• Әдебиет әлемі
  • 24 Сәуір, 2019

Бұлттар қалай пайда болды?

Дидар Қайрат

2000 жылы ҚХР-да дүниеге келген. 2006 жылы Атамекеніне оралған. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің журналистика факультетінің түлегі.

Аспанда сан мыңдаған жұлдыздар. Ал, жалғыз Ай сымбатты сері жігіт екен. Оның оң жағында миллион, сол жағында миллион жұлдыздар жүреді екен. Оның серілігін, сымбатын көргіңіз келсе түн басқанда аспанға қараңыз. Сол Айдың жанында бір жарқыраған жарық бар. Жұлдыз сияқты көрінгенмен жұлдыз емес. Үйшік. Сол үйшіктің ішінде кішкене ғана Аққар ханша тұрады. Ай – сері қанша жұлдыздың жүрегін жаулағанымен жалғыз Аққар ханша сөз салғанда, бетін қайырып тастапты. Ай – сері содан бастап мына күйбең тіршіліктің қамынан тыс, салқам сері күйде Аққар ханшаны қарындасым деп, қамқор болып жүрсе керек. Алайда, оған деген сезімін жоя алмапты. Ең қызығы Аққар ханшаға сонау Күндіз әлемінің падишаһы Күн мырза да сөз салмасы бар ма? Кербез ару оның да бетін қайырып тастайды. Күн падишаһ қатты ашуланып, қызарып, содан бастап күйіп жанып жүретін болыпты. Аспан әлемінің екі арысын тойтарып тастағанында да бір сыр бар. Шоқжұлдызының ар жағында, Темірқазықтың бер жағында Бақташы жігіт өмір сүреді. Аспан әлемінің қызметшісі бақташы барлық жұлдыздар шоғырының орналасу ретін қадағалап жүреді екен. Аққар ханша мен Бақташы жігіттің арасын талай бөгет бөліп жатса да, бірін-бірі сырттай ұнатып жүрген соң, олар кездесуге бел байлапты. Таң ата бастады. Бәрі ақырын сөне бастаған шақ. Бақташы жігіт Ай ұйқыға кеткенде, Ай астындағы үйшікке келеді. Аққар ханша оны күтіп отырғандай қарсы алдынан жарқ ете қалды. – Көркемім, өмір бойы сендей жанды іздеген шығармын?- деп Бақташы сөз бастады. – Баяғыдағы серінің салған әні сияқты көпіртпеңіз. Әлде... мені шын іздедіңіз бе? – Аққар ханшам-ау?! Басымды бәйгеге тігіп, тәуекел етіп осында сені көру үшін келдім емес пе? Өзіңді күнде көріп жүретін Ай – сері неткен бақытты еді?! – Ай – сері мені қайтсін? Қарындасымын ғой.. – Иә... Ай ағаң оянбай тұрғанда қашып кетейік ? – Не деп тұрсыз? Құдай-ау?! Мұны естісе екеумізді тауып алып, күндіз бен түннің падишаһтары жазаға тартады. Сізді жазым етеді! – Өзің тағы мені уайымдап отырсың ғой? – деп Бақташы жігіт қуана күлді. Аққар ханша төмен қарап, ұяла күлімдеді. Бақташы жігіт жақындап келіп оның самайынан сипап жатыр. Аққар ханшаға аспан әлемінде Бақташы жігіттей жан жоқ сияқтанды. Мынау ханзадалар, мынау падишаһтар, мына шіреніп қалған тәкаппар жұлдыздар оның жанында түкке тұрмайды. Екеуі оңашада, Ай астында ұзақ сырласты.Жұлдыздар таң ата сөнеді. Бүгін екі жұлдыз сөнбей тұрып алды. Таң болса атып келеді. Күн падишаһ шығыстан көтеріліп келе жатыр. Падишаһ келе жатып екі жұлдызды көрді. Шабына от түсіп, шатынап ашуланып, бар аспанды қақыратып жіберді. Күн тұтылып, аспан айрылғандай. Барлық аспан тұрғындары оянып жатыр. – Ай – сері! Оян! Оянда көр мына сұмдықты! Ай оянып, аң-таң боп мәселені ұғына алмай жатқанда: – Ай – сері, мына сен қамқор боп жүрген Аққар ханшаң Бақташы жігітпен әмпей-жәмпей болып жүр! Сені, мені, аспан заңын құрметтемей отыр ғой! Аспан тұрғындары ду ете түсті. – Не дейді? – Ойбай, ханша басы хан басымен ана Аққар ханша Бақташы жігітпен жүр дейді! – Ешкімді менсінбей барып бақташыны таңдағаны несі? Халық у-да шу... Аққар ханша Бақташы жігіттің артына тығыла берді. Аяқ қолы дір-дір етеді. – Тоқтат! – деп Күн айғайлап еді, бәрі жым болды.– Бұларды жазалау керек, Түн серісі Ай! Маған рұқсат ет! Енді бәріне сабақ болар жазаны қолданайын! Ай сәл үндемей тынып тұрып: – Күндіздің падишаһы, әрине заңға бағынамыз. Бірақ мына қыз менің құзырымда. Аққар ханша менің қарындасым. Падишаһ қарындасын ешкімнің жазалауға хаққысы жоқ! Ал, Бақташы жігітпен не істесең де өз еркің – деп Ай – сері Аққар ханшаны қолынан сүйреп, шырылдатып әкетіп барады. Ешкім тоқтатпады. Бақташы жігіт аруын соңғы рет қарап үлгерді. Жұлдыздар бірте-бірте сөне бастады. Бәрі кеткенде Күн қаһарына мініп, Бақташы жігітке отты найзасын сұғып алды. Көз ұшында аспан әлемінен жерге қарай бақташы құлап бара жатыр. Жер бетінен қарағанда, аспаннан тағы бір құйрықты жұлдыз ағып түсті. Бақташы жігіт өлді. Күн қатты күркіреді. Ол былай деп күркірейді: – Мен де ғашық едім ғой? Мен біреуді өлтірдім. Ғашықтықтан соқыр болдым. Енді менің жүрегім жер мен көктің арасында парша-парша! Мен күнәһармын! Күн сол кеште көкжиекке өзгеше болып батты. Батыс аспан бөлігін сан алуан түстермен бояп, қып-қызыл болып кетті. Бір жұлдызды өз қолымен сөндіріп, күн де батып кетті. Аспанда жұлдыздар жымыңдасып оянып жатыр. Ай да жарқырап шыға келді. Жанындағы үйшікте Аққар ханша тұрмай жатыр. Ай оны әрі шақырып, бері шақырып шығара алмады. – Аққар ханша, сен мені кешір. Күн падишаһтың билігі менен жоғары. Сенің өміріңді сақтап қалғаныма қуануың керек! - деп еді, кенет есіктен сүйретіле ару шығып: – Жалғанда жалғыз жабығып жүріп, сыңарымды тапқанда бұл не сор?! Онда менің барымнан жоғым!-деді де, Аққар ханша аспан әлемінен жерге қарай секіріп кетті. Ай оны ұстап үлгермеді. Жер бетінің ауа қабаттарына Аққар ханша денесі ақ ұлпа болып жайылды. Міне осылай аспан әлемінде жаңадан адамдар «Бұлт» дейтін аппақ манаурап көшіп жүретін құбылыс пайда болды. Бүгін көшеде келе жатсам жаңбыр аяқасты жауып кетті. Аққар ханша сүйгенін ойлап бір жылап алған-ау...

408 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы