• Руханият
  • 14 Тамыз, 2019

БҰРЫН ҰШАР ШАБАН ҮЙРЕК ЕМЕСПІЗ...

Риза Ысқақ

1. XXI-ғасыр және Қазақстан

Тарихи жолы күрделі болған қазақ мемлекеті басынан талай-талай зұлматты күндерді кешкені белгілі (мысалы, 1720-шы жылдары Жоңғар шапқыншылығы кезі және 1933 жылғы Ашаршылық жылдары). Бүгін, Құдайға шүкір, біздің жас та болса, тұрақты һәм тәуелсіз Республикамыз бар, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы – Әлем картасындағы мәртебелі астаналардың қатарында. Ал аспан түстес – Бейібітшіліктің символына айналған – байрағымыз көкте құс патшасы қырандай қалықтауда. Ғылыми-техникалық прогресс күннен-күнге күрделене дамып, бүгінгі тыныш емес Әлемде жаңа дағдарыстар мен жаңа қарама-қайшылықтар көбейіп келеді. Осындай жағдайда, Еліміздің ертеңгі болашағы қандай болмақ? Иә, өз қиындықтары мен өз қауіптері бар XXI-ғасыр – Технократтар Дәуірі. Дегенмен, адамзатқа да, біздің қоғамға да осы ауыспалы заманда, минут сайын өзгеріп жатқан Ғаламшарда рухани құндылықтарды жоғалтып алмағаны дұрыс. Біржақты тек ғылыми-техникалық прогреске мән беріп, дәстүр мен діннен алшақтаған қоғам қалай азғындық жолына тез түсетіндігін бүгінгі таңда кейбір Еуропа елдері өз үлгісінде көрсетуде. Еліктесек біреудің жетістігіне еліктеу керек, сондықтан жаһанданудың экономикалық пайдалы жақтарын алып, дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен ұлттық немесе діни дүниетанымға тым кереағар келетін дүниелерінен аса сақ болғанымыз жөн. 2019 жылдың сәуір айының басында Ватикан кардиналы Робер Сара Еуропадағы рухани хал-ахуалының төмендегендігі турасында өзінің «Кеш батты» кітабында ашық айтты. Оның аталмыш кітабынан тек атеистердің күрт көбейіп кеткендігі ғана емес, ол атап өткен мәселелер арасында гендерлік саясат, жыныстық тәрбие, біржыныстылық және тағы да басқа Еуропаның ауыр-ауыр әрі күннен-күнге күшейіп бара жатқан этикалық проблемаларын көруге болады. Тіпті 16 сәуір күні Париждегі Нотр Дам де Пари шіркеу ғимаратының өртенуінің өзі бейне бір Құдайдың жіберген белгісі іспеттес... Ал енді Қазақстанға келейік. Құдайға шүкір, біздің қоғамның рухани ахуалы әлдеқайда жақсы, бізде дәстүрлі ұлттық және діни, адамгершілік және моральдік құндылықтардың сақталу деңгейі өте жоғары (дегенмен, кейбір мәдени-әлеуметтік мәселелер де жоқ емес, мысалы, шоу-бизнестің жағымсыз жақтары, кинематографтың төмен талғамды коммерциялық жанры және т.б.) Ең бастысы, біздің халықтың санасында қазір келешектің Жарқын бейнесі бар – 30 дамыған елдің қатарында тұру деген асқақ арман бар. Егер XVIII-ғасырдың соңынан бастап, 1991 жылға дейін «азаттық таңын көру» біздің елдің негізгі ішкі арманы болса, ал қазір біздің арман «Мәңгілік Ел» ұлттық стратегияcын толықтай, аяғына дейін сәтті жүзеге асыру. Жиырма сегіз жыл бойы Тәуелсіздік дәуірінде өмір сүреміз, гүлденіп, өсіп, өркендейміз, келешек көкжиегіне үкілеген үмітпен көз жібереміз... Әлемді шарпыған «Жаһандану (оның жағымсыз тұстарынан) және Ғаламдық экономикалық дағдарыстан» аман-есен шығып, болашаққа бағдар жасау үшін біз осы Жастар жылында әлеуметтік деңгейде әсіресе арасында – зайырлы дүниетаным мен діни дүниетаным арасында үйлесімдік пен тепе-теңдікті одан әрі нығайта түсуіміз керек. Осы төңіректе отандық білім беру жүйесінің (оның ішінде отандық діни білім беру жүйесінің де) орташа деңгейін көтеру керекпіз. Үш тұғырлы тіл саясаты- біздің мықты тұсымыз. Сондықтан, біз ертең Әлемнің жетістіктеріне ғана емес, Әлем де біздің жетістіктерімізге еліктейтіндей, қызығатындай деңгейге дейін жетуге ұмтылмақ керек. Сондай биік әрі ірі мақсаттарға талпынсақ ғана, біздің болашақ шын мәнінде жарқын болар. Оның үстіне, біздің ел қашан да өз елінде құрметтеуді және өзгені де қадірлеуді қатар алып жүрген. Біздің халық -дана, сондықтан біздің түсінікте Отансүйгіштік – ешқашан ұлтшылдыққа айналмаған, діни сана-сезім – ешқашан экстремизмге баланбаған, ал біздің елімізге көне заманнан бері тән ерекше Толеранттылық қасиеті Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов айтқан «мәңгүрттікпен» (идентичность деген нәрсені жоғалтумен) ешқашан байланыспаған еді.

Біз ұдайы тепе-теңдікті сақтай білдік. Аталмыш асыл қабілетті біз келесі ұрпақтарға да бере алуымыз қажет. Ол үшін Әлемдік стандарттарға сәйкес жоғары деңгейлі ғылым мен өнерді дамытуға тиіспіз. Ал қажет десеңіз келешекте (отыз немесе елу жылдан кейін) біздің отанымыздың барлық салаларының көрсеткіштері және ерекшеліктері тіпті жаңа Әлемдік стандарттардың пайда болу себептерінің бірі болатындай болуы қажет-ақ. Әсіресе, болашақта Әлем бойынша ақпараттық технологиялар, электронды техника, сапалы білім беру мен озық денсаулық сақтау жүйесі тек ең соңғы жетістіктер мен жаңалықтарды талап етпек. Біздің ел де Заманнан қалмай, өркениет көшіне ілесуі тиіс. Ол үшін барша қоғамның балалар мен жастардың білім мен тәрбиесіне, мәдениеті мен әдебіне, діни сауаттылығы мен кәсіби құзіреттігіне, әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық пайдалы еңбегіне баса назар аударғаны абзал. Біздің өскелең ұрпақты балабақшадан бастап, университетке дейін мемлекеттік тіл мен қазақ әдебиетін, отанымыздың тарихы мен салт-дәстүрлеріне оқытып, саналарына сапалы білімді ұтқыр жолмен жеткізіп, барынша жан-жақты, тереңнен түсіндіріп, тұла бойына төл әдеп пен дәстүрлі Ислам құндылықтарын біртіндеп сіңіруіміз керек. Көкейлеріне ұғындыратын орталықтандырылған және ресми бекітілген оқулықтар (оның ішіне Заманға сай техникалық және технологиялық ғылыми кітаптар да), отандық өнертуындылары, арнайы мәдени әрі ғылыми отандық Бұқаралық Ақпарат Құралдарының өнімдері, Ғаламтордағы ұлттық-ағарту әрі діни-сауаттандыру сайттары ауадай қажет. Дұрыс тәрбие және заман талаптарына сай білім – ертеңгі сауатты да салауатты САУ қоғамның кепілі! Жалпы, біртұтас халық болып, бір ауыздан Елбасымыз бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, «Қазақстан – 2050» стратегиясын және «30 дамыған елдің қатарына қосылу жобасын» сақтай отырып, асқан еңбекқорлықпен жүзеге асыруымыз қажет. Себебі, ешбір адам, ешбір ел ЖОСПАРСЫЗ және МАҚСАТСЫЗ күн көре алмасы анық. Оның үстіне – қазіргі заманда, ал болашақта тіптен БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ экономиканы ғана емес, сонымен қатар ҒАСЫР ҚАУІПТЕРІНЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛАТЫН бәсекеге қабілетті мәдени-рухани иммунитетті де дамытуымыз керек. Жастарымыздың санасына дәстүрлі Ислам діні жайлы, отандық төл мәдениет туралы және дәстүрлі отбасылық құндылықтар хақындағы түсініктерді мейлінше сіңіру керек!

2. Ақпараттық кеңістік және ұлттық рухани иммунитет

Мен 2018 жылдың соңында, жаңа 2019 жылдың қарсаңында Ғаламтордан қазақ тіліне қатысты мәлімет іздеп отырып, «Уикипедия»-ға кіріп қалып едім. Бірінші байқағаным, Әлемдік «Whikipedia»-ның қазақ тілді сегментінде ана тілімізге байланысты ақпарат өзім ойлағаннан тым аз болып шықты. Ал салыстырмалы түрде алсақ, орыс тілді сегментінде «Русский язык» туралы мақалалар бәленбай беттен тұрады, әрі мазмұндырақ. Енді ағылшын тілі, демек «English Language» турасындағы ағылшын ақпаратын айтпасақ та болады, тіпті бір емес бірнеше кітапқа татырлық дүние табасыз... Мақаланың негізгі айтар наразылығы, әрине, бұл емес. Ғаламтор бізге кешеуілдеп келгені онсыз да баршаға мәлім жайт емес пе! Дегенмен, ағылшын тілді Ғаламторды да мен соншама пір тұтуға асықпас едім. Неге десеңіз, тура сол «Уикипедия»-ның ағылшын тілді, яғни әлдеқайда ДАМЫҒАН сегментіне кірсем, қазақ тілі («Kazakh Language» https://en.wikipedia.org/wiki/Kazakh_language ) туралы мәлімет бар екеніне қуандым. Дегенмен, түзетілмеген бірнеше өрескел қателіктерді аңғарып, қуанышым күйінішке сол сәтте ауыс-ты. Жоғарыда көргеніміздей қазақ тіліндегі шақ ережелерінің мысалдарындағы қателіктерді өздеріңіз байқап тұрсыздар. Қазақ тілінің емлесіне сәйкес «балық жүзіп отыр», «балық жүзіп тұр» деп айту барып тұрған қып-қызыл сауатсыздық! Мұны бастауыш сыныптың әр мұғалімінің өзі біледі. Тағы бір қателік жеті септіктің орындарын ауыстырып жіберген, іліктің орнына табысты жазып қойған. Әсіресе қатты көңілді қалдырғаны – Қазақстанның картасындағы «қазақша жақсы сөйлейтін өңірлер» және «қазақша нашар сөйлейтін өңірлер» деп түрлі түспен жік-жікке бөліп тастағаны. Бұны біздің елдің біртұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтіру деп бағалауға болады. Өйткені, Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 3-ші тармағына сәйкес Республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға, жік салуға бағытталған істерге тыйым салынған. Оның үстіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Жоғарыдағы карта осы баптарда көрсетілген қағидаларға қарама-қайшы келіп тұр! Енді бір сәтке елестетейікші,егер біз Американың картасын алып, қазақша «Уикипедия»-ға салып, «ағылшынша жақсырақ сөйлейтін штаттар» және «ағылшынша нашар сөйлейтін штаттар» деп бөліп тастасақ не болар еді?! Әлбетте, халықаралық жанжал туар еді. АҚШ-тың ішкі саясатына қол сұғу деген сынды үлкен-үлкен наразылықтар туар еді. Тіпті бұл мәселе БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде көтерілген болар! Сондай-ақ біздің басымызға қатаң заңнамалық талаптар, сөгістер жаңбырдай жауар еді. Ал біз өзіміздің орынды ызамызды, өкінішке қарай, ирониясы бар шағын ғана тек осы бір мақаламен шектейтін сияқтымыз. Сондықтан, осындай өрескел фактілерге Қазақстандық интернет провайдерлері және Ақпарат министрлігі келесіде мұқият қарайтындарына бек сенемін! Аталмыш мақаланың мақсаты – жоғарыдағы даулы мысалдар мен фотоларға қатысты шу тудыру емес, келесідегідей ауқымды тақырыпты қозғау: Тәуелсіз Қазақстанның өзінің тәуелсіз Ғаламторы болуы қажет пе? Мәселен, Қытайдың ішкі интернеті бар. Ресейде де ru.net ішкі ғаламтор жобасы жайлап-жайлап қолға алына бастады. Себебі, халықаралық саяси жағдай күрт күрделеніп кетті. Ал бұл шиеленіс Ресейдің ақпараттық кеңістігіне және жалпы ұлттық руханиятына пайдалы үрдіс емес. Иранда, Түркменстанда интернетке белгілі бір тыйымдар салған. Мойындау керек – түрлі лаңкестер, саяси провокациялар және көптеген жағымсыз нәрселер қазіргі кезде жоғары ақпараттық озық технологияларды өкінішке қарай белсене пайдалануда. Әрине, Қазақстанда да зиянды сайттарға тыйым салынған. Десек те, жалпы ғаламтордың қазақ тілді сегменті пайыздық өлшеммен алғанда тым кішкентай. 18 миллиондық ел үшін XXI ғасырда бұл аса аздық етеді, оның үстіне біз 30 дамыған мемлекеттердің қатарына кіруге ниеттіміз. Тағы қарқынды цифрландыру үрдісі ел ішінде жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай Қазақстанның өзінің ішкі ғаламторын дамыту артық етпес. Иә, сондықтан Уикипедияның қазақ тілді секторын дамыту бір басқа, сонымен қатар Уикипедиядан кем түспейтін отандық өзіміздің мәселен, «Cөздік әлем» деп аталатын Уикипедия форматындағы ресурс жасау қажет. Қазақ тілге шетелдік Уикипедияның авторларының мұқият назар аударғаны абзал, алайда жоғарыдағы қателіктер мен олқылықтарға біз де бей-жай қарамау керекпіз. Әлбетте, Ішкі Істер министрлігі және Ұлттық Қауіпсіздік комитеті түрлі лаңкестік, сектанттық, айлакерлік тағы басқа сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларын, басқа да күдікті материалдарды бақылауға алып, олармен күресуде. Әйткенмен, келесі мәселе назардан тыс қалып жатыр: кейбір телеарналарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор беттерінде отансүйгіштікке қарсы бағытталған материалдар тұрмақ, этикаға қарама-қайшы келетін материалдар көптеп көрініс табуда. Іш киімін шешкен немесе шеше жаздаған қазақ қыз блогері турасындағы ақпараттық жанжал (осы атышулы «мем»-ға қатысты кейбір журналис-тер байып кеткен шығар), одан қалса телеарнада шегі жоқ «Наша правда»-лар, Қалаулымдар, Кел, келінімдер, Өз ойымдар, Астарлы ақиқаттар және арзанқол ойын-сауық ток-шоулары, төмен сапалы шетел және отандық телесериалдар, әбден азғындаған ютуб-каналдар әрі тағы басқа «ақпаратттық заман кереметтері» өскелең буынның санасын улап, тәрбиесін бұзып, «рухани мүгедек» етіп жатыр. Аталмыш мәселеге барлық қоғам, әсіресе билік назар аударуы керек деп ойлаймын. Әрине, бұл мақаламды оқып, продюсерлер, телеарна басшылары және түрлі күмәнді-күмәнді блогерлер «Риза Ысқақ цензураны шақырып жатыр» деп айқайлауы ықтимал. Саналы ойлы оқырман түсінгендей, мұным - сөз еркіндігін шектеу емес, көптеген мемлекеттерде бар сауатты әрі салауатты «редакционная полтика»-ға шақыру. Өкінішке қарай, аталмыш термин біздің қоғамға әлі сіңе қойған жоқ, сондықтан қазақ тіліндегі тура баламасын таба алмадым. Ресейдің қоғам қайраткері Никита Михалков осы жылдың басында қатардағы КВН қыз ойыншысының Ұлы Отан соғысының қаһарманы генерал Карбышевқа қатысты ұятсыз әзілді әшкерелеп, оны халық алдында кешірім сұрауға мәжбүрледі және осындай игі істерді Михалков мырза сияқты патриот азаматтар өте көп жасап үлгерді. Ал бізде кім қандай сын айтпаса да, кім қандай мін тақпаса да сөз еркіндігі, демократия және либерализм тым көп екен. Әрі күмәнді-күмәнсіз ақпараттар легі жылдан-жылға тек көбеюде. Қорытынды ретінде мен бір күйінішті салыстырмалы мысал келтірейін. Не десек те, Ресейдің ақпараттық кеңістігінде рухани иммунитет бізден жақсырақ қадағаланып жатыр. Өткенде Ресей арнасын қосып қалсам, Вяземский мырзаның (асаба емес, МГИМО профессоры!) «Умницы и умники» бағдарламасы жүріп жатты. Тіпті, ең басты іріктеу кезеңіне бүкіл Ресейден тек қана үздік оқитын оқушылар ғана іріктеледі екен. Ойлаңыз, бұл – ең алғашқы һәм бастапқы кезең! Демек, ол бағдарламаның деңгейі аса жоғары және интеллектуалды сайыс салыстырмалы түрде әділетті өтеді. Соған ұқсас Максим Галкиннің «Лучше всех» деп аталатын дарындылар додасы асқан айрықша интелегентті жобасын ауыз толтырып әбден мақтауға тұрарлық. Және осы сынды бағдарламалар оларда жеткілікті. Ал енді сол күні кешке қазақ бағдарламасын яғни қателеспесем атауы - «Қызық екен» (тек бос ыржыңға толы) және тіпті «Миллион кімге бұйырады» бағдарламасын қосқан кезде бір үлкен сәйкессіздікті байқадым. Менің ойымша, зияткерлік сайыстарға көбінесе зиялы қоғам өкілдері қатысуы тиіс! Алайда бұл шарт мүлде орындалмай жатқан секілді. Интеллектісі бар қатысушылардың орнына түрлі кафе әншілері, мейрамхана бишілері, әрі кетсе ауданға лайықты парикмахерлер мен көк базарда шемішке сатуға ғана миы бар сахна өкілдері көрініс табуда. Бағдарламаның зияткерлік стилі қайда? Білімді жарыстырсақ, XXI ғасыр көшбасшысы секілді әрі білгір, әрі шешен адамдарды алу керек емес пе? Ақиқатты айтсам, осындай сапасыз, атына заты сай емес тележобалар көбеймесе, азаяр емес. Тағы бір өкінішті, мұңды жайт – біздің жалпы отандық ақпараттық кеңістікте біздің қазақ халқының мәдени имиджіне нұқсан келтіріп жатыр. Қазақ азаматтары Ресей азаматтарынан білімсіздеу, қараңғылау деп ойлағым келмейді. Ендеше, неге жоғарыда мен атап өткен қазақ бағдарламалары дәл сондай ренішті ойды қасақана тудырып жатыр? Сұрақ көп, жауап жоқ...

466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы