• Білім-ғылым
  • 14 Тамыз, 2019

Жол ашқан махаббатқа боз даладан, Сенімді серігім ең бозқараған...

Мінуар Әкімханов Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Ұсынған жырдың сырын тамаша ұққан, Қыз едің он сегізге жаңа шыққан. Ежелгі ескі таныс сияқтанып, Емессің қалжың айтсам қабақ шытқан.

Келбетін елестетіп тұнық қырдың, Кездессем жылы сөйлеп күліп тұрдың. Жасқанбай жаста болсаң жанымды ұғып, Ат басын маған қарай біліп бұрдың.

Ағаңның емес еді ол жасаң шағы, Тереңге жібермеді жас алшағы. Жанарды жалт қаратқан дәл өзіңдей, Келмеді отқа орағым жас аршаны.

Мен жазған демесем де жырды шын сүй, Сөзіңнен байқалатын сырлы бір күй. Айтқызбай ақиқатты жылмен бірге, Арамыз алыстай ма сырғып ылғи.

Өзіңдей көркем мінез ізгі аруды, Демеймін білмей өттің қызғануды. Ақ қанат махаббатқа ортадағы, Ойладым жыр арқылы із қалуды.

Сыртымнан ел айтады

Құны да жоқ, бір тартым темекілік, Сыртымнан ел айтады көп өтірік, Несіне шаңды сөзге шамданамын, Жабылған жала екенін көре тұрып.

Шатқалаң өмір жолы ирек білем, Соны ойлап кей күндері сирек күлем. Жаныма жабысқан көп сұрақтарды, Жасырман кеште үйіме сүйреп кірем.

Жазғалы жастайымнан игеріп жыр, Көңілім тым мазасыз күйге еніп жүр. Әрдайым алаңдаймын алғы күнге, Іздеген ғашыққа ұқсап сүйгенін бір.

Алдыңда сырым осы дос ақтарған, (Беймаза жырға жаным қосақталған). Келемін арманыма арқау іздеп, Емеспін, қалың ойдан босап қалған.

*** Сағынтып келер хабардай, Іздеймін сені жырым – дос. Бақыттан ажырап қалардай, Қорқамын өтсе күнім бос.

Жолықса да ауыр бейнеттер, Кеудемде жаттың жыр тұнып. Қап-қара шимай кей беттер, Дәптерден кеттің жыртылып.

Ізде деп нағыз жырға азық, Шарлатса қиял әлемді. Шабыттан кейде бір жасық, Тумайды ойлар әдемі.

Іңкәр ғып мені жүр түспей, Арманның құсы қолға әлі, Жарқ етіп жанып, бір түстей, Бітпесең өлең болғаны.

*** Ақ еркем арманыңа мен егіз ем, Қалайша үмітімді сенен үзем? Бейне бір жоқ іздеген адамға ұқсап, Қай күні жолығар деп елегізем.

Оранып от сезімге алып ұшқан, Арылған бір күнім жоқ сағыныштан. Мені іздеп келе жатқан сен бе екен деп, Қараймын қара жолдың шаңына ұшқан.

Жүрегіңде мейірім көп (Бақыт Сағындықұлы Оспановқа)

Ниетіңді ізгілікке бейімдеп, Өскен ұлсың, қалған жоқсың кейіндеп. Жаза баспай тани алсам жаныңды, Азаматсың жүрегінде мейір көп.

Қалғаным да жол-жөнекей кезігіп, Әкетесің әңгімені тез іліп. Жетістікке жетелеген сөзіңнен, Тұрады ылғи сыршылдығың сезіліп. Билік берді қолыңызға ел сеніп, Еңбек еттің, өрге ұмтылып, белсеніп. Көрген жандар алғыс айтып жүрердей, Тастағансың талай істі еңсеріп.

Жаның жылы күн көзіндей көктемгі, Тани білдің атың өтер өткелді. Жүріс-тұрыс, киім-киіс ісіңнен Табылады кісіліктен көп белгі.

Жаныңа жат пікір айту ұшқары, Байқалады бойыңда үлкен күш бары. Алғыр ойлы азаматсың білемін, Басылмаған арманға әсте құштары.

Азаматсың ақыл-ойлы сан қырлы, Дей алмаймын күш-қуатың сарқылды. Өн бойыңды таза ұстап жаныңа, Жолатпадың екі жүзді сатқынды.

Өмір бізді жақындатып жіберді, Түсінуге бастай ма осы жыр елді. Өз қолыңмен биіктерге көтердің, Қабілеті мол жігіттерді жігерлі.

Ұғамын деп өмір сырын қатпарлы, Бастан кештің қиын-қыстау шақтарды. Өсіп-өніп, елге есімің танылып, Айналдың сен ақ самайлы қартқа арлы!

*** Тағы да даламызға көктем келді, Жұмсартты жұмыр жерден өктем желді. Күлімдеп күн көзінен түскен сәуле, Құлпыртты сай-саланы, көк пен жерді,

Жүзіне кәрі жердің нұр жүгіріп, Тоң еріп, тау да, тас та тұр жылынып. Көп өтпей жасыл көктем жазға ұласса, Кетеді шоқ боп жанып, құм жылынып.

Бойына ып-ыстық бір тылсым тарап, Түсті әне, тау төсінен мұз сырғанап. Қонақ боп қалыпты тек шыңда аппақ қар, Дегендей адам көзі тұрсын қарап.

Күн жылы, ауада жоқ ызғарлы – ағын, Сыпырды тау шыңдары мұз қалпағын. Дүниеге күліп кірген ару көктем, Далама шашу етті қызғалдағын.

Жер көктеп, орман гүлдеп, құстар келіп, Көңілге қонақтады құштар желік! Нанбасаң қарашы өзің тауға шығып, Өріп жүр сонау қия, құздарда Елік!

Аяңдап, тау сағалап, жылға қусаң Көрерсің қаптағанын қырға жусан. Қауышып қалардайсың жастығыңмен, Жүзіңді анау аппақ нұрға жусаң.

*** Көктен құйған ай нұрына малынып, Жас еменнің жапырағын жамылып. Ғашықтар тұр дәл алдыңда, аңғар сен, Тыныштығын бұза көрме жаңылып.

Қазір ақ түн. Міне оларға таныс маң, Қос ғашық тұр еріннен бал тауысқан. От құшақтың ортасынан қақ жарып, Лып етіп сен, ұшып өтпе «сауысқан».

Бір сапар бар қос көңілде күш атқан, Таусылмас сыр, қыдырса да ұзақ таң. Жүрек гүлін бақыт тапқан жандардың, Сен ертерек үзіп кетпе «қыс» - ақпан.

*** Сен рас, байсалдысың, ұстамдысың, Талай бір тарпаңдарды ұтқан мысың. Кей кезде көрінесің секілденіп, Жыр болып жүрегімнен ұшқан құсым.

Сен осы сүйдің бе шын лала гүлді, Нәзіктік бойында бар бала күнгі. Кішілік, кісілікті мінезіңнен, Тең құрбың қатар жүрген алады үлгі.

Айналсаң қолымды алып қолдасыма, Атыңды жазам ылғи сөз басына. Жақұттай жан-жырыма арқау болсаң, Мен кепіл оның мәңгі тозбасына.

Бұл ағаң дүниенің көбін көрді, Сөзіне тарпаң жанның көңіл көнді. Бағаңды биіктетіп, бағамдасаң, Өзіңе пір тұтпағын көрінгенді.

Сен үшін жазсам жақсы мен бір өлең, Жадыңда жаттауға оны көндірер ем. Танытқан тазалығын таңғы шықтай, Көзіңнен айналайын мөлдіреген.

Бозқараған

Қапталға қаулап өскен бозқараған, Жан едім, саған жастай көз қадаған. Есейіп, ержеткенде жырдан бүгін, Кеудеме өзің болдың сөз қалаған.

Тілде тұр кермек дәмің мұрын жарған, Десем мен, демейді ешкім бұның жалған. Аймаққа ажар беріп жатқандай бір, Жалтылдап, жап-жасыл боп, нұрың жанған.

Жас шақта құрбылармен ойын қуған, Өзіңсің бұғынбаққа тойындырған, Жарқылдап қақ ортаңда жүрген шақта, Болды рас, тікенекке, «тоным құрбан».

Жас дәурен қолын бізден үзгені ме? Жетіппіз талай жерге біз де міне. Бозқараған түбінде түсініксіз, Бір кезде шарпылған ем қыз деміне.

Тым-тырыс жатқан жасыл бозқараған, Талай сыр табар сенен көз қараған, Думаным басылмасын десең егер, Қойныңды аш, қолыңды үзбе, бозбаладан.

Жол ашқан махаббатқа боз даладан, Сенімді серігім ең бозқараған. Ортаңа бара қалса балғын жастар, Сырлассын, сырт қарама, сөз бер оған!

Боздала, Бозқараған, бозқыраулы, Бір сәтке сені көріп көз қуанды. Жасырман жасыл ағаш өзіңе арнап, Игерген секілдімін сөз құрауды.

Осынау боз даланы жарып тақыр, Жатырсың жан-жағыңа жайып тамыр. Бар десем көз тартатын көрік сенде, Бұйырмас әлдекімдер айыпқа бір.

Ой ұшқындары

Қалған жоқ кеудемдегі бітіп арман, (Секілді селдірі жоқ бітік орман). Кей кезде асығамын алыстарға, Тұрғандай мені біреу күтіп алдан.

Сүйенген диқаншыдай кетпеніне, Қараймын алысқа ұзап кеткеніме. Бұл күні аз ұйықтаймын, ерте оянам, Шынымен мазасыздық жеткені ме.

Ақтармай құпиямды буып сақтап, Жүргем жоқ әлдекімді сұйық мақтап, Ерте-кеш алды-артыма көз жіберіп, Тартамын өмір сырың суыртпақтап.

Кейбіреу көзімді алдап, күлсін жалған, Жанымды емес қайғы бұлты шалған. Елемей қиындықты көкірегіме, Сенемін арманыма бүршік жарған. *** Басына таудың қар қонып, Сімірді желін қыр күздің. Ажары жердің жазғы оңып, Қуарды-ау ерте гүл біздің.

Көркінен ажырап бар ағаш, Тоңып тұр әне, бұл шақта. Соқса да боран жарамас, Келер деп шыққын қыр жаққа.

Түнеріп келіп күзгі аспан, Төксе де қарлы жаңбырын. Сағынышпенен ұштасқан, Азаймаса екен жан нұрың.

Айырылып боран сабырдан, Соғады кеште көп тегі. Сен бе деп қалам сағынған, Тырнаның даусын көктегі.

*** Демінен суық ызғар еркін шашып, Соғып тұр дала үстінде жел тегі үзбей. Күн сайын көзге түсер көркім қашып, Бозарып барамын-ау, мен де күздей!

Тұрғанмен тау басына бұлт оранып, Жаңбыр жоқ, сабалайтын терезені, Жатқанда ащы ойларға ми таланып, Кептірді құрғақ боран кенезені.

Қар көмді қарашада тау балағын, Ескертуі бұл ерте айтқан қыстың. Дегендей көңіл-көзін аударамын, Үнінде бір діріл бар қайтқан құстың.

425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы