• Бас мақала
  • 30 Қазан, 2019

«...ЕШБІР КІСІ БАЛЫҚ СЕКІЛДІ ЕРКІН БОЛҒАН ЕМЕС»

Джон Рес-кин – 1819-1900 жылдарда өмір сүрген ағылшын жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы, өнертану теоретигі, суретші. Адам жанының табиғатпен үндестігінің құпиясына терең үңілген ол жас кезінен бастап саяхаттауды жақсы көрген. Серуендеп жүргенде, шабыттанып, шығарма жазудан бөлек, өсімдіктердің, жапырақтың суретін салуды да әдетке айналдырыпты. Сонымен қатар, өсімдіктердің атауы қайдан шыққанын зерттеуге де қызығушылық танытыпты. Сан қырлы дарын өнертану ғылымы бойынша өзі білім алған Оксфорд университетінде дәріс те оқыған. Қаламгер ұзын саны 50 кітап, 700-дей мақала жазыпты. Джон Рескиннің www.brainyquote.com сайтында жарияланған қанатты сөздерін аударып беріп отырмыз. Мархабат. Оқып көріңіз.

Егер мектептерімізде реформа жасасақ, түрмелерде де аздаған реформа жасау қажет болады. *** Әлемдегі ең пайдасыз нәрселер – ең әдемі жаратылыстар. Мәселен, тауысты не лалагүлді айталық. *** Ақыл-кеңессіз берілген садақа түкке татымайды. *** Адамның деңгейі өскен сайын бейәдеп сөздерді айту ақылға сыймайтын нәрсеге айналады. *** Балаларыңызды адалдыққа баулу – тәрбиенің басы. *** Мемлекеттің күштілігі мен қуаттылығы онда өмір сүретін жақсы адамдардың санына байланысты. *** Суретшілік не мүсіншілік қабілеті жоқ адамнан сәулетші шықпайды. Суретшілігі де, мүсіншілігі де жоқтар құрылысшы ғана бола алады. *** Ұлы халықтар тарихын ісімен, сөзімен және өнерімен жазады. *** Дүниеміз артқан сайын шаршауымыз да көбейеді. *** Ең ұлы өнер – барша мақұлықтың жаратылысы, тән мен жан, әсіресе, жан. *** Шатақ мінезді болғаннан гөрі қарапайым болу әлдеқайда қиын. *** Өнердің кереметтігі – ештеңені ашып айтпасаң да, бәрін астарлап жеткізуде. *** Құлдық сананың белгісі – параға сатылу. *** Негізінде, ең үлкен қателіктердің басында қашан да тәкаппарлық тұрады. *** Ән есті болса, жүйелі тәртіпке, есер болса, бейберекетсіздікке себепкер. *** Сапа ешқашан кездейсоқ келмейді. Ол – саналы түрде талаптанудың жемісі. *** Ауа-райы еш уақытта жаман болмайды. Жақсы ауа-райының әрқилы түрлері ғана болады. *** Шын мәніндегі ұлы адамның бірінші белгісі кішіпейілділік екеніне сенемін. Кішіпейілділік дегенде, адамның өз қабілетіне күмәнмен қарап, өз ойын білдіруге жасқануын емес, қолынан не келетінін, өзінің шама-шарқын білуін айтып отырмын. *** Әр таңды өміріңнің басы, ал әр кешті өміріңнің соңы деп есепте. *** Адамның қажырлы еңбегі үшін ең үлкен сый – қол жеткізген табысы емес, оның бойындағы өзгеріс. *** Қанша ұлы, қанша күшті болса да, әлі күнге дейін ешбір кісі балық секілді еркін болған емес. *** Төзімділік дене қуатынан гөрі, сабырлылық әдеміліктен гөрі қайырлы. *** Жаза – қылмыстың алдын алудың әсері ең әлсіз тәсілі. *** Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады. *** Балаға кішкене мейірім көрсетсеңіз, ол сізге еселеп қайтарады. *** Жұмыс адамның көңілінен шығуы үшін мына нәрселер керек: ол сол іске лайық болуы қажет; шектен тыс, тым көп жұмыс істемеуі тиіс; жұмысы жемісті болып, жетістікке жетуі керек. *** Нәтижелі еңбектің сыры – ең жақсы нәрсеге ұмтылу емес, жағдайға қарай әрекет етіп, шамаң жететін іспен айналысу. *** Қазіргі заманда саяхаттау шын мәніндегі саяхаттауға жатпайды. Жүкті тасымал көлігіне салып жіберуден айтарлықтай айырмашылығы жоқ. *** Мемлекеттің бірінші міндеті – онда туған балалар ақыл тоқтатып, есейгенше жақсы бас-панамен, киіммен, тамақпен қамтамасыз ету және білім беру. *** Биліктің бірінші міндеті – халықтың ішер асы, киер киімі және жанармайы бар ма, соны қадағалау. Ал екінші міндеті – рухани байлық және зияткерлік білімге кенелуге мүмкіндігі бар-жоғын көре білу. *** Талғам дегеніміз – адам руханиятының көрінісі. Сіз маған нені жақсы көретініңізді айтыңыз, мен сізге кім екеніңізді айтамын. *** Өмір үшін істесең де, өлім үшін істесең де, жұмысыңды тиянақты істе. *** Ол аспан парағында жазулы тұр. Ол әр жұлдыздан сығалап қарайды. Ол – біздің жан-дүниемізді рахатқа бөлейтін Табиғат поэзиясы. *** Қиялдай алмайтын адам өзгелерге құрмет көрсете де, мейірімді бола да алмайды. *** Бақталастықтан жасалған ештеңе ешқашан әдемі болмайды. Сол сияқты түпкі ниет мақтанып, тәкаппарлану болса да, таңғажайып дүние істелінбейді. *** Адамзатқа күн көру үшін өнімді айырбастау емес, өндіру керек. Сондай-ақ, затты сату емес, сататын нәрсені жасау қажет. Сондықтан, ақылға қонымсыз және пайдасыз Сауда ұйымы деген ұғымның орнына Жұмысшылар ұйымы деген атауды алыңыздар. *** Өркениет дегеніміз – мәдениетті қоғам қалыптастыру. *** Кемшіліктеріңізді ойлап сары уайымға салынбаңыз. Ал өзгелердің кемшін тұсын мүлде ойға алмаңыз. Жақсы қасиеттерді бойыңызға сіңіруге тырысыңыз. Ал кемшіліктеріңізден, қураған жапырақтың үзіліп түсетіні сияқты, уақыты келгенде арыласыз. *** Білімқұмар бала білім арқылы кемеріне толса, ал білім алғысы келмейтін бала масқара болады. *** Гүл деген жаратылыс жоқ. Гүлдер – шаттанып, күлімсіреген жапырақтар.

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы