• Руханият
  • 30 Қазан, 2019

АЛМАНЫҢ ОТАНЫ – ЖЕТІСУ

Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – ол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі. Бұл жөнінде Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп жазады. Ұлы даланың әрбір қыры оның әуелден бүгінге дейінгі халықтың терең тарихы мен бай мәдениетінің куәсі және оны жаңғырту әлемдік өркениет үшін ерекше маңызды. Міне, соның негізінде «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» тақырыбына кеңінен тоқталайық. Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне тараған. Қазақстан әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейін бүкіл әлемге тараған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды. Алматы апортының тарихы адамның басын айналдырғандай. Ол – араға миллиондаған жылдар салып, атамекеніне қайта оралған алма ағашының жемісі. Жер шарын шыр айналып шыққан алма ағашы, ақырында, өз топырағын қайта тапқан. Әр нәрсенің де отаны болады. Бұл орайда біздің қазақ халқы мақтана алатын, әлем ғалымдарының айтуы бойынша, есте жоқ замандардан бері жасап келе жатқан алма ағашы басқа жерлерге о басында қазақ жерінен барған. Оның мұнда, біздің аймақта, өсе бастағанына 50 миллион жыл болған. Жер жүзіне осы өңірден тараған қазіргі Қазақстан жерінде керемет алмалардың өсетінін көршілес Қытай мемлекеті 1240 жылдан бастап жаза бастаған, сондай-ақ алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Кейін Еуропада өсіп, содан кейін Ресейге келді. Бірақ ол жерде азғантай ғана сорттары болған. Апортқа қатысты естен шығаруға болмайтын жайттар да бар. Жалпы, Алматының тарихын жақсы білетін адам оның алмасы жайында жиі айтады. Көне заманда Алматының «Алмалы» деп аталғаны да тегін емес. Ал, оның бір кездері «Верный» деп өзгеруі патшалы Ресей зорлық-зомбылығының ғана айғағы болып қалғанын бұл күнде елдің бәрі біледі. Алматы апортының берідегі тарихы да осы тұспен тікелей байланысты. 1865 жылы бағбан Егор Васильевич Редько Воронеж облысынан сол кездегі Верный қаласына отбасымен бірге көшіп келгенде өзімен бірге бірнеше апорт көшеттерін құмыраға салып алып келеді. Кейін Моисеевтер отбасы да дәл осылай өздерімен бірге алма ағашының көшеттерін ала келіп, Алатаудың баурайына отырғызған. Бұл жемістер кейін жақсы өнім беріп, қып-қызыл, тәп-тәтті кәдімгі Алматының апортына айналып шығады. 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына апаратын алмалар осылардың жемісі еді. Алматының апорты біздің мақтанышымыз, сөз жоқ, өте керемет жеміс. Басқа жақта дәл бұлай өспейді. Шындығын айтқанда, оны күтіп баптаудың қиындықтары өте көп. Оның толыққанды жеміс беруі үшін белгілі бір шарттары мен тәртіптері бар. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Алматы апортының тарихын айтқанда Медеу Пұсырманұлының есімін айналып өте алмаймыз. Ол – қазақтан шыққан бай, дәулетті, орыс тілін жетік меңгерген, өткен ғасырдағы көзі ашық, сауатты адамдардың бірі. Медеу Пұсырманұлы (1850-1908 ж.ж.) Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Әйгілі қоғам қайраткері Верный бекінісінің генералы Г.Колпаковский, белгілі сәулетші А.Зенков, атақты ғалым Э.О.Баум, Н.Моисеев сияқты озық ойлы адамдармен жақын араласып, дос болған. Қаланы көгалдандыруға белсене атсалысып, түрлі қайырымдылық істерге қатысқан. Еліміздің өркендеп дамуына өзіндік үлес қосқан. Бұл кісінің өмір тарихына тереңірек бойлау үшін ең алдымен Жетісу өлкесінің өткен ғасырындағы тыныс-тіршілігінен бастау керек. Себебі сол уақытта Верный бекінісінің салына бастауы, соған сәйкес осы төңіректегі әлеуметтік өзгерістер, жергілікті халық пен орыс адамдары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуі, т.б. тарихи жағдайлар Медеу Пұсырманұлы есімімен тығыз байланысты. 1867 жылдың 11 сәуірінде Верный бекінісіне қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданады. Үйлер тастан салынды, осыған қарамастан қала төңірегіндегі ормандарды кесудің кең құлаш жайғаны сонша генерал-губернатор Герасим Колпаковский орманды бұдан әрі бақылаусыз кесуге, ағаш үйлер тұрғызуға тыйым салды. Орманды кесуден сақтау мақсатында Верный қаласының төңірегіндегі шатқалдарға қарауыл қойды. Көптеген шатқалдар қарауыл сарбаздарының есімімен – Бутаковское, Каменское, Ремизовские т.б. шатқалы деп аталды. Тарихи деректер бойынша 1898 жылдың 28 қаңтар күні Верный уезінің үшінші ауылы-ның тұрғыны Медеу Пұсырманұлы Жетісу генерал-губернаторы Колпаковскийге өтініш жазады. Сол өтінішінде Кімасар аңғарының бойындағы генерал Колпаковскийдің ескі саяжайының орнына ағаш үй тұрғызуға, 20 түп алма ағашын отырғызып, бау жасауға рұқсат сұрайды. Көп ұзамай Түркістан өлкесінің генерал-губернаторының кіші Алматы болысының баласы Медеу Пұсырманұлына жазған жауабында жерді еркінше қажетіне жаратып, ағаш үй тұрғызып, бау-бақша жасауына рұқсат береді. Осыдан кейін көк жазықтың қарсы бетіндегі өзен жағасынан үш ағаш үй сала бастайды. Медеу Пұсырманұлы салдырған қазіргі «Медеу» қонақ үйі орнындағы сәулеттік бітімі келіскен ағаш үй ХХ ғасырдың 60 жылдарына дейін сақталған. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, Медеу ата қонысында әсем де әдемі Алматы қаласы бой көтерген. Яғни, Медеу көшпелі өмір салтымен бірге бағбандықты, бау-бақша егуді, құрылысты, сауда-саттықты ұштастыра білген өз заманының айшықты тұлғасы. Хош, апортқа оралайық, апорт – алманың ірі, әрі құнды түрі. Біздің жерімізде жабайы алманың 131 тұқымы бар. Бұл орайда оңтүстік астананың Ботаника бағы тіл ұшында тұрады. Өйткені, алманың әрбір жаңа сортының дүниеге келуіне осы ғылыми-тәжірибелік орынның ерекше қатысы бар. Шетел ғалымдары біздің алманың сорттарына, оның тұқымына қатты қызығады. Өйткені, бұлар – өзін-өзі жаңартып, жасартып, жетілдіретін алмалар. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді, оның үстіне алманың жаңа сорттарын алуға өте қолайлы. Мысалы, «Американың Канадамен екі арасындағы Невада штатының табиғаты аса қолайлы аймақ емес, суық жер, 43-45 градусқа дейін суық болатын аймақ өзі. Сол жерге біздің алмамызды апарып егіп еді, біздің алмамыз өте мықты болып шықты. Жалпы, жаңа сорттар алу үшін будандастыру мақсатында да біздің алмамыздың тұқымына қызығып жүрген ел көп», – деді кезінде өз саласына көбірек ден қойған академик Аймақ Жанғалиев. Мұны Ботаника институтының ғалымдары әлемдік деңгейде зерттеді. Араға талай ғасырлар салып, бір елден екінші елге көшіп жүрген алма ағаштары жер шарын шыр айналып шыққан. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай. Енді, алманың адам ағзасына тигізетін пайдасына аз-кем тоқталайық. Алманың құрамында С, В1, В2, Р, Е дәрумендері мен марганец, калий, кальций, фосфор, натрий, молибден, мырыш, барий микроэлементтері бар. Алмадағы темір қан айналым жүйесіне өте қажет. Алма бауыр, бүйрек, асқазан, ішек жолдарының жұмыстарын жақсартады. Сонымен қатар алма шырыны адам ағзасын ауыр металдардан тазартуға, қан бұзылуын және жүрек ауруларын емдеуге қолданылады. Бет терісінің түсін жақсартып, жас әрі күтімді етіп көрсетеді. Қорытындылай келе, ата-бабаларымыз-дың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, жаңғырту – төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы үшін маңызды. Өйткені, мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – елдің табысты болуының кепілі дегеніміз осы. «Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы», Жетісу өлкесінің тарихи археологиялық ескерткіштерімен бірге, мәңгі гүлденіп тұратын табиғаттың қайнар көзі мен тамырын қазіргі біздің жеткіншек ұрпақ білу керек. Елдің ертеңі, өмір жалғасы – жас ұрпақты құндылықтар негізінде тәрбиелеу, адамгершілік тәрбие мен адами сезімді қалыптастыру және дамыту мәселесі терең тарих арқылы жүргізілуі тиіс.

Гүлжанат ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, тарих магистрі

577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы