• Бас мақала
  • 26 Маусым, 2019

«Аяғым темір болса да, жүрегім жалын!»

Адам боп жаратылған соң түрлі сынақтардың болатыны ақиқат. Жәй сынақ емес, өмірге деген көзқарасты өзгертетін, тосыннан келген жағдайлар. Олар адамды не өсіреді не өшіреді. Әрине, ол өзіңнің адами қасиеттеріңе байланысты болмақ. Мысалы қайрат, қажыр, даналық генмен берілетін немесе жүре қалыптасатын дүние емес. Бастан кешіп, өмірдің тезінен өтіп, шыңдалғанда келетін қасиеттер сияқты. 21 жастағы Серік Есматовтың бойындағы күші, мықты рухы, ойындағы даналығы қырықтың қырқасынан асқан жігіт ағасында кездесуі де сирек. «Менің биологиялық жасым 18 болса да, интеллектуалды жасым 60-тан асқан», – дейді Серіктің өзі. Қазақстандағы 100 есім жобасының қатысушысы, Туризм және спорт академиясының студенті, Қазақстанның волейбол бойынша жастар құрамасының капитаны – Серік Есматовтың өмірін өзгерткен күн және оның өмірге құштарлығын оятқан не екенін білгіңіз келе ме? Серіктің өмірін бір сәтте төңкеріп тастаған оқиға болғанда ол небәрі 13 жаста еді. «Бұл шақта мені спорт пен кітаптардан басқа ештеңе қызықтырмайтын еді. Алаңсыз, бейқам жүрген қарапайым баламын. Бүгінгі күнімді ойлап қана өмір сүретінмін. Өмірге көзқарасым тым үстірт еді. Араласатын адамдарым көп, достарым сирек. Қызығушылығым көп, мақсатым аз еді» деп еске алады Серік. «2011 жыл, 30 тамыз. 13 жасқа толғаныма 1 ай ғана болды. Бассейндегі жаттығудан келе жатқан сәтім. Біздің үйіміз Алматы-1 вокзалының маңында. Үйге жету үшін теміржолды қала жақтан жағалап өту керек. Ауыр жаттығулар титықтатып, бойым дел-сал күйдемін. Үстімде термокиім, иығымда ауыр рюкзак. Күн шыжып тұр. Шөл қысып бөтелкедегі салқын суды бір-ақ төңкердім. Кенеттен келген су мидағы қан айналымын бұзған болу керек, бірден көзім бұлдырап, әлсіздікті сезіндім. Сол сәтте жолға тым жақын болсам керек, созылған қолым екпінмен келе жатқан теміржол құрамына тиіп кетіп, мені тартып әкетті. Бәрі лезде болды. Сол аяғым тіземнен жоғары бірден кесілді. Құлағанымда екінші аяғымды құрам дөңгелектері екі рет басып өтті. Айналам у-шу. Достарым жүгіріп үй-ішіне айтуға кетті. Бағыма орай, сол жерде теміржол бойындағы күзетші жүр екен. Ол менің «кетіп қалмауым» үшін сөйлеумен болды. Бәрі жақсы деп қояды. Бірақ жұлынған аяғым желкеме соғылғанын өз көзіммен көрдім ғой. Сол сәтте аяғымның жоқ екенін түсіндім. Бар ойым «енді үй-ішіне не деймін» болды. Білесіз бе ең қатты ауырғаны трагедия сәтінде емес, кейін болды. Ал, сол сәтте тек адреналинді сездім. Шок...» Қанға боялған бала... Айқай-шу... Еңсесі езілген ана... Аурухана төсегі... Екі айдан кейінгі уақыт екі аяқтан айырды. Өмірдің не екенін әлі түсіне қоймаған жас жеткіншек үшін бұл еңсе көтертпес оқиға болды. Осылайша жанды мүшенің орнын жансыз темір алмастырды. Жүрегінің соғып тұрғанына шүкіршілік еткен баланың бойында қандай жағдай болмасын өмірге деген құлшыныс жоғала қоймады. Спортқа деген махаббат екі аяқтың жоқтығына да қарамады. Десе де, ыңғайға келетін спорт түрін іздестірген Серікті алдында даңғыл да дара жол күтіп тұр еді. Жемтігін іздестірген аш қасқырдай көзінде жалын ұшқындаған жас жігіт волейболдан өзі секілді тағдырластарды тапты. Осылайша спорт әлемінде өзіндік жаңа бағытты жетілдірген жігіт параолимпиада ойындарының жеңімпазы атанып, команда капитаны дәрежесіне дейін жетті. Серікпен алғаш кездескенде жанарындағы от менің өн-бойымды бірден шарпып әкетті. Бойындағы сыймай тұрған күш-қуат пен зор дауыс айналасына шуақ шашып тұрды. Қараша айының 15-ші жұлдызы болатын. Білім ордамызға қызыл арбасымен Серік Есматов кіріп келгенде бар елдің назары сол жаққа ауды. Езуіндегі күлкі мен көзіндегі қуаныш оқу ордамызға құдды бір сәуле шашып жібергендей күй кештім. Университет белсенділері мен басшылықтағы мырзалар үлкен құрмет пен сыпайылықтың айрықша үлгісін көрсетіп, қонағымызды құшақ жая қарсы алды. Сахна Серіктің меншігінде... Жас жігіт зор дауысымен отырғандарды жым-жырт жасады. Айтылған әрбір сөздің құндылығы көрермен-нің көзінен тамған ыстық жастан-ақ көрініп тұрды. Өмірге деген құлшыныс, уақытты босқа өткізбеу, ата-ана мен денсаулықтың қадірі турасында басталған әңгіме Серіктің жеткен жетістіктерімен жалғасты. Қонақ көрерменін бірде жылатса, бірде ішек-сілесін қатыра күлкіге қарық етіп, түрлі ойындарды да бірге ойнады. Жүрегім селт еткен сәт... Серік отырған арбасынан тұрып, шалбарының балағын көтеріп қалды. Қонақтар езуіндегі күлкіні бірден жиып, өз көздеріне өздері сенбей мелшиген күйде отыра берді. Иә, Серіктің аяғында бар болғаны екі темір. Ол осы жасанды аяқтардың көмегімен жүріп, тұрады. Аяғы сау адамдардың өміріндегі болмашы қиындықтар мен қарапайым күйзелістер осы сәтте түкке тұрғысыз түтін іспетті аспанға ұшты да кетті. Темір жігіт тегеурінді сөздерімен отырғандардың көзіне от берді. Өмірге деген кереғар көзқарастарды өзгертіп, негативті пікірлерді көңілден сылып тастап, тек алға қарай ұмтылуға үйретті. Серікпен өткізген екі сағат осы тіршіліктегі ғұмырымызға азық болардай дәрежеде еді. Себебі төрт мүшем сау бола тұра тағдырға айтқан өкпемнің орынсыз екенін ұғындым. Денсаулықтың қадіріне жеттім. Ата-ана арманының асқақ шыңын бағындыруға талпындым. Мен ғана емес, әрбір көрермен бұл кештің рухани нәрін өмір бойы азық етеріне сенімдімін.

Дидар ӘБДІРАСІЛ IT университетінің Журналистика мамандығының 2 курс студенті.

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы