• Әдебиет әлемі
  • 28 Шілде, 2019

Жақсы адамдар - жылулықтың айнасы

Қайрат Сейтқазин

1993 жылы Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Күлшін ауылында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университінде «Аграрлық техника және технологиялар» бойынша білім алған. Аймақтық, республикалық мүшайралардың жеңімпазы. Мағжан Жұмабаев атындағы төсбелгімен марапатталған.

МАМЫРСҮЙГЕН

Сәуле шашқан, алаулаған шырайлы, Мамырсүйген деп атайық бұл айды, Себебі, бір жамандықтан аулақ боп, Бір жақсылық болатұғын сыңайлы. Сирень өскен бақшаларға бір барып, Іңкәрдария сезімінде ырғалып, Жүрейікші, кеудеге ән толтырып, Жүзімізге нарттай қызыл нұр тамып. Жағу үшін шырақтардан бір алау, Керек шығар тұңғиыққа құламау. Мүмкін біздің жолымыз да ашылар, Мүмкін бізге бақ қонатын шығар-ау. Сәуле шашқан, алаулаған шырайлы, Мамырсүйген деп атайық бұл айды, Себебі, бір жамандықтан аулақ боп, Бір жақсылық болатұғын сыңайлы.

*** Сұлу сазың - керең қылмас, Ұмыттырмас наланы. Сүйген бе едім, өлеңге ұқсас, Долана иісті даланы? Сарыарқаның жыры сынды Сыры бекем ақ қурай. Сыңсып тұрған тұрысыңды Сүйген бе едім тап бұлай! Бір күн сенім, бір күн үміт, Арман әнім-мұратым. Ақ жусанды үлгі тұтып, Өскен бе еді бір ақын? Жапырағы аяды ма, Жүрегімді ботадай. Ақ қайыңның аяғына, Құлай салдым оп-оңай. Бәрі жақын, қымбат маған, Ойым орман, санам қыр. Терек - менің сымбатты ағам, Қарындасым - қалампыр. Сұлу сазды жидым да оңай, Сала алмадым жат әнін. Сені ессіз Сүйдім солай, Менің Дала – Отаным!

ЖЕҢ

Естеліктер - көңілімді қозғасын, Ескі күннің білем енді озбасын. Бала кезде ойнаған боп, (шынымен) жылқылардың сүртіп жүрдім көз жасын. Сүртіп жүрдім шұбатылған жеңіммен, Көз жасы енді ақпайтындай сеніммен. Ештеңеге мән бермедім, елемей, Ештеңе де байқалмады өңімнен. Қазір енді салам дəурен əніме, Қайраты бар, жігер тұнған жаны де! Мықтымын ғой! ...Тек баяғы ұзын жең су-су болып тұрған сынды әлі де.

*** Таныс әуен естігенде құлағым, Кеудеме орнап қалатындай бір ағын. Сағындым мен қайтқан қаздың қаңқылын, Тырналардың тырауын. Сәулесіне шомылғанда сағым қыр, Шуағына жылына алсам бағым бұл. Таудан аққан тас бұлақтың, Тәңірім, Мөлдірлігін сағындыр. Дала, дала көкірегін көрік деп, Жырларыңды, Жұмбағыңды беріп кет. Ақ селеуге ұқсаса екен өлеңім, Ақ жусанға еліктеп. Сұңғақ атты, сұлу қызды, сымбатты, Сағым дала қаншама әнді тыңдатты. Шешіле бір сыр ақтарсам деп едім, Шиеге аунап күн батты...

*** Күн нұрына боялған қызыл алма, Ілініп тұр бұтақта қызығарға. Сен біреуді сағынсаң, Сол алманы, Сағынышпен сендегі үзіп ал да... Ешкім көрмей тұрғанда, оңашада, Бір тістеуге көңілің қаласа да, Табиғаттың заңына қарсы шығып, Үсіртпей-ақ ызғарлы қарашаға, Жылы, жұмсақ шәліге орап алып, Құс жастықтың астына ала, мамық, Сол алманы сақтап қой көктем келе, Сағынғанның алдына бара қалып; Табылғандай жаңа бір жоғалғаны, Орындалған секілді бар арманы, Сенің нәзік, ып-ыстық жүрегіндей Сүйгеніңе сыйлап бер сол алманы...

*** Қарақаттай қара манат, Алтындаған ақ моншақ. Саусағыңмен санамалап, Сүйгеніңді тапқан шақ.

Жаратқанның сыйын ұға, Сен өзің де сый едің. Жұмсақ кештің иығына, Басыңды әсем сүйедің.

Қоңыр мұңның жыры кейде, Қаламымның ұшында. Жылы киін, жылы сөйле, Жақсылыққа қысылма.

Сонда сенің жолың болар, Сонда сені бақ табар. Тілегің де орындалар, Жүрегің де шаттанар.

Мені ойлама, менің мұңым - Мұз қарыған сөз еді. Сеніміңе сенімдімін, Сезіміңді сеземін.

Өзіме-өзім бойлағым кеп, Өмір-жайды ойға алам. Төзім жайлы ойлағым кеп, Өзің жайлы ойланам.

Күңіреніп барады алап, Бір бақытты қатты аңсап. Қарақаттай қара манат, Алтындаған ақ моншақ...

*** Алма иісі. Гүл. Лимонад жүзімнен. Тереземде – жапырақтар күз ілген. Сенің мұңсыз дауысыңды естідім, Телефонның тұтқасынан үзілген.

Сезімімнің жетегіне бағынбан, Мұндай күйден он жетімде арылғам. Саусағым ғой – шаштарыңды аңсады, Жүрегім ғой – дауысыңды сағынған.

Сенің әрбір қимылыңды ән қылып, Қиял-ойым мұң кешеді, жаңғырып. Сен болмасаң, дүниеге сыймастан, Кетер едім дәруіштей қаңғырып.

Жаз да кетті, тырналармен тізілген, Радиодан – ескі әндер үзілген. Бөлмемде тек қалып қойды қыркүйек, Алма иісі. Гүл. Лимонад жүзімнен…

МЕҢТАЙ

Мең деген не, Мең деген? Хафиздің да жан-жүрегін емдеген. Жүзіңдегі жүзімдей-ақ таңба ғой, Жүз жігітке көнбеген.

Бір мең үшін – бір шаһарды сыйлаған, Ақындарға қараймын да қиналам. Қалай ғана беріп кетті қаланы, Өзге түгіл, өздері де сыймаған.

«Бір мең үшін ақын болу мұратым» - Деген еді ойда-жоқта ұлы ақын. Өлең саған бақ емес қой баянды, Өзгелерден бақыттылау қылатын.

Періштемді қатар қойма пендемен, Біздің жақта ондай жандар кемде-кем. Жүз жігіттің қолға түспес арманы, Жүзіңдегі мең деген.

*** Күміс саусақ. Алтын кеуде. Ақ білек. Жыр саулаған бұрымыңнан бақ тілеп. Сенің көзің қарақаттан қап-қара, Сенің ернің құлпынайдан тәттірек. Сезімдердің аяулысы алғашқы-ай... Төзім бітіп, сөздерім де жалғаспай. Өміріңнің қиындығын білмеймін, Көңіліңнің нәзіктігі рауғаштай. Алақаның жылуы мол Күн шығар, Еркелігің жібектейін түн шығар. Көз қиығын тастап кетсең тасада, Жігіт біткен жастығына тұншығар. Теңей көрме періштеге, елеске, Түсірмейді Ләйләні де ол еске. Сұлулықта дарын жоқ деп кім айтты, Сұлулықтың өзі дарын емес пе?

*** Мұз құрсанған бұлақты Жарып шығып сылдыраған су ақты; Біреу сенің сұрап еді жасыңды, Сенің жасың – Көктем еді шуақты.

Бауырында өсіп шығып ауылдың, Қара көздің құдіретімен ауырдым. Гүл көмкерген көк көйлекті киіп ап, Кербез тұрдың, Құрдасындай сəуірдің.

Мұратына жетпегеннің, Жеткеннің, Пейіліне беретінін көп көрдім. Жақсы адамдар – жылулықтың айнасы, Жақсы адамдар – көшірмесі көктемнің.

*** Құлатпай жылдарға еңсені, Тау болып шыдадың бар сынға. Нəзік үн естідім... Мен сенің Мейірімді фатиһа даусыңда.

Білемін өзіңде бақ барын, Білемін өзіңсіз көңіл-мұң. Оңаша налыған шақтарың, Назындай найқалған өмірдің.

Аяулы сəттерім көп еді. Кеудеме көшіріп əн асыл. Мен саған ұқсағым келеді, Ұқсағым келеді, Анашым…

418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы