• Мәдениет
  • 21 Ақпан, 2019

Неге қазақ мәдениетін әлем әлі білмейді?

Риза Ысқақ

1993 жылы 4 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. 2011 жылы Астана қаласындағы №15 мектеп-лицейін тәмамдады. 2016 жылы Елордадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Кинотеледраматургия» (Әкім Тарази, Роза Мұқанова шеберханасы) мамандығын бітірді. «Gold Cinema Group» киностудиясында қазақ тілді редактор болып қызмет еткен. «Нұр орда» интернационалды мектеп-лицейінде мұғалім болып жұмыс жасауда. «Қошемет» шығармашылық шеберханасының негізін қалаған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен одан ертерек жарияланған «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасымен етене таныса отырып, сол сарынмен үндес келесі ойларыммен бөліссем деймін. Әлбетте, бір күнде жоғарыдағы мақалада айтылған мақсат-міндеттерді орындау мүмкін емес. Оның үстіне Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан-дай, аталмыш жоба бар болғаны қатардағы науқандардың біріне ғана айналып кетпеуі керек. Демек, бұл тұста жүйелі бірнеше жылдық еңбектің меңзеліп отырғаны ұғынықты. Неліктен біздің Қазақстанның атауын білгенмен, мәдениетін, өзіндік болмысын бүкіл әлем әлі де білмейді? Осы бір мәселенің түп-төркініне көз жүгіртсек. Алғашқы әрі негізгі себеп – ол тарихымызда орын алған ірі-ірі трагедиялармен байланысты. Айталық, бас-ты күрделілік – қазақ хандығы толыққанды мемлекет ретінде XV-ғасырда құрылып бітті. Сол кезеңде Еуропа елдерінің дамуының шарықтау шегі белсенді түрде жүріп жатты. Ал, Үнді, Қытай, Парсы елдері өзінің өркениетін біріншіден қалаға негізделген экономикадан бастаса, екіншіден тауар айналымы біздің дәуірімізге дейін басталған тұғын. Мінекей, осы жағдаяттарды ескере отырып, біздің мемлекеттің бірнеше салалардан кенже қалғандығын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.Оған қоса Жоңғар шапқыншылығы біздің бастауымызбен орын алмаған болатын. Дегенмен, елдің мәдени дамуын және өркендеуін едәуір тежеді. Ал, Ресей империясының Орта Азияны отарлау кезеңінің зардаптары турасында тіпті айтпаса да түсінікті. Бұл – бірінші себеп. Енді екінші себепке келсек, ол – алдымен, тәуелсіздік жылдарында ойы-мыздағы қарқынмен қазақ тілінің қоғамның барлық құрылымын біріктіруші күшке тиісті деңгейде айналып кете алмауы. Яғни, тым болмаса қазақтар арасында мемлекеттік тілді толыққанды меңгеруге әлі де ұмтылып келеміз. Мінекей елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақ-ша сөйлессін!» деген пікірі осыдан туындаса керек-ті. Ал тіл мәселесі бар жерде, мәдени мәселелер болуы заңдылық. Жоғарыдағы мәдени-әлеуметтік қиын-дықтарды қалай жылдамырақ шешуге болар еді? Ең алдымен, қазақ тілінің бірыңғай және стандартталған ресми оқулығы қажет. Сондай-ақ, сол оқулық (оның іргетасы болған бағдарлама) барлық деңгейде барша оқу орындарында белсенді түрде пайдаланылып, кеңінен қолданыла бастауы шарт. Солай ғана бізде біртіндеп ұлттық мәдениетке ыңғайлы тілдік орта қалыптасады. Президент атап өткендей, біздің бас-ты ұстанымдардың бірі – патриоттық сезім және дәстүрлі құндылықтар болуы ләзім. Сонымен қатар, бұл ұстаным тым болмаса министрліктерден бастап дұрыс мағынада түсіндіріліп, жоғары лауазымда отырған қызметкерлердің ой елегінен өтуі тиісті. Бұл үрдіс қандай жағдаятта мүмкін болады? «Қазақ мәдениеті қандай болуы керек?» деген сауалға нақты жауап табылған жағдайда. Демек, әңгіме біздің ұлттық мәдени кодты анықтауда болып тұр! Осыған күш салайық. Біздерге бүгінгі заманға сай етіп халық дәстүрлі музыкасын, жалпы халық ауыз әдебиетінің сан алуандығын, тарихи маңызы бар ұғымдар мен географиялық нысандарды, ұлттық мәдени бейнелер һәм кейіпкерлер, тарихи ұлы тұлғалар мен нышан-символдарын аса сауатты және заманға сай жаңашыл формада насихаттап үйренсек. Демек, ол насихат тек қана ұраншылдықпен шектеліп қалмауы керек, әрине. Осы іспеттес мәселелерді өзге халықтар қалай шешіп жатыр? Мысалы, АҚШ-тың Голливудында американдықтың және Американың бейнесін жағымсыз жағынан көрсетуге ресми түрде тыйым салынған. Әлбетте, аталмыш жайт ашықтан-ашық айтылмаса да, өте қатаң орындалады. Бұл – кейбіреулер ойлап қалғандай - американдық әлеуметтің «мақтаншақтығы» ғана емес, мұнда өте ойлы әрі дұрыс мәдени саясат жатыр. Сол арқылы өскелең ұрпақ терең патриоттық үлгіде тәрбиеленеді. Ресейде жағдай одан нашарлау болғанымен, мысалы, Пушкин немесе Толстой тұлғасы кейде құдды бір «әулие аралау» іспеттес сарыннан кем емес көпшілік формада насихатталып жатады. Яғни, Мәскеудің қасындағы Пушкин мұражай-үйіне қарай жыл сайын ондаған емес, жүздеген адамдар жиналады (оның арасында шетелдіктер де көп). Ал, Францияны алсақ, ол жақта Луврге бару немесе Наполеонның мұражайына бару мектеп оқушылары үшін кейде «Макдональдске» барудан маңыздырақ және қызықтырақ тәрізді болып көрінеді. Бұның бәрі жақсы ойластырылған және жоғары деңгейде ұйымдастырылған мәдени саясаттың жанама белгілері. Иә, әрине, жақын арада Жидебайдағы Абайдың не болмаса Шәкәрімнің мұражай-ларына біз тура ЭКСПО-ға жиналғандай жұрттың көлеміндей халық жинауға мүмкіндігіміз әзірше жоқ. Ол – рас және әзірге Голливудтағыдай әр киностудияға бір-бір үлкен шенеуніктен қойып қоя алмаймыз. Тағы да Алматыдағы Опера және Балет театрына күнде-күнде оқушыларды апарып тұруға да мүмкіндігіміз бола бермесі белгілі. Сондықтан, біздің мәдени саясат басқаша жолдармен жүзеге асуы керек! Біз – көп ұлтты мемлекетпіз. Әрі дәл бірұлтты Жапониядағыдай біртектілік пен бірсарындылыққа қол жеткізе алмаспыз, оған ұмтылмауымыз да керек. Біздің негізгі екпін ұлтшылдыққа емес, азаматтық ұлтсүйгіштікке негізделгені жөн секілді. Мәселен, егер сіз (қай ұлттың өкілі болмасаңыз да) Американың ресми азаматтығын алғыңыз келсе, онда сіз міндетті түрде (солардың ата заңына сәйкес) американдық мемлекеттік туға ант етуіңіз керек болады. Басқа жолы жоқ. Бұл - азаматтықты «нация» деңгейінде олардың ұғынуының көрінісі. Кейбір азаматтар келіспеуі мүмкін: «Германияда түрік болсын, еврей болсын тағы басқа ұлт өкілі болсын кімсің деген сұраққа «германиялықпын» деп емес, «неміспін» деп жауап береді ғой» деген мысалды алға тартуыңыз мүмкін. Ол бір жағынан дұрыс та шығар, алайда жүз пайыз неміс немісше сөйлейді емес пе! Ал, біз тіл мәселесін толықтай шешпей жатып, басқа ұлт өкілдеріне «қазақстандық» емес, «қазақпын» деп айтқыза алмаймыз. Бұл жерде асығыстық керек жоқ. Бұл жерде келесі тәсіл керек: бала-бақшадан бастап, докторлық дессертацияны қорғауға дейінгі аралықтың барлығын толық-қанды қамтитын ұлттық білім жүйесі керек (Финляндияның өз ұлттық білім жүйесі бар, Қытайдың өз ұлттық білім жүйесі бар және т.б.) Бұл тек қазақ тілінде ғана оқыту емес, бұл тура сол үш тіл арқылы-ақ ұлттық құндылықтарды және төл мәдениетті нәзік түрде (этнопсихологияны толықтай ескере отырып) насихаттау. Яғни, сен Абай жолын оқуға міндеттісің деп емес, «Абай жолының ең қызық тұстары қандай?», «Абай жолының жазылу тарихы қалай жүрді?», «Мұхтар Әуезовке Абай жолы романын жазу идеясы қалай келді және қалайша жүзеге асты?» деген сынды қызықтыратын сұрақтарды алға қою арқылы үйретсек, онда ертең отансүйгіш әрі сауатты азаматтардың бір демде қалай арта түскендігін аңдамай қалар едік.Бұл білім саласына қатысты. Ал, өнер саласына келсек, жауыр болып кетсе де тағы қайталап айтайын: Қазақстанның әр қаласында бір жаңа ұлттық киностудия ашу керек, ол киностудия дәлме-дәл Қазақфильмдей алып мекеме болмаса да, жас сценарист, жас режиссер және басқа да жас шығармашыл мамандардың екінші үйіне айналатын шығармашыл орта, жеке бір өнер ордасы сыңайлы болуы тиіс. Әйтсе де, жастарға жол деп бұл үрдіс бақылаусыз және реттелмеген күйде қалмауы керек. Керісінше, жергілікті бюджеттен берілген әр тиынды тиісті өз орнына жұмсалуын қатаң қадағалай отырып, Қазақстан халқының рухани жаңғыруына жағымды ықпалын, өзіндік оң септігін тигізерліктей фильмдер түсірілуі үшін арнайы көркемдік сараптамадан өтіп отыруы қажет. Кейбіреулер қарсы шығуы да мүмкін, бізде цензура болмауы тиісті дегенге келтіріп. Әйткенмен, бұл шығармашылықты шектеу мақсатында жасалмайды, керісінше шығармашылық деңгейін және сапасын шыңдау мақсатында құрылған тиімдірек әдіс екендігін мойындайық. Оның үстіне ол сараптама мүшелері тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, ең үздік жазушылар, режиссерлер және сыншылар болмақ. Осы жолға түсе алсақ, сөзсіз қазіргі фильмдердің сапасы мен мазмұны күрт өсіп кетер еді. Сарапшылардың талаптарының арасында тек «бейәдеп» кадрлардың болмауын ғана емес, жаңашыл, бірегей әрі тың идеялардың бар болуын талап етілетінін де ескерген жөн. Мәселен, Қытайдың, АҚШ-тың, Израильдің барлық киностудияларындағы продюсерлерінің екі басты талабы бар: ұлтты кемсітетін кадрладың болмауы және кинотуындының жарамсыз деңгейде болмауы. Егер фильм аталмыш екі талаптың біріне сай келмесе, ол фильм ешқашан жарық экранға немесе ғаламтор бетіне шықпайды. Жоғарыда айтқандарымды қорытындылай келсем, мәдениет – өте күрделі сала. Ал, жеке мемлекеттің ұлттық мәдениеті одан да күрделірек ұғым. Экономика ғана емес, мәде-ниеттің де даму деңгейі сол ұлттың қаншалықты деңгейде өркениеттілігін не өркениетті еместігін айқындап береді. Мен жасаған бірінші қорытынды: ұлттық мәдениеттің болуының ең басты шарты – ұлттық тілдің болуы және сол тіл шын мәнінде күнделік-ті тәжірибе жүзінде мемлекеттік тіл болуы шарт. Екінші қорытынды: әр мемлекеттің өзіне ғана тән ішкі мәдени саясаты болуы керек. Онсыз мәдениет қалай және қай жаққа қарай бағыт алу қажеттігін білмей адасып қалады. Сондықтан, бүгінгі ең озық мемлекеттердің әрқайсысы өзінің төл мәдениетін сақтап, дамытпаққа жан-жақты әрі ұдайы ұмтылуда. Және мұны өздерінің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде көпшілігі қабылдайды. Сол себепті, бізге де ұлттық мәдени саясатты қалыптастыру қажет. Бәлкім, соңғы кезде қолға алынып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ол жағынан қазақ қоғамының алдынан көптеген мүмкіндіктерге жол ашар. Тек сол мүмкіндіктерді өз орнымен сауатты түрде әрі тиімді жолдармен пайдалана алсақ екен. Үшінші және ең басты қорытынды: ұлттық мәдени жаңғыру – сәтті орын алу үшін ол ортақ әлеуметтік келісімге негізделуі керек. Бұл дегеніңіз, әр халықта өзінің ең асыл санаулы ұлттық құндылықтары болады және осыған орай сол елде толықтай бұлжымас келісім орын алған деген сөз. Мысалы, Израильде екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де шынында да КИЕЛІ ҰҒЫМ. Себебі, Гитлер жер бетінен еврей халқын толыққанды жоюға сәл-ақ қана қалған еді. Сондықтан, олар үшін бұл тарихи ауыр тақырыптың өскелең ұрпаққа дұрыс жетуіне, саналарына мейлінше терең сіңірулеріне әр азамат айрықша ден қойып, жіті қадағалайды. Яғни, осы мәселе бойынша ол жақта әлеуметтік келісім бар деуге әбден болады. Ал, бізде сондай деңгейде қастерленетін ауқымды тақырыптар бар ма? Меніңше, мұндай тақырыптар бірнешеу: Ұлы Отан соғысы, тоталитарлық жүйе тауқыметі (ашаршылық, репрессиялар), тәуелсіздікке қол жеткізу бақытын қастерлеу, міне осы төңіректерде толықтай әлеуметтік келісім болуы тиісті. Және де әрі қарай да осыны қамтамасыз ету керекпіз! Осыған орай менің тілегім – тек АЛЖИР мемориалы мен Алматы қаласындағы Отан қорғаушылар монументі ғана емес, сонымен қатар, қайталанбас ұлттық өнер, бірегей ұлттық мәдениет және шұрайлы да терең сауатты мемлекеттік тіліміз барша елімізді бір арнаға тоғыстырып, біріктіре алса екен. Міне сонда ғана біздің төл мәдениетімізді өзге ұлттар (олар қай құрлықта болмасын) танып қана қоймай, құрметтер еді. Күндердің бір күнінде біздің Абай мұражайына Мәскеудегі Пушкин мұражайынан кем емес халық жиналар, төрткүл дүниеге әйгілі Ұлы Қытай қорғанының фотобейнесі сықылды көне Тараздағы Тектұрмас кесенесінің бейнесі әр журнал беттерінде тұрар, ал, біздің Хан шатыр Эйфел мұнарасы сияқты әлемнің әр оқушысына да белгілі болар. Тек ол үшін біздер өз мәдениетімізді басты ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі ретінде және мемлекеттік рәміздердің бірі іспеттес қабылдай бастауымыз қажет.

775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы