• Бас мақала
  • 26 Маусым, 2019

Өзіңді тану - өзіңді басқару

Мырзагелді Кемел экономика ғылымдарының докторы

«Өзін-өзі тану» ілімінің ізгілігі мен адам өмірін жарқын ету мүмкіндігі ізденіп, талдау жасаған сайын қызықтырып, жетелей түсетініне көзім жетіп келеді. Адам болып жаратылған соң, адам өз өмірін мағыналы, мәнді етіп өткізуге тырысуы тиіс. Ал, адам өзін-өзі зерттеп, өз мүмкіндіктерін, мінезін танып алмай өзгелерді, өзін қоршаған ортаны тануы, олармен үйлесімді өмір кешуі қиын. Сондықтан, өзін тану – өмірді тану делінеді. Сара Назарбаева бастауында тұрған «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасы мектептер мен мектептен кейінгі оқу орындарына пән ретінде енгізілгені қоғамымыздың рухани жаңғыру жолындағы ең елеулі оқиғалардың бірі болды. Бұл идеясын халыққа жеткізу жолында Сара Алпысқызы 2003 жылы Парламент депутаттарының алдында баяндама жасап, халық қалаулыларына өз ойларын, өзін-өзі тануды пән ретінде оқыту қажеттігін түсіндірді. Сол жиында ол кісі былай деді: «Өмірде әрбір адам ең алдымен өзін-өзі тануы керек. Өзін-өзі таныған адам өзгенің де жан-дүниесін түсінетін болады. Ешқашан да біреуге жаманшылық ойламайды, жақсы адам болуға талпынады. Бұл өмірде – әрбір адам, қандай мамандық иесі болмасын, ең бірінші – адам болып қалу керек. Адамгершілік жолын ұстанып өту керек. Ізгілікке жақын болып, жүрегін, жан-дүниесін махаббатпен нұрландыруы керек». «Өзін-өзі танудың» әлемдік тарихына көз тастасақ, оның іздерін христиан дәуірінен 350 жылдай бұрын ежелгі грек философы Платонның диалогтарында көне Грецияның «жеті ақылманы» Фалес, Питтак, Биант, Солон, Клеобул, Миссон және Хилон өнер құдайы Аполлонның күмбезіне жиналып, «Адам үшін ең маңызды не? Жазып көрелік» дегенде, бәрінің жазғаны «Өзіңді өзің таны» деген мағына бергені жазылғанынан көре аламыз. Платон «Ағынан жарылу» (Исповедь) атты еңбегінде «Өзіңнен өзің туралы есіту – өзің туралы білу емес пе? Өзі туралы өзінен біліп тұрған адам өзіне-өзі сенбесе, онда өзін-өзі алдағаны емес пе?» депті. Сократ өзін-өзі тануды барлық ізгіліктердің алғышарты деп санаған, Лессинг өзін-өзі тануды ізгіліктің орталығы десе, Кант оны – барлық адамдық даналықтың басы деп санайды. XII ғасырдағы сопылық ілімнің өкілі Ибн Араби Түркістандағы Қожа Ахмед Иасауидың кесенесінің қақпасында жазылған: «Егер кім де кім өзін-өзі таныса, ол адам өзінің Құдайын да таниды» деген сөздерді Мұхаммед пайғамбардың айтқанын жазып кеткен. Өзін-өзі тану әлемдік діндердің бәрінде: индуизмде де, христиандық ілімде де, басқа да діндерде бар. Будда ілімінде де: «Расында, адамның өзiн-өзi жеңуi, өзiне-өзi тиянақты түрде тыйым сала бiлуi, өзiн-өзi көндiре бiлуi басқа бiреудi жеңуінен әлдеқайда артық», – деген ой бар. XVIII ғасырда жазушы Джон Мейсон «Өзін-өзі тану жайлы трактат» атты еңбек жазған. Онда: «Өзін-өзі тану адам бұл өмірде игілікті және пайдалы болуы, алдағы өмірде шат-шадыман болуы үшін өз-өзімен танысуы, кім екені, не жасап жүргені, қалай болуы және не жасауы тиістігі, олай ету құралы – адамның өзін-өзі сынауы, мақсат – өзін-өзі басқару және өз қалпына риза болуы» екені айтылған. XX ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген үнді ақылманы Шри Рама Махарши: «Адамның өзін-өзі зерттеуі – бұл өзін-өзі танудың ешбір қатесіз жалғыз ғана тәсілі, өзіңнің шын мәнінде кім екеніңді тану тәсілі» деді. Өзін-өзі тану – адамның қоршаған әлем туралы көзқарасын кеңейтеді; жаңа білім-танымға жетелейді; рухани дамуға жол көрсетіп, өмір сүрудің мағынасын ашады; жақсы және жаман істерді айыра білуді үйретеді; адамдармен жақсы байланыс құруға көмектеседі; адамдарды ел-жерге бөлмей, адамзат деп тануға, оларды ұлтқа, тілге, руға, дінге бөлу емес, біртұтас рухани әлемде өмір сүруге бейімдейді. Өзін-өзі тану – ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстану – ең ізгі іс. Өзін-өзі тану арқылы азаматтардың білімдері мен адами құндылықтары, тәрбиеленген рухани сезімдері адамдарды әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне шығарады, дүниеге деген шынайы көзқарастарын қалыптастырады; түсіністік пен достықта, қуаныш пен махаббат аясында өмір сүруге бейімдеп, сонымен бірге қоғамға қызмет ету жауапкершілігін арттырады. Өзін-өзі тани білген адам өз ойын, көзқарасын, пікірін, қуанышы мен қайғысын ашық білдіре алады. Өзін де, өмірді де тануға, өмірге сындарлы көзқараспен қарауға бейімделеді. Өзін еркін сезініп, өзіне сенімді, өз пікірін ашық айтып, ойын жете білдіре алатын болып қалыптасады. Келешек ұрпақты дұрыс тәрбиелеу ісіне біздің әрбіріміз жауаптымыз, сол жолда біздің әрбіріміз қолымыздан келген ісімізді атқарып, өзіндік үлесімізді қосуға тиіспіз. Абайдың: «Егерде естi кiсiлердiң қата-рында болғың келсе, күнiне бiр мәртебе, болмаса жұмасында бiр, ең болмаса, айында бiр, өзiңнен есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергi өмiрiңдi қалай өткiздiң екен, не бiлiмге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнiнде өзiң өкiнбестей қылықпен өткiзiппiсiң?» – деуі де адамды өзін-өзі тануына бағыт береді. Өзін-өзі тану – нағыз адам болудың сыры мен қырын тану. Нағыз адам болу – адами қарым-қатынасың, қоршаған ортамен үйлесімділігің. Ол – адамның өзін дұрыс түсінуіне, дарындылығы мен қабілеттерін дамытуға, өмірдің мәнін ұғынуға және өмірден өз орнын таба білуге көмектесу. Өзін-өзі тану адамды өзін сыйлай білуге, ойын еркін жеткізуге, өмірдің қиын жағдайында дұрыс жол табуға, жеке шешім қабылдауға және өз тағдырына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Э. Хемингуэй: «Әрбір адам қандай да бір іс үшін туады. Жер басып жүрген әрбір адамның өмірде өз міндеттері бар» деп айтқанындай, әрбір адам өмірге келгеннен кейін оны артында ізі қалардай мәнді өткізе білуі қажет. Сондықтан да, адамның танымы неғұрлым биіктей берген сайын, дүниенің көкжиегі де соғұрлым кеңейе бермек. Әрбір саналы адам баласы өмірде өзін іздеп жүреді, өзін-өзі танығысы келеді. Өзін тану қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарды тану мен өзіңді қоршаған ортаны тану арқылы келеді. Экономика ғылымында «Маслоу бойынша қажеттілік иерархиясы» деген пирамида бар, соның тереңіне үңіле келе ондағы тұжырымдардың экономикаға ғана емес, өзін-өзі тануға да теңдей қатысты екенін байқадым. Олар мыналар: 1. ұйқы, тамақ, ұрпақ жалғастыру, киім, тұрғын үй; 2. қарым-қатынас, қауіпсіздік, таза орта; 3. махаббат, белгілі бір әлеуметтік топта болу, бағалану; 4. білім, қоғамдағы орын, қабілет пен талант; 5. өзінің тұлғалық потенциалын таныту мен қоғамға пайда әкелу қажеттілігі. Бұл айтылғандардың әмбебап формула екені көрініп тұр. Шәкәрім философиясы «Өзіңді таны, соның нәтижесінде адамды таны» деуге келеді. Жай адамдар үшін бұл өмірдің мән-мағынасы үш-ақ сөзден тұрады: денім сау болса, асым жетерлік болса, отбасым аман болса. Жетілу жолындағы адам мұны басқаша құрайды: өмір сүрсем, өмірдің мәнін танысам және сүйікті болсам. Психологтардың ұдайы кеңес етіп айтатын: Өзiңе көмектес; Өзiңдi түсiн; Өзiңдi сүй деген қысқа ережелері де осыны меңзейді. Адам өз бойын ұдайы бақылап, ұқыптап тексеріп отырғаны жөн, осылай ету бүкіл ұлтқа да керек. Озық ойлы азаматтар өз халқының сипатын, мінезін, тәрбиесін, көзқарасын, мәдениетін зерделеп, егер де жаңадан еніп келе жатқан жарамсыз мінез-құлық байқалса, оны болдырмаудың шараларын көрсетіп, қоғамдық пікір қалыптастырып, елді дұрыс жолға бағыттап отыруға тиіс. Өзіңді-өзің ұдайы тәрбиелеп, жетілдіру деген кейде өз табиғатыңа жат нәрсені жасауға өзіңді-өзің зорлау да болып шығады, олай ету үшін төзім керек. Өзіңді өзің тану деген – өзіңді қоғамдық, әдептілік тұлға ретінде қарастыру арқылы барлық адамдарға тән негізгі қасиеттер төңірегінде этикалық ұғымдар қалыптастыру. Өзіңді білу, бұл – өз тарихыңды, дәстүріңді, ата-бабаларыңның игі жақсылығын біліп, үйрену.

3258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы