• Бас мақала
  • 30 Қазан, 2019

СЕН САРДАР ЕДІҢ

(Табылды Досымов туралы сағыныш сөз)

Екі кештің арасы. Бірнеше күнгі алыс жолдан әлгінде келіп, балалармен қауышып дегендей, дастархан басында жамбастап жатқам. – Ассаумайкім, – деп бір бала кірді. Көршінің балалары болар деп әуелі аса мән бермегем. Құлағы қалқиған ұзынтұра бала қолын ұсына төрге озды. – Әй, сен тоқташы?! Енді тіктеліп көрісуге ұсынған қолын жібермей балаға зер сала қарадым. Шырамыттым. Он екі - он үште болар, серейіп бойы өсіп қалыпты. – Сболыш, әкең мені сынайын деп сені әдейі жіберіп тұр ғой. Сөйлей жүріп тысқа шықтым. Екі езуі екі құлағына жете, бет-аузы жаялықтай боп бір қолында гитарасымен талтайып Табыл тұр. Мол денесімен құшақтай алды. – Танып қойдың иә? Танымайды ғой деп ем. Бұл енді Табылдың өзінше қуланғаны. – Абылды танымайтындай, қырықтан аспай алжыды деп пе ең? Қарлығаштың етегіне жармасып қалмай жүретін, кейін кемпір-шалдың еркесі болған Абыл туғандағы Табылдың қуанышы еске түседі. Телеграммасын алып Бейнеудің поштасына барғам. Сүйінші сұрады. Дауысы трубканы жарып жіберердей. – Абыл Табылұлы қалай? Жақсы естіле ме? – Келесісі Қабыл бола ма? – Ақтан, Нұрымдар бар ғой. Атырауға ауылға шақырды. Әлі есте жаздың іші еді. Алматыға алаңдап, Бейнеуден берекем кетіп жүрген тоқсаныншы жылдардың ортасы болатын. Көп ұзамай Дендерде емес Атырауда Жайықты жағалай жартылай жалаңаш денені толқынға шайғыза күнді ұясына қондырып ажырағанбыз. Сүйткен Абыл еді. Он шақты жыл өте шығыпты. Ол кезде ауылға сыймай жүрген екеуміз де бейбақ жұмыссыз ек. Астына төсеген көрпешені былай ысыра, кілем үстінде жалаңаш денесімен керіле жатыр. Бұл Табылдың еркінсігені. – Сен Семей жағында болып келдің бе? – Үржар, Мақаншы, Алакөлді айнала қайттым. Машина шаршатты. – Шіркін асықпай атпен аралар ма еді? – Обал ғой. – Несі обал? – Атты айтам. – Түсінбедім? – Саған тап болған ат зорығады ғой. Саған атан керек... – Кетші ей қырт. Жөні түзу бірдеңе ғой десем. Кәдімгідей өкпеледі. Желмаямен желген Асан Қайғыны айтып ем жадырап сала берді. Асекең шамасы бір жарым центнерден кем болмаған-ау деп қосып қойдым. Күлді. – Мынау әкең, – деді дастархан басында балалармен шүйіркелесіп алаңсыз отырған Абылға мені нұсқай. Осы балам сендерге аманат, – деді де сөзін жұтып қойды. Соңғы сөзін естігенде бүйіріме біз сұғылғандай ыршып кеттім. Балдарды тез-тез сыртқа жіберіп өзіміз оңаша қалдық. – Табыл-ей, не болып жүр саған? – Гитара ұстамағалы үш айдан асты... Жүйкем тозып жүр... Шаршадым... – Жұмысты атасына нәлет, ертең Таразға – Рысқұловқа тартайық?! Ана бір жылы сондағы санаторийден қантым алтыға түскен. Соны еске салдым. –Кейін – деп басын шайқады. Ауданның бұл болмаса бітпейтін бір іс-шарасын айтты. Сол кеш оңаша бөлмеде таңды атырдық. Қайдағы-жайдағыларды еске алдық. Сыртқа шықтық, ішке кірдік. Күлдік, күрсіндік. Арасында гитараға да жан бітті. Төлегеннен, Мұқағалидан, Жұматайдан, Есенғалидан, Жарасқаннан жатқа өлеңдер оқыдық. – Қай жылы еді осылай Бейнеуде отырдық қой? – деді бірдеңе есіне түскендей. Балдарды сервант полкасына жатқызғанымызды еске алды. 92-нің жазында ішінде атақты Мұхитден Ғаббасов, Темірболат Қыдырғалиев, Әбдіхан тағы басқа он бес шақты адамнан ансамбль құрып, Табыл Бейнеуге келген. Жартысын кері қайтарып, сол сапар Маңғыстаудың ой-қырын армансыз түгел шарлап ек. «Ақ арман қала, Ақ маржан қаланың» әнін жазған Мұхитден марқұмды еске алғанбыз. Ертеңге қайғырмай, «Сырдың суы сирақтан келмей» жүрген қайғы-мұңсыз күндер еді. Сонда мен бір айдан аса жұмысқа ескертпей кетіп ем, Айтуар, Жұлдызбай ағалардың кеңдігі ғой. Осы сапар Табыл екі-үш күн Алматыда болды. Абылды ертіп Ерсайынмен тағы бір шаруалармен жүрді. Әйтеуір күніге бір шай ішеміз. Кететін күні үйден аттанды. Енді не дейсің, біреулерге ренжіп кетті. Бұл енді бөлек әңгіме. Аманатыңды ақтай алдық па, білмеймін, Табыл. Абылың мектептен кейін Алматыға келді. Жүргеновке түсем деді. Бір кезде өзіңнің әндеріңді таспаға түсірген Мақсот Мұхиденов ағамен келісіп, «мына бала сырой ғой» – дегізе жүріп біраз күн ащы терін алдық. Кейін министр болған Арыстанбекке екі- үш кірдім. Біреулерге көңіл қалған сәттерді жіпке тізіп не етейін, біраз арпалыстардан соң ақылы болса да Абылжан студент болды. Қарлығаш қуанып, иықтан жүк түскен сәтте Бақытжан екеумізде көңіл толқыды. Осы жерде бір азаматқа рахметімді айтқым келеді. Ол – анау жылы екеумізді Сарыағашқа үлкен басын кішірейте арнайы іздеп келген үлкен жүректі азамат Жұмабек Мұқановтың баласы – Шыңғыс. Абылдың хабарын естігенде (ол кез Атырауда) жігіттерді жинап «Тәкеңнің елге бере алмай кеткен концерттерінің гонорары деп ұғынайық» – деп оқудың бүкіл ақшасын біржола төлетуі бұл енді тектілік! Қазір Абылың бір үйдің иесі. Қазақтың мықты бір Шыңғыс деген өнерлі азаматымен құда болдың. Келінімізді үйінен алып шыққанда ырым үшін өзің сыйлап өткен інің Бақытжанның үйіне «адайшылап» шымылдық тұтып, оң аяқпен аттатып, бата бердік. Одан беріде Ақтан деген немерең келді дүниеге! Өтірік қосып не керек, Абылды әлі көрмедім. Бұдан 23 жыл бұрын аузыңнан шыққан есімнің жайын сұраймын ғой. Табыл! Егер Абылды өнер жолында «қамшылап» жүрсем бұл талай жыл өзіңмен сырлас болғандықтан, сенің әніңе сенің көзіңмен қарағандық. Әлгі қасқа айғырдан қасқа құлын дәметпесек те, төбел құлын күтуіміз заңдылық. Абыл көтерер жүк ауыр. Өйткені ол – ел қастерлеген сендей Сардардың тұяғы. Өйткені, сенің көзіңді көрген біз әзірге тіріміз. Сондықтан, оған қойылар талап та, планкы да жоғары. Яғни маркіні ұстау керек. Әйтпесе көзің тіріде дұрыс амандасуға жарамайтын «інілерің» көбейіп, әндеріңді орындап, ұпай алатынды шығарды. Сен әрбір сөзіңнің астарына әр беретін зергер едің. Семьялы Қанат, Айтгүл секілді талайға әніңді бермеген саз иесі едің. Әндерің айтылып жатқанда мыңқылдаған мақамдармен сөздеріңнің арты жұтылып кетіп жатқанда күйзеліп кетем. Мұны енді өзің білесің. Өзің жайлы естелік көп, Табыл. Тек бір кедергі – біреулердің шамына тиіп қалам ба деген ой бөгет. Өйткені, шырғалаңды өмірден шынайылық іздеген сәттеріңде «шырт» түкіргендер көп еді. Олардың сен туралы «қырт» жазбаларын оқымаймын. Мүмкін кітап жазармын. Не дегенмен «біраз жалаңаяқ жар кешкен» бір жылдың төлі, біраз жайдың куәсімін ғой. Алғаш жоқтан жонып, кітабыңды шығарған, алғаш касета, дискілеріңді шығарған күндер, «нөкерлеріңмен» келе жатқанда вокзалдан, аэропорттан күтіп тұратын сәттер не деген бақыт еді?! Өйткені көңілді көзден ұғар Сен бар едің!

Махмут ҚОСМАМБЕТОВ

729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы