• Бас мақала
  • 28 Шілде, 2019

Ұмытыла бастаған ұлттық өлшемдер

Қазақтың өлшем бірліктері. Дәлдігі. Бірліктердің негізгі мағынасы мен мәні туралы. Жапон халқы күріш егеді. Жері аз болса да, күріш егіп шығыны көп кәсіп болса да айрылатын емес. Күрішті сырттан сатып ала салған жапондар үшін төрт-бес есе тиімді. Бірақ олар өйтпейді. Неге? Мәселе осында. Жапон халқының сөздік қорындағы 30 пайызға жуық сөзі осы күрішпен байланысты. Кәсіп тоқтап қалса ол сөздер де пайдаланылмай қалады. Пайдаланылмаған, айтылмаған, естілмеген сөз ұмыт болары анық. Сол отыз пайыз сөзі үшін бес есе шығынға батып отыр ол халық. Тура солай біздің тілдегі сөздердің де 20-40 пайызы жылқымен, киіз үймен байланысты. Күнделікті тіршілікте қолданылмайтынынан сол пайыздардағы сөздер ұмыт болып барады. «Тілдің ертеңі үшін» деп басталатын сарындағы пәлсапа айтудан аулақпын. Арғысын өзіңіз білерсіз. Сіздің назарыңызға зиялы қауымның арасында белгілі тарих зерттеушісі, академик, жазушы Зейнолла Сәніктің қазақы өлшемдер туралы жазбасын ұсынамын. Бір кәдеңізге жарап қалар. Әйтеуір бір өлшемді бірде болмаса, бірде пайдаланып қаларсыз...

Осы заман өлшемдері шығудан бұрын қазақ халқы өзі халықтық өлшем жүйесі бойынша жұмыс жүргізіп келгені баршаға белгілі. Бұл өлшемдерді, бәлкім, қазіргі өлшемдердің түп атасы, арғы тегі деуге де болады. Айталық, қазақта «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Қарыстан сүйем жуық», «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген сияқты мақал-мәтелдер бар. Сол сияқты «Қабанбай батыр» жырында: Амалмен құрған қақпанды, Ақылды пенде баспайды. Тәңірім жазған жазудан Өлшеулі ғұмыр аспайды», – деген өлең жолдары кездеседі. Міне, бұлар біздің халқымыздың өлшем жөніндегі ұғымдары мен өлшем жүйесінің өте ертеден қалыптасқандығын байқатады. Олай болса, қазақтың өлшем жүйелері қалай аталады? Қазақтың өлшем жүйелерін «ұзындық өлшемі», «шамалық өлшем», «ауырлық өлшемі», «көлемдік өлшем», «уақыт өлшемі» деген сияқты түрлерге бөлуге болады.

Ұзындық өлшемі

Қазақ ұзындық өлшемдерін – бір елі, бір сүйем, сынық сүйем, бір қарыс (кере қарыс), бір қадам, бір құлаш, әудем жер, айғай жетер жер, көз көрім жер, бір шақырым жер, қозыкөш жер, көш жер, тай шаптырым, құнан шаптырым, атшаптырым жер т.б. деп атайды. Бұдан сырт биіктік өлшемдерін «кісі бойы», «арқан бойы», «құрық бойы» деп атайтыны да бар. Бұл ұзындық өлшемдердің ең қысқасы – елі. Саусақтың көлденеңін «елі» деп атайды. Сонда бір елі дегені – 1.5 см, екі елі дегені – 4-5 см, төрт елі дегені – 8-9 см, бес елі дегені 10-11 см-ға тура келетін көрінеді. Әдетте, жылқы сойғанда жылқының семіз-арығы казысының канша елі шыққандығымен өлшенеді. Айталық, жылқының арықтауын «бұлт казы», «пышақ сырты болды» деседі. Мұнысы жарты cм немесе онан да жұқа дегенді білдіреді. Ал, тәуір қазыны «екі елі», ең семізін «төрт елі» немесе «табан қазы» деп атайды. Сондағы екі елі дегені – 5 см, табан қазы дегені – 10 см-дің айналасы болып қалуы керек. Сол тәрізді сынық сүйем – 14-15 см, бір сүйем – 18-19 см, бір қарыс 20-21 см-ге тура келеді. Міне, осы «елі», «сүйем», «қарыс» деп аталатын өлшемдер қазақ өмірінде өте үлкен роль атқарған. Айталық, киім пішу, киім тігу, сырмақ жасау, тұскиіз кестелеу, үй ағаш жасау, киіз басу және қолөнер бұйымдарын жасаудың бәрі де осы өлшемдер бойынша орындалып отырған. Ол көбінде сол өңірдегі белгілі бір өнер иесінің қарыс-сүйемдерімен өлшеніп отырғандықтан, тегіс, бірыңғай, олпы-солпысы аз, бір зауыттан, бір қалыптан шыққандай көрікті әрі әдемі болып жасалған. Қазақта құлаш пен қадамның рөлі де өте зор болған. Әдетте, құлаш – 1,5 метр, қадам бір метр шамасына тура келеді. Арқан-жіп есуде және басқа кейбір ұзындық өлшеу жұмысында көбірек құлаш өлшемі қолданылған. Мысалы, тең жіп көбінде екі құлаш төңірегінде дайындалады. Мұнысы үш метрге тура келеді. Ал, арқан 5-6 құлаш төңірегінде есіледі. Мұнысы 9-10 метр шамасына тура келеді. Жер өлшеуде көбірек табан және қадам өлшемі қолданылған. Бір табанның ұзындығы - әдетте, 30-40 см, ал, бір кадамның ұзындығы 1,30-1,50 метрге тура келетін көрінеді. Қадам өлшемі ханзудың ежелгі халықтық өлшемінде де қолданылған екен. Мысалы, Санши өлкесінен шығатын «Санши метрологиясы және өлшемі» журналының 1993 жылғы №1 санында мынадай деректер келтірілген. «Чйн хандығы дәуірінде бір қадам – 6 чы, бір чы 0,231 метр деп есептеліп, бір қадам 1,39 метрге тура келеді» делінген. Осы есеп бойынша Таң дәуірінде бір қадам – 1,5 метр, Сұң дәуірінде – 1,536 метр, Манчиң дәуірінде – 1,6 метр, Минго дәуірінде – 1,665 метр деп есептелген. Қазақтағы қашықтық өлшемнің біріне «атшаптырым» өлшемі кіреді. Әдетте, атшаптырым жер 40-50 шақырымдық қашықтықты көрсетеді. Тай шаптырым, құнан шаптырым, 10-20 шақырымға тура келеді. Ал, атшаптырымның ең қашығы – аламан бәйге. Ұзаққа жіберілетін мұндай бәйгелер көбінде 70-100 шақырым қашықтықтан жіберілетіндігі мәлім. Мұнанда алыс жолды қазақ «атқа бір күндік жол», «10 күндік жол» «3 айлық жол...» деп айтады. «Айшылық алыс жолдарды алты-ақ күнде басады» дейтін халық жырлары да содан қалған. Мысалы, Манчиң деректеріне қарағанда, кезінде Абылайлы сауда тоғанақтары Үрімжіге – 3 айда, ал Қабанбайдың сан тоғанақтары бір айда келеді екен. Осыған қарап Көкшетау мен Үрімжі арасын – 3000 шақырым, Алакөл мен Үрімжі арасын – 1000 шақырым деп шамалауға болады.

Шамалық өлшем

Шамалық өлшем – бір шымшым, бір атым, бір шөкім, бір түйір, бір шыны, бір қасық, бір шөміш, бір табақ, бір астау, бір шелек, бір қазан, бір тұлып, бір асым, бір күрек, бір таба, бір шара, бір жұтым, бір ұрттам, бір тістем, бір кесек, бір жапырақ, бір тамшы, бір дағар, бір мөшек, бір үйір, бір топ, бір қора, бір үзім, бір буда, бір ошар, бір көжелік, бір шайлық, бір уыс, бір жайым, т.б. сөздерімен аталады. Халқымыз ғасырлар бойы осы өлшемдерді қолдана отырып, өздерінің күнделікті жұмыстарын орындап, сауда-саттық істерін жүргізіп келген. Бұлардың ішінде «бір түйір», «бір шымшым», «бір тамшы», «бір атым», «бір ұрттам» деген сияқтылар осы шамалық өлшемнің ең аз шамасын көрсетеді. Бәлкім, қазіргі өлшеммен есептегенде миллиграмдық, грамдық өлшемдерге тура келуі мүмкін. Айталық, тарының түйiрi, бидайдің бір түйірі, бір тамшы су, міне, осылар миллиграмдық өлшемге тура келуі ықтимал. Ал, «бір асым», «бір дағар» деген сияқты шамалық өлшемдер едәуір мол дүниені көрсетеді. Қазақтың: «Құлахмет, ендеше, Құлахмет, Құлын сойса, болады бір асым ет» деген халық өлеңі бар еді ғой?! Бұған қарағанда, бір құлынның еті де бір асым етке кіретін көрінеді. Сол сияқты бір дағарға 100 килограмм астық сияды деп есептесек, бұл да едәуір мол өлшем. Әдетте қазақтың бір үйір жылқы дегені – 15-20 жылқы, бір қора қой дегені – 300-200 тұяқ. Бұл да аз сандар емес. Қазақтар көбінде малды нақ санақ бойынша санап дағдыланған. Мысалы, «10 мың қой біткен ірі бай», «5000 жылқы біткен жылқылы бай» деп аталатын байларды сіздің де құлақ естіп жүр. Малға қатысты алыс-беріс те осы сан бойынша жүргізіліп отырған. Мысалы, біреуден алынатын несие мал, қыздың қалыңмалына берілетін 30-40 қара, алман-салық, т.б. бәрі де осындай сан бойынша есептеліп отырған. Қазақ арасындағы халықтық сауда-саттық, алыс-беріс сияқтылардың бәрі де осы жоғарыдағы өлшемдер бойынша жүргізілген. Айталық, біреу біреуден бір шелек астық қарыз алған болса, қайтаратын кезде сол шелекпен, сондай етіп қайтарады. Егер оның алғаны үйме шелек болса, үйме шелек, қырма шелек болса, қырма шелек қайтарған. Көп жағдайда бұдан пәлендей артық-кем шықпайды. Мұның өзі өлшеуішті алыстан іздемейтін ең қолайлы әрі көпшілікке қолжетімді шара болып есептеледі. Қазақ ішінде 5 үлкен қойдың терісінен бір тон шығады. Үш қойдың терісінен бір шалбар шығады. 200 түлкі пұшпағынан бір пұшпақ iшiк шығады, т.б. тұрақты өлшемдер бар. Егер біреуге бір киімдік тері жиып беруге тура келсе, міне, осы сияқты өлшемдер негіз етіледі. Қазақ сахарасында сыйлау-жазалау ережелерінің де өзіндік өлшемдері болған. Мысалы, аттың бас бәйгесі – 100 жылқы немесе 100 қой, балуанның бас бәйгесі – 50 жылқы немесе 100 қой деп белгіленген. Сол сияқты 2-3 дәрежелі бәйге алғандардың да өзіне лайықты сыйлықтары болған. Ал, құн заңы мен айып заңының да осындай өлшемдері бар. Мысалы, ердің құны – 100 қара, көздің құны ердің жарым басымен тең делініп, 50 қара бойынша кесілген. Төренің құны үш ердің құнымен барабар делініп, 300 қара есептелген. Айып жөніндегі өлшемдер де осындай: төмен айып – жай тоғыз, орта айып – қосақ тіркеуімен қосылған тоғыз, ең ауыр айып – тоқал тоғыз, яғни 99 ірі қараға тең болған. Айыппен бірге 30 қамшы, 50 қамшы... бойынша дүре соғылған.

Ауырлық өлшем

Жоғарыда сөз болған шамалық өлшемнің кейбірі ауырлық өлшем көлеміне (мысалы, бір шымшым, бір уыс, бір қасық, т.б.) кіргенімен, бірақ нақ ауырлық өлшем көлеміне кіретін атау-лар өте аз кездеседі. Айталық, қазақ арасында атқа жем бергенде, әдетте, екі қос уыс немесе үш қос уыс жем беріледі. Мұнысы бір килограмм немесе үш килограмм ауырлыққа тең келеді. Демек, бұл сан əрі шамалық, әрі ауырлық өлшемді білдіріп тұр. Мұнан сырт қазақта ең көп қолданылатын ауырлық өлшем – бір көтерем. Әдетте, арқалы азаматтар бір көтергенде 100-150 килолық астық көтереді екен, қарулы әйелдер 50-100 килограмдық жүк көтере алатын көрінеді. Сонда бір көтерем деген ауырлықты 50-150 кило айналасындағы жүк деп межелеуге болады. Ауырлықты білдіретін «шойындай ауыр», «түйенің теңіндей ауыр», «қазандай қара тасты қозғалтты», «зіл батпан» деген сияқты сөздер де кезігеді. «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің» 2-том, 203-бетінде: «батпан – ескі салмақ өлшемі (бір батпан – 200-300 грамм). «Бала атадан батпан артық туады» (мақал) деп түсінік берілген. Бірақ көп адамның ұғымында батпан «ауыр», «салмақты» деген мағынаны білдіреді деп есептеледі. Әсіресе «зіл» сөзімен қосылып келгенде ол «айрықша ауыр» деген ұғымды білдіреді. «Зіл» сөзінің «оның дауысы зiлдi шықты», «оны аяқ астынан зіл басты» деген сияқты басқа мағыналық жақтары да бар. «Тең» сөзі қазақтың көшпенді өміріне қатысты шыққан сияқты. Өйткені, тең жүктің екі жағын тең басып тұратындай салмақта болуы шарт етіледі. Сонда бір тең егер өгізге теңделетін болса, 50-60 кило, түйеге теңделетін болса, 80-100 кило болуы мүмкін.

Көлемдік өлшем

Халық арасындағы көлемдік, аумақтық өлшемге жататын сөздерден – от орнындай, үй орнындай, бір қора қойдың орнындай, тышқан інінің аузындай, шынының аузындай, шелектің аузындай, жерошақтай, даладай, есіктен, оймақтай, иненің жасуындай, түймедей, тулақтай, сырмақтан, шаңырақтай, аюдың апанындай, түйенің табанындай, шөншіктің аузындай, т.б. деген атаулар кездеседі. Бұлардың ішінде «Иненің жасуындай», «оймақтай», «танадай» деген сияқты сөздер ең кішкене аумақтық өлшемді білдіреді. Төменде біз көйлекке тағылатын тананың, әдеттегі шай ішетін шынының аузы қаншалық жерді алатынына есеп жүргізіп көрелік: 1. Тана C = 2πr d=1 см r=1/2 = 0,5 см C = 2*3, 14*0,5 = 3,14 см Демек, тананың периметрі — 3,14 см. 2. Әдеттегі шай шыны C = 2πr d = 11,5 см r= 5,75 см С= 2 * 3,14 * 5,75 = 36.1 см Демек, шай шыны аузының периметрі — 36,1 см. Міне, осындай өлшемдер бойынша от орнының, үй орнының, бір қора қой орнының қаншалық жер екенін шығаруға да болады. Бірақ өмірде қазақ халқы осындай аумақтық өлшемдер арқылы сахара жүзіндегі көлемге қатысты көптеген мәселелерді шешім етіп, осы өлшем бойынша өз жұмыстарын жүргізіп келген. Көлемдік өлшем ішіне кіретін сөздердің қатарындағы «ұлтарақтай», «далайықтай», «аюдың апанындай», «есік пен төрдей» деген сияқты сөздердің кейде нақты санның емес, жалпы кеңдік мөлшерді білдіретін, үлкендікті ұғындыратын жағы бар екенін де білгеніміз жөн.

Уақыт өлшемі

Уақыт өлшеміне – қас-қағым, көзді ашып-жұмғанша, ауызды жиып алғанша, бие сауым, сүтпісірім, шай қайнатым, ет пісірім, сəске көтерілген уақыт, талтүс, ақшам, екінті, ел орынға отыра, ел жата, басқы тауық, орта тауық, ақырғы тауық, жұлдыз шыға, Үркер жамбасқа түсе, жарты күн, бір күн, бір сөтке, т.б. кіреді. Бұлардың ішінде «қас-қағым», «Көзді ашып-жұмғанша» деген сөздер жарты секундтік, тіпті одан да қысқа уақытты меңзейді. Ал, бие сауым уақыт жарты сағаттық уақыт екенін қазіргі жылқышылардың аузынан естіп жүрміз. Алғашқы азан уақыты қыста қаңтардың екі жаңасы күні 8 сағат 24 минутқа тура келсе, екінті уақыты 17 сағат 28 минутқа тура келеді. Жазда, яғни маусымның екі жаңасы күні азан уақыты 5 сағат 15 минутқа тура келсе, екінті уақыты 20 сағат 26 минутқа тура келеді. Осындай есептеу жолымен басқы тауықтың қай мөлшерде шақыратынын, орта тауық, аяққы тауықтың қай мөлшерде шақыратынын, жүлдыз туар уақыт дегеннің қай уақыт екенін, Үркердің қай кезде жамбасқа түсетінін есептеп шығаруға болады. Осы есеп бойынша сүтпісірім уакыттың – 10-15 минут, бие сауым уақыттың жарты сағат, шай қайнатым уақыттың – бір сағат, ет пісірім уақыттың екі сағат уақыт екенін межелеуге болады. Төменде біз қазақи өлшемнің ең ебдейлі, әрі бірегей қаруы болған қол және оның саусақтары мен қазақи өлшемнің ғаламат туындысы киіз үй туралы азырақ аялдай кетуді жөн көрдік. 1. Бес саусақ ең әуелі сан құралы болған, яғни бес саусақты екі қабаттаса – 10, үш қабаттаса – 15, төрт қабаттаса 20 саны шығады... Осылайша малдың, адамның және басқа нәрселердің санын шығаруға ең қолайлы «қару» ретінде бес саусақ пайдаланылған. 2. Бармақтың қарсысына біткен төрт саусақтағы буын саны – он екі. Санаудың бұл түрі жыл қайыру – мүшел есебіне, ай ретін санауға, бір тәуліктегі сағат санын санауға пайдаланылған. Осы төрт саусақ жылдың төрт мезгіліне де пайдаланылған. Мысалы, сұқ саусақ – наурыз, көкек, мамыр (көктем). Ортанқол – маусым, шілде, тамыз (жаз). Аты жоқ қол – қыркүйек, қазан, қараша (күз). Шынашақ – желтоқсан,қаңтар, ақпан (қыс). Қазақтар саусақтардың ұзындығын күн ұзақтығымен қарайлас деп қараған. Айталық сұқ саусақ пен аты жоқ қолдың ұзындығы қарайлас болғандықтан, бұл мезгілдегі айлардың (күз, көктем айларының) ұзақтығы да қарайлас келеді. Ал, ең ұзын саусақ ортан қолдың ең ұзын бірінші буыны маусым айын (22 маусым), яғни ең ұзақ күн мезгілін көрсетсе, ең қысқа саусақ шынашақтың бірінші буыны желтоқсан (22 желтоқсан) ең қысқа күнге тура келеді деп білген. 3. Саусақ апта, ай, күн санын шығаруға да қолданылған. Саусақтардың түп буындарының саны бойынша бір апталық есепті шығарып отырған. Мұндағы сұқ саусақ буыны – дүйсенбі, ортан қолдың түп буыны – сәрсенбі, аты жоқ қолдың түп буыны – жұма, шынашақтың түп буыны – жексенбі, буын аралығындағы ойықтар – сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндерді көрсеткен. Демек, буынның дөңес жері аптаның тақ күндерін, ойыс жері жұп күндерін білдірген. Бармақтың екі буынын қосқанда бес саусақтың жалпы буын саны 14 болады. Бұл – екі апталық күн, бес саусақ екі қабатталса, 28 буын болады. Айдың көріну мерзімі де 28 күнге тура келеді. Апта күндері әр 28 жыл сайын айдың дәл сол күнінде қайталанып келіп отырады. Айдың толуы-кемуі деп бөлсек, әр қайсысы 14 күннен болып шығады. Халқымыз бұрын ай есебін осы жолмен шығарып, сол арқылы халық арасында жеті қат көк, жеті қат жер, жеті дыбыс (нота), жеті бояу, жеті сезім (көз, құлақ, мұрын, тіл, тері, бұлшық ет, көңіл күй) ұғымын қалыптастырып, соның өзінен қыруар ғылымның суатын аршыған. Демек, саусақ әрі сан санаудың, әрі ай, күн, жыл есебін шығарудың, әрі өлшемнің (елі, қарыс, сүйем, уыс) бірегей құралы ретінде пайдаланылған. Саусақтың осындай рөлін толық көрсете алған адамды қазақ «он саусағынан өнер тамған шебер» деп атаған. Киіз үйді қазақ халқының сан ғасырлық ақыл-парасатының, өмір тәжірибесінің, таби-ғатты түсіне білу мен соған сәйкесуінің әрі сахаралық сәулет өнерінің бір ескерткіші деуге болады. Халықтық өлшем өнерінің сан алуан түрі осы киіз үйдің тұла бойына сіңіріліп, содан өз жемісін көрсете алған. Оның бойынан осы заманның математика, геометрия, астрономия, т.б. ғылымдарының бірқыдыру тоғысқан үлгілерін байқауға болады. Айталық, кереге – киіз үйдің қабырғасы. Керегенің басы мен аяғы иіліп, сыртқа қарай шалқайтылады. Сонда кереге желісінің жанабы екі текше метр парабола тәрізді болып шығады. Жайылған керегенің жоғарғы және төменгі жақтары гиперболалық праболид тәрізді де, ортасы эллипсоидтің бөлігі пішінді болады. Керегенің бір қанатындағы желілер 14 ерісінен, 9 сағанақтан, 9 балашықтан тұрады. Алты қанат үйдің сағанақтары мен балашықтарының саны – 108. Бұл сан – ежелгі аспан саны. Осы екеуінің бір жерден шығуы тегін емес. Үй сыртынан айналдыра тартылған белбеу – аспан белдеуі – зодиактық шеңбер. Алты қанат үйдің әр керегесінің екі басы – екi зодиактық шоқ жұлдыз. Олай дейтініміз, киіз үйдің есіктері бір бағытқа қаратылып, үй жиһаздары біркелкі орналастырылады. Үйге кіргенде оң жақтағы құрулы ши өреше болады. Оның ішіне ыдыс-аяқ, тамақ койылады. Ал, сол жақ босағада ер-тұрман, одан жоғары ерлердің киімі, қару-жарағы ілінеді. Одан ары жүк жиналады Әр нәрсенің өзіне тиісті орны бар. Мұның өзі зодиактық шоқ жұлдыздардың орналасуына сәйкестендірілген. Төсектің басы төрге қаратылып салынады, яғни темірқазық жұлдызына бағытталады. Басты құбылаға қарату салты осыдан шыққан болуы мүмкін. Әдетте, шаңыраққа бақан (сырық) көлбей ілінеді. Ол – үйдің тірегі. Бақанның көлбеу бұрышы 62 градус шамасында, яғни галактика экваторының аспан экваторының көлбеу бұрышына сәйкес келгені байқалады. Шаңырақ шеңбер тәрізді тоғынан және күлдіреуіштен тұрады. Күлдіреуіштер парабола тәрізді иіледі. Түндік жабылған шаңырақтың пішіні айналма параболид. Бұл – көптеген күмбездерге ортақ пішін, яғни көк күмбезінің кішірейтілген бейнесі. Түндік шаршы тәрізді жасалады да, әлемнің төрт бағытын нұсқап тұрады. Уықтың қаламы – шаңыраққа, басы кереге басына бекиді. Киіз үйдің негізгі қаңқасы үзік-туырлықтармен жабылады. Уық парабола тәрізді, ұзындығы үйдің көлеміне байланысты 12-16 қарыс мөлшерінде жасалады, ал, саны 45-120 болады. «40 басты отау», «60 басты үлкен үй», «120 басты ақ орда» дегендер осыған байланысты айтылған. Нақты назар салсақ, қазақ үйдің басы 120, 90, 72, 60, 45 болып бөлінеді. Бұлардың бәрі 360-ты қалдықсыз бөледі. Таңмен таласа басталатын қой өргізу, сиыр сауу, бие байлау, т.б. тіршілік жұмыстарының бәрі де белгілі уақытпен мөлшерленіп отырады. Уақыт мөлшерін білдіретін алғашқы азан, сәске, түс, екінті, ақшам, т.б. бәрінде де күн сәулесінің шаңырақтан түскендіктен қай жерден қай жерге дейін барғанына қарап уақытты межелеп отырған. Мысалы, үйдің уық саны – 72, әр екі уықтың арасы градусқа тең (5=36:180). Демек, шамамен күн сәулесі екі уықтың арасын – 20 минутта, үш уықтың арасын 30 минутта жүріп өтеді. Бұл – «бие сауым уақыт» деген сөз. Осыған негізделіп біз қазақ киіз үйін аспан әлемінің кішірейтілген бейнесі деп пайымдауымызға болады. Қазақтар киіз үй қаңқасын «сүйегі ауыр», «жеңіл» деп бөледі. Сондықтан, үй ағашын дайындағанда оның сүйегін ауырлататын мойыл, ырғай сияқты ағаштардан емес, көбінде сүйегі жеңіл талдан, долантопшыдан дайындайды. Мұның өзі үйдің көшіп-қонуға жеңілдік жағын ескергендік. Сайып келгенде, қазақтың киіз үй құрылысына халқымыздың ұзындық, шамалық, көлемдік, ауырлық өлшемдерінің және уақыт өлшемдерінің бәрі дерлік қолданылған, оны қазақ өлшемінің биік әрі сәулетті ғимараты деу-ге болады.

Тереңдік өлшемі

Қазақтың тереңдік өлшемі адамның өзін өлшем еткенде – кісі бойы, тізе бойы, тобық бойы, белуардан, т.б. делінеді. Ал, малға қарата айтқанда, атты өлшем бірлігі еткен. Сондықтан, ат тұяғынан, шашадан, тізеден, ат бауырынан, ат сауырынан, ат құлағынан деген сияқты сөздермен судың, қардың тереңдігін білдіріп келген. Ал, қару-жарақ тұрғысынан құрық, найза, таяқ сияқты өздерінің күнделікті қару-жарағын өлшем бірлігі етіп, құрық бойы, арқан бойы, найза бойы, таяқ бойы деп, мысалы, «күн таяқ бойы көтерілгенде» деген сияқты сөздермен биіктік, тереңдікті межелеп отырған. Бұдан сырт қазақтың ыстық-суықты білдіретін өлшемдері жылы, қанжылым, ыстық, қатты ыстық деген сияқты сөздермен, суықтықты – салқын, суықтау, суық, қатты суық (мұздай суық), т.б. деген сөздермен білдірген.

Дайындаған Сұлтан МҰСТАФИН, Ruh.kz

12447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы