• Руханият
  • 01 Қазан, 2019

ҚАҢТАРБАЙ

Бағдат ҚАЛАУБАЙ

«Өлетін болдым-ау! Өлтіреді! Мына найсаптардың пиғылдары жаман. Қалай құтыламын? Құтыла аламын ба?»-деп жанұшырды. Бірақ қос уыстай тап-тар қапастың ішіндегі бүріскен қалпынан жазыла алмады. Үшеуі жабыла тепкілеп, есінен тандырып, машинасының жүк салғышына екі бүктегендей бүкірейте тыға салған екен. Былайғы жұрт мұның денесінің ірілігінен қаймығатын. Өзі де бірді-екілі кісіге бой бермесіне сенетін-ді. Бірақ осы кезге дейін ешкіммен күштілігі сыналардай айызқандыра төбелесіп көрмепті. Енді мақтан ететін сол ірілігі сорына айналғандай тап-тар жүк салғышта кептетіліп жатысы мынау. Таксистерді мол жолақыға келісіп, өтірік уәдемен алдаусыратып, қаладан ұзаған соң өлтіріп, машинасын алып кеткен оқиғаларды еститін. Десе де, дәл сондай сұмдыққа өзім де душар боламын-ау деп ойламапты. Сондағысы осы денесінің ірілігін малданғандығы. Өзіндей дәуге екінің-бірі батылы жетіп тиісе алмайтындығына иланғаны сонша, жолаушы атаулының бет-жүзіне шыли зер салып қарамайтын. Тек өзінің сұраған ақшасына келіскенін, қай мезгіл екеніне де қарамастан, айтқан жағына ала жөнелетін. Бүгін де солай болған. Кеш түсер шамада ентіккен үш жігіт Ақсу кентіне жақын бір ауылға жеткізіп салса, ренжітпейтіндеріне сендіріп, аузынан шыққан соманы тәжікелеспестен алақанына салды. Содан әлгі үшеудің екеуі артқа, біреуі жанына жайғасты. Бұлар баратын ауылды сыртекі естігенімен, жолы түскен емес-ті. Алдыңғы орындықтағысы жолды нұсқап келеді. Тас-кешуден әрі созылған асфальттың екі жағы да бидайы орылған аңыз екен. - Ағасы, біз көздеген ауылға мына аңызды жарып жатқан қара жол төтесінен апарады. Осыған түссеңіз, әрі ұзағанда он-он бес минутта жетер едік. Сіз бензин үнемдейсіз, біз де асыға күткендерімізге қосыламыз. Ал үш-төрт елдімекенді аралайтын мына асфальт жолдың айналмасы көп, жарты сағат жұмсайсыз, - деді жол нұсқаушысы. - Кәне, ол төте жолың, - деген бұл елеңдеп. - Сол жағыңыздан қазір көрінеді, жайлатыңқырап жүріңіз. Айтқан межесіне да ілігіп, солға бұрылды. Қара жолдың қою шаңын бұрқырата асфальттан едәуір көзтасаға ұзағаны сол, арт жағынан мойнына жіп-жіңішке жіп сарт етіп оратылды да буындыра тарта жөнелгенде тұлғасының ірілігі түкке де аспай тыпырлады да қалды. Жанында отырғаны кілтті бұрап моторды өшірді. «Москвичі» солқ-солқ, дір-дір етіп барып тоқтады. Шалажансар күйінде сүйреп түсірген үшеу жабыла тепкілей бастағанда «өлтірмеңдерші» деуге ғана шамасы жетті де көзі қарауыта дым көрмей есінен танды. Әзіргі мекені өз көлігінің жүк салғышы болғанымен, сабан шөмеленің арасында шала үйтіліп қалар бәлкім, қара жердің де қойны бұйырмай. Тамағына өкініштің ащы өксігі тығылды. Қазір елді аумақтан әбден ұзаған соң, жерге түсіріп, өлтіреді де көміп немесе өртей салады әлгі үшеу бұл мұндарды. Шала күйген күйелеш-күйелеш түрін кім таниды дейсің? Бидайы орылып, аңызда шөмелеленіп қалған сабан мұны өртеуге дайын отын. Соны көздеп әкелді ғой бұл ақымақтың көзін ақшамен көміп ышпаналар. Не істеуі керек? Қанішерлер жүк салғышты ашқан сәтінде келістіре тепсе. Бірақ өйтіп еркін көсілетіндей қимыл жасай алмас мына тар қапаста. Ең дұрысы - есін жиғанын сездірмей, жерге түсіре бергенде қолы жеткенін ұрып құлатып, безе қашу. Егер қашып құтыла алса. Мылтықтары болмаса, жеткізбей де кетер еді. Мүмкін өлтірмес. Жалынса, аяқтарына жығылып жалбарынса, өлтірмеу үшін бұған қандай шарт қояр екен. Егер шыбын жанын өзіне қиса, не десе де көнер еді. Машинаңды аламыз, ал саған жаның олжа, жұмған аузыңды ашпайсың десе қуана-қуана келісер еді. Машина айдамаса, базарда арба айдар. Сол әрекетімен де біраз жұрт тіршілігін кешуде ғой. Аузын ашқан ажал шіркіннен аман-есен құтылса, тірліктің бір мәнісін жасар-ау. Сәл қозғалмақ еді, сол қолы зарлай ауырып, еріксіз ыңырсыды. Қимылдатайын десе, икемге көнер емес. Сырқыраған ауруы жанына қанша батса да ары-бері қозғалақтаумен астына басылып қалған оң қолын ептеп суырып алды. Содан соң босаған қолымен жүк салғышты көтеріп байқады. Жайшылықта көлік қаттырек секірсе сарт етіп ашылып, жалп етіп жабылып жынына тиетін пәлекет қырсыққанда былқ етер емес. Сірә, мына дүлейлер барынша сілки тас-тап, жағын біржола қарыстыра жапқан сияқты. Осындай кілтипаны көп болған соң, сыртынан сым өткізіп те қойған. Көбіне соны пайдаланып ашатын. Оң қолын ептеп қозғап, жандалбасамен жүк салғышты ернеулей сипалаған. Кенет саусағына сым ілінгенде зар қақсаған қолына қосыла тұла бойы ду ете түсті. Мыналар жүк салғышты жапқанда мұның «сым кілті» қайырылып іште қалған. Осы «кілтін» жұлқылап көрсе, бәлкім... Жанын мазалай жамыраған сансыз ойларына бар үмітін артып, «біссіміллалап» сымды ептеп тартқылуға кірісті. Қолын қидырып, қанша уақыт қанша мәрте жұлқылағаны есінде жоқ, кенет жүк салғыш ашылып кетсін. Қара жолдың шаңын бұрқыратқан машинасы өрге тырмысып барады екен. Мұнысы жүк салғыштан домалап түсіп қалуына ыңғайлы тиетіндей. Енді тек машинадағы үш дүлейге сездірмеуі тиіс. Кептелген денесін әзер игеріп, машинаның селкілімен қосыла зар илей қақсаған қолының ауруын да елең етпестен, сол жақ иығымен аунауға әрекеттенді. Оң қолы ашылған жүк салғыштың ернеуіне ілінгенде, ышқына тартылған. Бірінші тырбаңдағанынан ештеңе шықпады. Енді асығып-аптықпай әрекеттенуге көшті. Денесін жиыра икемдеп әзірленді де, оң қолымен тағы да жүк салғыштың ернеуінен ұстай ышқына тартылды. Машина арық-атыздан секірді ме, әлде өзін-өзі сыртқа лақтырды ма, ажыратпаған халде топырақ жолға бұрқ етіп аунап түскенін бірақ білді. Шаң арасынан артқы шамдары қызара жылтыраған «Москвичі» ұзай берді. Жанұшыра орнынан тұрған Қаңтарбай алғашқыда беталды далбалақтап, жан-жағына назар аудармастан, тек жолдан ұзап кетуге жанұшырған. Біраз жүгірген соң барып, әудем жерден жылтыраған жарықты көргенде қуанғаннан жүрегі атқақтай соқты. *** - «Москвичінің» басқа бөлшегін жіліктегенде көре жатармыз. Әйтеуір музыкасын қатырып орнатыпты. Біраз ән тыңдадық. Енді негізгі жұмысымызға кіріселік. Жол маңайынан әбден ұзап, айдалаға, құладүз елсізге шыққан шығармыз. Тоқтайық. Бензині таусылса, көздеген жерімізге жете алмай қалармыз, - деді Тарақты. Шаңға көміле барып «Москвич» тоқтады. - Клиент есін жиды ендігі. Жерге түсіріп, тілі шықса, өлетінін ескертіп, тағы да біраз тепкілеп есінен тандырып тастап кетейік. Жан керек болса, жаман «масквиш» үшін милиция жағаламас, - деп машинадан сөйлей түскен Құрсайдың баж еткен даусы естіліп, бірдеңе тарс етті де, тұрған көлік теңсетіле шайқалақтады. Кабинадан әлі түсіп үлгермеген екеу апыл-ғұпыл сыртқа атыла шығып, машинаның артына қарай ұмтылды. Аузы ашыла сілейген Құрсай тілі байланғандай екі қолы ербеңдеп, жүк салғышты нұсқай береді. - Өліп қалып па? - деді Тарақты. Құрсай басын шайқап, зорға тілге келді. - Жоқ қой, жоқ! - Жоғы несі? - деген Тарақты мен Байқан екеулеп жүк салғышты тартқылады. - Әй, мынау ашылмайды ғой. Жоғын қайдан білдің? - деді Байқан Құрсайға әжуалай қарап. –Үркек байғұс көзіңе жын-шайтан елестеген, сірә. - Мен көргенде ашық болатын. Ішінде адам түгілі сен айтқан жын да, шайтан да жоқ. Сасқалақтағанымнан айқайлап жауып жіберіппін. - Шынымен жоқ па? Анық көрдің бе әлде ... - Ешқандайда әлде-сәлде емес. Анық көрдім. Шаңнан байқамадым ба деп қолымды салдым багажникке. Қу темірден басқа ештеңе ідікпеді. Ендігі күніміз не болмақ? Ә дегеннен милицияның қолына түссек, өмірбақи түрмеде шірітеді олар. - Тоқтат сұңқылыңды. Милициядан қорқатының бар, бізге неменеге қосылдың. Көлік ұрлап байитынымыз о бастан ескертілді ғой саған. Ендігіңнің бәрі бос әңгіме. Тоқ етері былай. Мына пәлесінің әдісін білетін таксис есін жиған соң, жүксалғышты ашқан-дағы, аунап түсіп қалған. Қай жерде домалағанын білмейміз. Мүмкін, жайсыз құласа, өліп те қалған болар. Бізге одан ештеңе бола қоймас. Әупиген денесі демесең, басы пәлеге шатылғанда нағыз қорқақтың өзіне айналатын көп міскіннің біреуі. Тірі қалса, амандығына шүкіршілігін айта-айта жандалбасамен безе зытқаны анық. Жүрегі шайлыққан ол бізді іздетпейді. Таба қойған күнде де мойнымызға ештеңені қиып сала алмайды. Қазіргі ең басты тірлік - көлікті уәделескен нүктеге жеткізіп, ақшаға айналдыру. Отырыңдар, кеттік, - деді Тарақты.

*** Алыстан жылтыраған жарыққа сүйретіле әзер іліккен Қаңтарбай есік көзіне жеткенде «уһ» деп тыныстап, жан шақырғандай болды. Айнала тас түнек. Тек осы үйде ғана электр шамы жанып тұр. Сірә, мотор орнатып алған. Бақуат адамның мекені ғой. Телефоны да бар шығар. Ауырған жан басылар, ертерек әрекеттенейін деген оймен орнынан көтерілді де, есік қақты. Ешкім жауап қата қоймады. Енді терезе жағынан хабарласпаққа үйді айналған. Сол кезде ту сыртынан тиген соққыдан құлап түсті. Тепкілей бастағанда есінен танып бара жатып «Бұл қарақшы бандылар мені қалай тез тапты. Шынымен-ақ мынау үйден біреу-міреу төбе көрсетіп көмектеспей ме?» деп ойлады. Барынша ышқынып «көмектесіңдер» деді айқайлап. «Мә, саған көмек» деген дауыспен қосыла бүйірінен тиген ауыр тепкіден есінен біржола танды. Мұның қимылсыз қалғанын байқаған Алқат: - Әке! – деп айқайлады. Сонда ғана есік ашылып, босағадан басын қылтитқан Тамаш: - Есік-тесікті ұрғылаған сен бе, балам? Өз үйіңнің есігін таппайтындай сонша ішіп не көрінді? Кімге жорырымды білмей ұры емес пе екен деп тың тыңдап тырс етпеп едім. Кірсейші үйге, неғып тұрсың жерге үңіліп, - деді асыға аптыға. - Ұры мен емес, міне, алдымда жатыр. Ту сыртынан ұрып сілейтіп салдым, - деген Алқат былқ-сылқ еткен Қаңтарбайдың денесін әзер сүйрелеп жарыққа әкелді. Бет-аузын шаң-топырақ қауып, оған қатқан қаннан ештеңені ажыратып болмастай еді. - Ұры болса, есін жиғызбай аяқ-қолын байла. Содан соң милиция шақыр. - Милициядан бұрын өзіміз сұралық. Бұл ұрыны танымағанымызбен, ауылдың ішіндегі серіктесін айтқызалық. Оны қоса ұстатсақ, малымызға да, барымызға да алаңдамай отырамыз. - Милицияның өзі-ақ анықтамай ма, нең бар ол іске араласып?! - Сыбайласының біреуі милицияның өзі болса ше? Бүгін ұстап бергеніңмен, ертең-ақ бостандықта тайраңдап, өзімізді сыртымыздан мазақ етеді. Қазір жанын жаһаннамға тақап, әуелі бар шынын өзім айтқызып аламын. Содан соң шақырамын милицияны. - Ойбай, онда кіре беріс дәлізге әкел сүйретіп, - деген шал есікті шалқасынан ашты. Алқат әлі де өзіне-өзі келе алмай жатқан Қаңтарбайды сүйрелей жұлқылап дәлізге кіргізді. Осы кезде манадан әкелі-балалылардың әңгімесін үнсіз тыңдап тұрған Сағила кемпір бір ожау суды «ұры осы ма, өтірік есеңгіреп жатқан» деп, басына құя салды. Сәлден соң Қаңтарбай есін жинады. - Әй, кімсің? - деді Тамаш бетіне төне үңіліп. Шалының бейқам әңгімесінен шоршып түскен Сағила: - Кімі несі-ей, мына алжығанның. Ұры ғой, ұры. Ұрымен жөн сұраспақпысың? - деп баж ете қалды. - Мал қора жаққа өтіп бара жатқанын анық көрдім ғой. Мұның терезе қағуына қарағанда серіктерін сыртта бойтасалатып, өзі біздің ұйықтаған-ұйықтамағанымызды білу үшін келген иттің баласы. Егер мен ту сыртынан аңдатпай жетіп, сілейте ұрып құлатпағанымда, ұстатпас еді. Ал торуылдап жүргенін сезбесек, бір түнде бар малдан айырылып, сымпиып қалар едік, - деген Алқат шірене тұрып бір қырынан құлап жатқан Қаңтарбайдың кеудесін көздей көсіле тепті. - Тепкілей берме. Өлтіріп алып құтылмас пәлесіне қалармыз. Мұндайларды ұрлыққа жұмсайтын, сөйтіп сыртынан бағып, қамқорлыққа алатын дәулері болады дейді ғой. Милиция шақыр, - деп Алқатқа айқайлады әкесі. Ұрының аяқ-қолын байлаған Алқат: - Қазір милиция әкелемін. Учасковый Сарқыт нағашымды бағана осында көргенмін. Кете қойған жоқ әлі де, - деп сыртқа шығып, көшені бойлай жүгіре жөнелді. Көп ұзамай ауылдың учаскелік өкілі - нағашысын ертіп жетті. Аяқ-қолын шандыған арқанды шешкізіп, денесін игере алмай былқ-сылық еткен ұрыны үйдің қабырғасына сүйеп отырғызып, жүзіне үңілген капитан жиеніне зекіді зілденіп. - Сонша сабағаның не-ей, топыраққа аунатып. Ұры дейтіндей қораңның ішінен ұстап алған жоқсың, жауапталып кетесің ғой. - Немене сонда, ұрыны ұстағанды да соттай саласыңдар ма? Бәсе, бұл ұры атаулы неге таптырмайды десем.., – деп бұрқылдады жиені. - Әй, ту сыртынан ұрып сұлатыпсың. Одан әрі сонша тепкілеп топыраққа ауната бергенше, есінен танып жатқанда-ақ байлап тастамайсың ба? - Нағашыеке, ұрымен сыбайлассыңдар десе, ышқынасыңдар өп-өтірік. Ендігің не, көзбе-көз ұрыға жаның аши қалғаны. Ұрдым, тептім, бірақ шаңға аунатқаным жоқ, - деген Алқат ұрының жүзіне енді бажайлап қарады. - Әй, мынау маған дейін де әбден таяқ жеген сияқты ғой. Әй, тағы да кімдікіне барып, қорасын жағалап едің ұрлық істеуге?! Ернін әзер қимылдатқан Қаңтарбай енді ғана есін жиып тілге келді. - Мен ұры емеспін. - Ұрымын деп тіріңде мойындайсың ба? Тіпті Алланың алдында да мойындауларың екіталай сендейлердің. Оның үстіне менің милиция нағашым саған жанашырлық жасап отырса, - деп түкірігіне шашала долданған Алқат Қаңтарбайды тағы да келістіре тепкенде, ол оң жағына қисая құлады. Ентелеген жиенін итеріп жіберген капитан: - Ей, кім екенін әлі анық білмей жатып, сонша тепкілеп пәле көрінейін деді ме көзіңе. Көтеріс одан да, менің көлігіме салайық, ауданға алып кетемін, - деді. Әкелі-балалы екеумен капитан үшеуі Қаңтарбайды милицияның көлігіне салды. Жиеніне қараған капитан: - Сақтықта қорлық жоқ. Біздің бастықтың атына «Үйіме түспекке әрекеттенген ұрыны ұстадым. Екеуміз алысып қалдық. Күшінің басымдығын байқасымен, қорғану үшін таяқ жұмсап құлатып, аяқ-қолын байладым да, учасковыйға тапсырдым» деген мазмұнда арыз түсір. Ертең ертелетіп әлгі арызыңды Ақсудағы милиция бөліміне тапсыр. Әйтпесе күні ертең есін әбден жиған мынау «мені жазықсыз ұрды» деп өз басын қорғау үшін саған жала жабуы мүмкін. Құтылмайтын пәлеге сонда қаласың», - деген ақылын айтты. Аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген ұры Қаңтарбайға байланысты хаттама толтырылған соң, оның жуынуына жағдай жасады. Біраз реттелгеннен кейін ғана «Жедел жәрдем» шақыртты. Учаскелік өкіл Сарқыттың өзі басы-қасында отырып дәрігерлік тексеру жасатты да, жеңіл дене жарақатын алған дегізіп құжат толтыртты. Таңертең жеткен жиені Алқаттың арызын бастығына кіргізіп, болған жағдайды қысқаша баяндады. Одан соң ұрыны әкелді айдауыл. - Қай жердің ұрысысың? - деді подполковник. - Ешқандайда ұры емеспін. - Онда мына Қаңқабаевтың қорасынан не іздеп жүрсің жеті түнде? - Мен таксиспін. «Москвишіммен» жолаушы тасимын. - Сенің әрекетің мен сөзің мүлдем сәйкеспейді ғой, жарқыным-ау. Өзің біреудің қорасының ішінде жүресің, ал сонда әлгі машинаң қайда, кімнің астында? Мен қорадан қой алып шығамын, сендер «Москвишіммен» күтіңдер деп серіктестеріңді қай тұсқа қалдырып едің? - Тыңдаңызшы, мен таксиспін дедім ғой жаңа. Кеше кешкілік үш жігіт осы маңайдағы бір ауылдың атын айтып, жеткізіп салуды өтінді. Әжептәуір жолақыға келісті. Содан жолда ұрып жықты да, көлігімнің жүк салғышына бүктеп тастап, өлтіруге әкетіп бара жатқанда жүк салғыш ашылып түсіп қалдым. Олар қалың шаңнан мені байқамады. - Өй, сенің шатағың көбейіп барады ғой. Бөтеннің мүлкін ұрлауға ниеттенген әрекеттің үстінде ұстадық десек, сен көлігімді тауып беріңдер деген дауыңды қоздатып, біздің ізімізді мүлдем басқа жаққа аударып жібермексің бе? Ниетің мүлдем сұмдық қой. Ешқандай машина ізделмейді. - Табылар-табылмасын білмеймін, бірақ ұрлатқаным анық. - Ұрлады ма, зорлықпен тартып әкетті ме? - Алдап мініп, айдалаға шығарды да, ұрып-соғып, тартып әкетті. Мүмкін, өлтіріп те жіберер ма еді, кім білсін? - Енді неғып өлтірмей тірі жібере салды? - Айттым ғой жаңа ғана. Жүк салғыш ашылып, содан аунап түсіп қалғанымды. - Жүк салғышыңның ашылып, жабыла беруіне қарағанда әбден жасарын жасаған темір сияқты ғой. «Жигули» ме? - «Москвич» қой. - Қай жылғы? - Жетпісінші жылғы. - Ойбой, көргені көп кәріқұлақ екен ғой. Онда аман қалған жаның олжа, өзінің де есі шыққан, сенің де есіңді шығарып жүрген салдақы көліктен құтылыпсың, ал енді мынау біреудің қорасына түскен ұрлықтан қалай құтылар екенсің? - Мен ұрлық істегенім жоқ. Жүк салғыштан домалап түсіп, безіп келе жатып, тас қараңғылықта жылтыраған жалғыз жарықты көрдім. Бар шамамның жеткенінше қыбырлап, жарық жанған үйге жеткенім сол, қанша қақсам да есігін ашпаған соң, терезе жағына айналғанымда, ту сыртымнан тиген соққыдан сілейіп түстім. Жөн-жосық сұрамастан, бекерден-бекер жазықсыз таяққа жыққаны үшін әлгі үйдің баласы жауап берсін мен емес. Ұрыға балап ұстап отырған күдіктілерінің жауабын естіген бастық пен орынбасары, учаскелік өкіл бір-біріне қарады. - Түсінікті, - деді подполковник. – Оның бәрін тергеу барысында анықтармыз. Әзірше бізде қонақтай тұрасың. Осылай тұжырым жасап, Қаңтарбайды абақтысына жөнелткен бастық тергеу ісі жөніндегі орынбасары, майор Асылбек Бектеміровке мойнын бұрды. - Мынаның өзімді ұрып, көлігімді тартып әкетті деген далбасасын тоқтату керек. Қарақшылық шабуылдың қаладан бізге өте бастағанын байқайсың ба? Бұл ешкімге де, ешқайсымызға да абырой әпермейтін сұмдық. Әлгі сандалбайды әзірге өзімізде ұстап, ұрлыққа барғандығын тергеп, түпкі нәтижесінде жаман машинасының жоғалғандығын есінен шығарса, ұрлықтан құтылатынын, әйтпесе сотталып кететінін миына құй. Қашан осы ұсынысқа келіскенше тыныштық бермеңдер кезектесіп тергеп. Сөйтіп қамалу мерзіміне белгіленген уақыттан кешіктірмей құрт бұл маңайдан. Үні өшіп біржола жоғалсын қаласына. Миын мен айтқандай әбден шақсаңдар өзі де жоқтамас салдаба «Москвичін». - Бәрі дұрыс қой, бірақ бұл кісі күнделікті мініп, жолаушы тасып, нәпақасын айырып жүрген көлігінен айырылып қалғанын қалай түсіндіреді отбасына, таныстарына. - Ей, келібас, маған жалтақтағанша кәлләңді жұмыс істетсей. Орыстың әлгі бір киносы бар ғой. Ұрлық асыл тастарды білегіне оратып алған Никулиннің тайып құлағанымда, қолым сынып есімнен таныппын, Көзімді ашсам қолым гипстеулі деп сұрағандардың бәріне бір сөзін қайталай беретін. Сол сияқты бұған да сұраушыларға бір сарында қайталай айтатын сылтау тауып беріңдер. Біреулермен мал ұрлауға барып ұсталып, машинамды беріп құтылдым дегендей бірдеңені ұйқастырсын. Керек болса мұның жолын өзімен ақылдасып ойлап табыңдар. Осылай жасалмаса, өзіне зияны тиетінін есінен шықпастай сіңіріңдер миына. Сұрағандарға сол сендер үйреткен нұсқаны ғана айтатын болсын. Тіпті, сөзінен жаңылып далбасалап кетпеуі үшін, біраз мерзім жігіттерден сырттай бақылау да қойыңдар. Абыройларыңа сөз келтірмейтін осындай амалдарды пайдалануға өздерің қашан әккіленесіңдер. Ылғи мені ежіктетуге ұялмайсыңдар ма?! - деп зілденген подполковник учаскелік өкіл Сарқыт Топаевқа саусағын шошайтты. - Сен әлгі ұры ұстағыш жиеніңе арызын қоюлатып жаздырт. Қорасынан, өрістен ұрланған өзінің де көршісінің де малын осыдан көретін етіп төгілдірсін. Сол арызды сен, майор, ұрыға қайта-қайта оқып беріп, басын мыңғы-дыңғы қыласың. Сонда ол өзіне емес, түбінде әлгі арыздағы фактілерге иланатын жағдайға жетеді. Қарақшылық шабуылмен көлігін тартып алғандығы туралы сыбыс шықпайтын болсын. Дәл осылай бітіріңдер істі. Марш бәрің, - деген бастықтарының алдынан шыққан майор мен капитан Қаңтарбайды ортаға ала бастаған еді. Олар шығып кеткен соң, Тәуелсіз ел, жеке мемлекет болғаннан бергі соңғы бес-алты жылдың төңірегіндегі шым-шытырық жағдайларды ойлады. Демалысқа кетуіне бір жыл қалды. Әлгіндегі қарақшылық шабуыл дегенді естіген сәтте-ақ, тұла бойы түршікті отставкіге жетемін бе, жетпеймін бе деп. Полковник шенін алып, сөйтіп зейнеткерлікке абыроймен әрі молдау зейнетақымен шығуды жос-парлап, осы ірі ауданның ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына әзер қолын іліктірген. Сол армандаған үш жұлдызды иыққа тағудың сәтті сағаты әне-міне соғады деп отырғанда, мына қарақшылық шабуылдың исі сезілсе, бәрі де кейінге шегерілуі әбден ықтимал. Ал кезекті шеннің келуін күте беруге уақыты таяу. Әлгі ұрының ештеңесі кете қоймас. Отыз-қырық жыл мінген «Москвишінде» ақысы қалмаған да шығар. Барсын баратын жеріне деген подполковник күпті көңілін аз да болса демдеді. - Сенің ұрлығың әбден дәлелденді. Өйткені, соңыңнан сала құлаш арыз жетті тағы да. Қорадан, жайылымнан жоғалған он бес жылқы, он екі сиырдың ұрысы сен деп отыр Тасарықтың адамдары, - деген тергеуші Саттардың сөзін естігенде Қаңтарбайдың соққыдан жұмылған көздері бағжаң ете ашылып: - Ешқандайда ұры емеспін, қайта таяқ жеп, машинамды ұрлаттым. Арызды мен жазуым керек қой саған, - деді жаны ышқына. - Сен біріншіден мына Тасарықтық-тардың арызынан құтылып ал. Содан соң көресің қалғанын. Ал сотталуың деп-демде. Түрменің есігін бір ашсаң, бүкіл өмірің тозаққа айналды дей бер. Бір жұманың көлемінде тіріөлік боласың да қаласың. Сенен әйелің де, бала-шағаң да безеді ауру жұқтырудан қашып. Екі күннің айналасында миы ашып, суға айналғандай басы зеңіген Қаңтарбай ақырында сотталмау үшін не істеу керегін сұрады... Күйеуінің көлігімен жоғалып кеткені туралы қалалық ішкі істер бөліміне арызданған әйелі Күлпаш Қаңтарбаймен Ақсу аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратының алдында бостандыққа шыққан сәтінде жылап табысты. Үйінің босағасын аттағаннан кейінгі ұзақ-ұзақ әңгімеден соң, машинасы да, қаласы да құрысын, басымның аманында ауылға жетіп жығылайын, көшейік деді Қаңтарбай сықсыңдай жылап. Әуелгіде Күлпаш келіскен сыңаймен үндемеген. Бірақ біраз мерзім кейінге сырғып, отбасындағы аһылаулары мен уһілеулері басылыңқырағаннан кейінгі әйелінің сөздері басқа ауанға біржола аунап түсті. - Ауылыңда ақмайың ағып жатыр ма? Осы қалаға зордың күшімен тұяқ іліктіргеннің арқасында емес пе, тіршілігіміздің әсте-әсте түзелгені. Ескілеу демесең, жеңіл көлік мініп, сонымен нанымызды айырдың. Бір жағынан су-пу, нан-пан сатып дегендей мен де қарап жатпадым. Сөйтіп базардың бірін салып, екісін алатын абың-күбің аласапыран тірлігіне төселдік. Бітпеген демесең, басымызға ілдебайлап баспана да көтердік. Амандық болса, балалар өскенше оны да бітірерміз. Соның бәрін тастап, дымы жоқ ауылыңа қалай бара салмақсың. Жанымды ауылым алып қалады десең, өзің жөнеле бер. Түбінде тірі жүргенің керек бізге де. Бірақ туралап келген ажал ауылың түгілі тауыңның қуысына кіріп кетсең де тауып аларын ұмытпа. Одан да үрейі ұшқан жүрегіңнің дүрсілін бас. Машина айдамасаң, арба айда. Қысқасы, күн көрісімізге азды-көпті жол ашқан нәпақалы қаладан ешқайда табан аудармаймын, ауылға бармаймын, - деген сөзінен Күлпаш танбады. Ақыры әйелінің уәждерін мойындап, ауылшыл ниетінен біртіндеп беті қайтып, базардың бір арбасын сүйретуге кіріскен Қаңтарбай жанының жайсыздануынан енді ғана арылғандай еді.

533 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы