• Руханият
  • 28 Шілде, 2019

Бірлік бар жерде тірлік бар

Серік НҰРМҰРАТОВ

Саясаттану және дінтану институты директоры-ның орынбасары, профессор. ҚазМУ-дың (ҚазҰУ) философия факультетін (1981) бітірген. 1981-1985 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтында, 1988 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясының философия және құқық институтында еңбек етті. 2000 жылдан осы институттың «Қазақ философиясы тарихы» бөлімін басқарады.

Қазіргі заманда Қазақстан Республикасы етек-жеңін жинап, әлемдік қауымдастықтың алдында өзінің елдік бірлігін, саяси тәуелсіздігін нығайтып жатқан мемлекеттердің қатарына жатады. Көктемнің соңғы айында келетін 1 мамыр тамаша мереке ретінде Қазақстан халқының барлығына ортақ және құндылығы мол күн. Бірліктің қадірін білмейтін халықтар үнемі қиындыққа ұшырап жатқанын күнде естіп, ақпараттар алып жүрміз. Ішкі бірлігі ыдыраған елдерге қарап оның қандай қадірлі ұғым екенін байқаймыз. Бірліктің терең мағынасы мен астарларын тарих қойнауынан, ата-бабамыздың өткенінен, оның сан ғасырлық арманынан іздегеніміз абзал. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалар заманауи шақта бекер күн тәртібіне қойылып жүрген жоқ. Бағзы заманда-ақ хандығының тұтастығын сақтауға тырысқан елбасшылары, данагөйлері шақырып, осы рухани дүниені әрбір азаматының санасына жетуін қадағалап отырған. Дамыған, өркениетті елдердегі сияқты әрбір азаматтың жеке белсенділігі мен жауапкершілігіне негізделген кәсіби біліктілікті өрбітудің қажеттіліктері туындап отыр. Біз тәуелсіздіктің іргетасын бекіте түсуіміз үшін әрбір қазақстандық азаматтың жеке өміріндегі сапалы тұстарын насихаттап, оның жеке бостандығын қорғайтын қоғамды қалыптастыруға тиістіміз. Жалпы, көпэтносты халқымыз бен тұтас мемлекетіміз шын мәнінде тәуелсіз болуы үшін алдымен әрбір азаматтың құқығы мен оның жеке даралылығын заң арқылы қорғай алатын қоғамды қалыптастыру қажет. Сонда ғана масылданған, тұтынушылық психологиядан бірте-бірте арылып, әлеуметтегі адами прагматикалық қырларға қарай бетбұрыс та жасалады, орта тап та дүниеге келеді, кәсіпкерлік те биік деңгейде көтеріледі, экономика да әртараптана бастайды. Әлемдік мәдениет мойындайтын шығармашылық нәтижелері туындаған сайын әмбебап дүниетанымға деген сұранысымыз ұлғайып, демократиялық құндылықтарға деген қатынасымыз нығая түседі. Адам бойындағы даралылықты, шығармашылыққа деген еркіндікті мойындаған демократиялық елде ғана тәуелсіздікке ауадай қажетті төзімділік те, бірлік те, ынтымақтастық та нығая түседі. Адамдар саяси өмірде гуманистік негіздегі іс-әрекеттерге бейім болса, онда қоғамдағы қарапайым тобыр мүшесіне, бұқаралық мәдениет өкіліне айналмайды, олар бұл тіршілікте өзіндік лайықты өмір жолы бар еркін ойлайтын азаматтар қауымдастығына айналады. Әрине, осындай адамдар арасындағы өзара түсіністіктердің тереңдей түсуі әркім үшін қажет дүние және оның шынайы мағынада көрініс беруі өте маңызды. Отанымыздың азаматтары өздерінің мәдени және ұлттық бірегейлігін тәуелсіз мемлекетіміздің болашағымен байланыстыру арқылы ғана жасампаздық жолына түсе алады. Осындай саяси-әлеуметтік үрдіс қана Қазақстандағы саяси-әлеуметтілік орнықтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің тереңдеуіне себепкер болады. Қазақстан өзінің тәуелсіздік мәртебесіне қол жеткізген күннен бері әр түрлі ірі кикілжіңдерден, қақтығыстар мен тартыстардан аман. Ондай теріс векторлы үрдістерден қорғап келе жатқан рухани күшіміз халқымыздың бірлікке деген ұмтылысында. Мемлекеттік басқару мен қоғамның құндылықтық бағдарлары осы нысандардан таймаса ғана осы әлем мемлекеттері арасында 9-орын алатын үлкен геосаяси кеңістікте тәуелсіздік философиясының қисынымен жүреміз. Ал, енді тарихтың доңғалағын кері бұрып, одан басқа соқпақтарға түсіп кетуге тырысқан әрекеттеріміз түп негізінде өзімізге де, өзгелерге де тиімді емес, әрбір азаматтың жеке өміріне де нұқсан келтіреді. Халқымыз үшін күрделі және жауапты кезең болған XX ғасырдың соңында егемендіктің, дербес-тіктің де күні туды. Қазақстан халқының, соның ішінде негізгі шешуші орны бар қазақ ұлтының рухани және материалдық игіліктерін арттыруға байланысты ауқымды жұмыс атқарылды және атқарылуда. Республика атауы берілген қазақ ұлтымен бірге елімізде басқа халықтардың өкілдері де жемісті еңбек етуде. Міне, осы қазақ ұлтының құндылықтары, тілі, мәдениеті төңірегіне барлық қазақстандықтарды іштей топтастыру, ортақ саяси құндылықтар негізінде оларды бірегейлендіру құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құру үшін өте маңызды. Өйткені, бәріміз ежелгі қазақ топырағында өмір сүрудеміз. Болашақтағы мақсатымыз «Ұлы Дала Елінің» өзіндік даналығын, әлеуетін дүние- жүзіне кеңінен паш ету. Сондықтан, ел бірлігін, тәуелсіздігін нығайтудан жалықпауымыз керек. Қазір барлық мемлекет басшылары әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан шығудың тиімді жолдарын жанталаса іздестіруде, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа модельдерін қарастыруда. Әлем бір кіндікті жаһанданудан көп кіндікті жаһандануға көшуде. Бүгінгі әлемдік дағдарыс ауқымы мен сипаты бұрынғыдан мүлде өзгеше. Осындай жағдайда, ең алдымен, бізге жаңаша ойлау, жаңа ұғымдар мен теориялық түсініктер ауадай қажет. Бұрынғы түсініктер мен ұстындар аясында әлемдік дағдарысты түсіну, оның пайда болуының себептерін анықтау мүмкін емес. Өркениетті мемлекеттер басшылары дағдарысты еңсеру үшін қаржылық-дағдарыстық әдістерді іздестіру үстінде. Түптеп келгенде, бұл жолғы дағдарыс адам мен оның санасының дағдарысы, құндылықтар жүйесінің дағдарысы дейміз. Сондықтан, қазіргі кезде адамзат баласының ізгілік пен ортақ мүдделестікке негізделген жаңа ойлау жүйесі қажет. Өркениетті елде дағдарысты және онан шығудың жақсылыққа ұмтылудың құралы деп қабылдайды. Дағдарыс та жаһандану салдарының бірі. Дағдарыссыз даму жоқ, дегенмен әл-ауқаты төмен азаматтарды демеп жіберу тек мемлекеттің ғана емес, қалталы азаматтардың қасиетті парызы. Міне, азаматтарды ұлтына, дініне қарамай бірлікке қарай шақыратын, итермелейтін тетіктердің бірі осы. Адам өзінің бойындағы рухын асқақтата, рухани қуатын әлемге паш етуі арқылы өзінің өмірінің мәнін айқындайды. Руханилық дамымаған жерде әртүрлі кикілжің де, қақтығыс та көп болады. Дүниежүзілік қаржылық дағдарыстың түкпірінде рухани азғындаудың белгілері жатыр. Пайдаға деген ашкөздік, қандай жолмен болса да құныққан әрекеттерге бару осы руханисыздықтың анық көрінісі. «Қанағат қарын тойғызады» деген ұстанымның ар жағында терең әлеуметтік-философиялық ой жатыр. Демек, адамдар арасындағы ізгілікті қарым-қатынас орнату әр уақытта әлеуметтік кеңістікті байыпты етеді, халықтарды, мәдениеттерді, өркениеттерді бір-біріне жақындата түседі. Біздер көбіне әлемдік дағдарыстың экономикалық-қаржылық жағына ғана мән береміз. Шын мәнінде бұл тек қаржылық емес, қазіргі әлемнің геосаяси жүйесінің дағдарысы, оның қаржы жүйесі алғашқылардың бірі болып осы дағдарысты сезінді. Дегенмен, уақыты келгенде бүкіл әлемнің конфигурациясын түгелдей эволюциялық жолмен өзгерту керек сияқты. Үшінші мыңжылдықта қарқыны жеделдей түсер жаһандық тұтастану, халықтар мен мемлекеттердің өзара тәуелділігі, шекара талғамайтын қаржы мен ақпарат ағындары өзін сақтап қалмақ болған әрбір ұлтты жаңа қатер- қаупінен қорғануға мәжбүр етіп отыр. Ендігі жерде өзіндік «менін» сақтауға ұмтылған әрбір жұрт, ең алдымен, тарихи санасы мен жадын, біртұтас ұлттық болмысы мен ойлау машығын, өзіндік дүниетанымы мен дінін, ана тілі мен ерекше ділін, бай дәстүрлі төл мәдениетін дамыту, аман алып қалу жолында әрекеттенуі қажет. Рухы мен мәдениеті биік деңгейдегі халық пен мемлекеттің болашағы жарқын. Қаржылық дағдарыс түптеп келгенде рухани-адамгершілік, адамның әлемге қатынасының дағдарысы. Адам капиталын бүгінгідей күрделі жағдайда дамыту дағдарыстан шығудың кілті сияқты, өйткені адам «барлық заттың өлшемі». Бұл бір кіндікті жаһанданудың дағдарысы. Адамдар өте тез өзгеріп жатқан түбірінен жаңа заман жағдайына бейімделіп өмір сүру күн тәртібіне қойылып отыр. Өте жоғары адамгершілігі мен руханилығы қалыптасқан зияткерлік ұлт қана дағдарыстан шыға алады.

352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы