• Руханият
  • 15 Тамыз, 2019

КИЕГЕ ДЕ ИЕ КЕРЕК

Қазақ елінің дербес ел болып жетілгенін, өркендегенін мақтанышпен кеудесін кере айта алатын қазақ ұрпағы қалыптасты. Тәуелсіздігіміздің аз уақыт ішіндегі қол жеткізген теңдессіз табыстары, біріншіден, әлем картасында болмаған мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан құрылды, мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітіліп, мемлекеттік басқарудың Конституция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылып, заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесіне ие болдық.

Экономиканы ілгерілеттік, Елбасы біртіндеп елдің жетілуін, көркеюін, елдің дамуын, халықтың ой-санасының өзгеруін жүзеге асырды. Ата-бабаларымыздың армандаған сонау ғасырлар қойнауында Күлтегін идеясының негізінде жазылған «Мәңгілік Ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің тамырына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Осынау аршынды қадамдардың баршасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасы. Осы жоғарыда айтылған ұлы табыстарды жалғастырып, дамытып, соны халықтың бойына сіңіру мақсатында Елбасы Қазақ елінің мәңгілік болуына, оның іргетасын қалаған табыстарын әрі қарай дамытуда қазақ халқына мынадай жолдау арнады: Бірінші – рухани жаңғыру; екінші – туған жер; үшінші – сана; төртінші – прагматизм; бесінші – «Нұрлы жол». Елбасы болашаққа бағдар ретінде «Рухани жаңғыру» идеясын ортаға салды. Ұлт рухының арқауы неде? Туған жердің ерекшелігін көрсету, әдет-ғұрыпты жаңғырту ақпарат көздерінде жиі көтеріледі, оның жаңғыруы деген не? Өркендеген елдердегі ақыл-ой иесінің жоғары сатысындағы қалыптасқан дәстүр. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Жалпы, ұлттық идея қандай уақытта дамиды? Ұлтты кемістеуден ұлттық рух оянып, ұлттық сезім пайда болады. Намыссыздықпен күн кешіп, 300 жыл Ресейдің қоластында болдық. Намысты туындататын, оны қозғайтын әсер болмайынша, қалыптасқан ой-сана кейінгі ұрпаққа рухани азық бола алмайды. Біздің ойшылдарымыз, абыздарымыз ой-сананың дамуына ықпал етіп, жаңалық ашуға итермелеген. Ол жастарды ылғи да зұлымдықпен күресуге, оны өзгертуге, жаңартуға бағыттаған. Жастар – кез-келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей ел жастарының білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастардың ой-санасын ояту, жаңалықты дұрыс қабылдату. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Үкімет қазіргі толқынға, жастарға үлкен үміт артуда. Жастарға қоятын негізгі талабы: біліктілік, білім алу, рухани құндылықтарды қастерлеу, отансүйгіштікті дамыту. Дамыған мемлекет құру үрдісі экономиканы жаңғыртып, постиндустриалдық қоғам құрумен шектелмейді. Төртінші индустриалдық революцияны бастарынан өткеріп жатқан мемлекеттер жоғары деңгейге рухани, біліми, ғылыми, тәрбиелік мәселелерді шеше отырып өз мақсаттарына ұмтылуда. Сондықтан материалдық өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту қаншалықты маңызды болса, рухани салада жаңару да соншалықты маңызды. Себебі, халықтың, соның ішінде жастардың рухани сапасының артуы сол елдің экономикасының қарыштап дамуына мүмкіндік береді. Ел дамуының болашағы саналатын жастардың рухани жаңғыруында Қазақ жерінің киелі мекендерінің маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы біздің қоғамда көптеген рухани дүниелердің жаңаруына тың серпін берді. Халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандандыруда шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды. Осыған байланысты Елбасы тапсырмасы негізінде, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен халқымыздың тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның киелі орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. Ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүрген тарихшылар, өлкетанушылар, этнографтар тартылып, ғылыми жүйе құрылды. Зерттеушілер басшылыққа алатын нұсқаулықтар жасалып, ол барлық өңірлерге жолданды. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру. «Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұра, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар ұсынылды. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын, ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретінде көрінетін нысандар кірді. Киелі орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар нысандар болып бөлінді. Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес топқа жіктелді: 1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар. 2. Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді. 3. Діни және ғибадат орындары болып табылатын нысандар. Мұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және ортағасырлардағы, сонымен бірге XX ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды. 4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәселелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен батырлар, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор орындар алынып отыр. 5. Саяси, тарихи оқиғаларға байланыс-ты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар мен қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары еніп отыр. Біз Қазақстанның табиғи, монументалды, архитектуралық, археологиялық ескерткіштерін сақтау арқылы өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштікті қалыптастыруымыз керек. Осы тұрғыда мұражайлардың атқаратын рөлі зор. Мұражай жәдігерлерді сақтап қана қоймай, оның энергетикасын ұрпақтың бойына сіңіріп, тәуелсіздік тірегі болатын ұрпақты қалыптастыруда да рөлі зор. Елбасы мақаласында сырттан келген қауіп-қатерге төтеп бере білуіміз керектігін баса айтқан. Жат ағымдарға қарсы тұратын дүниеміз – ұлттық код. Ал ұлттық кодымыз өзіміздің қасиетті жерлерімізден бастау алады. Қазақта «кіндік қаны тамған жер» деген ұғым бар. Сол туған жерінен қазақ ешқашан көшпейді. Ата-бабамыздың моласы, бейіті бар, кіндік қаным тамған жер деп жерді құрмет тұтады. Осының өзі біздің қасиетті, киелі деген сөздерімізге терең мағына береді. Жастар қасиетті жерлерімізбен, жәдігерлермен танысып, тарихын білуі шарт. Осынау рухани мәдениетімізді шет елге таныс-тыру жайында айтсақ, бұл бағытта заманның ең озық технологияларын пайдалану керек. Біріншіден, еліміздің түкпір-түкпіріндегі, әр ауданның, әр ауылдың киелі жерлерін халыққа таныту үшін бағыт-бағдарын, тиімді жолын көрсететін картасын әзірлеген жөн. Екіншіден, әрбір интернет пайдаланушысы үйден көре алатындай виртуалды мұражайлар жасалғаны дұрыс. Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынуда. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, Қазақстанды әлемдік брендке айналдыру жолында цифрландыруды қолдануымыз қажет. Үшіншіден, қасиетті жерлерге баратын инфрақұрылымды жақсартуды қаперге алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Ұлы дала түрік жұртының Ата жұрты-Сыр бойынан оғыздар ауа көшкенде Қап тауының түркімен түрік жұрты, әзербайжандар болып, Қорқыт атаны піріміз деп таныды. Ұлы түрік қағанаты ыдырағанда жаңа сападағы тайпалар мен ұлыстар болашақ тұтас жаңа ұлттың негізі қалыптаса бастаған. Тұрмысы, тілі салт-дәстүрімен ыңғайласып, сол даланың төл перзенттері тарихи уақыттың өтуіне қарамастан біртіндеп қазақ ұлтына айналды. Жерұйықтай болған керемет кең дала көршілердің көзіне түсіп, қызықтырмай қоймаған кезең. Туып-өскен жерді қорғау керек болды. Бұл тұста Тоныкөк пен Білге қағанның тасқа қашап жазған өсиет сөздері бүгіні күнге дейін біздің халқымыздың тарихы болып саналады. Әруақ қолдаған, сыйынған, содан бізге мирас болып қалды. Сыйыну дегенің үлгі тұту, соған қарап өсу деген сөз. Бұл жайында Ахмет Байтұрсынов «Бұрынғылар жауынгершілікке тән болса, кейінгі заманда батырлар жан есебінде, елді қорғаушы есебінде қалыптасқан. Жалпы халықтың жаны, рухы туралы әңгіме қандай да болмасын сонау көне дәуірде қалыптасқан. Ұлы даланың киесі болып табылады. Соған мысал ретінде ұмыт қалған, бірақ ел аузынан түспеген, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің рухы әрдайым елес беріп, қорғап жүрген. Бұл ұлы даланың болмысымен біте қайнасқан айнымас атрибуттары. Осы кезеңде В.В.Бартольд Қорқыт баба мен Баба Түкті Шашты Әзіз әулиені даланың ұлы патриархтары»-деген болатын. Осы кезеңнен бастап «Ұлт рухы» деген қасиетті ұғым атойлап алға шықты. Қорқыт мәңгі өмірді аңсап, дүниені шарласа, өлім өмірдің астары екеніне көзі жеткен. Қорқыт өнер арқылы, күй арқылы өмірді ұзарта алатынына көзін жеткізеді. Ал екіншісі – Шашты Әзіз әулие ел жұрттың қамқоршысы мен сақшысы, қиянатқа қарсы тұрар әділеттіктің жаршысы. VІІІ ғасырда Ислам діні Мауренахрдан асып Ұлы далаға жеткен кезі. Мұны біз Исламның таралуы деп айтамыз. Баба Түкті Шашты Әзіз сол дәуірдің тарихи тұлғасының бірегейі. Түкті Шашты Әзіз туралы академик Қ.Сәтбаев 1927 жылы «Едіге» жырын бастыртса, М.Әуезов пен С.Мұқанов жазып шыққан қазақ әдебиетінде, әдеби оқулықтарында Шашты Әзіз әулие туралы аңыздарға ерекше орын берілген. Бұлардың бәрінде де Шоқан Уәлиханов жыршыдан жазып алған, одан В.М.Жирмунский мен А.А.Диваевтар жинаған материалдарда Шашты Әзіз әулиенің перінің қызынан туылғаны жайында және өзі де перінің қызына үйленгендігі туралы айтылады. Энцик-лопедияда «Баба Туклас» болып жазылған. Тануынан гөрі таңуы басым бұл деректер сырт адамдарының қазақ тілін бұрмалауынан, болмаса дәл айта алмауынан болған. Жалпы, Шашты Әзіз туралы аңыздар мен жырлар көп. Бұл әлі толық зерттелмеген дүние. Қаратаудың теріскей беткейінде Құмкент шаһарында халық орнатқан Мавзолейі бар. Қазақ тарихын танып білуде аса құнды дерек болып табылатын барлық батырлық жырлар мен эпостарда Шашты Әзіз әулиенің есімі өзге әулиелерден шоқтығы биік болып тұрады. Ысқақ баб дін таратушылар ішінде дала түріктерінің көсемі Шашты Әзіздің ықпалында болған. Қазақтың ұлы шежіресі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бетпақ шөлінде Таңбалы нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен жасалған таңба» дейді. Қазақ өз тарихын таңбалармен және ұрандармен жазған халық. Шежіреде тайпалар «Ақжол ұранды», «Қаптағай ұранды», «Ойбас ұранды», «Алатау ұранды» делінеді. Ал таңбасына байланысты «Көз таңбалы», «Босаға таңбалы», «Көсеу таңбалы», «Ергенек таңбалы» болып бөлінетіні белгілі. Зерттеушілер атақты шежірелі Таңбалы тас үш жүздің басын қосатын дейді. Бірақ қазір ол тас желдің, судың әсерінен үгітілген. Қ.Сәтбаев өзінің «Жезқазған ауданының көне ескерткіштері» деген мақала-сында «Таңбалы тасқа» ерекше көңіл бөлген. Бүгінгі күнге дейін әлі дұрыс зерттелмеген. Көне тарихтың куәсі ретінде мұндай әулие жерлер өте көп. Олардың барлығы халықтың өткен өмірі. Өткенсіз бүгін жоқ.

Ә.БЕЙСЕНОВА, профессор, ҚР ҰҒА академигі

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы