• Бас мақала
  • 28 Шілде, 2019

ЖАУАПТЫ ТАПСЫРМА

Жанар ӘБДІШОВА

1950 жылы дүниеге келген. Тұңғыш әңгімелері 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан. «Арман қанатында» атты жас жазушылардың жинағында жарық көрген. 2014 жылы «Өмір сүргім келеді», 2017 жылы «Өмір сүрсем... кеш емес» атты әңгімелер топтамасы жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдады. Туындылары мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

«Сенде ме? Сенде сұмдық сыр бар, далам... Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой, Қанатымыз қайырылып, топшысынан сынды ғой. Ата қазақ бір бірін арашалай алмай-ақ, Алауыз боп өзді өзі құдай бізді ұрды ғой...» Мұқағали Мақатаев

– Мұқағали туралы көп жазылды, ә!? Тірі болса марқұм біз құсап, 80-нің сеңгіріне шығып отырар еді... – Иә, қазақ ақындарының ішінде ондай егжей-тегжейлі зерттеліп, жазылған әлі ешкім жоқ деп ойлаймын. Қанша шапса да, тұяғы тозбас жыр тұлпары, жыр дүлділі, жыр алыбы екеніне елінің көзі жетті ғой. – Иә, әттең осы әспеттеудің бір пұшпағын өзі көріп кетсе ғой, шіркін!.. – Көрмесе де сезіп кетті емес пе? Тіпті, ана бір халыққа деген өлеңінде: «Туған халқым! Қатемді кешір менің! Сенің арқаң сескенбей, есіргенім, Егер де жырың болмай, ұрың болсам, Алақанға саласың несін мені!?», – деді емес пе? Сұңғыла ақын өз өлеңдерінің пәрменін жазбай танып, осылай көріпкелше ағынан жарылып отыр емес пе? Әйтпесе, биттей кезден бірге өстік, аңқылдаған ақкөңіл, көпшіл, сенгіш, әрі қолындағысын шашып жіберетін жомарт және өркөкіректігі жоқ, ұяң, сыпайы еді ғой... Ұйқастырып, тақпақтап сөйлеуші еді, таңдайынан от шығып тұратын... – Иә, бала кезде бәріміздің тіліміздің «қышымасы» бар еді. Рас айтасың, Мұқағалидың жаман қылығын көрмедік. Сен байқадың ба, оқыған сайын өлеңдерінің таза саф алтындай шұғылалы, теңіздей терең мағыналы екені ашылып, өзіңнің көкірек сарайыңнан жарып шыққандай жаныңа жақын көрініп, «осыны өзім неге жазбадым?» деп таң қалатын кездерім көп болады. – О, Тоба, оны мен де сезгенмін. – Енді ұялас күшіктердей бірге өстік емес пе? Анау «Мұқағали» деген журналы да өзінің пейіліне Құдайдың бір бере салған сыйы сияқты-ау... қалай ойлайсың? Акедемик те, ғалым да, қойшы да, ақын да, келін де, бала да тұшымды жазса жарияланып жатыр... – Ақын туралы естеліктің көп жазылғаны жақсы ғой... Уақыт өткен сайын бәрі көмескіленеді, ұмытылады дегендей... Уақыт бәрін екшейді ғой... ол – хақ! – Әрине... несін айтасың, жақсы ақ жазылып жатыр... Бірақ анау «ішті» деген сөз де қалмай келеді ау... шөгір құсап қадалып... – Иә, сол сөзді оқыған сайын ойланатын болдым... Бұл арағы құрғыр бұрын да бар еді, бірақ бірлі-жарым жараланып, мүгедек болған ағаларымыз, әкелеріміз соғыстан келген соң, көзіміз үйренді емес пе? Сол кезден бастап, дастарханның сәні арақ болмаса, кірмейтін бір ауруға ұшырадық. Кейбіреулерді «Ойбай, бір бөтелке арақты жалғыз өзі ішіп, бір көзі «қисаймай» кетті!» деп, талай мақтап, әспеттедік... Ал, сол арақты кім ішпеді… Мен білетін композитор да, ауызға ілігіп жүрген ақындардың да біразы жатып ішті емес пе? Солар туралы көп оқимын, бірақ «ішті» деген сөзді көрмеймін… – Олар Мұқағали құсап, көрсетіп ішті дейсің бе? – Қош делік! Ал, мен Мұқағалидың арақ ішкендегі дерті басқа болды деп ой түйемін… Анығын айтсақ «Лашын қонақ күтпеген соң, ішті! Үйде бақытсыз болды!» дегендер қателеседі!. Ұл туып, қыз туып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, екі шешесін бағып отырған әйеліне несіне ерегіседі?! Аспан мен жердің байланысын білген адам Лашынның да аз қаражатты жеткізе алмай, қиналып жүргенін білмеді дейсің бе? Жарының тарыққанын көрмейтін кеудесі көр, ұсақ адам емес еді ол... Өлеңді сау кезінде, түн ішінде жазатын, сосын оның «запой» жасап, жатып ішкенін ешқашан көрген жоқпыз. Ел қатарлы ішетін... Ол туралы Лашын да жазып кетті емес пе? – Есіңде ме, тіпті Лашынға: «Ауырлықтың көтердің ау көбін сен, Сенен келіп қуат алдым жеңілсем. Сен жер болдың, нөсер болып төгілсем, Шұғыласың қара бұлт болып көрінсем...», – деп талай өлең арнады ғой. – Рас қой енді, оған өзіміз де талай куә болдық қой... – Есіңде ме, жақсы бір өлең дүниеге келген соң, жер-көкке сыймай, мына кең дүниені құшағына алғысы келіп, аңқылдап, арсалаңдап кетуші еді... Құдды бір ерке бала дерсің... Сол бір кездерде біреу-міреу қитыға сөйлеп, шамына тиген соң, ол қарымын қайтарып, отты тілімен орып түскенде, жауы көбейе ме екен?.. Әйтеуір артынан «жолы болмаған соң, ішкен...», «ол ішкенде сөйткен, бүйткен...» деген сөз қалмай қойды ғой... – Әй, құрдас, мен бір нәрсе білсем, бұл олай емес! Мұқағалидың дерті тереңде ме деп ойлаймын! – Иә, айт! Неде екен? – Өмір сүрген заманында ма деп ойлаймын! Ажырайып қарамай ақ қой! Қазір дәлелдеймін! Мен білетін Мұқағалиға есіктің бәрі ашық болды. Жақсы жұмыстар да істеді, үйі де болды, ұлы да, қызы да болды, кітаптары да шығып жатты, жұқалау боп, жұпынылау болып шыққандарымен солардың сөрелерде шаң басып, өтпей жатқанын көрген жоқпын... лездемде сатылып кететін... Тіпті, Москваға барып, оқып келді. Жазушы қауым оның талантты ақын екенін мойындамаса, қақпайласа, ортасында өстіп алшаңдатып, жүргізбес еді ғой!? Мұқағалидың жан-дүниесінде болып жатқан аласапыранды, трагедияны әдебиеттің тамыршысы, заманымыздың ғұламасы, қазағымыздың әулиесі, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаев баяғыда: «Оны діңкелеткен аяғын аттатпас тоталитаризм мен одан туындайтын күнбағар конформизм», – деп дөп басып айтты емес пе? – Тоталитаризмін түсіндік, анау конфор-мизмі не? – Ол орысша айтсақ – сглаживание, қазақша айтсақ – тігісін жатқызып, жалпақтау, көну, жағымпаздану, күнбағыс болу, құл болу сияқты ғой…– деді қапсағай денелі қарт мұрты салбырап, қасындағы серігіне жасаураған көзімен сүзіле қарап. – Әй, шіркін Әбіш, мың жасағыр… Заманымыздың әулиесі ғой... Ақынның дертін дөп басып айтқан екен ау! «Әдебиеттің тамыршысы» деп жақсы айтыпсың! Сол ғой оның ішін күйдірген… айтайын дегенін айта алмай, көкейіндегіні жаза алмай, жанартаудай атқылаған өлең легін заман ығына жығып, лайықтап жазудың өзі ақын жанын жаралап, тар қапаста тұншықтырғандай, апай-топай қылған ғой… «Сырласу» дейтін өлеңінде: «Мен ішімнен өртеніп алаулаймын, Өз отыма жылынып манаураймын. Шындықтың ауылында қазына бар, Шыр айналып, соны іздеп алаңдай-мын…», – деп жазды емес пе? – Рас айтасың. «Отаным, саған айтам» деген өлеңін алайық: «Мансапқорлардың қасынан, Шықпайтындарға ашынам! Жалданып өскен жасынан, Жағымпаздарға ашынам! Өзіңе ғана бас ұрам Сенесің бе, Отан, осыған! Айырылған адал досынан, Алаяқтарға ашынам!... », – дейді ғой… – Сол «Райымбек, Райымбек!» поэмасын да аяқтамай кеткені сол туындысының жарық көретініне күмәнданып, заманына сенбегендіктен бе екен деп ойлаймын… – Бұл сөзіңнің жаны бар... Оның тұсында Кеңес өкіметі мызғымай, мәңгілікке тұратындай көрінді ғой... Осы шектеуге, зорлыққа шыдамай, кезінде Фадеев, Есенин дегендер осы жүйеге қарсы болып, түк шықпайтынын білген соң, өздеріне қол жұмсады емес пе? – Ол жағын сен жақсы білесің ғой... бекер мұғалім болып істемеген шығарсың... Бірақ Мұқағалидың жайы басқа ғой, ол Кеңес заманында туды, сол заманда өсті... Балалы шағалы, үй орманды болып кеткен соң, қайда барады... ұрпағының да болашағын ойлайды... сол іштен тынды ғой... Әйтпесе, «Райымбек! Райымбек!» поэмасы қандай шебер жазылған, құдды көзіңмен көріп, ұрысқа өзің араласып жүргендей күй кешесің... Тірі болса, асыл қиялынан талай құнды дүние туар еді... әттең... әттең дүние-ай десеңші... ерте кетті ғой... Әсіресе, еліміздің тәуелсіздігін көрмей, арманда кеткенін айтсаңшы... – Соны айтсаңшы... Енді Мұқағали туралы жазғыштар Әбіш Кекілбаев сынды ғұламаны оқып, сол кісінің айтқан дана сөзіне тоқтап, түйін жасаса екен деймін... «Тұрмыс тауқіметінен ішті» деген қауесетті тоқтату керек. Ол – ақынға, артындағы жұртына, тіпті бүкіл қазаққа қиянат болады!? Анау «естелікшілер» Әбішті қайта-қайта оқып, салиқалы дүние жазса екен деп тілеймін. Мұқағали туралы солардың жазатындарын тасқа басатындар да алдағы уақытта осыны қаперлеріне алып, ескерсе екен! Себебі Мұқағали – халқының маңдайы-на басқан аймаңдайы, қазақтың қара өлеңінің өрге салса өкпесі өшпес, тұяғы алтын жыр тұлпары, жазғандары – жыр жақұты... қазақ-тың қазынасы... Ел-жұрт аман болса, оның өлеңдері өлмейді! – Осы Әбіш Кекілбаевты «тамыршы» деп дұрыс айттың... Тіпті мен бұл кісіні тек қана әдебиеттің ғана жанашыры деп емес, бүкіл қазақ халқының рухани дүниесінің, тыныс- тіршілігінің: киносы бар ма, театры бар ма, казит жорналы бар ма – общем, барлығының тамыршысы дер едім... – Дұрыс айтасың, мен де солай ойлаймын! Осындай ел азаматтары аман жүре берсе екен ортамызда, бағымызға қарай... – Айтпақшы, ойымда бір түйткіл жүр еді, соны саған айтайыншы... Осы «Көшпенділер» деген киноның негізін Әбіш Кекілбаев жазса, анандай құры атыс-шабыс, қарадүрсін, ортақол дүние болып шықпас еді, ә?! Қалай ойлайсың? – Е е... дұрыс айтасың, құрдас... Қазаққа атқа мініп, жұлдыздай ағу таң емес қой... Сол киноны көргенде, жүрегің бір селт етпейді ғой... Әйтеуір бір домалақ бастар жәнігіп, иіліп бүгіліп, шабады да жүреді, шабады да жүреді... Конкурс монкурсқа қарамай, Әбіш «өзімнің елімнің тарихы... өзім жазам!» деп тартып алып жазса ғой, жан кіргізер еді-ау, шіркін... – Қайтесің енді... Болары болды, бояуы сіңді... Туған жерде түсіргеніне де «Құдая тәубе!» дейік... Екі қарттың әңгімесіне жан-жағын сұсты жақпар-жақпар тасы бар тау көмкерген таспадай қара жолда ызыңдап, ақырын келе жатқан автобустың көнетоз орындығында тербеліп келе жатқан мен еріксіз құлақ түремін. Ішімнен «көп оқитын адамдар екен, өздері қазына қарттар ғой... Мұқағали ақын туралы айтқандарының жаны бар...» деген ойлармен олар отырған жаққа қарасам, екеуі бір біріне сүйеніп, анау жақпар-жақпар тастар сияқты мызғып кетіпті... Ақынның: «Ата қазақ бір бірін арашалай алмай-ақ Алауыз боп өзді өзі құдай бізді ұрды ғой...», –деген жыр жолдары жадыма оралды. Есіме мына бір әңгіме еріксіз түсті...

*** Гүлназ – Қапар мен Әлпештің тұла бойы тұңғыштары. Қыздарының атағы жер жарған, жоғары оқуды бітіргеніне біраз уақыт болса да, жұмысқа орналаса алмай, үйдегілердің тығырыққа тірелгендей болып жүрген кездері еді... Оқуға түсіргенде марқайып адам қатарына қосылып қалған ата-анасын бір жерге орналастыра салатын, ықпалды таныстары болмағандықтан, құры ақиып, көлдей дипломын құшақтап, үйде отырып қалғалы қызы құрғыр да тұқыртып, «ананың әкесі – андай, мынаның әкесі – мындай» деп, тап бұлар өмір бойы «әләуләкім әуләй!» деп ән салып, күндерін өткізгендей күйдіріп, жиі-жиі қонақ шақыратындарын ысырапшылдыққа балап, жақын жуық, дос-жаранның жақсылығына да, жамандығына да қалыс қалмай ат салысатындарын ашықауыздыққа балап, енді бұлар адам қатарынан шығып қалғандай кінәлап, анда-санда біздей тілін сұғып-сұғып алып, сыңсып жылап, жеп жатыр... Бұндайда әкесі өңі қарауытып, қолының қысқалығын, құзырлы жерде істейтін таныстарының жоқтығын мойындап, әрі оларға осы кезге шейін араласатын жол іздемегеніне өзін кінәлі сезініп, ішінен тынып жүрсе, кеуде тұсы қанша ашып ауырса да, «ойбай, жүрегім!» деп, жата кетуді әдетке айналдырмаған Әлпеш иіні түсіп, не істеген ісі өнбей, бүк түсіп жатып алған қызына жаны ашып, жүрек тұсы сығымдалғандай болып, әйтеуір қалқайып жүріп, күйбеңмен күнін өткізеді... Кейде басына «бала деген де бір бәле екен ғой!» деген ой сарт ете қалып, осы сөзінің орайына көктен келе қалатын зауалдан қорқып, сол сәт Алладан мың мәрте кешірім сұрап, өзін күнәһар сезініп, көңілін үрей жайлап, көзі боталап та кетеді... Бір күні осы қара бұлттың етегі түріліп, жарық түскендей болды... Әлпештің бірге оқыған бір курстасы жұмысқа орналастыра алатын біреумен таныстырмақшы болды. Уәделі жерде кездесті... Әйтеуір бір жұмыс табылғандай болды. Кішкентай жұмыс... «алып кел, шауып келдің» айналасында... – Мейлі, – деді ата-анасы «қылша мойным – талша» дегендей, бастарын иіп, –мұрнын бір сұғып алса, тәлейінен көрер... әйтпесе үйде отырып, құритын болды, – десті. «Бұйрық болса, құдайға қараған, жөні түзу біреу-міреу жолығып, ұзатып та жібереміз бе!» деген «есек дәмелері» де жоқ емес... Сонымен қыз жұмысқа орналасты. Әрине, «жарылқаушыларының» қалағанын Әлпеш пен Қапар шамалары келгенше «Ләббай, тақсыр!» деп, көңілдерінен шығып, тауып келуге, орындауға тырысып отырды. Ақша болмаса да, қолда мал бар дегендей... әйтеуір ренжіте қоймады... Ақыры олар туыс-тай болып, араласып кетті. Таныса келе байқағандары – жаңа таныс-тары ан-а-а-а-у ата-бабасынан бері мүйіздері қарағайдай-қарағайдай, өкіметтің тұтқасын ұстаған көрнекті басшылар екен. Аталары өмірі шыр жұқпаған, нағыз кедейден шыққан, қылышынан қан тамған революционерлер болса, одан кейінгілері де осал болмапты: үлкен қаланың бастығы, банктің бастығы, қарапайым қазаққа үрейлі естілетін үш әріптің саласында қызмет істегендер болып шықты. Сондықтан, қолдары да ұзын, таныстары да көп... Бірақ осы «болып-толған» адамдардан Қапар мен Әлпештің бір іш тартып қалған нәрселері – көбінің балаларының жоқтығы еді. Тек қана қыздарын жұмысқа орналастырған отбасында ғана бір ұл бар. Оның өзі жасы отыздан асса да, үйлеріне барғанда, Қапарға «Ассалаумағаләйкүм!» деп, амандасуға жарамай, көзін алайтып бір қарады да, бөлмесінің есігін тарс жауып алды. «Бізді жақтыртпай қалды ма!?» деп, ыңғайсызданып, ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне көздерінің қиығымен пұшайман болып, бір қарап алды да диванның екі басында шошайып отырып қалды. Соның арасынша, киініп, сыланып әйелі шыққанша, отағасы шайын қайнатып, қуықтай ас бөлмедегі кішкентай столдың үстіне үйдегі бардың бәрін үйіп-төгіп салып, «жайнатып» қойды. Әйелі болса: – Ой, какой ты у меня молодец! – деп, шай құйып отырған күйеуінің төбесіндегі сұйқылтым, бес-алты тал селдіреген шашын, құдды баланы еркелеткендей ұйпалап-ұйпалап жіберіп, жоғарғы жағына келіп, жалп етіп отыра кетті. Әлпеш ыңғайсызданып: – Шайды мен құйып берейін, – деп, қанша жабысса да, үйдің еркегі: – Болды, болды, құйып жүрген шайым ғой, – деп орнынан қозғала қоймады. Ал, Қапардың әкесі болса, бір ауыз сөз үшін «халық жауы» деген атақпен ұсталып кетіп, он жылдан кейін жарымжан қалпында оралып, ел қатарына енді қосылып, кеудесін тіктегенде, қырыққа жаңа келген жарын, шиеттей балаларын қалдырып, өмірден озып жүре берді. Тіпті ақталса да, «жау» деген атақ бір жабысып, бөтен құлақ алда-жалда ести қалса, көбі іштей «әй, бекер емес қой!» деп, шүбәмен қарайтын болған соң, артындағылар бұл туралы айтпауға тырысатын. Бір кішкентай адамның артына бүкіл бір алып мемлекет түскен соң, қайтіп оңсын... сол балаларының озат оқығанына дардай болып, мәз болып жүрген адамдар ғой... міне, енді солар өскен сайын екеуінің тартатын ата-аналық тауқіметі де көбейіп келе жатыр... Баяғыдағы «осылар оқып жетілсе, біз де ешкімнен кем болмаспыз...» деген армандарына жету үшін әлі көп нәрселер істеу керек екеніне көздері енді анық жетті... Көздері жеткен сайын ақшаның жоқтығы, қолдағы малдың аздығы – басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей, діңкелетіп, тұқыртып, қу кедейшілік шаршатып келе жатыр... «Жарылқаушыларының» маңдайына басқан жалғызының амандасуға жарамағанын да, бұлардың бәрінің орысша сөйлейтіндерін де, еркектерінің сирақтарының жүнін сойдитып, дода-дода қылып, бұрқыратып, шолақ дамбалмен (шорты киіп) шапқылап жүре беретіндері де, шалдың аппақ басымен шай құйып отырғаны да басында ерсі көрінгендерімен, артынан түкірігі жерге түспей, қолынан бәрі келіп отырған «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» адамдарға не істесе де жарасатындай сияқты көрініп кетті. Әлпешке әсіресе осы кісілердің ата-бабаның ырым-сырым, салт-дәстүрлерінен мүлдем алыстап... «алыстап» деген де тым жұмсақ айтылған болады-ау... мүлдем хабарсыз болып, мақұрым қалғандары, әрі керек болып бара жатса, белден басып, нобайын жасай беретіні таң қалдырған еді... Арада көп уақыт өтпей, шешелерінің орнындағы бір үлкен әкпелері қайтыс болды. Ол да кезінде өкіметтің тұтқасын ұстағандардың бірі екен. Қу жұмыспен жүріп, үйлі-баранды болуға қолы тимепті... Сонымен артында қалған тұқым-тұғияны жиналып, соңғы сапарға аттандырып жатты. Үйінде бір күн жатып қалған өлікке қарап, Әлпеш шалдан: – Мейрамсуын бердіңіздер ме? – деп сұрағаны сол еді, жан-жақтан: – Чо это такое? – деген сұрақтар қарша жауды. Түсіндірген күннің өзінде бұл жоралғыны жөнімен істей алатын адам жоқ екенін сезген Әлпеш «жуындыру» дей салды. Сүйекке түсетін адам табылмай, (бәрінің жүректері нашар, әрі өліктен қорқатын болып шығып), ақыры мәйітханаға апарып, жуындырып, киіндіріп алып келді. Жалдап, алып келген молда айтысып жатып, өлік иелерінің «таза болады, онда тұрған не бар, ағаш табытқа саламыз!» деген райларынан әрең қайтарып, киімін шештіріп, кебінге оратты, жаназасын шығарып, ақырғы сапарға аттанған мұсылман баласына көрсетілетін сый-құрметтің бәрін атқарғандай болып, ақыры жөнелтті. Әлпешті таң қалдырған тағы бір жағдай ыстық, суық суы сарқырап ағып тұрған осы үйде әйелдердің ыдыс жуудан, тағы басқа ұсақ-түйек шаруалардан қашатыны еді... Сондықтан, осындай жұмыстарды ойнап отырып істей салатын Әлпеш бұл үйде қиын сәттен жұлып алып шығатын, ерен күш, болмаса ертегідегі сиқыршыдай әсер ететін болды. Оның қағаздай, жұп-жұқа қылып жайған наны, бабымен пісірген еті, көмпиген тәтті бауырсағы жандарына майдай жақты. Не айтса да еліктің лағындай елегізіп, жүгіре кететін, көңілдегідей іс тындыратын қағілез қыздары да ұнады. Кейде олардың осындай жұмыстарына қолғабысын тигізе жүргенде Әлпеш ішінен «қазақ қазақшылығынан ажырайын дегенде, қатын қазан-ошақ басындағы жұмыстарынан алыстайды екен-ау!» деп ернін бір сылп еткізіп қоятын... *** Сонымен бір күні бұлар бүкіл отбасымен келіп, Қапар мен Әлпешке қолқа салды. Қолқалары – жасы сексеннен асқан, зейнетке шыққанға шейін «үш әріптің» төңірегінде лауазымды қызмет атқарған, бірақ мінезі өте қиын, тіпті жалғыз ұлын да қуып жіберген бір әкпелері бар екен, соған ертелі-кеш қарайтын, бас-көз болатын бір адам керек... Соған анау жұмысқа орналасқан қызды сұрай келіпті, «сол үйде тұрса...» деп. Қапар мен Әлпеш ақылдаса келіп, «Қыз тұрсын!» деп шешім қабылдады... *** Сонымен Гүлназдың жаңа өмірі басталды. Алматының тау жағына орналасқан, балконы үлкен, төрт бөлмелі, жиһазды, жап-жарық, жайлы үйде қушық жақты, шүңірек көзді, шүйкедей ғана шып-ширақ жалғыз әйел тұратынына таң қалып, қарап қалды. Үйдің іші тап-тұйнақтай, көлденең жатқан бір шырпы жоқ, тап-таза. Кемпір есіктен имене кірген қыздың бас-аяғын шүңірек көздерімен шола бір қарады да сәлеміне ернін жыбырлата жауап беріп, әмірлі, қасаң дауыспен: – Өт! – деді. Аяқ киімін шешіп, босағада тұрып қалған қызға төрде тұрған былғары диванды нұсқап: «Отыр!» – деді. ...Түрмеге түскендей күй кешкен Гүлназ да бұл өміріне үйрене бастады... Уақыт өте келе кемпір де айтқанын қалт еткізбей тыңдайтын, ұя бұзбайтын, жуас жан иесін жазбай танып, оны да осы үйдің, өз тіршілігінің бір қажет нәрсесіндей қабылдап, ойындағысын орындатып, көмейіне келген сөзін ірікпей айтып, өзіне қажет қам-қарекетін істеп, тіршілігін жасай беретін... Әсіресе бастапқы кезде жылдың қай мезгілі болса да қарамай, таңғы сағат төрт-бестерде тілерсегіне жететін ақшулан шашын жайып жіберіп, үлбіреген ақ көйлегі желбіреп, үлкен балконға қарайтын абажадай терезелерді айқара ашып жіберіп, жоқ, сібірлеп атып келе жатқан таңды қарсы алғаны ма, жоқ әлде, таудан аңқылдай соққан желге кеудесін тосқаны ма, әйтеуір екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, қанатын жайған құстай теңселіп тұрған кемпірді көргенде, әрі суық ауа бетке ұрып кеп жібергенде, тітіркеніп, көзін ашып алатын Гүлназ «мына кісінің есі дұрыс па өзі?» дегендей басына жаман ой келіп, не тұрарын білмей, не жата берерін білмей, басы дал болып, қарап қалатын. Бұның оянғанын сезе қоятын кемпір жақтыртпай бір қарап алып: «Бұл – медитация... Желкемді уқалап жіберші, бұл бастың тамырларына қан барғанына жақсы. Тез шешім қабылдап, оперативный болуға көп көмегі тиеді!» – дейтін. Сосын, аяқ астынан көзі алақ-жұлақ ете қалып, терезені сарт-сұрт еткізіп жабады да күн өткізбейтін қалың терезе пердені жауып жіберіп, үн-түнсіз тың-тыңдағандай айналаға құлақ түріп, бүкіл денесі бір уыс болып бүрісіп, түйілген жұдырықтарын ерніне басып, тұрып қалатын. Бұндайда Гүлназ демін ішінен алып, басын ақырын көтеріп, кемпірге еңкейіңкіреп, сыбырға жақын үнмен: – Апа-а-й, не болды? – дейтін. ...Ол қурап қалған бұтақтай, жіп-жіңішке сұқ саусағын жымырылған ерніне басып, «Тш-ш-ш!» дегендей болады. Сосын: – Мені біреу аңдып жүр... Қарсы алдымыздағы балконның арғы жағындағы терезе перденің қозғалып-қозғалып кеткенінен байқап қалдым. Не мені өлтіруге тапсырма алған біреу, болмаса... шпион шығар, кім біледі!? – дейтін, – айтпақшы, – деді ол дауысын кенеп, – «апай» деп аңырағаныңды қой, мені ел өмір бойы Зейнеш Ахметовна деп величает, есіңде болсын, – деді ол тыржиып. Гүлназ: – Жарайды, апай, ой, кешіріңіз, Зейнеш Ахметовна... сіз зейнеткер емессіз бе? Сізде несі бар? – деді. – Мемлекеттік деңгейдегі құпияларды білемін. Мен әлі де актуальный кадр ретінде есепте тұрамын, – деді кемпір еті қашып, дөңгеленген иегін көтеріп. ... Гүлназ басында бұл сөздерге мән беріп, қатты уайымдап, қорқып жүрді... Бірақ уақыт өте келе бұның бәрі бос сөз екеніне, бұл адамның ешкімге керек емес екеніне көзі анық жеткендей болған. Гүлназ ертеңді-кеш шайды осы үйден ішетін болған соң, нан, сыр, май, қант, конфетті жұмыстан қайтқанда өзімен бірге ала келгенімен, ет алмайтын, себебі мал ұстайтын әке-шешесі тек қана өздері баққан малдың етін жеп, оның өзін де бордақылап, семіртіп соятын. Бір күні үйдегілер қой сойып, «апаң екеуің жеңдер!» деп, бір санын салып берген. Екі күннен кейін қыздары әлгі санды сол бұзылмаған күйі, аппақ қылып, қайтып әкеліп тұр... Әке-шешесі шошып: – Ү-й-и, бұларың не? – десе... – «Бұл қой қай жерде сойылды, қалай сойылды, ветврач тексерді ме, ауруы жоқ мал ма?» деп, сұрақты қарша боратып, апайдың жегісі келмеді. Сосын қайтып алып келдім. Мен аш емеспін, түсте асханадан тамақ ішемін, тек кешке ғана ол үйден шай ішкенім болмаса... – деді күмілжіп... Мінезі ауыр Әлпеш ештеме дей қоймады... Кемпірдің далаға шыққанының өзі бір хикая... Басына шляпасын баса киіп, көзіне қара көзілдірік тағып, қолына биялайын киіп, сипақтап жүріп, үйден әрең шығады. Гүлназға: «Артымыздан ешкім аңдып келе жатқан жоқ па, қарай жүр!» – деп, жалтаңдатып қояды. Екеуі де осы белгісіз үрейден қорқып-пысып жүріп, үйге титықтап, иттей шаршап, құр сүлдерлері әрең жетеді... Кейде екеуі шай ішіп отырғанда кемпір үзіп-жұлып, әңгімесін айтады. – Партияның талабы қатал болды. Бізге құдды солдаттардай қарады. Денеміз сымдай тартылып, формамызда тұру керек дегендей... Мынау медитация, бейсенбі күні балық жеу, уылдырық жеу, жаттығулар жасау – сол кезден қалған әдет. Біздерге тіпті, азық-түлік тапшы болып, былайғы жұрт ашаршылықтан қырылып жатқанда да осындай тамақтар беріліп тұратын... Бізді көзден таса қылмайтыны соншалық, тіпті тұрмысқа шығып, үйлі баранды болуға да мұршам болмай, осылай жалғыз өтіп барамын. Естіген шығарсың, Валядан... («жарылқаушысының» әйелі) менің бір ұлым бар. Оны да қызмет бабында таптым. Иса Исаевич (бастығым) бір күні мені шақырып алып: – Саған партияның атынан өте құпия, жауапты операцияны тапсырамын. Арамызда бір «крепкий орешек» (мықты) пайда болды. Қалай тексерсек те сырын ашар емес... Ұстатпайды! Өз дегенінен қайтпайды, қайсар, білімді, ержүрек, бірбеткей, шешен, еще сволочь, извини, пожалуйста, за выражение, очень хитер... как лиса, ешкімнен қаймықпайды. Партияның тапсырмасы деп, бірден көне кетпейді, «қазақ халқына қолайлы ма?» деп, талдағанды ұнатады. Ана тілім деп, қазақ тілінде сөйлегенді жақсы көреді. Оған салса, ана-а-ау жақтан Омбы қаласы, шығыстағы Тарбағатай тауының арғы беті, тіпті батыстағы – Тюмень, Иркутск, ортада – Саратов... мына жақтан Ташкент – бәрі қазақ халқына тиесілі екен. Бәрінде ата-бабасының іздері сайрап, бейіттері жатыр екен... Ты понимаешь, чем это пахнет!? Великой Туркестанской лигой пахнет!!! Біз оларды полностью ликвидировать еттік деп жүрміз ғой... А нет... оказываются... Вот, где собака зарыта... Сол адамның саяси бет-бейнесін ашу, ұлтшылдығын әшкерелеу, қазақтық шовинизімін нақты фактімен ұстап, бұлтартпай бұғаулау саған жүктеледі. Онымен сөйлесуге сенің білімің де, басын айналдырып, жүрегін жаулауға сұлулығың да жетеді. Әйел ретінде еш мінің жоқ! – деді. Сол тапсырманы ала салысымен, тілерсегіме түсетін қос бұрымымды бұлаңдатып, арқама жіберіп, белі қынамалы, гүлді крепдешин көйлек пен биік өкшелі туфлиімді киіп, Абзал Арыновичпен жиі-жиі кездесіп қала беретін болдым. Ол кезде мына кірпік – найзадай, мына бет – аршыған жұмыртқадай... оқыған жігіттердің бәрі дерлік оқтай түзу балтырға қарап, тілін емізіп, қызылды-жасылды киінген, бұлаңдаған татар қыздарын алып жатқан кезі... Мен де олардан бір мысқал кем емеспін... Ақыры біздің салада істейтін оның назарына іліккендей болдым. Таныса келе байқағаным – бастығымның айтқан сөздері жай әшейін, бер жағы болып қалды... Бұл адам өте сауатты, орысша, қазақша шешен сөйлейтін, домбыра тартып, биік, әуезді дауысымен ән салғанда, кейбір әншілер сандалып, айдалада қалатын өте тартымды, өнерпаз жан болып шықты... Қалың, толқынды қап-қара шашы артына қайырыла түсіп, кең маңлайы жарқырап, отты көздері жарқ ете түсіп, ірі, аппақ тістері ақсия, риясыз көңілмен күлгенде, мына жаһанда одан жақын адам жоқтай әсер етіп, адамды өзіне еріксіз баурап алатын... «Аңдыған жау алмай қоймайды...» демекші, ақыры ол мені жақсы көріп қалды. «Жақсы көрді» деу – жай сөз, ол маған ес-түссіз ғашық болып қалды. Бастығым: – Қалай? Беті ашылайын деді ме? – деген сұрақты жиі қояды. Мен: – Әлі тап басып ұстай алмай жүрмін, – деп жауап беремін. *** Сеніміне кіру үшін, бәрі шынайы болу үшін төсек қатынасына баруыма да тура келді. Себебі, Иса Исаевичтен сондай нұсқау алған едім... Әшейінде тым жақындаңқырап кетсе, «тексеріп» жүргенім санамды осқылап, шоршып кететін мен кейінгі кезде қолын иығымнан сілкіп тастамай, сабырлылық сақтап, оның кең құшағына бұратылып, кіре түсемін. Ес-түссіз ғашық адамдай көзімді жұмып, ернімді тосамын... Жақындағандағы денесінің әлсіз дірілі, алақанының ыстығы, бетімді, тамағымды шарпыған оттай ыстық демі көңілімді алаңдататын секілді. Уақыт өте келе мен де осы сәттерді ессіз аңсайтын болдым... оны көргім келе береді... Содан не, толықсып тұрған жас кезім... аяғым ауыр болып қалды. Ілік іздеп жүргенімде, іштегі бала өсе берді... «Үйленейік, некемізді қияйық, балаға обал!» десе, «Қоя тұр!» деп, көнбеймін... Ақыры бір күні ол раскололся, қазақша айтқанда «ағынан жарылды». – Сен мені кешір, – деді көзі жасаурап, жалпақ, ып-ыстық алақандарымен иығымнан аялай құшақтап, – не болып барамыз? Аз қазақ тап-тапқа бөлініп, бір-бірімізді өлтірдік, тонадық, тігерге тұяқ қалдырмай кәмпескелеп, аштан қырдық, туған жерден қудық, бір-бірімізді саттық: айналып келгенде, ата-бабамыздан қалған мына ұланғайыр жерімізді басқыншыларға, жауға босатып беріп жатырмыз... Алаш азаматтары құрған Алаш автономиясының идеясы дұрыс еді. Олар осы жүйенің түпкі ойын баяғыда жазбай таныған екен. Сондықтан, осы байтақ жеріміздің шекарасын белгілеп, бекітіп, жер асты байлығына дейін есептеп, «бәрі қазаққа тиесілі» болуы үшін, «өзімізге өзіміз бекем болайық» деген идеямен «жеке мемлекет боламыз» дегені көрегендік екен. Алашордашылардың тізіміне қарасам, мына біздің қарадан шыққан бастықсымақтарымыз олардың қолына су құюға жарамайтын сауатсыздар екен. Тек Ленин ғана олармен иық теңестіре алады... Ал, ана кісілердің ішінде тіпті семинария бітіргендер жоқтың қасы... Көбі бес алты тілде еркін оқып, еркін жазатын, сауатты адамдар екен. Біреуі – дәрігер, біреуі – инженер, біреуі – экономист, біреуі – заң қызметкері, қысқасын айтқанда, әрқайсысы әр түрлі мамандық иелері... Сондай асыл азаматтарымыздың да «біз сияқтылар» түбіне жетіпті... – деді дауысы жарықшақтанып. Біраз төмен қарап, үнсіз отырды да, біраздан соң басын көтеріп, – әуелі мен саған сенбей, шүбәмен қараған едім, қарашы біздің не боп бара жатқанымызды... кешір мені... анау жүрегіңнің астында жатқан ұлымыз үшін кешір...– деді қолымнан сүйіп. Маған берілген тапсырманың дәл төбесінен түскен соң, нарттай жанған жүзімді жасырып, төмен қарап, тұғжиыңқырап кетсем керек, ол еңкейіп бетіме қарады. Үлкен қой көздері жасаурап тұр екен... Денем дір ете түсті... Ол сөзін ары қарата жалғастырды... – Лениннің идеялары жарқын еді, артында қалған қорқаулар қаныпезерлікке бейімдеп жіберді... Оның «орыстың шовинизмі қауіпті!» деп, қақсағаны бекер емес екен... Алып монстр күш алып алды... енді шамамыз келе ме, білмеймін... Ең құрымаса, қазақ тілін, жерді сақтап қалуымыз керек, сонда қазақ халқы да құрымайды... «Совет өкіметін жаулардан қорғаймыз!» деп осы жауапты жұмысқа өз еркімізбен кіріп едік... енді қарашы, біз кім болып барамыз?! Еліміздің азат ойлы, бетке ұстар азаматтарын ұстап беретін осы системаның қақпанына, тұзағына, жан алғыштарына, иісшіл иттеріне айналып бара жатқан жоқпыз ба? – деді иығымнан сілкілеп... Мен үндеген жоқпын, бірақ ішімнен «өкініп жүр... осы системада қызмет істеп жүргеніне...» деген ой санамды үлкен прожектордың жарығындай осып-осып кетті. Алай-дүлей болған көңілімді әрең басып, біраздан соң: – Үйге қайтамын, шаршадым, – дедім. Ол мені үйге дейін шығарып салды. – Көріскенше күн жақсы болсын, демала ғой, қалқам! Мен сендерді ертеңге шейін-ақ болса да қатты сағынамын, көруге асығамын! – деп, көзімнен, маңдайымнан сүйіп қоштасты... Қимай-қимай, артына қарайлай-қарайлай әрең кетті... *** Үйге келген соң, тамақ ішуге зауқым болмай, жатып қалдым, бірақ таң атқанша көзім ілінбеді. Анау... «иісшіл иттеріне айналдық» деген сөзді айтқанда... оның дауысындағы кісі өлтірген қанішердің қылмысын мойындағандай... өмірден үміті азайған, түңілген, алданған жанның мақамы құлағымнан, ал, жасаураған жанары көз алдымнан кетпей қойды... «Жау бұл! Жау!» деп неше рет жатқан жерімнен атып тұрып, шошайып отырып-отырып қайта жатамын, томпайған ішімді қайта-қайта басамын, ол да «орталарыңда мен бармын, соны ұмытпа!» дегендей тепкілеп, маза бермейді... Оның тап-таза демі, ыстық алақандары, мейірімді қой көзі бір сәт есімнен шықпайды... жүрегімді тыңдасам... оны ұстап бермек тұрмақ, сынық тырнағын да бөтенге қимаймын... Аузымды басып, өкіріп жылаймын. Дауыс шығаруға болмайды, себебі артымда аңдушы бар екеніне еш шүбәм жоқ... көз алдыма оның жасаураған қой көзі, кең маңдайы, көз алдымнан кетпейді… тап таза демін сезгендей боламын… жалпақ, ыстық алақандары иығымнан қаусыра құшақтағандай болады…Маған жақындағандағы денесінің әлсіз дірілін, алақанының ыстығын сезіп тұрғандаймын… байыз таба алмай алаңдап, осы құшақты ес түссіз аңсайтын сияқтымын…Бірақ… бетіме мұздай су шашырап кеткендей, тітіркеніп, есімді жиып аламын. «Біз осы кім болып барамыз? ...иісшіл иттеріне айналып бара жатқан жоқпыз ба?» деген сөзі күмбірлеп құлағыма келгендей болады... «Доложить етсем, менің де сол айтқандай болғаным ғой... Бірақ партия ше? Тапсырма ше?! Болмайды… Партия маған сеніп, осы жұмысты тапсырып отыр... жаулар көбейсе, не болады… Коммунистік қырағылығым қайда менің? Сезімге беріліп, провакациялық сөзге еріп отырмын!» деген ойлармен өзіммен өзім арпалысып, көз ілмей, таңды атырдым. Сәл босаңсысам, оның ыстық демін құлағымның түбінен сезгендей боламын, аппақ биік маңдайы, сүмбідей болған сымбатты бой сойы, күлгенде аппақ болып, ақсиып көзге түсетін қаладай тістері көз алдымнан кетпейді…Қи-май-мы-ын! Не істермін енді!?... Жастыққа бетімді басып, ары жыладым, бері жыладым… Бастығым Иса Исаевичтің өңменнен өтетіндей өткір, тұздай көзі қадалып, біздей мұрнын көтеріп: «Ну что? Какие результаты?» деген сөзі құлағыма келгендей болды… «Жоқ! Жоқ! Ол – жау! Оны айтуым керек! Ол – менің партияның алдындағы коммунистік міндетім!» деген ойға берік бекініп, таң сыз беріп, үйдің іші бозамықтанғанда, жанымды қинаған, сан-сапалақ ойлардан басым қаңғырып, «сергиінші» деген оймен тастай сумен беті қолымды, кеудемді, мойнымды ұзақ жудым. Таң ертеңгі асым – бір екі кесек піскен балықты, сүрленген колбасаны жей алмай, бір екі шыны қара шайды кеңірдектен әрең өткіздім… «Ол туралы айтамын!» деген шешімге келдім. Бардым. Жаздым. Ертесінде «оны ұстап кетіпті!» деген хабар жетті. Менің жазған түсініктемемді тергеуші оқып бергенде, «Оны бір көрейінші! Беттестіріңіз!» деп сонша өтініпті. «Очная ставка... да!? Оның қажеті жоқ! Осы жазғаны рас па? Соны айт!» деп, менің жазған қағазымды бетіне тақап, қара құстай төніп, жанын алатындай адырайған тергеушіге қарап отырып-отырып, ауыр күрсініп, басын изепті, қайтып мен туралы жақ ашпапты... Айналасы бір жетінің ішінде ол кінәсін толық мойындап, «халық жауы» ретінде атылды... Бірақ менің азабым одан кейін аз болған жоқ. Көзімді жұмсам, жасаураған қой көзі мен аппақ, кең маңдайы көз алдыма елестейді... жастыққа басымды қойсам, ыстық, жалпақ алақанын иығымнан сезгендей боламын... Шашымды өріп, тоқпақтай бұрымымды арқама лақтырсам, оның денесінің дірілін сезгендей боламын. Кетіп бара жатсам, артымда ол қарап тұрған сияқты болады... Көп уақыт оның елесінен құтыла алмадым, шөптей болып жүдедім... Қойшы, әйтеуір, әрең дегенде адам қатарына қосылдым. Жауапты тапсырманы ойдағыдай атқарғаным үшін лауазымым көтеріліп, шенім өсті. Жұмыс бабымен жүріп, бәрін ұмытқандай болғанмын. Баланы туа салысымен, шешеме беріп жібергенмін. Кейін ол кісі қайтыс болған соң, қолыма келді. Жұмыс бабымен жүріп, оған қарауға шамам келмеген соң, интернатқа өткізгенмін. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» деген кітабын оқып өскен соң, атын Құрыш деп қойғанмын. Кейін оны көбінің тілі келмей, Кир деп атап кетті. Менің сорыма, ол әкесінің аузынан түсіп қалғандай болып туды. Оған қарасам, болды, бәрі есіме түседі... Өзімнің ішімнен шыққан балам өзіме тура қараса болды... Кир емес, алдымда Абзал тұрғандай өзімді жайсыз сезініп, құтым қашатын. Сондықтан, командировкаға өзім сұранып, жиі кететін болдым. Балам жақсы оқыды, шешем о дүниелік болғалы Кир қаршадайынан өз күнін өзі көрді десем, артық айтпаған болар едім. Соңғы курста оқып жүргенде өзімен бірге оқитын Эмма деген неміс қызына үйленді. Екеуі Алманияға кетуге рұқсат сұрағанда қарсы болмадым. Қазір олар сонда тұрып жатыр, екі баласы бар. Анда-санда Рождество мейрамдарында открытка салып тұрады... Сол, қызмет бабында жүріп осы үйді алдым, жоғары зейнетақы тағайындады, партияның жұмысымен жүріп, тұрмысқа шығуға да, бала тууға да уақыт болмады әрі шенім жоғары болған соң, жақсы көріп тұрса да, көп еркек кіндіктінің өз көңілін білдіріп, сөз салуға батылы жетпеді... *** Бұл кемпірдің жіп суыртпақтағандай қылып, әрең айтатын әңгімелерінің бірі еді. Соның арасынша алмағайып заман басталып кеткендей болды. Жетпіс жылдан бері «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып, өмірі мызғымай мәңгі жасай беретіндей көрінген Кеңес одағы құлады. «Балық басынан шіриді» демекші... астаналардың астанасы болған Москвада «ағаларымыз – ұлы орыс халқы» «тамыз төңкерісін» жасап, Янаев деген өзін президент сайлады... Бірақ оның да ғұмыры ұзақ болмады. Сөйтіп – алынбас қамал сияқты болып, иық тіресіп, қол ұстасып тұрған он бес мемлекет барлық жағынан әбден тұралап, күйзеліске ұшырап, бақа шаяндай бет-бетіне тарап тарап кетісті. Бұл – 1991 жыл еді. Саясатшылар бір ауыздан Кеңес одағының құлауына бірден бір себеп 1986 жылы Алматыдағы қазақ жастарының бас-тарын қатерге тігіп, тоталитарлық жүйенің жүргізген зорлықшыл саясатына қарсы болып, алаңға шыққандағы болған Желтоқсан көтерілісі деп бағалады. Бұл хабарды «көк жәшіктен» беріп жатқанда, кемпір балкон жақтағы терезені тұмшалап жауып, қалың перденің ортасындағы аз ғана ашық қалған саңылаудан себезгілеп, үйді алакөлеңке қылып тұрған жарықпен қара уылдырық пен тауықтың етін талдап жеп, алдындағы асын сылпылдатып ішіп отырған. Теледидардағы хабар жүргізушінің сөзін естігенде, аузындағы асқа қақалып қалды. Жұмысқа асығып, үйден шығып бара жатқан Гүлназ жайсыз дыбысты естіп, кемпірдің қасына жүгіріп келді. Кенет кемпірдің сол жақ денесі тартылып кеткендей болды. Гүлназ шұғыл түрде «Жедел жәрдемді» шақырып, туыстарымен хабарласып, әкпелерінің хал-жағдайын түсіндірді... *** Зейнеш Ахметовна сол түні қайтыс болды.

608 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы