• Руханият
  • 25 Қаңтар, 2019

Өң мен түс

Ардақ Үсейінова

1982 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауы-лында дүниеге келген. 1999-2005 жылдары Бішкек қаласындағы И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетін биология-экология мамандығы бойынша, 2006-2008 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін химия мамандығы бойынша, 2009-2011 жылдары аталған университеттің журналистика факультетін тәмамдаған. 2006-2010 жылдары Т.Рысқұлов аудандық газетте тілші, редактордың орынбасары болып жұмыс істеген. 2010 жылдан бастап Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде Саясат және әлеумет бөлімінің басшысы. Журналистер Одағының мүшесі. 2009 жылдан бастап әңгіме-хикаяттары республикалық журналдар мен газеттерде жарияланып келеді. Шығармалары Үздік очерктер мен тарихи-естеліктер жинақтарына енген.

Адастырған арман (Бірінші әңгіме)

ҰЙЫҚТАП жатқан ол әлденеден шошынып, селк етіп оянды. Әуелде қайда жатқанын ажырата алмай біраз жатты. Тұла бойы дел-сал болып тұр. Әлі де бірер минут жылы көрпеге оранып жата тұрғысы бар. Таң қылаң беріпті. Тыстан көлік гүрілі мен аяқ тықылы естіле бастады. Енді тыныштық бола қоймасын түсініп, орнынан тұрды. Көрпе-төсегін жинап, жуынып келді. Алматыға келгелі бұл басын шалмаған іс қалмағандай. Тапқанын жеп, талғамай кезіккен жұмысты атқарып жүрген. Сырғып келіп, соңында табан тіреген жері осы – дүкен. Күні кеше сияқты, ал, осында сатушы болып орналасқанына да төрт жыл болыпты. Жұмысқа жақын маңнан пәтер жалдағанға қалтасы көтермейді. Дүкенді кеш жабатындықтан он бес күндік жұмыс кезегінде қаланың сырт жағындағы пәтеріне бармай, дүкенге түнейді. Шай ішіп отырып, осыны ойлады. Өткен күндеріңді електен өткізіп жүрсең о да сабақ. Бүгін дүкенді ерте ашты. Тауардың барлығы өз орнында тұрса да оны-мұнылардың орнын ауыстырып, рет-ретімен жинаған болды. Күздің алғашқы айы бола тұра ауадан суық ызғар сезіледі. Есік ашылып еді сырттағы салқын леп ішке қарай лап қойды. Бет, аузын аймалаған самалдан денесі тітіркеніп, тұла бойын қуалай майда діріл пайда болды. Бұл күнде жұмысына әбден көндігіп алған. Тіпті кейбір дүкенге кірген тұтынушылардың не алғалы тұрғанын, тіл қатқан сәтте көңіл-күйінің қандай екенін біліп тұратындай.Міне, мына кірген жан қазір сэндвич алады. Дүкеннен шықпай жатып, онысын асығыс ашып, бір тістеп, содан соң жұмысына тез-тез басып кетіп бара жатады. Күндегі әдеті осы. Шамасы ұйықтап қалып, жұмысқа кешігетін болғандықтан жолай таңғы оразасын осылай ашатын болса керек. Дүкен іші өзінше қайнаған өмірдің бір бөлшегі секілді. Әп-сәтте у-да-шу, араның ұясындай құжынап кетеді де, ал, енді бір уақытта жым-жырт бола қалады. Жаңа ғана хан базардың қақ ортасында жүргендей болсаң, енді бір сәт иен далада жалғыз қалғандай сезінесің. Осынау жападан жалғыз жан елегізитіндей тыныштық ойыңды ойға-қырға ала қашпай ма? Ал, бүгін көңілсіздік Гүлзатты тіптен жетелеп алғандай. НЕДЕН шошып оянғанын есіне түсірмек болып еді, көрген түсі қаз-қалпында көз алдынан тізбектеліп өте берді. Түсінде мұның Ботасы: «Мама кетпеші. Тастамашы мені»,-деп жылап тұрды. Бұл қолын созады. Құшақтап бауырына басқысы келеді, қызын жұбатқысы келеді. Бірақ, жете алмайды. «Мама»,-деп қолын созған күйі сағымдай бұлдырап алыстап, бірте-бірте көрінбей кетті. Содан «Ботам!» деп жан даусы шыға айқайлаған. Ышқына шыққан өз даусынан оянып кеткен екен. «Уһ», деп кеудесін кере күрсінді. Сағат тілі тоғызға жаңа иек артыпты. Бірен-саран келушілер болмаса, бүгін адам аяғы сиреген. Содан ба көрген түсі жіптің бір ұшындай болып тарқатылып, сетінеп кеткендей-ақ шым-шымдап тартып, ой түбіне батырып барады... ...Иә, ару қала Алматыға алғаш келген кезінде Гүлзат өзін бақытты сезінген. Пәтер жалдап болса да, өз шаңырақтарының түтінін түтетті. Жолдасы Ерлік екеуі екі жақтап жұмыс істесе, жағдайларын түзеп аларына сенімді еді. Қара нан жеп, қара су ішсе де сол күндер шаттыққа толы болатын. Сөйтсе үстел басында таласа отырып, оны-мұны айтып бірге тамақтанған сәттері уайымсыз екен. Демалыс күндері қала аралап, қыдыратын. Бірін-бірі қас-қабақтарынан танып, емеуріндерінен түсінетін. Мұның жүзін бір пәс мұң көлеңкесі шалса, Ерлік жанұшырып, шарқ ұратын. Көлеңкелі мұңды сыдырып, Гүлзаттың көңілін көтеруге тырысатын. Көзіне үйірілген жас арнасына сыймай кетіп, тырс етіп, үстелге тамды. – Кешіріңіз, бір бөлке нан беріңізші?! Селк ете түсті. Біреу ұрлығының үстінен түскендей-ақ демін ішіне тартып, біраз тұрды. Жалт бұрылып қарап еді көзін ашқан бұлақтай бір тамшының артынан үйіріліп келіп қалған екінші тамшы жас үстелге тамбай одан ары еденге қарай жылт етіп құлап, жоқ болды. Осы бір мөлдір тамшыны еденге жеткізбей қағып алып, алақанына салғысы келгендей бейтаныс жан ұмсынып барып, іркіліп қалды. Өз әрекетінің ерсі екенін енді аңғарғандай, созған қолын қайта тартып аларын білмей, бөлке нанның ақысын мұның алдына қоя салды. Бағанадан бері байқамаған екен, он бес-он алтылар шамасындағы бозбала Гүлзатқа қарап, біршама уақыт бақылап тұрыпты. Бейкүнә жанарында беймәлім аяушылық пен таңырқау сезімі қатар ұялаған. – А, иә, қазір-қазір,-деп сасқалақтап қалды да іле, артынша: – Мінеки, наныңыз,-деп өзін зорлап, күлімсіреген болды Гүлзат. Көзімен есікке дейін ұзатып салып: «ол кездері мен де мына бозбаладай өмірге құштар едім-ау» деп қайта ойланып кеткенін байқаған жоқ... Ақботасы өмірге келгенде жоғалтқанын қайта тапқандай, аласұрған көңілі сәл жұбаныш тапқан. Қызылшақа нәрестесін қолына аялай ұстап, кеудесіне басып, алдағы бақытты күндерін қиялмен шолып, талай армандаған. Құстай ұшқан қиялы сол кездің өзінде көз алдына сәбиінің алғаш езу тартып күлгенін, қаз-қаз басып жүргенін, тіпті ең алғаш қолынан жетелеп, мектеп табалдырығынан аттағанын да елестетіп өткен-ді. Енді осы арманынан адасып қалмауға серт еткен. Жаратқан бір сынаған пендесін қайта азапқа салмасына сенімді еді. Осыны ойлаған Гүлзат жұмысты қойып, қызын қарап, үйде отырып қалған. Бар ауыртпалық енді бір Ерлікке түсті. Қолында дипломы жоқ Ерлік қай бір күреп табыс тапсын. Қара күшке жалынып күнін көрді. Бұнымен қатар оқыған жолдастары қалталарындағы қолақпандай дипломның, тамыр-таныстарының арқасында табысты жерлерде тұрақты жұмыс істейтін. Ебін тауып үй алды. Машина мінді. Бас қосып, мейрамдарда отыра қалса, соны айтатын. Алғашында Ерлік ол жайттарға аса көңіл бөле бермейтін. Бірақ бірте-бірте санасын шабақтап, мазасын қашыратынды шығарды. Жолдас-жораларынан шеттеткен де өзін қор санаған ішкі ойы. Жадау көңіліне жұбанышты басқа жақтан іздеген ол жұмыстан кейін мұң-зарын айтып бөлісіп, уайымын сейілтетін, әрі шаршағанын басып, «жүздететін» жолдастар тапты. Ал, Ерліктің мінезіндегі бұл өзгерісті «ауыр жұмыс шаршатып жүрген болар» деген де қойған Гүлзат. ҚАЙТА-ҚАЙТА ашылған есік пен сыбыр-күбірден дабырға ұласқан үн ойын бөліп жіберді. Біреу ұйқысынан оятып жібергендей-ақ, «қане, ол қайсың» дегендей төңірегіне жақтырмай көз салды. Түскі астарына қамданған жұрт бірі алып кетпек болып, бірі ала бармақ болып, дүкенге бас сұғады. Соданба түскі уақыт күніге абыр-сабырға толы. Солай бірі – нан, бірі – май, ал, бірі – шай сұрағандарға керегін тауып беріп жатып та еңсесін басқан ауыр ойдан серпіле алмай қойды. Сапырылысқан жұрттың тез тарқап, ертерек оңаша қалуды тіледі. Қайда барсаң да байқайсың, арақтың жүрген жері айқай-шу. Сәтсіздік жолын кес-кестегенде, «арақ» шылғауына оралған. Қиюы келіспеген өмірінің тоз-тозын шығарды. Сүттей ұйыған шаңырақ шайқалғандай, тынышы кете бастады. Ерліктің тапқан табысы ішкен арағынан артылмайтын болған соң Гүлзат қайта жұмысқа шықты. Ал, кішкентайын ауылға ата-анасына апарып тастаған. Тек сол кезде біреу қиялына қиянат жасағандай болып еді. ЕСІКТЕН ЕНІП, қараңғы бөлмеде қыбырсыз тың тыңдап тұрып қалды. Жағымсыз иіс қолқаны атады. Ерліктің үйде екені осы жағымсыз иістен ғана емес бірқалыпты естілген қорылдан да білініп тұр. Қабырғаны сипалап жүріп, жарықты қосты. Қолындағы сөмкені қабырғаға сүйей салды да есікке жақын қойылған столға отыра кетті. Не істерін білмей дағдарған түрі. Іштей ширығып, босап кеткен буындарын бекітіп, бір байлам жасады. Қабағы түйіліп, қара торы өңі күреңітіп, жанары жасындай жарқылдап, өзін қайраған сыңайы бар. Төбесінен төгілген жарықтың өткір сәулесі күп боп іскен көзін шабақтап, уланған санасын түрткіледі ме, Ерлік бетін бүркеп, ары қарап, аунап жатты. Гүлзаттың келгенін байқағанымен, орнынан тұрмады. Ұйпа-тұйпа болған шашын сипап қойып, бар сұрағаны: «Жалақыңды алдың ба?» деп күңк ете түсті. Біраз үнсіз жатып, ендігі сәтте қамқорси сөйледі. – Ертең қызыма барарсың. Екі айдан асты, иә солай,-деді саусақтарын санамалай бүгіп. Іштей әлденені есептеп отырғандай. – Сағынып әзер жүрген шығар, жарығым. Бұл жолы үні бұзылып шықты. Жылады ма, нәр татпағаннан қарны сазып, іші ауырды ма, екі иығы селкілдегендей көрінді. – Ертең папаң жақсы жалақы алатын жұмысқа орналассын. Аптасына бір барып тұратын болады, айналайын, – деп бері аунап түсті. Бірте-бірте даусы күбірлей шығып, одан сыбырға айналып, бір кезде қайтадан ұйықтап кетті. Ертеңінде Гүлзат жолға шықты. Кетерінде Ерлік қоярда-қоймай: «тапқаныңды қызыңа таси бермей, маған да тамақ жібітерлік бірдеңе тастап кет» деп жырымдап, ақша алып қалған. Кешегі мейірбан әкеден жұрнақ та жоқ.Әр ай сайын бір апталық демалысын алғанда ауылына барып келеді. Екі араны жол қылғалы төрт-бес жылдың да жүзі болыпты. Сол жолы ғой, Ботасының «кетпеші» деп жылап қалғаны. Тұп-тура біреу үйретіп қойғандай: «Мама, деймін. Маматай, кетпеші ешқайда. Маған киім де, ойыншық та керек емес. Тастамашы мені», дегенде тамағына өксік тығылып, сөйлей алмай қалды. Ботасы пыс-пыс етіп үнсіз жылап тұр. Гүлзат не дерін білмеді. Қызына бұның алдаусыратып әкеліп беріп жүрген түрлі-түрлі ойыншықтары да емес, жаңа киім де емес анасы керек екенін түсінгенмен, амалы қайсы?! Шарасыздық қой, адымын аштырмай, тұсап тұрған. Сол жолы қызына әлдене деп алдаусырата да алмай, Алматыға жүріп кеткен-ді. «Ух», деп тағы күрсінді. Бұл жолы үстінен ауыр жүкті алып тастағандай жеңілдеп қалған секілді. Батыс жақ тұс қызыл нұрға боялыпты. Күн қызарып батыпты, ертең күн жылы болады екен деді іштей. Қазір жұмыстан қайта бастағандар келе бастайды. Кешкі астарына анау-мынау ала кетпек болады да. Әне анау кісі батон нан беріңізші деп сұрайды. Анау адам тауық етін сұрайтын болар. Бір келгенінде асқазаны ауыратынын айтқан еді. Міне, осылай кейбірімен сырлас та болуға тура келеді. Іш тартып, бұған әлдене айтқысы келетіндердің көбісі қарттар. Өздерінің ойларын бөліскісі келетін жан іздейді-ау, сірә. Гүлзаттың көңіл бөліп, тыңдағанына разы болып қалады. Бүгінгі жұмыс күні де аяқталып келеді. Мана әлгінде ғана оңаша қалуын тілесе, енді жалғыз қалуға қорыққандай...

Аңсаған (Екінші әңгіме)

Жолай тоқтап, ала кетпек болған жеңіл көліктің біріне мінген жоқ. Күндіз сирек жүретініне қарамастан, «Икарусты» ұзақ күтті. Сонадайдан көрінгеннен, астына түсе жаздап, қолын қайта-қайта сермеп, жолын тосты. Баяу сырғып тура қасына келгенде тоқтап, «пыс етіп» есік ашқанда, жүрегі аузына тығылардай, көңілі өрекпіді. Қараптан-қарап, тамағына өксік тығылып, аузына кермек дәм келсін. Аңсаған дәл осы автобустың анасына апарарына күмәні жоқ. Тек осы көлік қана Алматыға адаспай баратынына сенімді. Неге екенін, осы бір ой бала кезінен көңіліне нық орнығып қалған. Сонау бір түні «Икарус» өткір жарығы түнек қараңғылықты тіліп өтіп, зулап келіп, кілт тоқтаған еді. Сонда анасы көзінен жылып аққан жасын сүртпестен бұны құшағына қысып тұрып, көп сөйлеген. Құлағында қалғаны – ұзамай Аңсағанды бұл ауылдан алып кететіні, сосын екеуі бақытты өмір сүретіні. Содан бері Аңсаған ұзамай келетін бақытты ұзақ күтті. Ауылда атасы мен әжесі бар мейірімін төгіп баққанмен, көңілі әлденеге алаңдаулы. Сонау түні түнекті де жарып өтіп, зулап жеткен «Икарус» та сол күйі келмей қойды. Бұл ұйықтап жатқанда басқа жақтан айналып өтіп кетіп жүрді ме екен әлде. Тақтайдай тегіс бетон жолда алып «Икарус» теңізде жүзіп келе жатқандай, жүйтки түсті. Рас, Аңсаған кеменің қалай жүзетінін білмейді де. Теңіз тұрмақ, ауыл шетіндегі кішкентай көлден басқа, өзенді де көрген емес. Бірақ, кітаптардан оқығаны бар. Кітап оның жұбанышы еді. Әсіресе, анасын сағынғанда, сағынышы кішкентай жүрегіне сыймай, кемерінен асып, көзінен жас болып төгілгенде Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесін» оқитын. Соны қайталап оқыған сайын, бойына күш-қайрат біткендей сезінетін. Әкеге деген алапат сағынышын арқалаған бала Тұрар ғана бұның жан сырын түсінетін секілді. Сондай сәттерде Тұрармен бірге Қызыл жебеге мініп, қиялымен сонау қол созымда тұрғандай көрінген Аспараға қарай ағызып бара жататын. Неге екенін Аспараға қарағанда Аңсағанның кеудесін басқан зілмауыр сағынышы сәл жеңілдеп қалатын. Сағыныштың да салмағы барын сонда білді ол. Осы таудың етек жағындағы бір ауылда оның нағашысы тұрады. Сонда барғысы келеді. Бір сезім сол жаққа қарай магниттей тартады бұны. Бірақ бара алмайды. Барғысы келгенін айтса, атасы мен әжесі өкпелейді. Қайтсін енді. Құдай санасыз қып берген ұлдан көрген жалғызы ғой Аңсаған. Айырылып қаламыз ба деген үрей бар күні-түні маза бермейтін. Бұл әжесінің сөзі. Құдай оған бір ғана перзент беріпті. Бала кезінде сондай сүйкімді, қылығы да тәп-тәтті еді. Былдырлаған тілін қызықтап жүргенде жалғызының санасыз болып өсерін ойлап па?! Алғаш мектепте көршінің баласын ұрып, мұрнын бұзғанда әлі басылмаған еркелігі ғой деген де қойған. Бірақ, Ажар ұлын қатаң жазалап, бұның дұрыс емес демеді. Кейін осынысы үшін талай түн көз ілмей, өкінген. Міне енді сол өкініш кеудесін тырмалап, маза бермейтін, ішінен бір толас таппай уілдеп тұратын өксікке ұласты. Жалғызының Құдай сүймес ісін жасыру үшін біреудің уылжыған жап-жас қызының обалына қалды. Бәрібір екеуі жарасып кете алмады. Бір ғана жұбанышы – қартайғанда алданыш қылар Аңсағаны. Жасаған пендесін түзу жолдан бұрып, адастырам десе әп-сәтте екен. Тегіне ауыр қарғыс жабысқанын білмей, түр-тұлғасының ірілігіне, етінің тірілігіне қарап, осы жалғызының әкесінің етегін ұстап, өз өмірін өксіткені аздай, он сегізге толмаған жас қыздың бағын байлағаны несі десеші! Бір рудың тағдыр таңбасы содан бері талай өзен суалып, айдын көлдер тартылып, талай ұрпақ ауысса да өзгермегені қалай?.. Өткеннен сабақ алмады ма, өсіп-өнуге ұмтылса да, бір ауылдан әріге аса алмады. Сол жерге өзінің де, өзгенің де болашағын неге байлады екен, соны түсінбейді қазір Ажар кемпір. Бәлкім әу баста Жалғасының маңдайына жазылғаны осы шығар. Сол күнгі оқиға әйтеуір ерте ме, кеш пе алдынан шығар тағдырының сынағы болар. Аңсағаны қасында болғанын дәтке қуат ететін, бірақ осы бір ой меңдегелі Ажар кемпірге үлкен бір уайым жабысты. Содан да жалғыз немересінің болашағына алаң. Кішкентайынан анасыз өскен байғұс арғы ата-бабасынан бері неше ұрпаққа жалғасқан қарғыстың шырмауы-нан құтылып, тағдырын өзгерте алар ма екен?!. ...Жалғыз Аңсаған ғана емес, мектеп бітіру кешін барлық құрбылары да асыға күткен. Қандай көйлек сатып алатынын, шашын қай шаштаразға сәндейтінін жарыса айтқанда тіпті дегбірі қалмайтын кейбіреулерінің. Ал, бұл қымбат киім ала алмады. Шаштаразға да барған жоқ. Ұзын шашын бұйралап, арқасына бос тастады. Есесіне аудан орталығындағы шағын студияға барып, осы кешке арнап, жақсы ән жазғызған. Бұл ән бала кезінен құлағында қалған, анасы ыңылдап жүретін. Аңсаған әннің әуеніне елітіп бәрін ұмытты. Қолындағы микрофонды қыса ұстап, әуезді саздың иіріміне шым-шым батып бара жатқандай бір ғаламат сезімді бастан кешірді. Даусын шырқай созғанда көзін жұмып алды. Жұмулы күйде де өзіне қадала қарап тұрған екі адамның сұғын анық сезінді. Біреуі бүгінгі кешке қонақ болып келген сыныптасы Қымбаттың бөлесі екенін байқады. Ауыл баласындай емес, сәнмен киінген сырбаз да, сымбатты жігіттің назарын өзіне аударғанына іштей көңілі тоқмейілси қалғандай ма, қалай? Ал, екіншісі осы 11-сыныпқа көшкенде басқа ауылдан көшіп келген Саят. Озат оқушының біреуі. Бақылау тестін тапсырғанда да ең жоғары балды сол жинайды. Бірақ, ақылы озық болғанымен, есі тұрақты емес секілді. Кей кездерде әлденені айтып, сандырақтап кетеді. Содан ба, Аңсаған одан бойын аулақ ұстауға тырысатын. Ән шырқап болып, микрофонды жүргізушіге ұстата беріп, өзіне қарсы жүрген бейтаныс мейман жігітке титтей де күмәнданбастан, ұсынған бокал толы сусынды сіміріп салды. Дәл осы сәтте үнтаспадан әсем саз әуелей жөнелген. Аңсаған биге шақырған жігіттің құшағында вальстің ырғағымен тербеліп бара жатқанын біледі. Мейрамхананың қараңғылау бөлмесінде бейтаныс жігіттің құшағында отырған жерінде есін жиды.Ерніне сүлікше жабысып, өліп-өшіп аймалап жатқан жігіт жанталасып, көйлегінің түймелерін ағытуға кірісіпті. Басы айналып, меңіп тұр. Есі кіресілі-шығасылы күйде жалма-жан оны бар күшімен итеріп қалды. Ол осындай әрекеттің боларын күткендей-ақ, еш саспастан қайта ұмтылды да, ту сыртынан біреудің төніп келіп қалғанын сезіп, кілт тоқтады. Сөйтті де, жалт бұрылып, тез-тез басып бөлмеден шыға жөнелді. Алакөлеңкелеу болса да Аңсаған Саяттың көзі қызарып, қанталап кеткенін көрді. Дәл осы сәтте елірмесі ұстап қалған секілді. Қалшылдап тұр. Жанымен алысып, өзімен-өзі сөйлесіп кетті.Даусы адам аярлықтай... Жаңа әзірде ішкен шырынға бірнәрсе қосылған-ау шамасы, Саяттың ақ сақалды қариямен сөйлесіп отырғанын енді байқады. Елес емес, жын да, әруақ та емес секілді. Шал Саятқа Аңсағанның өз қарындасы екенін айтты да, тарамыс қолымен бұның шашын саумалдай тарап, арқасынан қақты. Қарт ендігі әңгімесін екеуіне арнады. Жанын Жаратқан бергенімен, бітімін әзәзіл мүсіндеген соң әйел баласының ісі бірде оң, кейде бұрыс тартып тұратыны бар ғой. Сарықарын бәйбіше ерінің соңғы кезде кіші тоқалдың отауынан шықпайтынын ойлап, мазасы қашты. Қылымсыған сайқалдың тапқаны ұл болғанын қарашы. Бидің жас нәрестенің тәтті иісіне елітіп, бұдан туған ожар баладан жеріп кетпесіне кім кепіл? Қазір қылықты жас әйелдің ақыл-инабатына тәнті боп жүр өзі. Ертең анасынан ақыл қонған бәле ауылды аузына қаратса ше?! Жо-жоқ, бұлай қарап отырудың жөні жоқ. Ол күшіктің көзін құрту керек... Аптап ыстықтан қорынып, баспалап көлеңке аңдыған шағын ауылдың жұрты шаңқай түсте шар етіп, жылаған нәрестенің даусынан шошынып, әп-сәте дүрлігіп қалған. Би баласы басынан зақымданыпты. Ат шаптырып алғызған емшінің қолының шипасы бар екен. Аман қалды. Бірақ бөтен істің кімнен келгенін ешкім аңғарған жоқ. Бәйбіше соған шүкір деді. Алайда ақылды тоқалдың: «Кімнен келсе де, жамандық иесін тапсын. Жүзге жетпесін, жүзге жетсе де күзге жетпесін» деген қарғысын естігенде сыр алдырмағанымен, көңілі құрғыр алаң... Аңсаған түс көргендей аң-таң. Ал, ақсақал көңіл түкпіріндегі сырды бүкпесіз ақтарды-ау келіп. Содан бері бәйбішеден туған ұлдан тараған ұрпақ үнемі бір қырсыққа тап келіп тұрады екен. Өткеннен сабақ алмаған соң кедергіге кезіккен сайын айналып өтемін деп, тағы бір күнә арқалай берген. Осылайша алға қарай басса да адымы ашылмай, сорлай түскен. Содан бері талай ұрпақ ауысты. Аңсағанның әкесі де тағдырдың осы шыр-мауынан шыға алмапты. Әуелде әке-шешесі оны бетімен жіберді. Құрсауды бұзып өту керегін ескертпеді. Бір сәттік қызық қуып жүріп қой қыз зорлап, істі болғаны. Саят – сол күнәнің жемісі. Осыны айтып қария ғайып болды. Естіген-көргені шын ба, әлде... Басын көтерсе, Саят та кетіп қалыпты. Сол күнгі оқиғадан кейін Аңсаған оны көрмеді. Атасы екеуі тағы басқа жаққа көшіп кетті ме? Ол туралы құрбыларынан сұраса, бәрі бұның бетіне аңырайып қарайды. Тіпті осы «олардың сыныбында Саят деген бала оқыды ма екен?» деп ойлағаны да бар Аңсағанның. Кішкентайынан анасыз өскен байғұс арғы ата-бабасынан бері неше ұрпаққа жалғасқан қарғыстың шырмауынан құтылып, тағдырын өзгерте алар ма екен?!. Жылай-жылай суалған жанары буалдыр тартқан әжесі бұл сөзді Аңсағанға талай айтқан. Бала кезінде оны бір қорқынышты ертегі деп ойлайтын. Соны естігенде бойын белгісіз бір үрей билеп, Ажар кемпірдің қолтығына тығыла түсетін. Кейін есейгенде бұл осы ауылды қоныс еткен бір рулы елдің өткен тарихы екенін білді. Бірақ оны ел аузында қалған аңызға балайтын. Сол жолғы оқиғаны әжесіне айтпаған еді. Енді міне арманыма жетемін деп жолға шыққанда көңіліне сол бір қорқыныш қайта ұялап тұр. Аңсаған автобустың терезесінен биік шыңдары мұнартқан Алатауға қарады. Сағымға оранып, сағынышқа айналып, енді оралмас балалығы артта қалып барады.

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы