• Әдебиет әлемі
  • 29 Қазан, 2019

Жүректің ішінде мұң, Мен мұңның ішіндемін

Асантемір Қаршыға

Сіз ақынсыз ба, Қай өңірде туылғансыз? (Бейтаныс жанның сауалы)

Танысалық! Көкбөрі боп ұлыдым, Көктегі анау Көк Тәңірдің құлымын. Мұқағали жырларының жалғасы ем, Қаршығаның ұлымын!

Өз ізім бар өлең деген өлкеде, Мен туған жер кіп-кішкентай жертөле. Ақжайықтың бойынанмын біліп қой, Асанқайғы жүріп өткен ертеде.

Ізін қуып Қайғы кешкен атамның, Шүкір Алла, Асантемір атандым! Өлең болып өрілгенім, ол, анық, Етегінен Жұбан киген шапанның.

Шүкір Тәңір, тәйірі бар екенмін, Жел қайығы болады тәуекелдің. Шақыр мені, сосын жыр оқытып қой, Аңсап жүрсең дауысын Ғарекеңнің. Сонда мені танисың!

Ауылға барғанда

Қалай ғана етейін даламды ұмыт, Сен жырыма арқау бол, Жаманқұдық! Сенде туып, сенде өскен тентегің ем, Кетіп барам қалаға амал құрып...

Көктем суы толтырып сай-жыраны, Қырқа жақта ойнақтап тай-құнаны. Жататұғын еді ғой, қайран ауыл, Бүгін көріп жүрегім қаймығады.

Ала таңнан шегіртке шырылдасып, Ауыл иті жататын ырылдасып. Қайтейін, бәрі өткінші боп қалыпты, Жұпарыңа болатын ұлың ғашық.

Ал бүгін ше, ал бүгін бәрі ертегі, Шолпысы сылдыр қаққан ақ еркені. Шыққыр көзім көрмеді, амал қанша, Қайғы торлап алыпты ән өлкені.

Осы ауылдан аттандық аламанға, Әкем бізді батырға балағанда. Ал қазір дүниеге дүрбі салып, Іздесем ауылымды таба алам ба?

Жо-жоқ, енді, ол маған таптырмайды, Аңыз қылып айтармын аққұм жайлы. Біздің ауыл бір сәтте кетті өртеніп, Бағаламасаң басқа еш бақ тұрмайды.

Жер Анам жылама деп айға мықты, Боз далам бауырына қайғы алыпты. Түтіні түзу ұшқан туған жерім, Төрт құлақты молаға айналыпты.

Азалы өлең жазылды көрікті ұлдан, Өлеңім еді жаныма серік қылған. Ұрасын қазып қойған солдаттаймын, Қабірінің басына келіп тұрған.

Жетім ұлдың монологы

Бәтеңкемнің тесігінен, Сығалайды бәшпайым. Тербелмедім бесік-үнмен, Қарар елім кешіріммен?!

Ит жылында іңгәләппін, Сөге көрме ағайын. Туа сала мұңға баттым, Өзім жайлы жырламақпын.

Шеше көрмей шерленгенмін, Әкем жайлы айтпаймын. Жетім деген елден келдім, Сөйтіп жалғыз сенделгенмін.

Ата-әжемді көрген жоқпын, Жоқ ағайын-туысым. Одан бірақ өлген жоқпын, Өлу үшін келген жоқпын.

Шешем мені сүймесе де, Отанымды сүйем мен. Жалғыз жетім үйлесе ме, Тағдыр мені илесе де.

Жетімдіктен жыламаймын, Налымаймын еңсем тік. Сүрінсем де құламаймын, Көптен көмек сұрамаймын.

Басқа бақыт жолығуы, Мүмкін аяқ астынан. Тауқыметпін ӨМІРҰЛЫ Жетім ұлдың жолы – Жыры, Соны ұқтым!

***

Сұратып алған едім, көктен жейде, Аппақ ай, ақша бұлттың салғызды әнін. Бәрі менен жиіркеніп кеткендей ме, Кеше, мен, жер бетінде жалғыз қалдым?!

Жалғыз қалып аспанға жаздым өлең, Оқырманым болсаңыз оқыған шын. Жұлдыздарды тастадым мәз қып ерен, Жалғыз ұлдың өшпейтін оты қалсын.

Дедім де, аппақ айды аймаладым, Қызғанбайтын шығарсың, мүмкін мені. Мен сенің сағынышыңа айналамын, Көрде тұр, бір күндері...

*** Алдамшы өмір сүремін, Амалсыздан да амалсыз. Ғашық болғанша о, менің, Жүргенім жақсы жанарсыз.

Тоғжанды сүйген Ұлы Абай, Жанына жамап тарғыл мұң. Мен сені сүйдім, бұл қалай, Есімнен неге тандырдың?

Келеді кейде неге осы, Ай жұтып алып, Ай құсқым. Кінәлі өзің демеші, Жолы болмаған байғұспын.

Болмайды сезім далбаса, Шыққанын қайтем есімнің. Жүрегің сүйе алмаса, Кешірдім, Сен де кешіргін!

*** Жынданғаныңа келісем, Бұлданғаныңа келісем, Тұлданғаныңа келісем, Жек көрсең жек көр, мені сен!

Барлығы мені жек көрген, Жарлы күн мені жек көрген. Есіңе түсем бәрібір, Құс болып келіп көктеммен.

Жек көрсең жек көр өзің біл, Шыдайды мендік төзім бұл. Түсіңе еніп сүйемін, Көзіңді іл!

*** Жүрегімде орын бар төрлет құсым, Басқалардан бөлекше келбеттісің. Көзіңе көз тимесін, көріктім-ау, Сол көзің жүрегімді тербетті шын.

Айып етпе, сен қалдың ұнап маған, Қаласаң оңашада сыр ақтарам. Қапияда кездескен қарағым-ау, Бақ құсы бол, басыма тұрақтаған.

Өлең жаздым, сол жүрек дір еткесін, Жазғыра алмайды ғой жүректі ешкім. Бақытты болуыма мұрындық бол, Бақытты болуыңа тілектеспін!

*** Арманым, алдадың, жылт етті тағы үміт, Қарағым, барамын ызадан жарылып. Сен мені, ең кемі, жартылай танып ұқ, Біл еркем, күні ертең қалмауды қамығып.

Ойлап ал, ойланар сәт енді тумайды, Білемін, жүрегің сауша тулайды. Шын қысса, тым қысқа бұл өмір зулайды, Расында, басыңда мәңгі боп тұрмайды.

Еркегүл, келте өмір кімдерден өтпеген, Мен осы, келесі күндерге кектенем. Себебі, жеп еді, жанымды кілең мұң, Қысылдым, құсымды ұшырып жібердім.

Қап әттең! Дәметкем бір күннен бір бақыт, Бес күнде ешкім де келмеді тіл қатып. Жалғызбын! Салғыздым Естайдың бір әнін, Бұл әннен, ұғам мен жанымның жыларын.

Есті әннің, ескі әннің әсері керемет, Жаңа күн, қанатын қаққанша көбелек. Гүл еркем, шын ертең болады бәрі ұмыт, Ойлардан, тойлардан кетерміз жалығып.

Со кезде сен өзге сыр ашпа жандарға, Уақытын, бақытым жоғалтып алғанда. Сезімім өзінің өлтірсе егесін, Қайғы алып, айналып кетермін арманға...

*** Сенбісің енді шын ұққаным, Өзгеріп өзгелік болмаймын. Тым тәттім, қымбаттым құптарым, Құсымдай ұшырмай қорғаймын.

Мен енді, көлемді көп өлең, Жазармын базарлым қаласаң. Аптықпа, шаттыққа бөлер ем, Бағым деп, таңым деп қарасаң.

Ай-күннің, әй, кімнің бағысың, Жаралдың маралдым кім үшін? Бұрынғы бүгінгі танысым, «Қош» десең, өштесем құрысын!

Себебі, керегі жаныма – Өзіңсің көзім шын алдамас. Құлатпа, жылатпа тағы да, Сезімді, өзімді ал да қаш.

Жақұтты, бақытты болайық, Құштар ем, ішкі әлем арайлы. Және біз, жан егіз солай ұқ, Білерім жүрегім қалайды.

Қыз сөзі

Қызықпыз, қызық қыз демессің, Өткенді, көктемді еске алдым. Жыр өткен жүрекпен кеңестім, Мен сенен, сен менен кеш қалдың.

Бақытың, жақұтың бола алман Қинама, сыйлы ағам сіз менің. Бағымды, сағымды жоғалған, Сен келіп, сенделіп іздедің.

Маған сіз, ағамсыз, біліп жүр, Сезімді, өзіңді қинама?! Әлі де, бәрі де бұлыңғыр, Жолыққан болып қал сыйлы аға!

Бұл өмір, жыр өмір жүйесі, Өзгеден сөзге Мен дір еттім. Бар аға, жан аға иесі, Шөлдеген мен деген жүректің. *** Көк деген көңілім тепсінді Санамда тулатып сауал сан. Жек көрген жоқ едім ешкімді, Жақсы ғой оттай боп жана алсаң?!

Жалығып шыққан соң жазымнан, Жадымда қылаңдар күзгі елес. Мендегі маңдайға жазылған, Сүйгенмін бір жанды. Сізді емес!

Есімі жүректің төрінде, Жаныммен жатыр ол астаса... Сен енді көзіме көрінбе, Мен өмір сүрейін басқаша.

*** Өзіңнің жүрегіңді жылата бер, Мен өзімнің көгімде тұрақтаймын. Мейлі маған сен мені ұната бер, Мен де сені ұнатам... Ұнатпаймын!

Сенсіз де таңым атар арайланып, Шығарып-ақ тастаймын Сені есімнен. Жүрмісің мен жайында әлі ойланып, Ал, жүре бер алысып елесіммен?!

Білесің ғой кінәмшіл баладаймын, Енді менің басымды айналдырма? Соңғы сөзім бұрылып қарамаймын, Отыра бер ойланып айна алдында.

Табыл Досымовқа

Бәрі дұрыс, дұрыс бәрі дәл бүгін, Ақымақ кеп басын иді арлының. Қылықтары, құныққаны дұрыс қой, Байекештің ұмытқаны барлығын. Жылап тұрған жетіміне жем берер, Шамам да жоқ, Менде өткен жарлымын. Содан шығар зарлымын!

Сен секілді зарлымын-ау, осыны ұқ, Түс көрем де, тұрам сосын шошынып. Тірілерге теріс қарап тұрасың, Тірлігіне түкіргендей Досымов.

Бақыттысың, о дүниеге жол алған, Ей, Табылды өлген сенде жоқ арман. Шынымды айтсам сенесіз бе, шаршадым, Тәртібі жоқ, тәрбиесіз қоғамнан.

Ей, Табылды, әй, Табылды, Табылды-ән, Мен өзіңе жарытайын ағымнан. Толағай ең ғасырда бір табылған. Қырық беске мен келгенше ерте әлі, Мен әзірге табылмаймын жаныңнан.

*** Күншуағым, Жүрегімнен шыға алмай тылсым әнім, Сондықтан тұншығамын. Тәңірімнен бүгінгі тілейтінім, Сен аман жүрші, жаным.

Жүректің ішінде мұң, Мен мұңның ішіндемін. Сен мені түсінбедің, Мен сені түсінбедім. Түсінгенім, Мына өмір өтпелі екен, Мен сені өкпелетем. Жер басып жүрем-дағы, Ғайып боп көкке кетем. Бір күні... Мүмкін күлкілі.

Күншуағым, Тәңірден тілейтінім, Сен аман жүрші, жаным!

Мұқағали

О, қарт ақын армысың асқаралы, Таң сәрім жыр оқудан басталады! Тоғызыншы ақпанда туғансың ғой, Аппақ қарын жаудырды аспан әні.

Мұқағали болған соң жаның нұрлы, Жырың мені иілтіп табындырды. Тіріңде қадіріңді білмеген көп, Соны ойласам болады жаным мұңлы.

Мен жырсыз жасылданып көгермеспін, Өлеңсіз өзге ортада еленбеспін. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім».

Ақиқатқа айналып осы жырың, Қайғы өліп өзді-өзі шошыды мұң. Сен сексенге жеткенде Мұқағали, Ашылды ғой көңілдің хошы бүгін.

Жыр оқысам жүректе тұншығар мұң, Саған арнап, ей, ақын, жыр шығардым. «Нағыз ақын туады»- деп едіңіз, Мүмкін сол туған ақын мен шығармын!

893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы