• Әдебиет әлемі
  • 21 Ақпан, 2019

«Қазақстан – қызғалдақтың отаны»

Бағлан Махамедова

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті «Агробиология» факультетінің деканы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор

Адамзаттың анасы – қасиетті қара жер мен тіреусіз, киелі Аспан жаратқан, көк күмбездей төңкерілген зеңгір көкке Ай мен Күн орнатып, оны алтын шеге – самаладай самсаған сансыз жұлдыздармен бекіткен құзыреті шексіз, мейірімі мол, шапағаты зор Алла тағаланың халқымызға сыйлаған баға жетпес екі бақыты бар, бірі – қаннан да қымбат, жаннан да тәтті Тәуелсіздік, екіншісі – Тәуелсіздік туын берік ұстап, тақыр жерге тау тұрғызғандай, шөл даланы гүл қалаға айналдырғандай асқан ерлікпен, алдағыны көріп, алысты болжаған көрегендікпен мемлекет құрған, оның керегесін кеңейтіп, шаңырағын шайқалтпай ұстап тұрған Ұлт бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Ұлт үшін туған тұлғаның қадір-қасиетін бала да, дана да біледі, сырт көз сыншылар да, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де Елбасының кемел ойлы кемеңгерлігін талай мәрте сүйсініп, қадап, қайталап айтумен келеді. Өткен жылдың қараша айының 21-ші жұлдызында Елбасымыз «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» атты мақаласы жарияланды. Қазақ ұлты – барымен бағын асырар, ұлты үшін мақтана алатын, маңызды мақала дүниеге келді. Мақала екі бөлімнен тұрады: І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ. Кеңістік – барлық нәрсенің, ал, уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес деп бастады. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз – деді. Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталды. 1. АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ 2. ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГИЯ 3. АҢ СТИЛІ 4. АЛТЫН АДАМ 5. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ 6. ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ 7. ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛ-ДАҚТЫҢ ОТАНЫ ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ 1. АРХИВ – 2025 2. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ 3. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ГЕНЕЗИСІ 4. ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЕЖЕЛГІ ӨНЕР ЖӘ-НЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МУЗЕЙІ 5. ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫ МЕН МУЗЫКА-СЫНЫҢ МЫҢ ЖЫЛЫ 6. ТАРИХТЫҢ КИНО ӨНЕРІ МЕН ТЕЛЕВИЗИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ 7. ҚОРЫТЫНДЫ Мен Ұлы даланың жетінші қыры «ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛ-ДАҚТЫҢ ОТАНЫ» тақырыбына тоқталғым келіп отыр. «ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ» Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған –деп бастайды Елбасы.

Гүл патшасы – қызғалдақ

Гүл патшасы – қызғалдақ біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Шу-Іле таулары, Талас Алатауы мен Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағының орталық, батыс және солтүстік беткейлерінде грейг қызғалдағы өседі. Қызғалдақ (лат.Tulipa) – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанда 32 түрі кездеседі. Биіктігі 3-50 см. Сабағы жұмыр, тік өседі. Тамырымен жалғасқан буынында пиязшығы болады. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі (Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ерекше әсем көркімен дараланатын қызғалдақтың отаны – Қазақстан болып саналады. Бүгінде жер жүзінде 3 мыңнан астам түрі бар. Олар біздің дала қызғалдағының ұрпағы. 2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н. Назар-баевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында ағынан жарылып, былай депті: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де Сіздің елге қарыздармыз» деген екен.

Қызғалдақтың шығу тарихы

Жер шарының қай түкпірінде болмасын алуан түсті қызғалдақтар өседі. Үлбіреген нәзік гүлге әрдайым сүйсіне қарағанмен, оның шығу тарихы мен табиғаты жөнінде көп ойлана бермейді екенбіз. Биолог, ботаник ғалым Анна Иващенконың «Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өзге өсімдіктер» атты кітабында қызғалдақтың отаны – Қазақстан екендігін анық жазған. Қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейіннен Голландияға жеткен. Қазақ жерінде өскен гүлдің алыс шетелдерде жаңа түрлері өсірілді. Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері қызғал-дақты құрметтеп, оның көркіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар болғандықтан бұл өсімдік емдік мақсаттарға кеңінен пайдаланылады, – дейді ғалым Анна Иващенко. Академик Питер Симон Паллас жетекшілік еткен экспедиция 1771 жылы Солтүстік Қазақстан аймағында алғаш рет қызғалдақты зерттеп, баспа бетінде жариялапты. Қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерттеу ісі – көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Кейбір зерттеушілердің бірнеше жылға созылған экспедициялары мен саяхаттары өте қиын жағдайда өтіп, қайғымен аяқталған. Мәселен, жасы отызға жетпеген зерттеушілер – Александр Лемон мен Иван Кирилов Ресейге экспедициядан қайтып келе жатып, ұзақ жолда, суықта ауырып қайтыс болған. Олардың және өзге де ғалымдардың аттары Алматы, Санкт-Петербург және көптеген батыс-еуропалық мемлекеттердегі ірі академиялық коллекцияларда, гербарийлік этикеткада сақталған. Лемон, Шренк және Борщов қызғалдақтары ғылыми әлемге жақсы таныс. Алматы қаласындағы Ботаника институтында Қазақстан аймағынан А. Шреж, Г. Карелин, И. Кирилов сияқты ғалымдардың 1840 - 1842 жылдары жинаған қызғалдақтардың ең ескі гербарийлік жапырақтары сақталған. Бір қызығы, дала қызғалдақтары республиканың барлық облыстары мен аудандарында кездеседі. Республиканың батыс және солтүстік облыстарында гүлдің үш-төрт, Шығыс Қазақстанда – алты түрі болса, ал, Оңтүстік Қазақстанда оның отызға жуық түрі таралыпты. Қызғалдақ – Оңтүстік Қазақстан облысы-ның символы. Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызылда көптеп өседі. Елбасымыздың мақаласында ерекше ден қойып, осы қызғалдақтың әлі де зерттелмеген тұстарына ғылыми тұрғыда зерттеп, дәлелдеуіміздің қажеттігі бізге түсінікті. Сондықтан Қазақ Ұлттық аграрлық университетіндегі Агробиология факультетінің мамандықтарында дипломдық жұмыстар, магистрлік және докторлық диссертациялар жазылып, зерттелуі қажет. Іргелі ғылыми жобалар жасалуы қажет. Қызғалдақтың тек әсемдік және порюмериялық қырын ғана танып қоймай, оның медициналық, экономикалық, әлеуметтік, археологиялық салалары бойынша көп зерттеуді қажет етеді. Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар бүкіл алқапты қызыл кілемге көмкеріп, жазиралы кең даланы одан сайын асқан сұлулық пен әсемдікке бөлейді. Және қызғалдақтар наурыз айының соңғы күндерінде ғана өсіп шығатындықтан өзіміздің төл мерекеміз – Наурыздың да символы іспетті. Наурыз мейрамы қарсаңында көше бойына ілінетін баннерлерге, телеарналар мен газет-журнал беттерінде қызғалдақ фотосының жарияланып, бейнеленуі тегін емес. Себебі қазақ халқының түсінігінде бұл гүл – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Гүл өндірушілердің кейбірі ол гүлді тек сату үшін ғана өсірсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады. Ал, біздің отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. «Грейгтің артықшылығы ол – 55 пайыз крахмал мен қанттан тұрады. Ал, ондай сұйықтық ағзаға аса пайдалы», – дейді олар.

Қазақ өнеріндегі қызғалдақтар

Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекей-ленген жалпақ алтын тіліктер табылды. Орта Азия аймағынан табылған Х - ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда да қызғалдақ суреттері салынған болып шықты. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде де өсімдіктектес оюлардың пайдаланылғаны мәлім. Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейлеу үшін қолданылғаны соның нақты айғағы. Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынған. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп бұйымдарда бедерленген. Олар: ер - тұрман жабдықтары, тері белдік тоғалары, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, ағаштан жасалған жиһаздар. Өсімдік пен гүл пішіндері кестелерде де, сырмақ, текемет, кілем, алашаларда да бар. Шеберлер алтын жіппен ұлттық киімдерге, киіз үй жабдықтарына, қоржын-дорбаларға да қызғалдақтың бейнесін салып әшекейлеп, кестелеген.

Қыз өссе, елдің көркі ,  гүл өссе, жердің көркі

Біз жас қызды қызғалдаққа балаймыз, екеуі де сондай нәзік, жаны сұлу көркем жаратылыс. «Қыз қонақ» деп санаған қазақ халқы қыздарын кішкентайынан ерекше мәпелеп, аялап өсіреді. Себебі келер ұрпақты жалғастырып, гендік, рухани құндылықтар ана арқылы таралатынын білген ұлтымыз – қыз баласына ерекше құрметпен қарап, қызғалдаққа теңеуінің өзі бұл гүлдің ерекшелігін аңғартса керек. Ғылымда генетикалық түрде болашақ ұрпағының сапасы аналық ген тарататынын білген. Сондықтан, жабайы қызғалдақтардан алынған мәдени түрлер, экологиялық жағдайға төзімді, әдемі түрлері алынған. Көктемнің жайма шуақ мезгілінде Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылы көздің жауын алардай түрлі-түсті қызғалдақтармен көмкеріледі. Осы бейнені көргенде қызыл, сары, ақ қызғалдақтар бір-біріне керемет үйлесім беріп, кілемдей құлпыра көздің жауын алады. Сондықтан да, Қазақстан табиғатының құндылығы сонда – оның әсемдігі, топырақ жүйесі, жалпы экологиялық кешені барлығы тұтастай бізге Жаратушының берген байлығы. Біз осы байлығымызды тиімді қорғай отырып болашақ ұрпақ үшін сақтап аманат етуіміз қажет. Жапониядағы сакураның гүлдегенін көруге жергілікті халық тегіс жиналады. Тіпті әлем мемлекеттерінен осы құбылысты тамашалау үшін жапон аралдарына ағылатын адамдардың қарасы көп көрінеді. Біздің елімізде де көктемгі тамаша көріністі қызықтау үшін өңірге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шет елден де қонақтар «Қызғалдақтар фестивалін» тамашалайтын күн алыс емес. Тағы бір ұсыныс Қазақстанда Наурыз айында «Қызғалдақтың гүлдеу мерекесін» ұйымдастыруға болады. Бұл мерекеде қолөнер, сурет көрмесі, тігін, тоқыма, ағаштан, тастан металдан қызғалдақ бейнесі жасалған бұйымдардың көрмесін, ән, шығарма, өлең т.б. жаңалықтарды паш етуге болады. Үшінші ұсынысым университетте «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты орталық ұйымдастырсақ. Орталықта тарихи дерек көздердің орын алғанына атсалыссақ. Бүгінгі тақырып, ешуақытта өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Ел байлығын бағалап, қадір-қасиетін асқақтатып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлағатты із қалдыру, әрбір ұлттың арманы! Арманымыз орындала берсін!

1624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы