• Бас мақала
  • 25 Қаңтар, 2019

Кіндігіңді кескен жерің қастерлі

Бейбіт БӨЖЕН

1982 жылы 18 наурызда Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жаңабет ауы-лында дүниеге келген. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі мамандағы бойынша бітірген. Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» гезетінде, «Ирбис» телеарнасында журналист, «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газетінің Павлодардағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен. Қазіргі күні «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар жөніндегі жетекші маманы болып қызмет етеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Павлодар облысы әкімі грантының иегері. Аудандық, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері. Аймақтық жыр мүшайралардың жеңімпазы. 2015 жылы «Өлеңдерім-өмірбаяным» атты жеке өлеңдер жинағы жарық көрген.

Апамның құрты

Қайран апам... қарсы жүріп дауылға, Таңмен бірге тұрушы еді сауынға. Жапа жинап, шапақ соғып жүретін, Ала жаздай іркіт жинап ауылда.

Шалы тұрмай шайындағы ішпейтін, Жалғыз бір үй шаруасын істейтін. Қара қойдың қара қиын қор қылып, Ошағынан қара қазан түспейтін. Ыңылдап-ақ айтып жүріп термесін, Алып көрген адам емес елде сын. Кірісетін құрт қайнату қамына, Сиырларын қырға айдап келгесін.

Құрт қайнатып бала көңіл көрігін, Дастарханның татпай кәмпит, өрігін. Қуанушы ек тойға бара жатқандай, Қара құрттың жалаймыз деп көбігін.

Көпіргенше таусылатын тағатың, Сілекейің езуіңнен ағатын. Қара шыбын түсіп кетсе қазанға, Лақтырушы ек, сорып алып қанатын.

Мәзір ме бұл, жеткен елге көнеден, Мүмкін апам қасиетті, көреген. Баққа түскен адамдай боп қалушы ек, Құртын ұрлап жеген сайын өреден.

Сусағанға малта құрты ем берер, Асқазанын жүруші еді емдеп ел. Жеріктерін басу үшін сұрайтын, Бойларына бала біткен жеңгелер.

Кемпірлер де шәймен дәмін тататын, Бедеу, белсіз құрт деп барын «сататын». Құрсағына құт бітпеген көп әйел, Қара құрт жеп, бала сүйіп жататын.

Келер күндер көрінбейтін сағымдар, Бала шақта малта сорған бағым бар. Қара құрттың қасиетін таба алмас, Тартылыстың заңын тапқан ғалымдар.

Қолдарына бітті ме екен дара құт?! Қасиетіне қоя алмадым баға, құнт. Дәмі аузымнан, Көз алдымнан кетпейді, Қара кемпір қайнататын қара құрт.

Сағыныш құрбаны (Болған оқиға ізімен)

Өткізетін жан-жануар нәзік түн, Қамаудағы тірлігінен наз ұқтым. Бір қызық іс болған екен зообақта, Душанбедей қаласында тәжіктің.

Тәжіктердің күнде түскен назары, Бір сусиыр тірлік кешкен азалы. Жатқан жерден тұрмай қапты ол байғұс, Жан тапсырып, келген сәтте ажалы.

Табылмастан өлімнің еш себебі, Үкілеген үміттер де семеді. Дәрігердің зообақтағы қартайған, Қонымдылау болып шықты дерегі.

-«Бұл байғұсқа ажал бізден келген жоқ, Мұнда жүріп аштықты да көрген жоқ. Миын ашып зерттегенмін мұқият, Нақты айтамын аурудан өлген жоқ.

Қазақ деген сатып алдық мәрт елден, Осы күні көрінетін әр төрден. Тұрсынбай деп айдар таққан қазақтар, Жеті ай бұрын Шымкенттен әкелген.

Жалғыз алып зообақтың мақтаны, Кілең маман бақты оны, баптады. Туған жердің топырағындай болмады, Ауасы да тәжіктердің жақпады.

Мазақтады маймылдар да алысқан, Қолтырауын қыр көрсетті қамыстан. Адамдар да айналсоқтап күн-түні, Жарылардай әрең жүрді намыстан.

Талай тәжік әңгіме қып кесімін, Көзін сұғып көп тигізді кесірін. «Тұрсынбай» деп атап кеткен қазақтар, Жеті ай бойы естімеді есімін.

Соңғы кезде сағынды ел, қыратын, Ауасына зар боп жүрді «бір атым». Жануар-ай, мұңға батып кеш батса, Жанарынан жас сорғалап тұратын.

Туған жердің түзде туған «батырын», Құрбан қылды сауда-саттық бақыры. Тәжіктердің топырағын жерсінбей, Сағыныштан ажал құшты ақыры».

Жастанса да суы мөлдір сан-сайды, Сорлы жүрек туған ел деп шаршайды. Болмаса да қазақтың төл түлігі, Сусиыр да топырағын аңсайды.

Адалдығын естіп көзге жас келді, Орнатса да болады екен тас белгі. Бесігіңде жатқан жерің жұмақ қой, Кіндігіңді кескен жерің қастерлі.

P.S. Батыс жаққа бағыт байлап жасын кіл, Шекараны ши көрместен асып жүр. Хайуандар сағыныштан мерт болып, Ал, адамдар шетел жаққа қашып жүр.

Елесі кезіп Ермактың...

– Мекен-жайың қалай? – Ермака, 120.

– Не дейді? Асқаның ба, сасқаның ба? Жерге көміп намысты тастадың ба? Ермак деген қанышер жазықсызды, Дәуірінің жаншыған тастағына.

Қанша адам қырылып қылышынан, Қанша әулет шектелген ырысынан. Бесіктегі баланың басын шауып, Бәйтеректің ашылмай бүрі сынған.

Әлі әспеттеп есімін есалаңның, Күнәларын жүктеген неше адамның. Қан сасытып Ертісті, мәйіттерді, Жиегіне үйіп кеткен көше, алаңның.

Ал, айтайын тыңдасаң арғы жағын, Ақиқатты ести сап қарғымағын. Сыздап тұрған жеріңді қанатайын, Қызыл тілдің босатып «қарғы бауын».

Сол Ермактан түңіліп елің, түбің, «Сақтай гөр» деп өткізген бегің күнін. Шиыршықтап өрейін бар шындықты, Ит-ақ болып кетсінші менің тілім.

Алашапқын әскерін қасына алып, От боп жанған көздері жасылданып, Жазында мың сегіз жүз сексен бірдің, Сарайшықты сорлатқан басып алып.

Сарайшық Алтын Орда астанасы, Ол кезде қазақ-ноғай бас қаласы. Ермак атқан жебені тіспен жұлып, Өлген талай қансырап жас баласы.

Аяғы ауыр әйелдің ішін жарып, Белі бүтін еркектің тісін қағып, Қолаң шашты қыздарын бұтқа басқан, Болашақта ұл туар ісін танып. Қиянкескі төбелес ұрып, шалған, Бас көтерген жау жүрек құрықталған. Екі мыңдай халықты Сарайшықта, Үш-ақ күнде әскері қырып салған.

Кемпірлерге от шашып ермектеген, Шалдарына шыбық та серметпеген, Тамырымен құртам деп Сарайшықты, Опат болған бөбектер еңбектеген.

Тірілерді қырумен тоқтамаған, Жанған мәйіт жартылай отта қалған. Нақақтан төгілген қан жерге сіңбей, Етіктердің астында ботқа болған.

Мұныменен доғармай шарқ ұрғанын, Тінтіп жүріп қатпарын жал құмдардың. Тауып алып хандардың молаларын, Аруағын қорлаған марқұмдардың.

Алтын Орда хандары елге дастан, Аңыз болған атағы белден асқан. Сол хандардың қазып ап сүйектерін, Отқа тастап, күл қылып, желге шашқан.

Сан молалар тоналып зираттағы, Шықты бетке қаланың ми батпағы. Тарихта қара таңба сұм Ермактың, Қабірлердің іргесін қиратқаны.

Қолды болып халықтың ақша, малы, Суарылып қанменен бақшалары. Екі мыңдай халықтың жанын жұтқан, Өкілінен бас тартқан патшадағы.

Жағалай жаға ұстатып есіткені, Шіркеулер тарс жапқан есіктерін. Жылап жатса жабылып жұбатыпты, «Ермак келе жатыр» деп бесіктегін...

Ал, біз қазақ ашамыз бүркеуліні, Қылмыс болар тұлға деп тіркеу мұны. Қазақтың даласына қалай сияр, Қабылдамай қойған жан шіркеу діні.

Көрге симай өкіргір тар ғаламда, Әлі күнге естілер зар даламда. Қанша қазақ шейіт боп кетер еді, Ержүрек Сәтбек басын алмағанда.

Сәтбек бек Ермак қылған жайға қанық, Жауыздыққа шегі жоқ қайран қалып. Мыңнан астам әскерге қарсы тұрған, Отыз жігіт қасына сайлап алып.

Уақыт екен Сібірде бесін болған, Аңдап жүрып Ермактың «көшін» жардан, Ай шыққанда қосына тарпа бас сап, Жауыз басын шыңғыртып кесіп алған.

Денесін қырған жанның батыл ұлтты, Жер де қабыл алмасын батыр ұқты. Тулақ құрлы көрместен жау мүрдесін, Ертістің суына әкеп батырыпты.

Тәнті болып Сәтбектің ерлігіне, Мадақ айтқан ақындар өрлігіне. Опат болды сарбаздар Сібір үшін, Топырақ байлай барған белдігіне. Ашып берген саялы жол жаранға, Бұқарасын бастаған оң қадамға, Құрбаны боп Ермактың кетер ме едік, Баһадүр Сәтбек ұлың болмағанда.

Дәл мұндай естімесең бұрын дерек, Жөн бәлкім сұрланғалы сұрың кенет, Көреку көшесінде Ермак емес, Сәтбек батыр есімі тұру керек.

Ардашым... (жоқтау)

Мұнар да мұнар, мұнар күн, Тарылып тыныс тынармын. Қарақаланың ойында, Қара жолдың бойында, Қиылды қыршың құнарлым. Ақадал достан айырылып, Бір қанатым қайырылып, Жылармын да шыдармын. Артында қалған сынығын, Құралай көзді тұнығын, Кеудеме қысып жұбандым.

Дүние сынақ, серуен, Тоқтайтын бір күн керуен. Өлеңге өзге өрнегі, Тәнті болған төрдегі, Ақындық дарып тегінен. Қағынан жеріп көрмеген, Семсерін сөздің сермеген, Сарқыт боп қалған серіден. Қазақ деп соққан жүрегі, Алашым деген дүр еді, Шәмшінің шыққан шебінен.

Ұлықтап өткен ұлысын, Қылықты қыз бен ұл үшін. Жүз тұрып, жүз жығылған, Түлетем деп буынған, Туған жердің тынысын. Қара шаңырақ қамы үшін, Ауылдастың таңы үшін, Сарп еткен күшін, ірі ісін. Қадірлі іш пен түзіне, Тат тұрмаған жүзіне, Жатпаған қында қылышым.

Салмақтап ақыл, сабырын, Өткерген жастық жалынын. Жабағы мініп жарысқан, Тең құрбымен алысқан, Қимайды өскен адырың. Соқпақ салған жастарға, Көшіп кеткенде аспанға, Түсіндік енді қадірін. Құдайдан медет сұраймыз, Дұға тілеп, жылаймыз, Құшақтап қимай қабірін.

986 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы