• Бас мақала
  • 21 Ақпан, 2019

Ұйықтамайтын Стамбул

(Жолжазба)

Гүлім РЫСҚҰЛ 1995 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистранты.

Түркияда сол елдің заңы мен принциптеріне ыңғайланасың

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Мәдениет-тану» мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында білім алып жатырмыз. Университетіміз магистранттарды шетелдік тәжірибеден өтуге Түркияның астанасы сырлы Стамбул қаласына, қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоған білім алған Мармара университетіне жіберді. Бардық. Бардық та тамсандық, тамсандық та қызықтық, қызықтық та қызғандық. Себебі түрік елінде бәрі кинодағыдай. Көзбояушылығы жоқ. Қай мағынасында алып қарасаңыз да өз еркіңіз! Осы уақытқа дейін тек түріктің сериалдарынан ғана көріп келген жағалаулар мен паромдар, түріктің ұзын да тар көшелері мен базарларын өз көзіңмен көргенде әсердің ерекше болатынын өзім де біліп барғам. Бірақ соншалықты әсерленіп қайтарымды білмедім. Кешегі Осман империясының астанасы болған Константинополь қаласы – бүгінгі Ыстамбұл (Istanbul) Жерорта теңіздік өркениеттердің, соның ішінде Рим және Шығыс Рим империясының ислами мұрагері болған, әлі де солай. Стамбул – әлемнің ең ірі қалаларына жатады. Аумағы Алматыдан 7 есе үлкен болса, халқының саны 9 есе көп. Ресми дерек бойынша бұл қалада 18 миллион адам тұрады, қаладағы туристердің есебінен жалпы саны тіпті 30 миллионға дейін жуықтайды дейді қала тұрғындары. Жасыратыны жоқ, Стамбулда кеш жатып, ерте тұруға тырыстық. Университетке бардық, қала араладық, мешіттерін көрдік, көше кездік, базарлаттық... Сондағы қызықтарды бір ретпен тізіп көрейік. Үйрен де жирен: Кезіндегі Осман империясының Еуропа, Азия және Африка құрлықтарында орналасқан көпұлтты мемлекет болғанын білесіздер. Ал, қазіргі Түркия Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан. Ыстамбұл қаласы да дәл солай екіге бөлінеді. Еуропа және Азия. Туристердің көбі Еуропа бөлігіне барғанды жөн көреді. Себебі, барлық туристік ғимараттар осы жерде орналасқан. Мысалы, Сұлтан Аxмет мешіті, Айя София музейі, Гранд базар, Топ капы сарайыЭминеню базары, т.б. Қала xалқының көбі мотоциклмен жүре-ді. Транспорттың барлық түрі бар: паром, метро, автобус, троллейбус, трамвай, мотоцикл, велосипед, т.б. Және барлығы жүйелі жұмыс істейді. Біз қызықтап мінгенімізбен, қала тұрғындары үшін, әрине, паром – Еуропа мен Азияның ортасындағы жай ғана транспорт түрі. Қала мәдениеті өте жоғары дамыған! Байқағанымыз – бағдаршамның бар-лығы жұмыс істеп тұрса да, адамдар жолдың арғы бетіне асығыс өтуі керек жағдайларда, көлік жүргізушілеріне қолын көтеріп өте береді. Бір қызығы – шырылдап, жаны шығып жатқан жүргізушіні көрмейсің. Өткізеді. Жаяу жүргіншілерге қызыл түс жанып кетсе де, өтіп болмай жатқан 30 магистрантты түріктер қай жерде де жазғырып, асықтырған жоқ. Қалада жазылмаған, ешқандай заңда белгіленбеген бір сыйластық пункті бар ма деп қалдық. Бізде олай емес екенін өздеріңіз де білесіздер... Стамбулда ит пен мысықтар өте көп. Көптігіне қарамастан, қала – таза. Көшелердің әр бұрышынан олардың тағамдары салынған табақтар мен жылы-жұмсақ көрпелерді, жануарларға арналған түрлі дүкендерді кездестіруге болады. Жанымыздағы бір магистранттың «Біздің елде адамдардың жағдайына бей-жай қарап жатады. Стамбулдың иті мен мысығына шейін бақытты екен» деп қалжыңдағаны бар. Мейрамханалар мен кафелердің көптігін-де шек жоқ. Екі аттасаң бір дәмханаға тап боласың. Және мұнда «ресторан» деген жазуға «алданып» қалуға болады. Біздің ойымыздағы мейрамханалар іші қымбат интерьермен, сақадай тізілген даяшылармен көзге оттай басылып тұруы керек. Өйткені өз қаламыздағы мейрамханаларда жақсы тамақтану дегеніміз – дәмді тамақтану ғана емес, әдемі интерьер мен даяшылардың тағамды әдемі ұсынғаны. Ал, Стамбулда көп «забегаловкалардың» маңдай-шаларында «restаurant» деп жазылып тұрады. Себебі, тағамдарын арнайы мәзірмен дайындайды. Ұсынған тағамның құнын да аспаздың еңбегімен белгілейді. Сөйтіп біз кешкі асымызды «мейрамханалардан» ғана іштік... Жалпы түріктерде ер адамдар жұмыс істейді, ал, әйел адам үйде отырады. Мысалы, кез келген мекемеде қызмет көрсетуші (мысалы біздің қонақүйде), дәмханалардағы даяшы мен есепші де ер адам. Біздің қызығып сұрап отырғанымызды байқаған болар, ашылып сөйлемесе де жауап беріп отырған бір даяшы кісі: «Біздің елде солай. Әйел адамдардың көпшілігі үй жұмысымен, бала тәрбиесімен айналысады. Ал, жұмысқа араласатын әйелдердің көбісі университеттерде, емханаларда жұмыс істейді» деді. Университеттің ішінде ұстаз кім, шәкірт кім ажырату қиын. Бір-бірімен ашық әңгіме-дүкен құрады. Бұл – Еуропа. Бірақ... Ұстазы мен шәкірті далада немесе университет кафесінде темекі тартып отырғандарын көрдік. Хиджаб киген қыздардың да көк түтіндетіп тұрғанын байқадық. Бұл да Еуропа... Стамбул – мешіттер қаласы. 2015 жыл-ғы ресми дерек бойынша, бұл қалада 3200 мешіт жұмыс істейді. Қазір, әрине, одан да көп. Біз Мәрмәр теңізінің жағалауында, әл-София мұражайына қарама-қарсы орналасқан, XVII ғасырда салынған, әлем архитектурасындағы ұлы туындылардың біріне жататын Сұлтан Ахмет мешітіне кірдік. Күмбездерінің көк болуына байланысты, көпшілігі «Көк мешіт» деп те атайды екен. Аяқ киімімізді қолымызға ұстап, мешіттің ішіне кіру үшін 10 минут кезекте тұрдық. Үлкен бөлігіне жөндеу жұмыстары жасалып жатқанына қарамастан, келушілердің санында есеп болмады. Біз мұсылманбыз ғой, мешіттерді аралайтын күнді нақтылап белгілегендіктен үстімізге лайықты киімімізді кидік. Шет елден келген туристер үшін арнайы орамал мен киім таратылады. Стамбулдың қай жерінде болмасын, жол нұсқамалары, көше атаулары, дәмхана-ларындағы ас мәзірі, ба-а-арлығы тек түрік тілінде жазылған. Сауда жасасаң да түрікше жасайсың. Арамызда тіл білетін бір қызды жақсы көріп, жақын тартып, сый-сыяпатын үлестіріп жіберген сатушылар да болды. Қазақ түркі тілдес халық болғандықтан, бізге түріктерді түсіну һәм түсіндіру қиынға соққан жоқ, әрине. Десе де сонда қызмет етіп жүрген өзбегіңнің де, қырғызыңның да сөздері түрікше ағып тұрғанда біртүрлі қызығады екенсің... Түркияда сол елдің заңы мен принциптеріне ыңғайланасың, ал, Біз – Қазақтар қонақтың ыңғайына қарай...

Тегіміз бір болса да, көптеген айырмашылықтар байқалады

Жазғанымызға тұздық болсын деген мақсатта, «Дінтану» мамандығы бойынша білім алып жатқан магистрант – Кәрібаев Олжастың Стамбулдан алған әсерін де назарларыңызға ұсынамыз: «Шетелге шыққаным бірінші рет болмаса да, Стамбулға сапарды тағаттана күткенім бар. Кезінде билігі алты құрлыққа тараған, Осман империясының орталығы болған сырлы қала –көптеген ұлттардың тоғысып, бітісе қайнасқан мекені. Тарихы тереңнен бастау алатын шаһарға сапар шегу мен үшін бір ұмытылмас естелік болды. Өзімді жат елге емес, ағайындас мемлекетке бара жатқандай сезімде болдым. Тоғыз сағаттық жолдан кейін, қатты шаршағаннан болар, алғашында қалаға көп көңіл аумады. Алайда қонақүйге жайғасып, тынығып алған соң, Стамбул қаласы мен үшін әр қырынан таныла бастады... Тегіміз бір болса да, менталитетіміз, мәдениетіміз, тұрмыс-тіршілігімізде көптеген айырмашылықтар байқалады. Халқының саны көп болғандықтан, кең далада өскен ауыл баласы – мен үшін қала тым тар болып көрінді. Бірнәрсе қысып тұрғандай сезімде бірнеше күн жүрдім. Үшінші күні Стамбулдың ең үлкен тарихи ғимараты саналатын Сүлеймен мешітінің терассасына шығып, бүкіл Босфор бұғазын көргенде, бір кең тыныс алып қалдым. Стамбулдың ерекше әсер бергені, әрине, тарихи жерлері. Стамбул – діндердің тоғысқан мекені мен толеранттылықтың алтын бесігі. Осман империясы сұлтандарының резиденциясы болған Топкапы сарайына кіргенде, тарихтан біраз сыр шертеді екенсің. Мұса (ғс) пайғамбардың таяғы, Дәуіт (ғс) пайғамбардың қылышы, Касиетті Қағбаның кілті, Мұхамед (сас) пайғамбардың заттары т.б. көптеген тарихи, діни жәдігерлерді көрдік. Мармара университетінде білім алушыларға барлық жағдай қарастырылған. Сабақ өту аудиториялары, асханасы, кітапханасы барлығы жоғары стандартпен жасалған. Кітапханалары барлық әдебиетпен толыққанды жабдықталған. Бірінші қабатында кітап дүкені орналасқан, керек кітабыңды табаныңды тоздырып, кала бойынша іздеп жүрмейсің. Тапсырыс бересің, өздері әкеліп береді. Әр қаланың көркі оның адамдары емес пе?! Халқы өте қонақжай, мәдениетті, сыпайы, өз тілдерін қатты құрметтейді. Біреумен сөйлесе кетсең, асты-үстіңе түседі. Стамбулдың халқы көп ұлтты. Сондықтан қайсы түрік, қайсы басқа ұлт екенін ажырату басында қиынға соқты. Өзге ұлттар бізді көргенде кәріссің бе, жапонсың ба деп жобалап жатады. Ал, өзінің тұрғылықты халқы қазақсыңдар ма деп бірден таниды. Сенің қазақ екеніңді білгенде, бауырым деп жақын тартып, тарихымыз бір, тегіміз бір деп қуана кетеді. Стамбулда басымыздан өткен бір оқиға керемет әсер қалдырды. Метрода адасып қалып, жол таба алмай жүр едік, Хакан есімді жігіт жақындап келіп, «Қазақстаннансыңдар ма?» деп сұрады. Қазақ екенімізді білгенде, «бауырларымды бір тамақтандырайын» деп адасып жүрген бізді жолдан бір кафеге алып кіріп, қонақүйімізге дейін шығарып салды. Өз тегін жақсы біледі екен. «Біздің аталарымыз сендер жақтан келді ғой» деді бізге. Маған қарап тұрып, «біздің түріміз ұқсамайды екен, алайда Ертұғырылдың түрі саған ұқсас» деп жимиды.

Ататүрктің сөзі – түріктердің ұраны

Ендігі айтатын бір дүние. Монархиялық елден республика жасаған түріктердің көсемі – Мұстафа Кемал Ататүрктің жасаған еңбектері мен айтқан сөздерін бұзуға, бұрмалауға ешкімнің хақысы жоқ. Себебі, Ататүрк – түрік xалқының жүрегінде орын алған тұлға! Дәріс оқыған тарихшы мырзаның айтуынша, Түркияда әлі күнге дейін Ататүрктің кезіндегі өмірді аңсап, ностальгия жасайтындар көп. Оған өзіміз де куә болып қайттық. Біздің Стамбулға сапарымыз қарашаның 5-15 аралығы болатын. Сенбі күні бізді таңғы сағат сегізге университетке шақырды. Неге екенін түсінбедік. Сұрамаппыз да. Жалпы мақсатымыз тәжірибеден өту болғандықтан, лекция немесе шеберлік сағатына қатысуға шақырып жатыр екен дедік те кешікпей бардық. Қарашаның 10-ы болатын. Адам көп. Сөйтсек, 10-қарашада, сағат 9-дан 10 минут кеткенде Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға, алғашқы президенті Ататүрк қайтыс болыпты... Ал, университетте Ататүрк ескерткішінің алдында гүл шоқтары қойылып, ректор, ұстаздар мен білім алушылардың барлығы бір сәт еске алуға жиналған екен. Сағат тілі 9.10-ды соққанда қаладағы барлық тіршілік бір мезетте тоқтады: ағылып жатқан көліктер мен автобустар да, жүріп, жүгіріп келе жатқан халық та, тіпті құстары да сайрауын тоқтатқандай өлі тыныштық орнады. Сол мезетте көз алдымызда қала ішіндегі тулардың барлығы төмен түсті. Бір минут үнсіздік... Үнсіздіктен кейін халық әнұрандарын шырқады. Әнұран айтылғанда төмен түскен тулары көтеріліп, желбіреді. Қалаға қайта жан бітті. Біздің көзіміз жасаурады... Ескерткіштің тақтайшасынан «Менің ең үлкен жеңісім – менің мемлекетім» деген жазуды көрдік. Өз көсемдеріне деген құрмет пен адалдық, өз еліне деген нағыз махаббат пен патриотизм деген осы шығар... Түрік – басынан табанына дейін түрік. Стамбул – әуежайынан шекарасына дейін Стамбул. Ешкімге жалтақтамайды, ешкімге тәуелді емес. Өз елі мен жеріне, тілі мен діліне деген құрметі орасан зор. Кіре берісінен, әр үйдің терезесінде, әр көшенің маңдайшасында, әр билбордтың, әр ғимараттың төбесінде елдің туы тұрады желбіреп. Әрбір көне дүниесін жоғалтып алмай, туризм жасап отырған ел де осы. «Түркi бaлaсы aтa-бaбaсын тaнып-бiлген сaйын ұлы iстер жaсaу жолындa тек өз бойынaн ғaнa күш-қуaт тaбaды» деген Ататүрктің сөзі – түріктердің ұраны. Қолымызға Стамбулға ұшатын билетіміз тигенде, Алматының қым-қуыт, қарбалас тіршілігінен (оқуға емес) демалуға бара жатқандай қуанғанымыз жасырын емес. Расында, алғашқы күндері жақсы демалдық, қызықтадық. Дегенмен, Стамбул – базар қала. Стамбул – шулы қала. Алматы оның жанында түк емес. Екі аттасаң базар, екі аттасаң сауда орындары. Көшелеріне қарасаң – кәдімгі «Арбат». Бірақ біздің Арбаттан 10 есе шулы, 10 есе үлкен. Құжынаған халық, саудагер халық, қала халық санына шаққанда тар болғандықтан кафе-бар, мейрамхана атаулының басым көпшілігі үйлердің бірінші қабаттарына, әр көшенің бұрышында орналасқан. Нағыз қым-қуыт, қарбалас тіршілік осында екеніне көзіміз жетті. Стамбул ұйықтамайды. Күні-түні. Демалайын деп жайғасып жатқаныңда көрші мейманханада улап-шулап футбол көріп жатады, далада жеміс-жидек сатушылар да түн ортасына дейін сауда жасайды, жастар екіден-үштен жиналып шуылдасып отырады... Расымен, көп көрініс жалықтырып жібергендей еді. Ататүрк халықаралық әуежайында тұрғанда жүрегіміз дүрсілдеп, қалаға деген бір қимастық сезім пайда болды. Қала ішінде жүргенде түрік тілін әжептәуір түсініп, небәрі 10 күнде адамдарымен араласып, хал сұрасатын деңгейге жеттік деп ырзамыз. Әуежайдағы қызметкерлерімен түрікше қоштасып, қонақжайлылықтарына рахметімізді айтып кеттік. Біздің рейс Стамбул-Киев-Алматы еді. Киевтің Борисполь әуежайына келіп, өз тілімізде сөйлеп мәз болып қалдық. Шындығында, түркітілдес халық болсақ та, тіліміздегі айырмашылықтар жоқ емес, көп. Жобалап сөйлеуден, ымдап-ишаралап жеткізуден шаршағанымызды сонда сездік... Стамбулда көрген-білгендерімізді жазып, жүйелеп тізбектеп шығуға тырыстық. Түрлі-түске боялған, Қара теңіз бен Босфор бұғазын жағалай орналасқан қаладан алған әсер бөлек. Осы жазбаны жазып отырған кезде сабылысқан адамдар мен ағылған көліктер көз алдымызға келді. Ол жақта бәрі өз тілінде, адамдары бір-бірімен шынайы араласады, айналасындағыларға көңіл бөледі. Біздің елде де сондай болғанын қалаймыз. Жоғарыда «Үйрен де жирен» дегенді жазғанымыздың да себебі осы еді... Алматыдан кетерде өзге елде демалып қайтамыз деп қуанғанымыз бекершілік екен. Өз елімізге, өз ортамызға келіп, өзге елде тарылған тынысымыз өз елімізде қайта кеңейіп, дем алдық. «Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, құлыны тайдай көрінер, қыздары айдай көрінер» деген рас екен... Бәрібір, қазақты сүйеміз! Қазақтай ел қайда бар?!.

 

1045 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы