Ұмытпақ тұр ғой, оны есіме де алмаған сияқтымын. Бір есімді жиып, ойын столындағы табломды қарасам жиналған ақшам 189 000 теңгеден асып тұр екен. Не де болса 200 мыңнан асырайын, сосын шешемін ғой деп қоям ішімнен. Бүкіл жан-тәніммен ойынға беріліп кеткем. Қалталы телефонымды өшіріп тастағам. Үйдегілер іздейді, жұмысқа шақыртып жатуы мүмкін деген үрей жоқ. Тек қана айналып жатқан шарларға қарап, соларды ғана санаудамын. Жақында ғана сатып алған темекім біткен, даяшы қыздарға темекіге тапсырыс беріп, ол қорапты да ашып тастағам. Ойын залына келгеніме 4-5 сағаттың жүзі болған. Ойын жалғасуда. Жан-жағымда не болып жатқанында шаруам жоқ, бәрін ұмытқам. Көз алдымда ойын шарлары, ернімде темекі, екі қолым сандарға ақша қоюмен бос емес. Ұтысым 370 мыңнан асты. Шығып кету, үйге қайту ойымда жоқ. Күндізгі, қарыздарымды қалай төлесем деген мәселелерді ұмытқам. Уақыт түн жарымынан асты. Шеккенім темекі, ішкенім газдалған сусын немесе қара кофе. Түскі асты да, кешкі асты да ішпегем. Ақшаны шешіп алу ойымда жоқ. Тағы да ұтсам деген де ой жоқ сияқты. Ойымда тек қана шарлар, сол шарларда көрсетілген 1-ден 37-ге дейінгі сандар. Сол сандарды бірнеше ондаған, жүздеген нұсқасын есептеп, түсетін сандарды табу. Ойлаған саным түссе қуанам, түспей қалса ішімнен лототронды, сосын өзімді балағаттаймын. Ойыншылардың көбі қайтып кеткен, ұтыспен кетіп жатқандары саусақпен санарлықтай, оның ішінде ірі ұтыс иегерлері жоқ. Темекіден басым ауырып, өзім күйіп- пісіп отырмын. Себебі, таблодаға ақшамнан қалғаны 30 мың теңгенің айналасы. Бағанағы 370 мыңнан қалғаны осы. Қойған сандарым шықпай, шыққандары болса ең аз ұтыс сомасы шығып, дегбірім қаша бастаған. Жыным келіп, таблоны да ұрып қоям. Не керегі бар, темекімді ерніме қыстырып далаға шықтым. Дала алабұлттанып күн шығуға таяу қалған, көшеде адамдар көрінбейді. Таңғы самал есімді бірден жинатты: «Не істеп қойдың, ақымақ! Қазір қарыздарын сұрап тағы да адамдар келеді, ғой. Не істейсің енді, есуас», - деп өзім білетін қарғыстар мен балағат сөздерді өзіме арнап жаудырып жатырмын. Не керегі бар, сонымен, сол маңдағы ауладан балалар алаңын тауып, орындықтардың біріне барып отырдым. Темекі түтінін ішіме тартып қойып, ойға кеттім... Ойым осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы уақытқа кетті. Үйленгеніме 6 жыл болған. Екі балам қатарынан қалмай өсіп келеді. Жұмыста алда, басшылықтың алдында беделім бар, өз жасыма сай лауазымым да бар. Бастықпын. Қаладан екі бөлмелі пәтер алдым, астымда арқыраған аппақ «Джип». Туыстарымның арасында сыйлы, достарым көп, бәрімен де жақсы қарым-қатынастамын. Карьераны ойлап, болашаққа деген көзқарасым түзу. Жұмысым жоспарлауым бойынша, қойылған тапсырмаларды шығармашылықпен орындаумен өтеді. Үйге келіп, бос уақытымды жанұяммен бірге өткізіп, жылулыққа кенелемін. Балаларым, тілдері жаңа ғана шықса да «әкелеп» қасымнан шықпайды. Өмір осылай өтіп жатты. Сондай күндердің бірінде, жұмыс кабинеттерінде 3-4 жігіт жиналып алып қызу әңгімеге көшкен, қастарына бардым. Әңгімелері футбол ойыны туралы екен. Жақында ғана жұмысқа кірген біреуінің қолында алақандай ақ парақ. Ол не деген сұраққа, «Ставка қойған чек қой»,- деп жауап алдым. Айтып отырғандары шетелдік екі команданың кешке болатын ойынының қалай аяқталатыны. Сол жерден спорттық ойындарға бәс (ставка) қоюдың бірінші сабағын алып шықтым. Оған көп мән бере қоймадым, бірақ ертеңінде сол баланың ұтысқа ие болғанын естіп, өз кабинетіме шақыртып алдым. Сол жерде букмекерлік кеңседан спорттық ойындарға бәс тігудің ережелеріне егжей-тегжейлі қанық болдым. Әлгі жігітіммен келісіп, екі күннен кейін қасыма ертіп алып қалаға тартып отырдық. «Оқытушымның» талдау жасауымен бірінші бәсіме 5000 теңге тіктім. Кешкі және түнгі ойындардан кейін, ертесі таңертең 30 мыңнан аса теңге ұтып алғанымды естідім. Ойын нәтижесін қарап, менің чегімдегі ұтыстарды қарап жүрген сол менің «оқытушым». Сол күні кешке барып ұтысымды шешіп алдық, талдау жасау арқылы 5000 теңгеліктен екі нұсқа таңдап, тағы да бәс тігіп қайттық. Ертеңінде тағы да ұтысқа ие болғанымды естідім. Сонымен не керек, спорттық бәс тігуге біржолата кеттім. Үйге де қарауды қойдым, жұмысқа да ат үсті қарауды шығардым. Бірде ұтыстамын, бірде қойған ақшамды да шығара алмайтын күндер болды. Ұтылған сайын келесі бәсімнің сомасын көтере бердім. Білетіндердің айтуынша, солай ғана ұтылған ақшаны қайтаруға болады екен. Қысқасы, енді бәс тігуді қойдым деп біраз жүрдім. Санасам, ұтқанымнан ұтылғаным көп болып шығыпты. Солай жүріп, жыл жарымнан соң іссапармен Алматы қаласына келдім. Бәле қайда деме, аяқ астында дегендей, «Сайран» автовокзалынан таксиге отырдым. Жол-жөнекей таксиспен таныса отырып, әр нәрсені сөз еттік. Әңгімеміз футболдан болып жатқан әлем чемпионатына ауды. Бір жылдай бәс тігу кезінде жинақтаған тәжірибеме сүйеніп, өз пікірімді де айтып қоям. Содан не керек, оның телефон нөмірін алып қойдым. Күнделікті қарбаласпен жүріп, ол танысым туралы да ұмыттым. Жұбайым үшінші баланы босанған. Хабарды естіп қуанып жатқанда, жұбайым телефон шалып нәрестенің ауыр халде екенін, барокамераға жатқызғанын айтты. Тірі қалу, қалмауы екіталай жағдайда екен. Осылайша, біраз уақыт өтті, жаңа туған ұлыма ДЦП, эпилепсия деген диагноз қойылды. Жағдайы нашар, тезірек Астана немесе Алматы қаласындағы үлкен орталықтарға апару керек деп шешілді. Мемлекеттен берілетін квотаны күтпей жақынырақ болған соң Астана қаласына жол тарттық. Жұбайым мен ұлымды ауруханаға жатқызып, өзім тәуліктік пәтер жалдап тұрдым. Сол күндері пәтерде жатып ойланып, не де болса футболға бәс тігіп көрсем деп шештім. Телефон кітапшасынан Алматыда танысқан танысымның нөмірін тауып, қоңырау шалдым. Біраз сөйлесіп, футбол тақырыбына көштік. Танысым, чемпиондар лигасы жүріп жатқанын айтып, ұтысқа ие болуға мүмкіншіліктің көп екенін ескертті. Сонымен, кешке қарай Астана қаласының ортасындағы букмекерлік кеңсеге бет алдым. Сол жерден түнгі уақытта ойнайтын командалардың бәс коэффициенттері көрсетілген тізімін алып танысыма қоңырау шалдым. Соның айтуымен бес команданы таңдап, экспресс ставканың тізімін құрдым. Танысым командаларда ойнайтын әр ойыншының, төрешілердің әрқайсысының өмірбаянына дейін біледі десе артық айтпаған болар едім, олар ойнайтын стадионның сипаттамасына дейін айтып берді, осы командаларға 50 мың теңгені бірақ қойдым. Бәс чегін қалтама салып, жалдамалы пәтеріме қайттым. Түнгі үштер шамасында танысым қоңырау шалып ұйқымнан оятты. Дауысы қуанышты: «Брат, поздравляю! Ты выиграл, твоя ставка сыграла»,- деп құттықтап жатыр. Чегімді алып қарасам, жалпы ұтыс 600 мыңнан аса шығады екен. Сол түн ұйқысыз өтті. Үлкен ұтыс. Таңертең барып, қобалжудан қолым дірілдеп ұтысымды алдым. Танысыма хабарласып, сенің де еңбегің деп 100 мың теңгені есепшотына салып жібердім. Осы ұтыстан кейін, бәс тігуге басыммен кеттім. Интернет желісі арқылы бәс тігудің ережелерін, ерекшеліктерін оқыдым, футбол командалары туралы ақпарат жинап, спорттық жаңалықтарды жібермейтін болдым. Телефонға букмекерлік кеңсенің мобильдік қосымшасын жүктеп, жеке логин ашып алдым. Басқа да спорттық қосымшаларды жүктедім. Содан былай бәсті букмекерлік кеңседен де, телефон арқылы да қоятын болдым. Үлкен ұтыстар да шыға бастады. Ұтылыстар да болды. Осылайша спорттық бәс тігудің қызығына кіріп кеттім. Отбасына да көңіл бөлуді қойдым. Бүкіл жан-тәніммен басқа кеңістікке кіріп кеткендеймін. Таныс, туыс, дос дегендерді де ұмыттым. Ұтылыстарым көбейіп, ақша табу қиындады. Таныстарымнан, достарымнан қарыз алатынды шығардым. Оларды уақытында қайтарып беруім де сирей бастады. Қарыз алу бойынша туыстарыма ма «ауыз сала бастадым». Жалақымды үйге толық әкелуді қойдым, немесе кешіктіріп әкелем. Сылтауым мен өтірік айтуым көбейді және де ойланбай-ақ өтірікті судай сапыратын бодым. Екі жылдың ішінде достармен хабар үзісіп, көбіне қарыз болып қызмет бабымен Алматы қаласына көшіп келдік. Балаларым өсіп қалған, екеуі мектепке барады. Кенжем мүгедек болып қолда отыр, жұбайым сол баламмен үйде. Мен соның бәріне де қарамастан ойынымды қоймадым. Ұтқанымнан ұтылғаным көп, ұтылыстарым да үлкен сомада. Үйде отыруды қойғам, жұмыстан келіп кешкі асты іше сала букмекерлік кеңсеге тартам. Сол жерде отырам. Ақырындап ойын болып жатқан уақытта бәс тігуді үйрендім. Олай бәс тігудің бір жақсысы көп күтіп отырмайсың, аз уақытта не ұтасың, не ұтыласың. Қысқасы, букмекерлік кеңсе екінші үйіме айналды. Бірде, сол жерде бір жігітпен танысып, бинго ойыны туралы естідім. Айтуынша 100 тенге қойсаң 3600 теңге ұтады екенсің. Сонымен бірге еріп барып бинго ойынымен таныс-тым. Бірден ойнамай, сол жердегі адамдардың ойынын тамашаладым. Ойыншылардың пікірлерін тыңдап, түскен цифраларға қарап, өз тактикамды құрдым. Бір аптадай жүріп ойынды бастадым. Бастай сала үлкен ұтысқа ие болдым. Спорттық ойындарға қарауды қойдым, баратыным бинго, лото залдар. Ол залдарда да өз клиенттерін тартуға, қызықтыруға арналған жағдайлар жасалған. Ішімдіктер мен сусындардың түр-түрі, темекі, кейбір залдарда тамақтары да тегін. Аптасына бір рет ұтылған сомаңа қарай билеттер беріп, ұтыс ойындарын ұйымдастырып тұрады. Міне, құмарлықтың құрығына іліккелі алты жылдан асты. Алты жылда жеткен «жетістігім» жетерліктей болды. Отбасым шайқалып, үйден жанұялық жылулық кеткелі қашан. Жұбайымды жерге қаратып, жалақымды бірнеше айлап үйге әкелмей, үйдегі алтындардың бәрін ломбардқа тапсырғам. Ұялы телефонды да ломбардқа тапсырып, қайтып алған кездерім кемде- кем. Балаларға қарауды да қойғалы қашан. Олардың қалай өсіп қалғанын да білмеймін. Ұлымның велосипед алса ғой, қызымның героскутер алса ғой дегендері арман болып кеткендей. Ия, аламыз ғой дегелі екі жылдың жүзі болды. Әке болып балаларымның осы тілегін орындап беруге шамам келмей жүр. Жұбайымның да жағдайына қарауды қойғам, мүгедек бала қолынан түспейді, басқа балаларға қарау, үй шаруасын істеу, дүкеннен азық-түлік тасу сияқты күнделікті шаруалардың бәрі соның мойнында. Ал, менің істеп жүргенім болса мынау... Анамды да жерге қараттым. Жерге қараттым емес-ау, тірідей жерге көмгендеймін. Анам байғұс қарыздарымның қаншасын төледі. Жамандыққа қимай, менің алдағандарыма сеніп, қазіргі күнге дейін қолдап, ұлым адам болса дейді. Құр сүлдері ғана қалған, аз жылдың ішінде бірнеше жылға қартайып кетті. Дос-жараннан да жұрдай болдым, жартысынан көбіне қарызбын. Қарыз бермегендері басқалардан естіп алған, ешкім де араласқысы келмейді. Сөйлесе қалсаң, ренжімесін дегендей сыпайылық үшін әңгімелеседі. Туысқандарым да теріс айналған. Ешқайсысы араласпайды. Жұмысымда да мәселелер көп. Әріптес-терімнің көбіне қарызбын. Басшылар да күмәнмен қарап, айтқан сөздеріме көп сене бермейді. Осы жылдар ішінде өз жасыма сай келмейтіндей қартайып, құр сүлдерім ғана қалған. Адамдардың көзіне тіке қарай алмай, өз пікірімді, ойымды дәлелдеп айтуға шамам келмейтін жағдайға жеттім. Өтірік айтқанда майын тамызып, жоқ жерден сылтау таба қоятын «шеберлігім» желге жеткізбейді. Қарыз алу мен өтірік айтуды серік қылдым. Ашушаң, сөз көтере алмайтын дәрежеге жеткем. Қалай ғана қарыздарымнан құтылсам екен, қалай түзу жолға түсіп, қадір-қасиетімді, сыйластығымды, атақ-абыройымды қайтар-сам болады деп те ойлап қоям. Осылайша құмарлықтың құрмауына ілініп, ішім алай-дүлей болып жатса да, сырттай ешкімге көрсетпеуге тырысып үйге қарай тағы бет алдым... Алдымда не күтіп тұр? Білмеймін...

Жазып алған Динара МӘЛІК

734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы