• Мәдениет
  • 19 Наурыз, 2019

Жеңіл атлетикамыз неге жүдеу?

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дене шынықтыруды және спортты халықаралық дәрежеге сай дамыту бойынша көптеген игі істер атқарылып жатқаны жасырын емес. Мәселен, таяуда Кенияның 5 спортшысы Қазақстан азаматтығын қабылдады. Құрама сапына екі ер және үш әйел алынды. Шедраке Коэче (1999 жылы туған) және Кенете Ротиче (1990). Ал әйелдереден – Норе Джируте (1995), Каролине Кипкируи (1994) және Дэйзи Джепкемей (1996). Желден жүйрік желаяқтар Шығыс Қазақстан облысы үшін сынға түспек. Мамандар кениялық спортшылар еліміздің жеңіл атлетика спортының дамуына үлесін қосатынына сенімді. Дегенмен де медальдің екі жағы бар демекші, алыстан қып-қызыл қаржыға өзге елдің қосалқы құрамада отырған дарындыларды алу қажет пе, жоқ па деген сұрақ та көкейімізде тұрады. Бұл жерде жергілікті спортшыларымызда неге шеберлік жетіспейді деген көкейкесті сұрақ алдымыздан шығады да тұрады. Қазақтың қайратты ұлдары тек жекпе-жек өнеріне ғана бейім емес еді. Өткен ғасырда қазақтың асыл аналары заулағанда жүгірген аң, ұшқан құстан озатын желаяқтарды тудырыпты-ау. Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов, С.Исамбаев, Ә.Байтықов, Е.Жамбылов, Б.Күреңкеев… Санамалай берсек, шыға береді. Десек те, қазіргі таңда жеңіл атлетика қарыштап дамып кеткен. Бұрынғы Ғ.Қосанов пен Ә.Тұяқовтың көрсеткіштерімен қазіргі кезде жеңіл атлетиканың әлем біріншілігі немесе олимпиада ойындарында жүлдеге ілігуіңіз екіталай. Тіпті бұндай нәтижемен финалдық кезеңге де өтуге болмайды. Осыдан барып, тәуелсіздік алғаннан кейін заман талабына ілесіп, жүйріктерімізді неге шығара алмадық деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат. Қазіргі күні көптеген аудан-ауылдарда ат жарыс, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу, қыз қуу сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып жүр. Ұлттық спортымызды ұлықтаған, әрине, дұрыс. Оған қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, әрбір аудан-ауылдың, облыстың спорт басшылары Олимпиада бағдарламасына кірген спорт түрлерін де дамытуға күш салулары керек. Қазір көптеген ауылдарда спорт мектептері тапшы. Солардың ішінен спортқа бейімі бар жастарды іріктеп алып, облыс орталықтарына әкеліп, оларды тегін тамақтандырып, жататын орынмен қамтамасыз етсек, қаншама ауыл балалары үлкен спортқа қадам басар еді. Мәселен, жеңіл атлетика спортын алып қарайықшы. Жеңіл атлетикада тек қана жүгіру емес, ядро серпу, найза мен балға лақтыру сияқты спорт түрлері жетіп артылады. Ауыл баласы найза немесе ядро лақтыруға шебер келеді. Кішкентайынан бір-бірімен тас атысып ойнап өскен балалардың ішінде салмағы жеті келіден сәл ғана асатын болат шарды жиырма метрдің ар жақ бер жағына «атып жіберетін» ауыл баласы жоқ дегенге ешкім сене қоймас. Ауылда таңның атысы, күннің батысы қара жұмыс істеп, шымыр боп өскен балаға әлгі ядроның немесе найза лақтырудың техникалық әдіс-тәсілін үйретіп жіберсең болды емес пе?! Онсыз да, күші бойына сыймай тұрған ауыл баласы мұндай спорт түріне лезде бейімделіп кетеді. Бұл спорт түрін ауылда дамыту да онша қымбатқа түспейді. Бір ауылға екі ядро мен екі найза жетіп жатыр. Ең бастысы, осы спорттың тәсілін жетік білетін маман болса болғаны. Ертеңгі күні Олимпиада ойындарында еліміздің спортшылары ядро мен найза лақтырудан одан қалса балға лақтырудан чемпион атанып жатса, бұл дегеніміз елімізге мәртебе емес пе?! Әлемдік спорт тарихын ақтарар болсақ, найза лақтырудан, ядро серпуден қазақ жастарына үлгі-өнеге болатын көптеген спортшыларды мысалға алуға болады. Қазіргі таңда қазақ жастарының жеңіл атлетикаға аз да болса тартылғаны қуантады. Алайда алыс қашықтыққа, яғни марафонға ден салып жүрген қаракөз жастарымыздың да шеберлігі жетіспейді. Қаракөздеріміз сонымен қатар тек алыс қашықтыққа ғана емес, қысқа немесе орташа қашықтыққа да бағын неге сынамасқа?! Ал алыс қашықтықтардың біріне жататын 5 немесе 10 шақырым бойынша жүгіретін стайерлердің орны мүлдем босап тұр. Сонымен, қазақ жастарының жеңіл атлетикаға қырын қарауына байланысты көптеген себептерге үңілейік. Біріншіден, қазақ қонақжай халық. Көп уақытын досын, туысқандарын күтуге өткізеді. Ал кез келген спорт үнемі тер төгуді қажет етеді. Екіншіден, психологиямыздың да әсері болып тұр. Көптеген ата-аналар баласының күрес, бокс, жекпе-жекпен айналысқанын қалайды. Жеңіл атлетика деген спортқа менсінбей қарайтындардың қарасы көбейді. Мәселен, көптеген қаракөздеріміз «Жүгіру оңай спорт, алдымен басқа спортта бағымды сынайын. Болмаса түбінде жүгірермін» деп санайды. Алайда «спорт падишасы» болып саналатын жеңіл атлетика сырт көзге оңай болып көрінгенімен, өте қиын спорт болып саналатынын көпшілік біле білмейді. Мәселен, талантты боксшы 2-3 жылдың ішінде спорт шебері атанары белгілі. Ал дарынды желаяқ спорт шеберлігіне жету үшін бірнеше жыл бойы еңбектенуі қажет. Жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, бұған менсінбей қараған адам басқа спорттан да мақұрым қалары анық. Үшіншіден, қазіргі қазақ жастары тер төгіп еңбек еткілері жоқ. Жалқау болып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Үйде айфон, ұялы телефон, гаджет, ноутбук, компьютердегі интернетке кіріп, ән тыңдап, видео-роликтерді айналдырып көруді жөн санайды. Төртіншіден, қазір жастар дұрыс тамақтануға мән берген жөн. Ұлттық сусынымыз қымыз, шұбат, айран ішудің орнына шетелдің тез пісетін тамағына жеткіншектеріміз әуес болып алған. Ал кезінде қымыз ішкен ата-бабаларымыз жүйрік болғанын көпшілік біле білмейді. Бесіншіден, қазір жастар жаяу жүруге қырын қарайды. Жүру бүкіл спорттың бастауы десек, ұзақ жүруді ұнатпаған адам басқа спортқа да жат болары анық. Ал қазақтардың арасында спорттық жүрістен әлемдік дәрежеге сай спорт шебері қашан болары белгісіз?! Тағы бір себеп, жеңіл атлетикада қазаққа жаны ашитын бапкерлер қат болып тұр. Рас, салыстырмалы түрде қарасақ, көптеген спорт түрлерінде қазақ мамандары жоққа тән. Сондықтан болар, жастар бокс, күрес, футбол секілді спорт түрлеріне кетіп, жеңіл атлетикаға келмейді. Сондықтан қазағы аз спорт түрлеріне қазақ мамандарын көбірек тартқанымыз абзал. Әлеуметтік жағдай да өзінің кесірін тигізуде. Көптеген қазақ жастарының қалтасы жұқа болғандықтан, жеңіл атлетикаға жақындай алмай жүргені анық. Алайда жүгірсем болды, спортшы болып шығамын деп алқынып жүгірген қарадомалақтарды да кездестіруге болады. Десе де, әртүрлі қашықтықта әрқилы тәсілмен жүгіру керектігін біле білмейді. Бұдан басқа бұл спортқа қажетті аяқкиім алуға қаржылары жетпей жүрген жасөспірімдер қаншама десеңізші!? Қалай дегенде де, қазақ жастарына ойланатын кез жетті. Тек қана бокс, күрес, жекпе-жекпен айналыса бермей, жеңіл атлетиканың әртүрлі түрлері бойынша жастарды тарту ауадай қажет болып тұр. Мәселен, ұзын бойлы әрі денелі келгендерді қысқа қашықтыққа, аласа бойлыларды алыс қашықтыққа, күші тасып жүрген ауыл балаларын найза, ядро, балға лақтыруға үйрету қажет-ақ. Ең бастысы бәрі де өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын!

Салтанат ҚАЖЫКЕН

1189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы