• Айтарым бар...
  • 04 Мамыр, 2019

КӨШ ЖҮРЕ КЕЛЕ ТҮЗЕЛЕДІ...

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында еліміз бүкіл Түркі әлемінің бесігі екендігін, мемлекетімізде мәдениет бағзы заманнан қалыптасқанын тілге тиек еткен болатын. Осындай құнды пікірден кейін мәдениеттің өзі ана тілімен тығыз байланысты екенін іштей анық сезінуге мүмкіндік бар. Мемлекеттік тілдің өрісі кеңейгенде ғана мәдениет пен елдің ішкі жағдай мен тұрақтылығы қалыптасатыны ақиқат.

Қазақ тілінің тынысы ашылып, қоғам өмірінің бірқатар салаларында қолданыс аясы кеңейе түскені ақиқат. Ана тіліміздің тағдырына алаңдайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын болды. Қазақ тілінің заңдық мәртебесін алға ұстап, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қызметіне қоятын талабы күшейе түсті. Дегенмен де кемшіліктер аз емес. Мәселен, қазақ тілінде сөйлеуге кейбір жастар әлі күнге дейін именетіні байқалады. Бұл жағдай күнделікті өмірде жиі қайталанып жүргені жасырын емес. Мәселен, қоғамдық көлікте не болмасын жоғары оқу орындарында қазақ жастары бір-бірімен орыс тілінде шүлдірлеседі. Ол аздай қазіргі жеткіншектеріміз енді халықаралық тіл болып саналатын ағылшын тілінде сөйлеуге жаппай көшуде. Бұл жерде қазақ жастарының еліміздегі «Үш тұғырлы тіл» жобасын әлі толыққанды түсінбейтіндігі аңғарылады. Өйткені, Елбасымыздың өзі әр қазақ баласы бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлесу керектігін, ал, ресми және халықаралық тілді содан кейін меңгеру керектігін атап өткен болатын. Ал, кейбір қазақ отбасында жағдай керісінше болып жатқаны өкінішті-ақ. Ана тілін әлі толық меңгермеген кенйбір ата-аналар баласына өзге тілді үйретуге келгенде құмар. Осы тұста, А.Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялысының тіл үйренуге қатысты мына пікірін еске түсірген жөн: «Бала ең алдымен, өз ана тілінде ойлауы, сөйлеуі, білім алуы шарт». Демек, ана тілінің нәрімен сусындап, жалпы тілдік қабілетін жетілдіріп, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланған балаға екінші, үшінші, төртінші тілдерді үйретуге болады. Ал, көзімен көргенін және құлағымен естігенін тілімен жеткізуді үйрене қоймаған, басқаша айтқанда, қалыпқа түсіп үлгермеген балдырғанды бөгде тілді үйренуге, оның заңдылықтарын меңгеруге мәжбүрлеудің ұтымдылығы күмән тудырады. Сондай-ақ орта білім беретін мектептердің өзінде оқушылардың үш тілді бірдей деңгейде меңгеруі де сирек кездесетін жағдай. Мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі, негізінен тілдерді тереңдетіп оқытатын гимназиялар түлектерінде басым деуге болады. Сондай-ақ ауылдық жерлер мен қала мектептеріндегі оқыту бағдарламасы бір болғанымен, шәкірттерінің тілдерді меңгеру дәрежесі әртүрлі екендігі де аян. Мұны жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары да (ҰБТ) дәлелдеп отыр. Сондықтан, қандай мектеп болмасын, ең бірінші кезекте шәкірттерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі, яғни қазақ тілін жетік меңгеруі міндеттелуі тиіс. Ал, одан бөлек, екінші, үшінші тілдерді білу, меңгеру мәселесі адамның болашақ кәсібіне, таңдаған мамандығына сәйкес анықталатыны сөзсіз. Жасыратыны жоқ, ана тіліміздің алға жылжи алмай отырғанының бірнеше себептері бар. Біріншіден, қоғамымызда ұлттық тілді қалыптастыратын әлеуметтік орта әлі жетімсіз, әлсіз, тіпті жоқтың қасы. Дәстүрлі отбасы бұзылып, нағыз тәлім-тәрбие алатын әлеуметтік ортаның жүдеулігінен жеткіншектеріміз өз ана тілінде еркін сөйлеуге мүмкіндік ала алмай отыр. Екіншіден, ұрпағымыздың тәлім-тәрбиесінің тағдыры тапсырылған аналарымыз, әсіресе кешегі кеңістік кезеңнің белсенділері болған бүгінгі өз тілінде сөйлей бермейді. Ал отбасында бала өз тілінде сөйлемесе, ана тілінде ешқашан сөйлемейтіні белгілі. Егер отбасындағы тәрбиенің негізі, темірқазығы болып саналатын ана өз тілінде сөйлеген жағдайда бала орыс мектебінде оқыса да, туған тілін білетін болар еді. Бүгінгі жастарымыз қазақ тілді кітап, басылымдарды оқи бермейді. Күнделікті қарым-қатынас құралы көбіне орыс тілі, пайдаланатындары өзге тілдердегі түрлі техникалық және ойын құралдары болып отыр. Бұл жағдай отбасында ата-аналардың қазақ тіліне деген құрметпен қарамайтындығынан туындап отыр.

Бұдан басқа қазіргі бүлдіршіндердің тілі ағылшынша шығуына интернеттің де ықпалы зор болып тұр. Бұған дәлел, қазіргі балалар «You Tube» дейтін сайтқа көп кіретін болыпты. Тек видео көрсетілімге негізделгендіктен бұл сайт орыс және ағылшын тіліне басымдық береді. Осындай сайттан қандай тәлім-тәрбие алуға болады.

Кезінде «Орыс тілін білмесең, нан жей алмайсың» қағидасын өзгертіп, қазақ тілінің мәртебесін асқақтату керек. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдан оқуға келген ағаларымыз бен әпкелеріміз қаламаса да, орысшаны әжептәуір үйренді ғой. Сол кездің талабы мықты болды. Кеңестік дәуір өтті. Ендігі кезекте тілімізді тиісті дәрежесінде қолдансақ нұр үстіне нұр. Қоғамымызда бағдарламалық бағыт ұстаған «Рухани жаңғыру» ғасырлар бойы езіліп келген ұлттық тілге деген сананы жаңғыртудан бастау алуы қажет. Ұлттық сана мен рухтың күші орасан, оның алмайтын қамалы жоқ, шығар биігі асқар. Қазақ тілі мемлекетімізде өзінің басты орнын ала алмай келеді. Ана тілінің тұғырына көтерілуі үшін бір емес бірнеше жыл керек. Ол үшін көптеген заңдарды жаңадан қарастырып, өзгертулер енгізілсе, қазақ тілін оқып, үйренудің талаптарын күшейтсе, тілге деген құрмет те күшейер еді.

Қазір елімізде Құдайға шүкір, халық саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Өйткені демографияны қозғаушы күш жастардың саны көп болғандықтан, еліміздің болашағы жарқын. Қазіргі заманда кез келген жас жеткіншек ғаламторға әуес болып келеді. Ғаламторда, телефонда, айфонда, гаджетте, смартфонда, яғни бір сөзбен айтқанда технологиялық құрылғылармен өзара хат жазысып, сол арқылы байланыс жасайтын жеткіншектер жетіп артылады. Өйткені, ғаламтор күнделікті өмірімізде кең қолданыс тауып, барлық салада ақпараттың негізгі көзіне айналып үлгергені мәлім. Статистикалық деректер бойын­ша, елімізде ғаламтор желісін пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылады. Яғни, Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамы компьютерлік технологияларды қолданады деген сөз.

Бұл орайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арт­тыруға ықпал ететін веб-сайттардың санын арттырудың маңызы зор. Ғаламтор жастардың тәрбие құралына айналды. Ал, сан жағына келер болсақ, осыдан шамамен 10 жыл бұрын қазақша сайттар саусақпен санарлықтай ғана болатын. Ал қазір жағдай басқаша. Бүгінде БАҚ, мемлекеттік органдар, ғылым, білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының түрлі салаларға қатысты қазақ тілді сайттарының саны артып келеді. Сан болғаннан кейін сапада қалыптасатыны белгілі ғой. Көбінесе тұтынушылар жиі қадағалап, электронды парақтарын ақтарып отыратын саясат, мәдениет, қоғам, ғылым, білім, өнер, тіл мәселелерін қозғайтын сайттар басымдыққа ие.

Тұңғыш Перзидентіміз «Қазақстан – 2050» Стратегия­сында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді»,-деген болатын. Қазақ тілі ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялар көшіне ілесіп, дамып келеді. Бүгінде әлеуметтік желілерді екінің бірі пайдаланады десек, артық айтқандық емес. Ауыл мен елді мекендердің барлығына дерлік интернет қолжетімді болды. Желі пайдаланушылар хат алмасады, ой-пікірлерімен бөліседі. Ақпараттық сайттардың қатары да күн өткен сайын көбейіп, арта түсуде. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Бірақ тіліміздің тазалығын да ұмытпауымыз керек. Өйткені бұл ең басты талап болуы тиіс. Ендігі мақсат – қазақ тілінің білім мен ғылым, интернет саласындағы қолданысын барынша дамыта түсумен тығыз байланысты екені сөзсіз.

Қазіргі заманда ғаламтордағы сайттар, әлеуметтік желілер Бұқаралық ақпарат құралдарының бір түрі ретінде қызмет етіп келе жатқанына біраз болды. Тіпті интернеттегі, яғни сайт журналистерінің тұтынушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету жағы дәстүрлі баспасөзбен салыстырғанда біршама алда келеді. Бұның үстіне әлемде ғаламтор ұсынатын мүмкіндіктердің ауқымы күннен-күнге кеңейіп келеді. Тұтынушылардың 60 пайызы әлеуметтік желілерге өздеріне қажетті ақпарат іздеп кіреді екен. Осыған орай, сол ақпараттың қазақ тіліндегі сапасы қандай деген мәселенің туындайтыны рас.

Демек, ғаламтордағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен түйткілді мәселелері арнайы зерттеуді қажет етеді. Мәселен, тіл мәдениеті мен тіл тазалығы, сөз қолданысының талапқа сай болуы, тіл заңдылық­тарының сақталуы, стилистикалық және әріп қателерінің болмауы сынды көптеген талаптар болатыны белгілі.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінетіні белгілі. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған «Вконтакте», «Instagram», «Facebook», «Twitter», «WhatsApp» және тағы да басқа әлеуметтік желі пайдаланушыларының көбейгені соның бір дәлелі.

Ғаламтор пайдаланушылары арасындағы қолданыс көрсеткіші артқан сайын тілдің танымалдылығы да арта түсетіні мәлім. Бұл орайда ғаламтор кеңістігіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге мән бере қарауымыз керек. Ғаламтордағы сөйлем мәтіндерінен әріптік қателерді жиі ұшыратамыз. Тіпті бұл үйреншікті жәйт болып кеткендей. «Неге қазақша сауатты жазбайды», – деген сауалға жауап іздеп көрсек, кейбір жастардың ғаламторға жүктелген телефонында мемлекеттік тілдегі әріп жоқ болып шықты. Сонда, «ә», «і», «ң», «ғ», «ү», «ұ», «қ», «ө», «һ» әріптерінің орнына кирилицаны қолданып жүргендердің саны қаншама десеңізші?! Елбасының өзі 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу керектігін баса атап өткен болатын. Алайда латын ғаріптерін қолданып жүрген жастардың жазуында да қателердің өріп жүргені жасырын емес. Мысалы, «қ» мен «һ» және «ү» мен «ұ» әріптерін «к» және «u» деп жазып жүргенін көріп жүрміз. Сонымен қатар «ә»-ні «а» «ғ»-ні «g», «ө»-ні «o»,  «ң»-ді «n» дей салады. Ал белгіленген ереже бойынша оны «q», «ú»,  «á», «ǵ» «ó», «ń» деп жазуға болмас па екен!?

Қазіргі технологияға қазақ шрифтісін орналастыру қиынға соқпайды. Ең бастысы, ізденсе болды. Бізден әлдеқайда жазуы қиын қытай, араб, жапон, корей тілдерінде ноқтасы мен иероглифін ауыстырып, қатесіз жазып жүрген шығыс халықтары бар емес пе?!

Ғаламтор қолданушы жастар бір-біріне қысқа түрде хат жолдап жатады. Мәселен, «Аслм», «келеатырм», «баратырм», «отырм», «үйд» сынды көптеген жазбаларды оқуға болады. Сондай-ақ жас буын өкілдерінің қолданып жүрген сөздеріне назар аударсақ, ол былай өріліп кете береді: «батан» (оқымысты), «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таңғалғанда айтылатын сөз, келіскенді білдіру), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «маяк тастау», «скидовать ету» (қысқa қоңырау) «крышасы бар» (қолдау көрсететін адамы бар), «көзбен ату» (қадала қарау), «потеря болу» (қобалжу), «сущняк» (сусын),«қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті). Осы тақылеттес жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден жиі кездестіреміз. Сондай-ақ бұл қатарға: «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигің бар?», «поделиться етші» деген сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын тигізбей қоймасы анық. Тіпті бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып барады.

Ғаламторда ауызекі сөйлеу тілінің элементтері болып табылатын жаргон, диалектизм, варваризмдер де жиі ұшырасады.  Әлеуметтік желілеріндегі граммати­калық қателіктер де көзге жиі ұшыра­сатын болып жүр. Тілге де­ген салғырттық, немқұрайлық осындайдан басталады. Желілерде пікір ал­мас­қан азаматтар осыдан біраз жылдар бұрын бір-бірінің қате жазула­рына ескерту жасап, түзету туралы ұсы­­ныс­тарын білдіретін еді, қазір мұн­дайды көп кездестірмейміз. Сірә, қателіктерге көз жұма қарауға бой үй­ретіп алған­даймыз. Ал сонда тіліміз­дің құнарын, та­залығын келесі ұрпақ­қа қалай жеткізбекпіз?

Ал осы мемлекеттік тілдің қойыртпаққа ұшырауына ағылшын тілінің әсері бар екенін көпшілік біле білмейді. Халықаралық тілге айналған ағылшын тілі дүниежүзі бойынша ақпараттық технологияларды тұтынушыларға әсер етуші фактор болып отырғаны ақиқат. Алайда ағылшын тілі жаһандық, электрондық коммуникация тілі, компьютер, ғаламтор тілі болғанының өзінде, оның ана тіліміздің қолданылу сапасына, сөз мәдениетіне тигізер кері әсері де жоқ емес. Өйткені, ағылшын  тілінде бірнеше сөзді ықшамдап, қысқартып жазу сәнге айналып барады. Халықаралық тілде бұлай жазу ыңғайлы. Себебі, бұл тілдің іргетасы қаланған, әлем халқы сөйлегеннен кейін әртүрлі диалектіні қосу, әр стильде қалам тербеуі түсінікті. Бұған дәлел ретінде, дүниежүзіндегі халықтың 83 пайызы ғаламторда он тілді кеңінен қолданатындығын айтсақ болады. Олардың арасында ағылшын, испан, француз, неміс, араб, қытай, жапон, корей, орыс, хинди және португал тілдері бар. Осыған еліктеген қазақ жастары сөйлемді қысқартып берудің нәтижесінде ойлау жүйелеріне де нұқсан келтіріп жатқанын өздері де білмейді. Мысалы, ағылшын тілінде жазылған сөздерден қате таба алмайсыз. Айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар бұл тілде кез келген ұлт өкілдері әріп қатесін жібермеуге тырысады. Ал бізде ше? Өкінішке орай сол бұрынғы сарынмен, үйренген қалыппен қалай естілсе солай жаза беретіндердің қарасы көп. Әлеумет­тік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық жұ­мыстар жасалмайтыны белгілі. Сондықтан желі пайдаланушылардың тілді пайдалану мәдениеті де сан қилы.

Әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдерге қалай жол бермеуге болады? «Сауатты жазайық», «Тіл тазалығын сақтайық» деп бастама көтеріп жүрген жанашыр азаматтар жоқ емес. Осы бағыттағы шараларды көбейтуге мән беруіміз қажет. Оқушылар мен студент жастардың арасында насихат жұмыстарын өткізіп, тіл мәдениетін көтеруді ұдайы насихаттап отыруымыз керек. Гаджеттерден, планшет пен смартфондардан әріптерді теріп отыруды қиынсынып әрі сөйлемдердің шұбалаң­қылығынан қашып, ойды толықтай жеткізе алмағандықтан, әлеуметтік желіден дайын суретті алып, соны жолдау арқылы бір-бірін түсінетіндер де баршылық. Әлеуметтік желілерде қатесіз жазу мен сөз мәдениетін сақтау үшін елімізде ең алдымен ақпараттық мәдениет жайында қажетті мәліметтер кеңінен насихатталса құба-құп. Сонда хат жазу кезінде, пікір жазған уақытта қателіктерді көп жіберетін желі қолдану­шы­лар да азаяр еді.

Бүгінгі нарық заманын жарнамасыз елестету қиын, өйткені жарнама – табыс табудың негізгі көзі. Сол себепті де ол теледидар, ғаламтор, радио, газет-журналдар арқылы да тұтынушыларға жол тартып, өзіне назар аудартады. Әлдебір тауар түрі кеңінен насихатталады. Ал енді осы жарнама мәтіндерінің сауатсыздығы сын көтермейді, грамматикалық қателердің нәтижесінде стилистика жағынан мағынасы ауысқан сөйлемдер көп. Бұл тіліміздің қадірін қашырып, ажарын солғындататын өзекті мәселе. Оған заң арқылы әкімшілік шаралар қолданып, тосқауыл жасауымыз керек.

Ана тіліміздің мерейін асыру үшін сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдение­тінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу нормасы. Технологияның өркендеген зaмaнындa әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дaмытудағы  әсері қaзaқ тіл білімінде жaн-жaқты зерттелуі тиіс.

Бізде қазақ тіліндегі жарнама тілі әлі де болса қалыптаса алмай келеді. Жарнама тілін реттеудің ең басты тетігі – жарнаманың мемлекеттік тілде жасалуы. Жарнамаға қатысты мәтіндер қазақ тарихында әріден қалыптасқан. Мысалы, өлең шумақтары, шешендік сөздер, мақалдарды қазақ ұлтының табиғатына, ұғымына сай қолданғаннан көп нәрсені ұтар едік. Қазіргі жарнамаларға тән ортақ кемшілік – олардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң ғана мемлекеттік тілге аударылуында. Осыған орай, сәтсіз аудармалар тартымсыз, мән-мағынасы айқын болмағандықтан, тұтынушыны қызықтыра алмай келеді. Орыс тіліндегі жарнамалардың мәтіні алдымен эстетикалық, дизайндық, тілдік, эмоциялық (адамның санасына әсер ету, тауарды сатып алуға ынталандыру) тұрғыдан сарапталып барып, арна арқылы таралады. Көп жағдайда ана тілімізде берілетін жарнама аудармашының ғана жеткен өре деңгейін көрсетеді.

Жарнаманы үлкен де, кіші де көреді, мәтінін оқиды, ой елегінен өткізеді. Ең бастысы, жарнама жас буын өкілдерінің санасына қатты әсер етеді. Тіпті ұлттық болмысымызға жат, ұлттық мүддемізге сай келмейтін жарнаманың қаншалықты қажеті бар? Жас ұрпақты ұлттық санасынан ажыратып, дүниетанымынан алыстатып әкетпей ме? Мәтіні мағыналы деуге келмейтін, әйтеуір қазақша болсын деген оймен аударыла салған жарнамалардың сиқын көрсең, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.

Жарнама тауар өткізудің басты құралына айналғандықтан, ірі компаниялардың өз өнімдерін насихаттауға белсене кірісетіні заңды. Кез келген жарнама беруші тұлға өз өнімін жарнамалап, насихаттамай табысқа жете алмайтыны да белгілі. Алайда жарнаманың да түр-түрі бар, арзанқол, ұғуға қиын, күлдібадам жарнамалардың мәтіні адам санасына теріс әсер етуі де мүмкін, көңілге де  қонбайды. Ал, әріп қателері мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері орын алған ақпараттар көше бойында әлі де бой көрсетіп қалады. Көптеген жарнама мәтіндері қазіргі кезде тіпті эстетикалық талап­тарға да сай келмейді. Сондықтан жарнама тілін реттеуді қоғам болып қолға алуымыз қажет. Жарнама тіліне қойылатын талаптарды ретке келтіру үшін, жарнама беруші тауарын немесе өнімнің мәтінін өзі дайын­дап, оны тек дизайндық тұрғыдан емес, лингвистикалық жағынан талапқа сәйкестендіруге мән беруі қажет. Сонда ешқандай қателікке жол берілмес еді. Қазіргі жарнамалардағы өріп жүрген қателер жарнама агенттіктеріндегі мамандардың мемлекеттік тілді дұрыс білмеуінен туындап отырғаны сөзсіз. Өйткені, жарнама – тілдің күнделікті қолданыста қалыптасуына оң әсер ететін бірден-бір маңызды нәрсе.

Көпшілігіміз жақсы білетіндей, тіл саласы – қоғамдық өмірдің бір бөлшегі, мемлекеттіліктің нышаны. Тіл – жанды үдеріс болғандықтан, ол бір арнада тоқтап тұрмайды. Бұл бағыттағы кемшін тұстарды үнемі саралап отыруымыз артықтық етпейді. Ғаламтордағы және жарнамадағы тіл мәселе­сінің түйткілдерін ой елегінен өткізген тұста қазақ тілін ­заманауи тіл дәрежесіне көтеру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы да тіл жан­ашырларын толғандыратыны анық. Себебі бұл екі саланың шекарасы жоқ ақпарат кеңістігі болғандықтан, оның тіліміздің аясына тигізетін оң әсері де жоқ емес. Олай болса, тілдің аясын кеңейту бағытында сапасына мән беру, бұдан келіп туындайтын өзге де мәселелерге назар аудару маңызды болып табылады.

Қазіргі таңда білім ордаларында да қазақ тілін оқытуды қолға алу маңызды болып тұр. Себебі жастар қазақ тіліне қарағанда ағылшын тілін тез әрі жетік меңгеріп алып жүргенін көріп жүрміз. Ал, мемлекеттік тілде оқуда көбінесе қызығушылық таныта қоймайды. Мұның бір себебі жас мамандарды жұмысқа қабылдаушы мекемелердің көбі ағылшын тілін білуді талап етіп, қазақ тіліне аса мән бермейді. Сол себепті де жарқын болашаққа ұмтылған жастарымыз келешегіне қолайлы бағытты таңдайды. Сондықтан, мемлекеттік мекемелерде ғана емес, сонымен қатар жеке меншік жұмыс орындарында халықаралық тілге қарағанда қазақ тіліне деген сұранысты күшейту қажет. Ал, білім ордаларында заманға сай материалдық-техникалық базасы мықты болып, студенттерді тіл әлеміне жетектеу арқылы қызығушылық тудыру керек деп ойлаймын.

Өз отанымызда отырып, әрбір мекемеде қазақ тілін үйрету курстарын ашып жатырмыз. Бірақ, сол курстарда оқып жүргендер (тең жартысы қазақ) қазақ тілін үйрене қояды дегенге өз басым иланбаймын. Өйткені, олардың көбінде ынта-ықылас жоқ. Тіл мәселесі – өте өткір мәселеге айналғалы қашан?! Себебі, тіл – әрбір ұлттың ары, намысы, абыройы, бітім-болмысы, өткен тарихы, бүгінгі болашағы. Өзінің тілін, тегін ұмытқан адам іштен шыққан жаумен тең. Отаншылдық, ұлтжандылық дейтін жақсы қасиеттердің бәрі өз ана тілін сүюден бастау алады. Кезінде авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатов «Егер менің тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын» дегенде осы қасиетті ана тілінің сөз жетпес құдіретін, адамға тән барша бітім-болмысының бастауы екендігін баса атап өткен болатын.

Қазіргі таңда орыстанып кеткен солтүстік қана емес, оңтүстік өңірінен де ана тілін білмейтін қазақ жастарының бар екенін байқауға болады. Кешегі уақытта кеңес өкіметін кінәлап келдік. Ал, қазір ше? Қазақтың өз билігі өзіне тиген жоқ па?! Қазаққа «Қазақша сөйлеме» деп тұрған ешкім жоқ. Өте ұят нәрсе. Өзіміз осындаймыз. Өзгелерге «қазақ тілін үйреніңдер» деп қалай айтамыз? Қай бетімізбен айтамыз?

Бұдан басқа ономастика мәселесі де өткір болып тұр. Көп жерлерде көше атаулары өзгеріп жатса да, тұрғындар әлі де сол баяғы атауларды қолданып жүр. Осы жөнінде ойланып көрдік пе?! Мысалы, елімізде ең халқы көп тұратын Алматы қаласында 164 көше атауын ауыстыру мәселесі көтерілген еді. Бүгінде көше атауларын бұрынғы атаулармен қолданып жүрген аға буын өкілдері қаншама десеңізші?!. Мысалы, Қарасай батыр деудің орнына Виноградова, Мира (Желтоқсан), Ленина (Достық), Ташкентская (Райымбек батыр), Правда (Алтынсарин), Пастера (Мақатаев), Октябрская (Әйтеке би), Баумана (Тұрғыт Өзал), Мате Залка (Өтеген батыр), Дзержинский (Наурызбай батыр), Космонавтов (Байтұрсынов) деп зуылдата жөнеледі. Көше атауларын өз атымен атау – үлкен мәдениет, сонымен қатар мемлекеттік тілге жасалған құрмет екенін ескерсек, кәне.

Өткен ғасырдың ширек ғасырынан бастап КСРО-ның құрамындағы мемлекеттерді билеген Сталин әуелі белгілі бір ел, мемлекет бір тілде сөйлейтін болады, сөйте-сөйте әлем бір тілге көшеді деген сәуегейлік айтқан. Кеңестер Одағы сол бір тілге көшуге зорлықпен болса да бейімделе бастаған. Біздің кеңес заманындағы емле ережеміз – Сталин мен Хрущевтің талабына толық сай келетін ереже. Ұлт болу үшін бес түрлі шарт жүзеге асуы керегін де Сталин белгілеп берген болатын. Оның айтуынша, ұлт болудың ең басты шарты – тілдік және тұрақ-мекен тұтастығы, сондай-ақ экономикалық, әдет-ғұрып пен салт-сана, психологиялық-мінездік бірліктер мен тұтастықтар қажет деген болатын. Мұхиттың арғы жағындағы алып ел АҚШ халықтарын бір мемлекетке біріктіріп отырған не? Ең бастысы – тіл мен тұрақ-мекенінің тұтастығы. Бұл екі тұтастық бар жерде өзге тұтастық та болады. Әйтпесе Америкада қай халық жоқ, бірақ бәрі бір тілде сөйлейді, бір мекенде тұрады. Еуропа мемлекеттеріндегі жағдай да сондай: бәрі тіл мен тұрақ-мекенінің тұтастығы арқасында ұлт ретінде дамып, өркендеп жатыр. Білім мен ғылымсыз экономиканың да, адамзаттың да дамуы болмайды. Ал, білім де, ғылым да тек тіл арқылы миға сіңеді.

Мемлекетіміздің экономикалық, қаржылық мәселелерін министрлер, зиялы қауым өкілдері, тағы басқалар талқылайды. Осы себепті экономикамыз дамуға қарай бет алып келеді. Ал, тілді тіл білетін аз ғана топ қана талқылайды. Сондықтан, оның мәселесі әлі де шешілмей келеді. Тағы бір айта кететіні, экономика десе барлық ұлт өкілдері қызығушылық танытатын болса, ал, мемлекеттік тілге өзге ұлт өкілдері бас ауыртқысы келмейді.

Жылда Ұлыстың ұлы мерекесі Наурыз мейрамы тойланғанда белгілі компаниялар қызметкерлеріне қазақы киімдерді киюді талап етіп жүргенін көрген кезде ішіміз жылып қуанамыз. Басқа ұлт өкілдері мұны намыс көреді. Әйтсе де, ұлттық киімде киініп, ал, тақия, сәукелені өзге ұлт өкілдері намыстанып кимейтіндігін жиі байқаймыз. Егерде Қазақстанда барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлесе олай болмас еді. Тілдің айналасында шешілмей жатқан мәселе көп. Сауатсыз аудармалар, қасақана қате жазылған жарнамалар – соның дәлелі. Осы күнде «Қазақ журналистикасында өзекті екі-ақ тақырып бар, ол – дін мен тіл» деп мысқылдайтындар бар. Діннің өзі тілмен тығыз байланысты екендігін де ұмытпайық. Өйткені, кім қай тілде жиі сөйлесе, сол ұлттың болмысын бойына сіңіреді. Иә, өзекті мәселе өзектілігін жоғалтқанша, бұл туралы айтыла да, жазыла да береді. Ұлттың негізгі белгісі, құндылығы – осылар болып қала береді.

Мемлекеттік және өзін-өзі басқару орындарындағы тілге қатысты психологиялық ахуал күрт жақсарып кетпегенмен, аз да болса оң өзгерістер пайда болды. Көш жүре келе түзеледі демей ме, алдағы уақытта қазақ тілінің мәртебесі жақсаратынына сенімдіміз.

                                                                                                                              Нұрлан ҚҰМАР

 

480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы