• Білім-ғылым
  • 21 Ақпан, 2019

Ақын едім ашпайтын пендеге сыр

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ

1985 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу кентінде туған. Өлеңдер топтамасы «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту», «Жастар жырлайды», «Маңғыстау мақамдары», «Жыр маржаны» жинақтарына енген. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша І орын жүлдегері. «Жансусар», «Аспан хаттары», «Рухтасу» атты жыр кітаптарының авторы.

ЖЫРАШАР

Бүгін – айдың басы, Бәлкім, аяғы. Жырым – ойдың жасы, Мұңды шаяды.

Өмір – жаңа күнім, Әрі ескісі. Көңіл – балалығым, Жанның ес-түсі.

Өзің – шын сүйгенім, Дертім һәм емім. Сезім – мың күйгенім, Еркін әлемім.

Жауған – алғашқы қар, Әлде соңғысы. Жалған – қанбас құмар, Бақ пен сор құсы.

Жүрек – бұлақ көзі, Хаққа ашылмақ. Тілек – жұмақ сөзі, Мәңгі жасыл бақ.

Жырым – сырдың расы, Шынды жаяды. Бүгін – жылдың басы, Бәлкім, аяғы...

ӨЛІ-ТІРІ

Көңілім бе қабарған, өмірім бе, Бұл неткен қыс?.. Тірі әруақ секілді өлі күн де – Дүрмекке ергіш. Қуана да алмаймын адам құсап, Тоңып барам. Келді тағы жылусыз қараңғы шақ, Солықтаған.

Есер желдей есумен көшті жыл да, Естілік - мұң. Ескі жырға алданып, ескі нұрға, Ескіріппін.

Жүрмін әлі жолменен сол баяғы, Амалданам. Көне тірлік аспанға қол жаяды, Жаңармаған.

Мың арманға мың үміт сүйрелейді, Ой тіптен көп. Күліп қойып зымыстан биле дейді, Той біткен жоқ.

Тірі әруақ секілді өлі күн де – Күлбеттенгіш. Бөрігім бе жоғалған, көрігім бе, Бұл неткен қыс!..

ҚЫЗЫҚ ЕМЕС ƏҢГІМЕ

Ырду-дырду, қай дүрмек мынау дүрмек, Кəстөм киген біреу жүр жыраумын деп... Қыс та болса біздің түр – жылы шырай, Тереземде жайнап тұр қырау гүлдеп.

Желтоқсан да думанмен өтті-кетті, (Кеудемдегі кесек ет тек дір етті). Жаңа жылды тойладық «бір халық» боп, «Бір отан» боп тіледік көп тілекті.

Ескермедік алда əлі боран барын, Жапырақтың ұмыттық тоналғанын. Нұрланумен жетейік көктемге де, Жолда адасып кетпейік, сол – арманым.

Ақ қар, көк мұз, сары аяз – жалған бəрі, (Қорқынышты емес-ау қалғандары). Мәз боламыз «дамыған отыз елдей», ...Қарқылдаған қарға ғой таңнан кəрі...

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАМЫҒУ

Сыртты қойып, ішіме де түсті қыс, Мұз қатыпты көңілге. Алғандаймын тоң тірліктен тыс тыныс, Түсім бе, əлде өңім бе?..

Мына жалған өмірге əлі келмегем – Жыр жазғанда шайыр боп. Көтерілген ыстығым ғой – шер деген, Дəріден де қайыр жоқ.

Салқындық бар жүрегімде, сырқау бар, Мыйым іші – мұң-мұнар. Жапалақтап жауып тұрған мылқау қар, Тапталғанда – шыңғырар.

Ақын жанның мəңгіліктік хəлі – өлең, Хаққа ғана зарықтым. Сөздерімде – нұр аңқытқан ақ əлем, Көздерімде – жарық түн!..

ҚЫСҚЫ БЛЮЗ

Суып қалды алдымда кофе ішілмей, Жоқ сияқты жылы жер кафе ішіндей. Кей қатемді мына өмір кешірер-ау, Мен де өмірдің кешірдім қатесін кей.

Кей қатемді, періштем, сен де кешір, Ақын едім ашпайтын пендеге сыр. Жанарыңнан жұмақтың нұрын ішсем, Ұрындырмас көңілімді шерге кесір!..

Жыр тілінде əр күнмен амандасқам, Жүрегім бар арманға қадам басқан. Менің үшін өлеңнен жаралды жер, Менің үшін өлеңнен жаралды аспан.

Өлең болып жан дүниең оқылғанда, Барлық пенде айналмақ оқырманға. Тіл бітеді содан соң мылқауларға, Көз бітеді содан соң соқырларға!..

Көктем келер, гүлденер шəріміз де, Əнін шырқар қайтқан құс сары күзде. Бұл ақпаннан жарар ед аман шықсақ, Желтоқсанның көп төнген кəрі бізге.

Шын сөзімнен ащы емес кофе деген, Шын сөз үшін шақырдым кафеге мен. Жаңа жауған қардан да таза екенсің, Жаңа жауған қардан да пəк еді өлең!..

АҚ САҒЫНЫШ

Ақ сағыныш алғашқы қар ма дедім, Беу, балалық, не деген арман едің!.. Балауса кез, балғын шақ жоқ бүгінде, Үйренген ғой жүрегім барға менің. Жоқ дегенге көңілім сенбегендей, Қыс та бұрын бұл шəрге келмегендей. Қар да жауып тұрғандай тұңғыш рет, Боран соқты алдымнан көлденеңдей.

Аңғалдығым, періштем, аппақ əлем, Мен өлсем де өзіңді сақтап өлем. Сол баяғы ауылда бала шайыр, Қарды кешіп жүргендей жаттап өлең.

Уақыт болар адамды алжастырар, Уақыт болар заманды жалғастырар. ...Ақ сағыныш дегенім – қыстың емес, Көктем демін аңқытқан алғашқы қар!

ҒАШЫҚ ДІЛ (Белгісіз біреудің бəйіті)

Шеңберіндемін шайтанмен үндескен заңның, Жалғанның жүзін өпті өлең. Жынды көбелек секілді күн кешкен жанмын, Тілдескен зармын отпенен.

Қарағым, сендік махаббат – ақынға шерлі, Қауышу арман – айқұшақ. Алыстан арбап жалындай шақырмашы енді, Ақыл да сөнді жай құсап.

Жоқ екенімді танытты-ау шаруаға қырым, Шоқ-сезім тағы маздап кіл. Қанаты күйген періштем – пәруана күнім, Аруана-түнім боздап тұр...

МЕН ТУҒАН КҮН Асқар да асқар, асқарды-ай, Əруағы оның көкте Күнді жасқардай. Асқардан да асып туған өлең бар, Менің жолым тұрған кезде басталмай. Сол өлеңнен жаратылған несібем, Несібемнің тəж бен тақтан несі кем? Бұл өмірге келген жоқпын себепсіз, Қиын сәтте қабылданған шешім ем!..

Реушен рух – ғұмырымның нақ басы, Топырақ тəн – жалғаншының лақпасы. Өз қолыммен жазған едім өлең деп, Қоңыр тақта – тағдырымның тақтасы.

Өз қолыммен жазған едім өлең деп, Содан бері жүрмін əлі елеңдеп. Аппақ қылып ақиқатты жазбасам, Тəңір маған ақындықты берер ме ед?!.

ТҮНДЕ

Түнде жазған жырдан азап не болсын, Түнде айтқан сырдан ғажап не болсын? Не де болса сөз маржанын терерсің, Не де болса ғажайыпқа сенерсің! Түнде шыққан терден тәтті не болсын, Түнде тамған жастан ащы не болсын? Не де болса маңдайыңнан көрерсің, Не де болса таңдайыңнан кеберсің!

Түнде жүрген жолдан ұзақ не болсын, Түнде көрген түстен қысқа не болсын? Не де болса желмаядай желерсің, Не де болса өңнен қашып келерсің!

Түнде түскен ойдан ауыр не болсын, Түнде ішкен мәйдан жеңіл не болсын? Не де болса соқыр шамдай сөнерсің, Не де болса таң атқанша өлерсің!

ҚҰМ БАЛАСЫ

Жүректен бастау алған жыр-намасы, Түбектен бастау алған қыр-даласы. Беті еді құмнан шығып келе жатқан, Кетеді құмға сіңіп құм баласы.

Ғасырдан ғасырға өтті үнсіз көшіп, Ғұмырды көрген емес мұңсыз кешіп. Шерленген жапандағы жалғыз мола – Тербелген қоңыраусыз, тілсіз бесік.

Құм болар өлгеннен соң өмір соңы, Күл болар сөнгеннен соң көңіл шоғы. Тағдырдың көтерткізбес ауыр бағы, Сондай-ақ бола қоймас жеңіл соры.

Жалғанның сусып кетер бұл бес күні, Арманның бір жарқ етер нұр кескіні. Бақытым – көлге біткен жасыл желек, Уақытым – шөлге біткен құм көшкіні!..

492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы