• Әдебиет әлемі
  • 19 Наурыз, 2019

Қоңыр қозым-ай!..

Дидар ҚАЙРАТҚЫЗЫ 2000 жылы ҚХР-да дүниеге келген. 2006 жылы Атамекеніне оралған. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің журналистика факультетінің түлегі.

Балқан тауым – елім қалды... Еміс-еміс есімде, төрт жасар бүлдіршін едім. Таңғы бестер шамасы. Күн суық. Қостың бұрышына тығылып, оранып жатып, киіздің жыртығынан сығалаймын. Таң əлі ата қоймаған. Əкем мен шешем теңдерді буып-түйіп, көк мəшинеге тиеп жатыр. Жанымда қоңыр қозым – Бүтінім. Оны да жамылғымен қымтап қойған. «Бүтін» деп ат қойғаным, жетім тоқты еді. Менімен «Бүтін болсын» дедім бе, әйтеу, жанымнан тастамай, еміздіктен сүт беріп, өзім өсіріп едім. «Еркек тоқты құрбандық». Соғымға құрбан болып кетті... Мен деген қиын малсақ едім. Осыдан кейін үйдегілерді кінəлап, жылап қоя бердім. Олар болса күледі. Ет жесе «Бүтіннің еті» деп қарқылдады. Мен одан ары жылаймын. Жемеймін. Бала боп кейде ұмытып жеп қоймасам, есіме түссе үйді басыма көтерем. Сəби жүрек сонда өмір құрбандықсыз болмайтынын ұғынып еді... Ұмытып қалыппын. Тағы бір естеліктерде, біз қалың қия жартастың арасымен өтеміз. «Құлап қалады екем» деп зəрем қалмайды. Жартасты бойлап жіңішке жолмен келеміз. Көк мəшине шыға алмайды мұнда. Ондайда Кербесті біздің таптырмас көлігіміз... Шаңырақ, уық, киізімен бір тең, кебеже-жозысымен бір тең боп көшіп барамыз. Жартастан төмен көз жетпес құз. «Көшіп-қонып, осы жартастан емін-еркін секіріп өтіп мал жайып, даланы ен жәйлап жүреміз» дейді әкем. Ары қарай «Дөңгелек қарағай» деген жайлау бар. Ен жазық жатқан жап-жасыл молшылық өлкесінде самырсын, балқарағай аралас ну орман. Ішінде елік, ілбіс, қарсақ, борсық, қасқыр мекендейді. Маған Асқар таулар қоршап тұрған Дөңгелекқарағай шынымен дөп дөңгелек жазық дала сияқты көрінеді. Жап-жасыл Жəннатым менің! Ойын-сауық болса сенің бөктеріңді қуаныш пен күлкіге толтыратын осы қазақтар ғой. Менің жасыл мекенім, сағындым!.. Тағы бір бұлыңғыр естелікте мен вокзалда еңіреп жылап отырам. Бұны мен түсім екен дедім. Анамнан сұрасам шын екен. «Қазақстаным, елім» деп, шекарадан өтейін деп жатқан кезіміз. Əкем маған «Қазақтың өр рухын таптатпа. Намыс деген біз үшін қашанда бірінші орында» деп тəлім беретін. Арғыбеттің қазақтары маған нағыз қазақтар боп көрінеді. Олар сол баяғы еркін, намысшыл, жауынгер қалпы, көшіп қонып, ойын мен сауық құрып, сал серілер мен арулардың ортасындай елестейді... Бірақ қазір екі мың он сегізінші жыл. Екі мыңыншы жылдарға дейін солай еді. Қазақ өз тілінде сөйлеуге «ұялады». Намаз оқымайды (кейбірі тығылып оқиды). Өз ұлтынан өздері жиренеді... Иə, бұл бір кездегі нағыз қазақтардың қазіргі болмысы. Олай болмаса не өлім, не түрме... Арғыбеттің ер қазақтарының өр рухы өліп барады... Əкімият дейтін молда болатын. Қазақтар болмысынан аттап бара жатқанда, тоқтау салып отыратын көненің көзі, көсем еді. Шығыстан жеткен суық хабарда «Əкімият молда өзіне қол салыпты» деп естідік... Артында жылап елі қалды... Арамзалар, пəтшағарлар! Ұлтты жою үшін «елім дейтін» ерлерінен құтылайық дегені... Артынша тағы бірнеше молда өз-өзіне «қол салды»... Бұл кімнің ісі екені айдан-анық. Амал нешік?.. Еркек тоқты құрбандық...

434 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы