• Әдебиет әлемі
  • 24 Сәуір, 2019

Түркі жұртшылығының һәм иісі мұсылманның ортақ қазынасы

Т.Әлбеков,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Қазақ халқының түптегі, генетикалық болмысы, тіл жүйесі, діни ұстанымы, жалпы тарихи негіздері өзге түркі халықтарымен тамырлас болғандықтан, оның ХV ғасырдың бел ортасында жеке ел болып, ірге көтеріп, бірте-бірте ұлт болып қалыптасқанға дейінгі бүкіл мәдениеті, әсіресе әдебиеті ортақ болып келгені баршаға мәлім. Сол себептен де руникалық таңбалармен хатқа түскен көне түркі жазбалары, одан бергі Оғыз-Қыпшақ одағы кезеңіндегі әдебиет (VІІІ-ІХ ғғ.), оны жалғайтын дидактикалық, болмаса діни сарындағы (Х-ХІІ ғғ.) шығармашылық, кейінгі Алтын Орда заманында (ХІІІ-ХІVғғ.) дүниеге келген көркем поэзия мен шығыс халықтарының аударма туындылары, тіпті ХV-ХVІІ ғасырлардағы «Таварих-и гузидайи-нурсат-наме», Камал ад-Дин (Шжр-) Али Винаи Устад Мұхаммедхан-(сабз) ми’мар Харавидың «Шайбани-наме», Захир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-наме», Мирза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди», Қадырғали Қосымұлы Жалайридың «Шежірелер жинағы» т.б. шежірелер мен тарихнамалық кітаптар түркі халықтарының ортақ мұрасы екені де баршаға мәлім. Қазақ халқы мен оның құрамындағы ру-тайпалардың тарихы мен мәдениеті осы сияқты түркі халықтарының арасында мирас болып қалған жазба ескерткіштермен қатар Орталық Азияда, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінде дүниеге келген көркем, діни, философиялық, ғұмырламалық, эпистолярлық, тарихи-жылнама-лық, этнографиялық, деректік еңбектер арқылы жетті. Солардың бірі – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Қожамқұли-бек Баһадүр Балхи Имамқұли құшбегі ұлының «Тарих-и Қипшақи» атаулы кітабы. «Тарих-и Қыпшақидың» Санкт-Петербург-тағы (Ленинградтағы) Салтыков-Щедрин атын-дағы қоғамдық-кітапхананың сирек қорындағы нұсқасын [1] қарастырып, Орта Азия мен Қазақстан тарихына қатысты V бабының соңғы бөлігін аударып, түсініктерін жазып, алғаш ғылыми пікір білдірген шығыстанушы-тарихшы В.П.Юдин болды [2, 386-389]. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары өзбек тарихшысы Э.У.Хоршут Қожамқұли-бек Балхидың осы шығармасына қызығушылық танытып, ағылшын нұсқасынан үзінділер аударып, іргелі түрде зерттеулер жүргізді. Ол бұл еңбекті Орта Азия халықтарының тарихын жазуда айғақты дереккөзі ретінде қарастырып, Орталық Азияға қатысты «Тарих-и Кипчак-хани» – важный источник по истории Средней Азии и Северного Афганистана XVI-XVII вв.» атты іргелі еңбек жазды [3]. Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жылдардағы ұлттық тарихты қайта жазу үрдісінде ортағасырлық жазба ескерткіштерге деген қызығушылық артты. Бұл ретте отандық ғалымдар шығыс тілдеріндегі, атап айтқанда, араб, парсы тілдерінде жазылған көне әдебиеттерді түпнұсқа негізінде пайдаланып, қажетті жерлеріне аударма жұмыстарын жүргізді. Мысалы, профессор Ж.М.Төлебаева ХІІІ-ХІХ ғасырлардағы Орталық Азияның тарихына байланысты қолжазбалар мен сирек кітаптарды зерттеу нысанасына айналдырғанын көруге болады. Солардың қатарында ол «Тарих-и Қыпшақиды» да қарастырып, сирек жәдігердің Ұлы Британияның Бодлеандық кітапханада сақталған нұсқасының V бабының соңғы бөлігіндегі В.П.Юдин тәржімалаған нұсқада қамтылмаған кейбір мәтіндерді аударып, ғылыми талдаулар жасады [4]. ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ хандығын зерттеуші ғалым Н.А.Атығаевтың еңбектерінде де ортағасырлық әдебиеттердегі деректердің молынан пайдаланылғаны айқын аңғарылады. Оның «К истории казахско-индийских взаимоотношений в ХVІ-ХVІІІ вв.» зерттеуінде Қожамқұли-бек Балхидың мұрасы арнайы қарастырылып, оның ұлттық тарихтағы орны, аударылған нұсқалардың деректік, мәтіндік ерекшеліктері жан-жақты сараланады. Сондай-ақ бұл тақырыпта Ресейдің шығыстанушы-тарихшы ғалымдары да сырт қалмағанына да көз жеткізуге болады. Нақтылап айтқанда, ресейлік тарихшы А.К.Алексеев өзінің «Сведения «Тарих-и Кипчак-хани» о походе казахских султанов на Балх в 1648-1649 гг.» [5,56-59] зерттеуінде және «Средняя Азия при Аштарханидах в XVII-XVIII вв. По персоязычному историческому сочинению «Бахр ал-асрар» [6, 29] атты іргелі еңбегінде Қ.Балхи шығармасының Санкт-Петербург нұсқаларын пайдаланып, қажетті жерлеріне аударма да жасағаны байқалады. «Тарих-и Қыпшақиды» зерттеген ғалымдар-дың барлығы дерлік еңбектің 7 нұсқасын, яғни Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы РҒА Шығыстану институты бөлімшесінің қорында екі нұсқасы (тіркелу №№ С.433 және С.1864), біреуі Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің қорында (№964), тағы бірі осындағы Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік қоғамдық-кітапхананың қорында, бесіншісі – Өзбекстан ҒА Шығыстану институтының қорында (№ 4468), алтыншысы – Францияның Париж ұлттық кітапханасында (№348), соңғысы жоғарыда аталған Ұлы Британияның Бодлеан кітапханасында (№117) сақталғандығы туралы айтып, оларды ғылыми нысанаға алады. Бұл нұсқалар түрлі каталогтарға енгізіліп, олардың қысқаша болса да ғылыми сипаттамалары жазылды. Алғаш Орта Азия университетінің профессоры А.А.Семенов шығарманың өзбек нұсқасының каталогын [7,14] жазып, қалың оқырманға автор мен туындының қысқаша мазмұнымен таныстырды. Санкт-Петербург университетінің профессоры шығыстанушы А.Т.Тагирджанов осы оқу орнының Шығыс бөлімінде сақталған нұсқаға кең көлемде ғылыми сипаттама беріп, жазба ескерткіштің кейде «Тарих-и Қыпшақи», енді бірде «Тарих Қыпшақ», болмаса «Тарих-и Қыпшақ-хани» болып келетінін айтып, нұсқалар арасындағы ерекшеліктерге, еуропалық ғалымдар Е.Блошет [8, 235], Э.Захау мен Г.Этэның шығарманың ағылшын, француз нұсқаларына қатысты кейбір тұжырымдарына сыни пікірлер білдірді [9, 56-58]. Ал, парсытанушы Г.И.Костыгованың Санкт-Петербургтегі Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік қоғамдық-кітапхана қорының негізінде дайындаған каталогында «Қыпшақ хан машһүр, яки Қожамқұли-бек Балхи» еңбегінің осы қордағы нұсқасының сақталуы, қалпына келтірілуі, көлемі т.б. мәліметтер қысқаша қамтылған [10, 39]. Сондай-ақ туындының осы нұсқаларының ғылыми сипаттамасы ағылшын шығыстанушысы Ч.А.Сторидың орыс-америка зерттеушісі Ю.Э.Брегель толықтырған «Персидская литература: Био-библиографический обзор» [11, 39] жинақтар топтамасында кеңірек қарастырылды. Осы күнге дейін «Тарих-и Қыпшақиға» қызығушылық танытқан жеке адамдардың, болмаса аудармашы-зерттеушілердің дені осы аталған 7 нұсқаны қарастырып, нысана ретінде пайдаланып, ғылыми ой-тұжырымдар білдіріп келді. Алайда, осы жолдардың авторы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Ю.Пилтанның Душанбе қаласына барған ғылыми іс-сапары кезінде Тәжікстанның Ғылым академиясынан шығарманың тағы бір нұсқаны анықтап, көп қиындықтармен электронды көшірмесін елге алып келді [12]. Ең алдымен, бұл нұсқаның басты ерекшелігін көлемінен көруге болады. Оның көшіруші қойған реттік саны 1006 бетті көрсетсе, кейбір қосарланып, беттелмей кеткен парақтарды есептегенде, жалпы мөлшері 1036 бетті құрайды. Сол себептен өзге үлгілерге қарағанда осы қолжазбаға түскен мәтін толық әрі тарихшының өзінен бұрын жазылған еңбектерден алынған, естіген, көзімен көрген оқиғалары кең көлемде, мол деректер арқылы жеткізген алғашқы нұсқаларының бірі деуге негіз бар. Қолжазбаның соңында араб тілінде жазылған көшірушінің: «...Осы сөздерді жазушы – Қыпшақ хан (оны Алла Тағала апаттан сақтап, мәңгілік ғұмыр берсін). Осы тарихты жаңа айдың басында асығыс болса да аяқтау ойда болды. Бұл Пәленше ұлы Пәленше Пәленше ұлының хаттағаны [көшіргені]» [12, 1006] – деген сөздеріне қарағанда да бұл шығарманың бір ғана көшірме нұсқасы болып табылады. Сондай-ақ шығармамен танысу барысында Қожамқұли-бектің тек жазушы ғана емес, тарихты зерттеуші екендігінен де хабардар боламыз. Бұған автордың шығарманы жазу кезінде өзінен бұрынғы қыруар әдебиеттерді пайдаланып, оларды бір-бірімен салыстырып, айтқан өзіндік ой-пікірлері айғақты дәлел болады. Ортағасырлық кітаптардың көпшілігі патшалардың, уәзірлердің, яки жоғары мансап-тағы билеушілердің тапсырысымен жазылып, солардың көмегімен жарық көріп, жария болып отырғаны мәлім. Ал, дәл осы шығарманың жазылу барысында автор өзіне бағыт-бағдар көрсетіп, кітаптың ішкі құрылымының, мазмұндық жүйесінің сапалы шығуына ақыл-кеңесін беретін, қаржылай көмек беретін бірде-бір адам тап-пағанын өкінішпен еске алып отырады. Кітапты жазуға өтініш жасап, оған көмек қолын созған адам Пенжаб аймағының билеушісі Абдассамад хан Баһадүр ғана болады. Сол себепті Қожамқұли-бек алдымен тарихи кітаптарды оқып, оларды өзара салыстыра саралап, оған көзімен көрген оқиғаларды қосып кітапты 1720 жылы бастап 1722 жылдың жамид-әл-әууәл айының 2-сі бейсенбі күні алғашқы нұсқасын аяқтап шыққан. Кейін автор еңбегін қайта қарап, көп жерлеріне көңілі толмағандықтан, оны толықтыруға кіріседі. Сөйтіп, өзінің жанашыры Абдассамад хан Баһадүрдің Лахор уалаятының әмірі болып тұрған кезінде қолжазбаны қайта пысықтап, жаңа тарихи кітаптарды қарастырып, сол кезеңнің оқиғаларын жақсы білетін адамдарды іздестіріп, ақыл-кеңестер алып, өзі көзімен көргендерді жад елегінен қайтадан өткізіп, солардың негізінде өзгерістер енгізіп, 1725 жылы шығармасын толық аяқтауға қол жеткізеді. Осы ретте қолымыздағы тарихи жәдігердің авторы «Қыпшақ хан» жанама есімімен танылған Қожамқұли-бек Балхибин Қыпшақ хан – Имамқұли құшбегі бин Сұбханқұли хан туралы қысқаша тоқталып өткенді жөн санаймыз. Оның өмірі мен қызметіне қатысты нақты деректер тым мардымсыз. Дегенмен, Иранның Хорезм университетінің оқытушысы Исмаил Чангизи Ардакани мәліметтерінде Қожамқұли-бектің түптегі Қыпшақ тайпасынан шыққан ата-бабалары Герат аймағының Түлек қамалына келіп қоныстанған екен. Кейін Орталық Азиядағы Ұлы Моғол империясы, Мәуреннахр мен Иран сефидтерінің арасындағы соғыс-жанжалдарға байланысты Бабыр әулетінің қызметіне келеді. Нәдір-Мұхаммед хан 1641 жылы қалың әскермен Балх-ты жаулауға келгенде Қыпшақ хан (Сұбханқұли хан – тарихшының атасы) шахзада Арангзибке қосылып бекіністі қорғауға қатысады. Ұлы Моғолдардың билеушісі Шаһ Жаһан уақытша қиындықтарға байланысты 1647 жылғы келісім бойынша Балхты Нәдір-Мұхаммед ханға тапсырды. Қанһар қаласы да беріліп, оның әмірі Дәулет хан Үндістанға жан сауғалайды. Сөйтіп, Сұбханқұли хан Иран сефидтерінің қолына түседі. Оны отбасымен тұтқын ретінде Мешхед қаласына алып келгендіктен, 1648 жылға дейін сол қалада тұрып қалды. Қожамқұли-бектің әкесі сол қалада туып, Имам Ризаның (Пайғамбар немерелерінің бірі) құрметіне орай оның есімін «Имам Құли» деп атайды. Кейін ол (әкесі) туған жеріне қайтып оралып, Балх аумағының Дерагезуалаятының билеушісі болып, құшбегі мансабын иеленеді. ХVІІ ғасырдың аяғында Балхтың айнала-сындағы көрші елдерде жат пиғылдағы күштер топтасып, аймақ соғыс жағдайында болады. Атап айтқанда, 1693 жылы Үргенш әмірі Арал хан мен Балх әмірі Махмұт Аталық арасында сұрапыл соғыс Бұхарадан 7 фарсанг жерде өтіп, алдыңғы хан қаза табады. Бұл шайқас Балх, Бадахшан, Құндыз бен басқа да жақын аймақтардағы ахуалды ушықтырып жібереді. Балхқа қарасты Дерагезуалаятын билейтін Имамқұли құшбегі аумақ әмірі Махмұт би аталықпен келісімге келе алмай туған жер, атамекеннен кетуге мәжбүр болады. Ол отбасымен 1695 жылдың аяғы мен 1696 жылдың басында Бехимаре өзенінің бойында Хеидарабатты бағындырып, жеңіспен келе жатқан шахзада Арангзибтің қосындарына келіп қосылады. Оның ұсынысымен Шаһ Жаһан патша әкелі-балалы Қожамқұли мен Иманқұлиды әскери мансаптарға бекітіп, «Қыпшақ хан» деген жанама атау береді (Бұл мәліметтерді автордың өзі кітаптың бастамасында келтірген – Т.Ә.). Иманқұли құшбегі Моғол патшасының сарай уәзірі Әмір ханның қызметінде болып, 1116 жылы дүние салды. Әкесінің өлімі жөнінде автор бастамада: «...Бірақ баянсыз жалған дүние мұрсат бермей, осы пақырдың әкесі жаман аурудан 1116 жылдың жамадиуләуал айының 11-де [1703 жылғы 22 қыркүйекте] дүние салды...», – деп сол бір қайғылы кезін өкінішпен еске алады. Осылай тарихшының Үндістан еліндегі сапары басталады. Мұхаммад Азам Шаһ 1707 жылы билікке келгеннен соң Қыпшақ ханның жағдайы жақсара түсіп, әскери мансабы өсіп, ұлы сардарлардың қатарындағы Мұхаммад Амин сынды әскербасыларымен жақын араласады. Баһадүр шах І қайтыс болған 1707 жылдан кейін оның ұлдары Жаһандар Шах пен Әзім-үш-Шах тақ таласына түсіп, екі жікке бөлінгенде Қыпшақ хан Дұғлат Кашқари ханмен бірге Жаһан Шаһ жағына қосылды. Бақталастықтың аяғы соғысқа әкеліп соғып, нәтижесінде Әзім-үш-Шах жеңіліп қаза табады. Оның ұлы Фарох Сиярмен өткен шайқаста Қыпшақ ханның жақтасы Жаһандар Шаһдың ұлы сардары Золфақар хан шейіт болады. Жаһандар Абдассамад ханды Сик қауымының басшысы Грудың жасаған бүлігін басуға жібергенде Қыпшақ хан Абдассамадты қолдап, соның қарамағында жорыққа аттанады. Қожамқұли-бек қолбасшылардың сапында қатысқан бұл соғыс ұзаққа созылып, 1714 жылғы бір ұрыста оның мойнынан оқ тиіп (мылтықтан) жарақат алады. Лухкаредегі шайқаста сиктерден басым түсіп, Закария хан есімді сардармен бірге Сахрандағы әмір Мир Жумлеге жеңістің сүйінші хатын алып барды. Аса маңызды жеңістің хабары да, оны алып келген жаралы қолбасшы да әмірді назарына ілігіп, оның ұсынысымен патша Қыпшақ ханның әскери шенін өсіріп, бағалы сыйлықтар берді [12, 885]. Еңбек Ұлы Моғол империясын Рошан Ахтар Баһадүр билеген (1719-1748) кезеңде басталып, араға 6 жыл салып толық аяқталды. Сиктермен соғыста ерлігімен танылған Абдассамад Баһадүр-хан [13, 69-70] патшаға жақындығын пайдаланып тарихшы шығармасының алғашқы нұсқасын бітіріп, толықтырып, екінші нұсқасын жазып жатқан кезінде «Баһадүр» деген атақ берілуіне ықпал етеді. Қожамқұли-бек Балқи Баһадүрдің бұдан кейінгі өмірі мен шығармашылығы көмескіленіп барып, жоғалып кетеді. Автордың өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытқан зерттеушілер оның осы қолжазбадан өзге туындылары кездеспейтінін айтып жүргені белгілі. Алайда, кітаптың қолдағы Душанбе нұсқасымен танысу барысында оның қосымша бөлігінде Қожамқұли-бектің Индия еліне барғанда жолай көрген-түйгендерін баян ететін сапарнамалық туындысы қамтылғанына көз жеткіздік. Бұл жолғы мақсат тарихшының тек «Тарих-и Қыпшақи» еңбегін аударып, жарыққа шығару болғандықтан, оқырмандарды бұл шығармамен таныстырудың кезегін алдағы уақыттардың меншігінде қалдыруды жөн көрдік. Автордың қолынан шыққан алғашқы нұсқаның ауқымы осы соңғы қолжазбадағыдай мазмұнда емес екендігін өзінің мына сөздерінен айқын аңғаруға болады: «...Осы кезде ғажап екі оқиға болды. Бірі Маһқұр тобы туралы болса, екіншісі Үнді мен Даһкан патшасы Фарох Сияр жөнінде айтылады. Аяғында Маһқұрға қатысты қысқаша айтылады. Оның үстіне бұл бұрыннан келе жатқан арман еді. Қабілетімнің жетпегендігінен және уақыттың тығыздығынан қысқаша ғана хатқа түсірілді. Адам (ғ.с.) заманынан бастап пайғамбардың қоныс аударуына және кітап аяқталған 1132 жылға [1720 жылға] дейінгі аралық қамтылады. Ұлы ақсақалдар осы жазбаны оқып, қатесін тауып, ұлылық танытып, дұрыстауға көмектессін» [12, 1]. Бұл айтылған мәліметтерге мән берер болсақ, онда алдыңғы қолжазбада Адам (ғ.с.) бергі дәуірлер, Мұхаммед пайғамбардың қоныс аударуынан осы кітапты жазуға кіріскен 1720 жылға дейінгі кезең қаралған. Ал, алдыңғы және соңғы нұсқалардың мазмұндарын салыстырғанда, тарихшының 1722-1725 жылдар аралығында шығарманы қайта елеп-екшеп, тың ізденістер жасап, толықтыруға көп күш салғанын көруге болады. Исмаил Чангизи Ардаканидың пікіріне қарағанда, Қожамқұли-бек еңбегінің тарихи нақтылығы мен деректік маңызынан гөрі әр дәуірлердегі саяси ақпараттар мен әскери жорықтар, соғыс әрекеттері басымдау болып келеді. Бірақ сол бір кезеңде Темір әулетінде қызмет еткен Хуфти ханның «Мунтаха-уләлбаб» және Ирадат ханның «Тарих-и Ирадатхани» және «Тарих-и Қыпшақи» еңбектерде қамтылған тарихи оқиғалар ортақ болды. Алайда, Ұлы Моғол империясының билеушісі Аламгир Арангзиб өзі таққа отырғанына 11 жыл (1669) өткенде ел тарихын жазуға тыйым салғандықтан, тарихшылардың дені шығармаларын жасырын жазуға мәжбүр болады. Солардың қатарында Хуфти мен Ирадат хандар да бар еді. Ал, Қожамқұли-бектің шығармасында тарихи деректер жан-жақты қамтылмаған болса, оны да сол саясаттың әсері деп түсінген жөн. Тарихшының діни көзқарасына тоқталар болсақ, осы нұсқаны көшіруші айтқандай: «...осы мүбәрәк жазба ...Алла Тағаланың көмегімен жазылды» [12, 1006]. Ол әрқашанда Ислам дінін ту етіп көтеріп, оның жолында дінсіздерге қарсы соғысып, қанын да төгіп, жарақаттар алады. Исламның сүниит бағытын ұстанып, қаншама жылдар Парсы елі мен Үндістанда жүрсе де Имам Ағзам (ӘбуХанифа) дәстүрін бұзбай, оны мадақтаудан, насихаттаудан бір танбайды. Тарихшы болғандықтан, кітапты жазу барысында өзге діндерге, бағыт-ағымдарға бейтарап болуға тырысады. Дегенмен, көз алдында болған оқиғаларды баяндағанда өзге дінділердің, болмаса дінсіздердің жауыздығын, жабайылығын, озбырлығын, имансыздығын басып айтып, оларды Ислам жолына түсіруге күш салады. Қожамқұли-бек түпкі атасынан бері ел билігіне араласып, соғыс жағдайларында әскербасылық қызметтер атқарғандықтан, ол және оның әулеті өздері түрлі себептермен көшіп-қонып жүрген Мәуреннахр, Иран мен Үндістан жерлеріндегі тарихи-мәдени, саяси-әлеуметтік ахуалдардан сырт қала алмады. Ол барлық уақыттарда да Темір әулеті билеушілерінің жағында болды және сол бағыттан еш ауытқымайды. Тіпті, Әмір-Темірдің билігін айрықша сипаттап, оның айтқандары мен істегендері Алланың аянымен атқарылады деп ұғынады. Тарихшы бүкіл шығармашылық кезеңінде әділдікті, имандылықты, парасаттылықты жақтап, осы қасиеттерді бойына сіңірген пайғамбарларды, халифаларды, имамдарды, тіпті патшаларды, әр деңгейдегі билеушілерді мадақтаудан арланбайды. Кейбір тарихи оқиғаларға, қоғам және мемлекет қайраткерлері арасындағы дау-дамайға, саяси теке-тірестерге сыни көзқараспен қарап, өзіндік пікірлерін білдіреді. Әсіресе, ілгергі-бергі билік иелерінің жат қылықтарын (бейберекет өмір салтын, маскүнемдікті, зинақорлықты т.б.) сын тезіне алып, кейінгілерін имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке үндейді. Бұл – тарихшының қоғам және әскери қайраткер ретіндегі, жалпы адами ұстанымы. «Тарих-и Қыпшақидың» тілі мен жазылу мәнері жөнінде бірер сөз. Қожамқұли-бек Балхта түркі әулетінде туып-өскенмен, парсыша білім алып, оның тілі мен әдебиетін жетік білгендіктен, туындысын осы тілде жазғанды жөн санаған сияқты. Парсы жұртының тілі мен ділін терең білетіндігін оның қолданысындағы көне сөздерден, ой-толғамдардан, ежелгі тарихтың сілемдерінен айқын аңғаруға болады. Ол 20 жылдай өмірін Үндістанда өткізді. Сондықтан, бойына бұл елдің де тілін, дәстүрін, тарихы мен мәдениетін аз сіңірмегендігін шығарманың кей тұстарында кездесіп қалатын үнді сөздері (чуки, чиле, чодул т.б.) айқындап тұрады. Ал, шығармада тарихшының түбі түркі екендігін көрсетіп отыратын ұлыс, ақсақал, дастархан сынды жиі ұшырасатын сөздер де аз емес. Қожамқұли-бек ортағасырлық авторларды мейлінше мол оқып, оларды жан-жақты зерделегені, терең меңгергендігі жазу машығынан байқалады. Бірақ кейде бір оқиғаға байланысты мәліметтерді қысқартып пайдаланатыны соншалық, бір ойды екіншісі жалғай алмайтын түсініксіз жерлері де жиі кедеседі. Енді бірде бір ойды, оқиғаны, эпизодты бірнеше жерде қайталап кететін тұстары да жоқ емес. Шығарманың тағы бір кемшін тұсы, автордың өзі билеуші әулеттен шыққандығынан да болар, оның кейіпкерлерінің дені қоғамның элиталық, яғни билеуші топтарынан құралады. Ал, қарапайым адамдардың, қатардағы сарбаздардың, кәсіп иелерінің, егінші-шаруалардың тұрмыс тіршілігі, әл-ауқаты, ұлттық болмысы, мәдениеті, діни ұстанымы, әдет-ғұрпы, жауынгерлік жетістіктері, т.б. мәселелер қозғалмайды. «Тарих-и Қыпшақи» еңбегінің жоғарыда көрсетілген жеті қолжазбасының Санкт-Петер-бургтегі төрт нұсқасының хатқа түсірілуінде, мазмұндық түзілімінде, мәтіндік жүйесінде азды-көпті өзгешеліктер бар және олар түрлі себептермен қысқартылып, кейбірі үзінді күйінде жазылғаны аңғарылады. Осы ретте профессор Ж.Төлебаеваның зерттеу нысанасына іліккен «Шайбани ханның тарихы және [оның] Темір ұрпақтарымен қарым-қатынасы» аталған авторы мен көшірушісі белгісіз қолжазбаның Қожамқұли-бек шығармасының бір нұсқасы екендігін анықтап, оның В.П.Юдин аударған Санкт-Петербург (С.433) нұсқасымен салыстырып, мәтіндік ерекшеліктерін айқындап, талдаулар жүргізуі, сондай-ақ Лондон нұсқасын да қарастырып, өзіндік ой-тұжырымдарын білдіруін нағыз ғалымға тән іздемпаздық қасиет деуге толық негіз бар. Ал, Исмаил Чангизи Ардакани француз және Лондон нұсқалары аздаған мазмұндық өзгешелік болмаса, бір-біріне өте жақын келетіндігін айта келіп: «Олардың айырмашылығы да, екеуінің көшірілу мерзімі де бір-бірінен көп алшақ емес. Бәлкім, бір нұсқадан көшірілуі де ықтимал» , – дейді. Енді Ұлттық кітапхананың сирек қорын-дағы [14] Лондон және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорындағы [15] Душанбе нұсқаларының көшірмелерін өзара салыстырғанда, көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да бір-біріне өте жақын келетіндігін көруге болады. Кейінгі ғылыми айналымға түспеген нұсқаның (қолжазба кітаптың) құрылымдық жүйесіне, жазылу машығына, каллиграфиялық ерекшелігіне, әрлеу (дизайндық) үлгісіне (беттердің шеттері мен мұқабасының алтынды сиямен әдіптелуі), сиясы мен қағазының сапасына қарап, оның билеушілердің біріне арналып дайындалған алғашқы нұсқаларының бірі екендігіне күмән келтіруге болмайды. Ал, шығарманың Душанбе нұсқасының көшірмесі Институттың жоспарлы жұмыстары-ның қатарында елге жеткізіліп, ғалымдардың талқысына салынып, бұл қолжазба жәдігердің тек Орталық Азия елдерінің ғана емес, қазақ халқының тарихына қатысты тұстары да аса мол екендігі сөз болды. Сондықтан, бүгінгі күнге дейін әлемнің ешбір тіліне толық тәржімаланбаған, тіпті түпнұсқа тілінде де басылым көрмеген бұл жәдігерді тікелей қазақ тіліне аударып, отандық руханияттың қатарына алу туралы ұсыныстар түсті. Нәтижесінде арнайы жоба жасалып, ол 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, жеңіске жетті. Нәтижесінде бұл қолжазба жинақ 2017 жылы М.О.Әуезов атындағы институттың Ю.Пилтан, Т.Әлбеков, Н.Елесбай, А.Оралбек сияқты зерттеушілерінің тәржімалауымен алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. «Тарих-и Қыпшақи» еңбегін аяқтарда Қожамқұли-бек Балхи: «Жазушы жағдайының жоқтығынан, қаражаттың кемшіндігінен, қабілет-қарымының аздығынан, жол азабынан, жалғыздықтың салдарынан шынайы сөзді үлкендердің құлағына жеткізе алмады. [Бұл жазылғандар] дұрыс па, жоқ әлде дұрыс емес пе, Құдай Тағаланың көмегімен 3 жылда жаңа үлгіде хатқа түсіреді. Егер баяндау кезінде кейбір оқиғалар ұмытылып қалған болса, «Адамның өзі қателіктерден жаратылды», – деп ағынан жарылған екен. Арада үш ғасыр өтсе де тарихшының осы пікіріне біздің де толық қосылғымыз келеді. Алдағы уақыттарда шығарманың барлық нұсқаларын бір жерге топтастырып, бір-бірімен салғастырып, әдеби-текстологиялық зерттеулер жүргізу арқылы түпнұсқаға жақын нұсқасын анықтап, ғылыми басылымын жарыққа шығарамыз деген ойдамыз. Сондықтан, аудармашылар тарапынан кеткен кемшіліктерге алдын ала кешірім сұраймыз. Әзірше осы ұлы жәдігер ұлт руханиятының бір кем жерін толтырып жатса, мақсатымыздың орындалғаны.

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы